Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

ҚР Үкіметінің басшысы

С.Н.Ахметовтің назарына!

Бірер айдың ішінде екі бірдей ұшақ құлады. Айдың-күннің аманында 48 адам опат болды.

Екі ұшақтың да қара жәшігін Ресей астанасына орналасқан  мемлекетаралық авиация комитетіне жіберіп, орыс мамандары не айтар екен деп Мәскеуге қарап отырмыз.

Сонда бізде қара жәшікті қарайтын маман да, орталық та болмағаны ма деген сауал көлденеңдей берді. Сөйтіп, авиация саласының маманын іздеп тауып, сөйлестік.

Бізде бәрі бар екен. Тек мемлекет  бар мүмкіндікті ескермей отырғанға ұқсайды.

 

Бақатай Нарышев, Алматы авиациялық-техникалық орталығы директорының орынбасары:

— Бізде қара жәшікті «ашатын», оқитын мамандар бар. Алматыда ұшақтарды техникалық жөндеуден өткізетін үш бірдей ТУ ұшағы сиятын ангарлы комплекс бар. Бұл комплекстің үш қабатты өндірістік-техникалық орталығымен бірге әкімшілік ғимараты да бар. Дәл осы жерде қара жәшікті ашып, оқуға болады. Және әрбір облыста  ұшақ жөндейтін өз орталықтары бар еді.

 

Алматыдағы ангарлы комплекс қазір жұмыс істемейді. Оны іске қосу үшін қаражат керек. Бұл шаруаны мемлекет қолына алуы тиіс. Алайда, қазірге кезде авиация саласында мемлекеттік бақылау жоқ. Тіпті, жұмысты үйлестіруші орган да жоқ.

 

Мұның бәрі 90-жылдары басталды. Сол кезде авиация саласын таратты. Таратудың салдарынан Әуе жолын, ауа-райын, ұшақпен байланысты қамтамасыз ететін орталық бір бөлек, әуежай өз алдына бір бөлек, авиакомпаниялар жеке-жеке өз алдына, қызмет көрсету саласы да өз бетімен кетті. Күні бүгінге дейін авиация саласы осы бөлінген қалпында әркім өз білгенімен жұмыс істеп келеді.

 

Әрбір авиакомпания өз ұшақтарын өздері жөндеп, өз мәселелерін өздері шешеді.

 

Бір сөзбен айтқанда, авиация саласының жағдайы қиын.

 

Мемлекет бұл саланы бір орталыққа қайта жинап, ангарлы комплексті оның өндірістік және әкімшілік базасын қалпына келтіріп, мамандар даярлауы қажет.

Маман даярлауда мынадай мәселе бар: біз ұшақты Еуропадан алсақ, сол жаққа мамандар жіберіп, Еуропадан алынатын ұшақтарды өзімізде жөндеу үшін оқытуымыз керек. Ол үшін ағылшын тілін білу міндет. Қазір авация саласында ағылшын тілін бәрі меңгерген деп айтуға келмейді. Әйтеуір, қағаз толтырсаң болды.

Тағы бір нәрсе Ресейдің, Еуропа ұшақтарының өзіндік нормативтері бар. Шынымды айтсам, біздің ұшақтар қандай нормативпен ұшып жүргенін білмеймін. Әр авиакомпания білгенін жасап жүр — қаласа жұмыс жүргізеді, қаламаса кетіп қалады.

Міне, жағдай осындай.

ABAI.KZ

Рубрика: