Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Солтүстікте ауызсу бағдарла­масы төңірегінде шыққан дау толастар емес. «Ақ бұлақ» бағдар­ламасы бойынша орталықтан­дырылған су жүйесімен қамтылуы тиіс ауылдардың санын Су ресурстары жөніндегі комитет екі жарым есеге қысқартып тастаған. «Байдың асын байғұс қызғанады» демекші, ауылға бөлінген мемлекет қаржысын комитет төрағасы осылайша үнемдемек болған көрінеді. Ал құбыр тартылмай қалған елді мекендер су орнына у ішіп отыра бермек.

Қызылжардың ауызсу құбырлары кезінде ұзынды­ғы жөнінен Гиннесстің рекордтар кітабына енген еді. Бү­гін­де ол күн келмеске кеткендей. Ұзын саны 700-дей ел­­ді мекеннің жартысы ғана құбырмен келетін таза су ішу­­де, ал қалғандарының жағдайы мәз емес. Бірі құ­дық­тағы жерасты суымен шөлін қандырса, екіншісі әлі күн­ге дейін өзге елді мекендерден тасып ішуге мәж­бүр. Об­лыс халқының тең жартысының ішіп отырған суы ер­тең у болып шығуы да мүмкін. Себебі кейбір ау­дан­дар­да сонау Кеңес өкіметінің тұсында жерасты суын пай­да­лану қауіпті деп табылған. Тексеріс нәтиже­сін­де құ­­ра­­мында уран және тағы да басқа ауыр метал­дар бол­­­­ғандықтан, санитарлық талаптарға сай емес екендігі анық­тал­­­ған. Қызылжар өңіріне әлемдегі ең ұзын су құбы­ры­ның тартылуының да себебі осы шығар. Ал бү­гін­гі билік мұ­н­ы елеп отырған жоқ, әйтеуір, ақшаны үнем­деу ұста­ны­­мымен құбырлардың орнына жерасты суы сква­жи­на­­ларын салу тиімді деп тапқан екен. Мы­салы, Ғабит Мү­­сіреп­ов және Айыртау аудандарына құ­быр тартыл­май­­­ды, оларға комплексті блок-модульдер, бы­лайша айт­­қанда, жерасты суын тазартып шығаратын құ­рыл­ғы­лар қойыл­мақ­шы. Алайда құрамында ауыр метал­дар бар су 100 пайыз тазалана қояды дегенге сену қиын.

Алғаш «Ақ бұлақ» бағдарламасы қабылданғанда Солтүстік Қазақстан облысын сумен қамту жөніндегі инвестициялық бағдарламаларға 286 миллиард теңге қарастырылған болатын.

                                   Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Және бұл сома аспаннан алын­ған жоқ, жүргізілген мемлекеттік тексерістің нәти­жесі. Ал Су ре­сурстары комитеті болса, аталмыш соманы ешбір негізсіз 57 мил­лиард теңгеге дейін қысқартқан. Мемлекет қаржысын оңды-солды шашпай үнемдеу де қажет шығар. Бірақ Су ресурстары комитетінің әсіре үнемшілдігі қисынсыздау секілді.

2002 жылдан бері мемлекеттік тапсырыс негізінде су жүйелерін жобалау және салумен айналысып келе жатқан «OST-Проект» ЖШС-нің басшысы Қызыл­жарда журналистерді жинап, «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында жасалып жатқан тағы біраз былықтың бетін ашқандай болды. Айтуынша, бүгінде ауызсу жүйесін жетілдіру жұмыстары жөн-жосықсыз жүр­гізіліп жатыр. Соның кесірінен Аққайың ауданына қарасты Дайындық ауылының жанын қазып, су құбырын жүргізіп жатқан құрылысшылар сібір язвасымен ауырып өлген сиырларды көмген орынды қопарып тастаған. Осылайша, ауылға ауру жұғу қаупін төндірген. Бұл – су желісін тартпас бұрын бақылау-барлау жұмыстарының дұрыс жүргізілмегенінің бір көрінісі.

Андреас ЗЕЙВАЛЬД, «OST-Проект» ЖШС-нің директоры:

– «Ақ бұлақ» бағдарламасына бөлінген қаржыны үнемдеу деген желеумен жеп жатыр. Мысалы, барлық құрылыс жұ­мыстарын Су ресурстары комитетіне қарайтын «Қазводхоз» республикалық мемлекеттік кәсіпорны ғана жүргізіп жатыр. Ешбір тендер өткізбейді. Бұл, біріншіден, Мемлекеттік сатып алулар туралы Заңға қайшы, екіншіден, «Қаз­водхоз» табиғи монополиялар туралы регистрге алынған. Оның құрылыс жүр­гізуге құқығы жоқ. Бұл бір қалтадағы қаржыны екінші қалтаға салу ғой. Комитет – өзі тапсырыс беруші, өзі мердігер, өзі техникалық бақылаушы, өзі қабылдап алушы. 

«Ақ бұлаққа» құқыққорғаушылар да араласып, заңға томпақ келетін тұстарын тапқан. Мысалы, прокуратура Қызылжар өңіріндегі Булаев топтық су құбырын қалпына келтіру жұмыстары жобалық-сметалық құжаттарға сай жүргізілмегенін анықтаған. «Қазводхоз» РМК-ның қара­мағындағы «Есіл су» кәсіпорны соманы ешбір негізсіз, дәлелдейтін құжаттарсыз азайтқаны анықталған. Осының нәти­жесінде құрылысқа жұмсалуы тиіс 2,2 миллиард теңге екі есеге, яғни 1,1 миллиардқа қысқарған. Аталмыш тексеріс жүргізілген кезде 95,3 шақырым құбыр ауыстырылған болатын, бұл жобаның 37,5 пайызы ғана. Ал қалған бөлігіне қандай қаржы жұмсалатыны беймәлім.

Ал бөлінген қаржы ешбір шартсыз оңды-солды төленген. Мысалы, дәл сол прокуратура тексерісі төленген қаржы істелген жұмыс көлеміне сәйкес кел­мейтінін де анықтады. Осы және басқа көптеген ірілі-ұсақты олқылықтарды тап­қан прокуратура оны жою туралы нұсқама жолдаған. Бірақ бұл сыннан – сушылар сабақ шығара қоймаған сыңайлы.

Марат КАКЕЛЕЕВ, «Есіл су» РМК құрылыс бөлімінің бастығы:

– Мен су құбырын тартуда жіберген кемшілігім үшін жазамды алдым. Сыйақыдан қағылдым (!). Тендерді ұтып алған жеке фирма пайда тапқысы келеді, ол қандай да бір затты арзанға алса да, қымбатқа алса да келісім шарттағы ең жоғары соманы көрсетеді. Ал біз мемлекеттік кәсіпорын болған соң пайда табу мақсатымыз емес. Мысалы, жергілікті жерде шығары­латын құбырды сметадағы сомадан арзанға сатып алдық. Осылайша, мемлекет қаржысын үнемдедік. Ал кейбір компаниялар басшыларының жанайқайын түсінуге болады. Себебі олар ықпалынан айырылуда, тендерді ала алмаған соң миллиондаған ақ­шадан қағылуда. Әйтпесе Гер­ма­нияның азаматы Андреас Зейваль­д­тің патриоттық сезімі оянып, Қазақ­станға жаны ашып жатпағаны бе­­сенесінен белгілі. 

Ауызсу мәселесі апта бұрын Қызыл­жарға сапарлата келген Премьер-министр­дің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен жиында да қаралды. Облыстың әкімі Самат Ескен­діров 2013 жылға бюджеттен 12,1 миллиард теңге бөлініп, бұл қаржыға 631 шақырым су желісі және 478 шақырым топтық су құбыры жөнделетініне сендірді. Өкініштісі, бұл құбырлар «Ақ бұлақ» бағ­дарламасы қабылданған кездегідей 500 ауыл емес,  200 ауылды ғана  қамтиды. Ал қалған 300-і сапасы күмәнді жерасты суын тұтына тұруға мәжбүр.

Автор: Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ, Қызылжар

 

http://alashainasy.kz/main/41616/

Рубрика: