Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

скачанные файлы (2)Иісі мұсылман баласы үшін отыз күн ораза тұту міндеттелген. Осы тұрғыда оразаның қандай пайдасы бар дегенге аз-кем тоқталсақ. Ораза тұтудың сауап тұрғысынан да, адам ағзасына да пайдасы мол екендігі әлдеқашан-ақ дәлелденген. Батыста кейбір ауруларды аштықпен емдеп жазуды жаңалықтай қабылдаса, мұсылман дүниесі оны оразамен-ақ әлдеқашан тәжірибеге енгізген. Ораза тұтқан кісі қандай сауапқа және дәрежеге ие болады дегенге келсек, Алла Тағала бұйырады: «Адам баласының бүкіл істері өзі үшін, ал ораза болса, мен үшін. Сол себептен ораза тұтқан кісінің сауабын жеке өзім беремін».

Яғни, ораза – бұл пенде мен Жаратушының арасындағы сыр болып есептеледі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадистерінде оразаның қасиеті туралы: «Рамазан айы кіріп келгенде пейіштің бүкіл есіктері айқара ашылады, тозақтың есіктері жабылады, жын-шайтандардың азғыру істері кісенделеді. Кімде-кім шын-ықыласымен сауабын үміт етіп, Рамазан айында отыз күн ораза тұтса, оның бұрынғы бүкіл күнәлары кешіріледі», – дегенін жақсы білеміз. Расында да, Рамазан айы жаман істердің тоқталатын айы және де Рамазан айының оразасы – өмірімізде не бір қайғы-қиындыққа себепкер болатын күнәларымыздың кешірілетін айы.

Бүгінде ораза тұтудың ағзаның тазарып, дене шынығуына да пайдасы зор екендігін дәлелдеген. Ауыз бекіту – ауруға қарсы тұру жүйесін, яғни иммунитетті нығайтады. Лейкоциттің көрсеткішін он есеге жақсартады. Қандағы натрийдің көбеюін жоғарылатып, кальцийдің өсуіне кедергі жасайды. Асқазан жарасының пайда болуының басты себебі болатын, артық қышқылдың жиналуына қарсы тұрады. Ашығу кезінде кейбір тері аурулары жазылады. Әсіресе асқазан мен ішек жұмысын толыққанды жақсартып, олардың белгілі бір уақыт аралығында тынығуына жағдай жасалады. Ашығудың адамның ішкі ағзаларға жиналатын майларды ерітуге септігі мол. Сондай-ақ бүйрек, бауыр, сусамыр, жүрек пен тамыр ауруларына қарсы төзімділікті арттырады. Сондай-ақ бауырдағы шекерлерді, тері астындағы май қыртыстарын, бұлшық ет, без, көкбауыр жасушалардағы протеиндердің кимылын жақсартады. Осының арқасында тіндерді тазалап, жаңартып отырады. Ислам ғылымхалы туралы кітапта былай деп жазылған: Бір үзім қара нанның қадірін, бір жұтым судың қадірін жайшылықта ешкім де сезіне бермейді. Оның қадірін күні бойы ашқұрсақ болып, шөл қысып қиналған адам кешке ауызашарда ғана сезіне алады. Патшадан бастап кедей-кепшікке дейін Рамазан айында нығмет-несібе атаулының қадірін біліп, іштей шүкіршілік етеді.

Асқазан әртүрлі қоқыс-қалдықты апарып жинай беретін қойма емес. Оның да жүрісінен жаңылатын, титықтайтын кезі болады. Ал ораза – асқазан үшін таптырмайтын ем. Ең қажетті дүние. Әрі рухани, әрі дәрілік диета. Ешқандай шығынды қажет етпейтін диета. Осындайда айтпай кетуге болмайтын бір нәрсе – кейбір жас қыздар «арықтау үшін ораза ұстадым» деп жатады. Бұл дұрыс емес. Ең әуелі Алланың ризашылығы үшін тұтқанда ғана сауап болатынын естен шығармаған ләзім. Оразаны олайша ойыншық қылуға болмайды. Төзімділікке үйрететін, сабырсыздық пен шыдамсыздықтың бірден бір емі ораза… Ораза ұстаған кезде, әсіресе күндізгі уақыттарда қандағы холестерин деңгейі төмендейді. Тамырдың жақтауларында қалып кеткен ескі холестерин, май қалдықтары бірте-бірте қан айналымына араласып, ериді. Әсіресе қарт кісілерге үйір ауруларға қарсы тұрарлық күші бар. Мәселен, тамырдың қаттылығынан, жүйкенің шаршауынан, асқазанға ылғи да қысым болатындығынан жүрекке күш түсетіндігі белгілі. Ораза тұтқан қариялар жүрек дертіне шағымданбайды. Тәулік бойы тынбай жұмыс істейтін асқазан оразаның арқасында орта есеппен күніне төрт сағат тынығады екен. Есептей беріңіз, отыз күн бойы тұтқан оразаның арқасында 120 сағат тынығады деген сөз. Бұл – асқазан үшін үлкен жеңілдік. Осы аралықта асқазан өн бойындағы шлактардан, артық майлардан арылып, жаңа күш жинап үлгереді. Ал бауыр дертіне оразадан артық дауа жоқ. Ағзаның барлық мүшелерінің қалыпты жұмыс атқаруына септігін тигізетін бауыр өтке май сіңіртуден бастап, иммунитетті күшейтуге де, барлық химиялық жағдаяттар бауырдың ішінде өтетіндігі белгілі. Медицина мамандары иммунитеттің әлсіреуі бауырға күш түсіруден деп есептейді. Ауыз бекіткенде бауыр да асқазан секілді тынығып, бір жасап қалады…

Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ОҚО бойынша жауапты хатшысы:

– Ораза айы – бай мен кедейдің қайырымдылық көпірі, ораза айы – екі дүние бақытының себепкері дейміз. Оразаны бес парыздың бірі деп, Алланың ризашылығы үшін тұтуымыз қажет. Ораза тұтқан адам Құдайшыл болады. Обал-сауапты түйсінеді. Қоғамда тыныштық, береке орнайды, қылмыс азаяды. Бір жыл бойы ішіп-жегеннен қалған шлактардан арылады. Бүкіл ағза демалады. Нәпсісіне берік болуды үйренеді. Ең алдымен, денсаулық, тағы да басқа үшін емес, алдымен Алланың разылығы үшін тұту қажет.

Рамазан – шәриф айы

Қасиетті Рамазан айы – айлардың сұлтаны, Мұхаммед (с.ғ.с) үмметтерінің айы. Күндіз ораза ұстаумен, түндерді тарауих намаздарын оқумен өткізу керек. Рамазан шәриф – Құран айы, сол себепті Құран оқуды білетіндер осы айда хатым етуі керек.

Рамазан айының басы – мейірім, ортасы – кешірім, аяғы – тозақтан азат болу.

http://alashainasy.kz/

Рубрика: