Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

©Алаш айнасы иллюстрациясыЕуроодақ тарапынан Ресейге тұс-тұстан санкциялар салынып, Еуропа Ресейдің экспортынан, Ресей Еуропаның ауыл шаруашылығы өнімдерінен бас тарта бастаған тұста біздің отандық мамандарымыз «бұл біз үшін таптырмайтын мүмкіндік. Егер біз осы сәтті сауатты пайдалана алсақ, біздің аграрийлерге Ресей нарығын бағындыруға сәт туып тұр. Сондықтан аграрийлер бәсекеге қабілетті өнім шығаруға, сол арқылы көрші елдің нарығын бағындыруға талпынғаны жөн» деген болатын. Бірақ нәтиже күткендей болмады. Біздің агро-өнімдеріміз қазірде керсінше Ресей өнімдерінің қалтарысында қалып жатыр. Отандық агро-өнімдерге бәсекеге бәс тігу оңай болып отырған жоқ.

Тереңіне жүгінсек, ауыл шаруашылығына серпін беру мақсатында біз осы уақытқа дейін бірнеше реформаларға реңк беріп келдік. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге мемлекеттің қолдауын да «сезіндірдік». Ауылда кәсіппен айналысар қауымға жеңілдіктер беру жүйесін де (!) жетілдірдік. Тізе берсек, ауылға жасалған реформаның реті құлаш-құлаш.

Дегенмен ауыл шаруашылығы саласына қатысты мамандардың дені әлемдік дағдарыстың өршуі асқынып тұрған тұста бізге агро саясатты сауатты реформалау керек екенін құлаққағыс жасауда. Мұндай пікірдегі мамандардың байыптауынша, қазір Қазақстанда 7002 ауыл бар, оның 4258-нің даму потенциалы орташа, 102 ауылдың келешегі бұлыңғыр, ал 32 ауыл қаңырап бос қалған. Бұған қатысты мамандар «негізінен біздің экономикалық құрылымымыз екіге бөлінеді. Қала және халықтың 47 пайызы тұратын ауыл. Сондықтан мемлекеттік шығынның жартысы ауылға жұмсалуы керек. Ал республикалық бюджеттің өзі соңғы жылдары 3-4 триллионды құрайтынын ескерсек, ауылға бөлінген аталған сома өте аз. Сондықтан болашақта агро-саясатқа деген көзқарасты өзгерту керек» дейді.

Атамұрат ШӘМЕНОВ, экономист-ғалым:

 

– Ауыл шаруасы дамуы үшін ауылдың өзін-өзі қамтамасыз ету межесі кем дегенде 80 пайыз болуы керек. Бұдан соң өндірістік формула «шикізат-тауар» мәселесі жетілуі қажет. Ол үшін ауыл және аудан көлемінде шағын кластерлер жасақталуы тиіс. Олар жергілікті жерлерде өндіруге тиімді ауыл шаруашылығы шикізатынан, тағам өндіру технологиясынан, сервистік қызметтерден және тұтынушыларға тиімді бағамен жеткізу саясатынан тұрады. Заңдық ұйымдастыру түрлері азаматтық кодекске сәйкес ассоциация, өндірістік кооператив, ЖШС т.б. болуы мүмкін. Көрсеткіш егілген егіс пен мал саны емес, өндірілген тағам көлемі мен сапасы болып табылады, яғни шығарылған тауармен бағаланады. Келешекте өндірістік-экономикалық қатынастардың дамуы негізінде агросиндикаттар, агрокартельдер құруға мән берген жөн. Шағын кластерлер (микрокластерлер) арқылы мемлекеттік тапсырыс беру, қаржыландыру және несиелендіру ауыл шаруашылығындағы шағын өндірістер мен сервистік қызметтердің бірігуіне жол ашады. Көптен айтылып жүрген проблема шаруашылықтарды ірілендіру жайын осылай біртіндеп шешуге болады. Сондықтан бірінші кезекте агро-саясатқа жаңаша көзқарас қалыптастырып алғанымыз абзал.

 

Тоғжан ШАЯХМЕТОВА, сарапшы:

– Мәселен, бір ғана ауыл шаруаларына жеңілдікпен берілетін несие жөнінде айтсақ, Израилде мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығының салалық бағыттарын қолдауға бөлінетін несие көлемі бізден анағұрлым көбірек. Мәселен, біз ет-сүт, жүн, қайта өңдеу, майлы дақылдар бағыты бойынша жобаларды қаржыландыруды басты мақсат етіп алып отырмыз. Ал өзге дамыған елдерде бұл тізімге мал азығы, шикізатпен қамту, диқандарды жеңіл тәуекелі аз несиемен қамту тәрізді тағы басқа жеңілдіктерге толы жобалар бар. Сондықтан келешекте ауылда несиелендіруді бір ғана акционерлік қоғамның немесе корпорацияның еншісіне беріп қоюға болмайды. Бір ғана мекеменің бүкіл ауыл шаруашылығы саласын несиемен қамтуға және бақылауға қауқары жетпейді. Ол үшін ауылдық жерлерде арнайы мемлекеттік салалық банктер немесе шағын несие ұйымдары жұмыс істеуі тиіс. Сонда ғана мемлекеттің қаржысын тиімді жолмен жұмсауға жол ашылады. Бұған қоса, ауылдық аймақтарда өндірістік банктер құрылуы керек. Бұл ауылда өндіріс орындарын ашуға ниеттенген инвесторларды арзан қаржымен қамтудың жолын ашатын дүние. Оның пайыздық үстемеақысы да бөлек болғаны абзал. Егер болашақта ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге қатысты жобалар мен бағдарламалар жүзеге ассын десе, Үкімет осындай ұсыныстарға ден қоюы тиіс. Өз басым мемлекеттік шығынның жартысы ауыл шаруашылығына жұмсалуы тиіс деген пікірмен келісемін. Себебі тарихына үңілсек, кез келген әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде ауыл шаруашылығы саласы халықты аштықтан, қандайда бір қиын жағдайдан алып шыққан. Сондықтан біз үшін ауыл шаруашылығын дамыту өте өзекті мәселе…

Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы

Толығырақ: http://alashainasy.kz/economica/auyildyik-aymaktarda-ondrstk-bankter-kuru-kajet-pe-63089/

материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі

Рубрика: