АЛТЫНОРДА
Новости

Ауыл тұрғындарының үй алуды былай қойғанда, жер теліміне қолы жетпейді – депутат

АСТАНА. 12 ақпан. BAQ.KZ — Қазақстанның тұрғын үй бағдарламасы – халыққа ортақ бағдарлама. Бірақ, бағдарламаға сай қалада ғана тұрғын үй салынып жатыр. Ал ауыл адамдары үй тұрмақ, баспана салатын жер ала алмай жүр. BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында Парламент Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Розақұл Халмұрадов осындай пікірін айтты.

 

«Жалпы, ауыл мен қаланы теңестіру баяғыдан келе жатқан арман. Ауылды қаламен теңестіру керек деп айтып жүргеніміз қашан. Бірақ, әлі де болса ауыл адамдары бір саты төмен тұрады. Басқасын айтпай-ақ, ең өзекті мәселелерді алып қарайықшы», — деген Мәжіліс депутаты ауыл халқын ауыз су және тұрғын үймен қамту керектігіне тоқталды.

«Қала тұрғындарының 85 пайызы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ал ауыл халқының ауыз сумен қамтылуы –43 пайыз. 2011 жылы бұл көрсеткіш 42,5 пайыз болған, бір жылда жарты процентке ғана өскен. Ал халық денсаулығы үшін ауыз судың сапалы болуы маңызды-ақ. Осы жерден теңсіздік көрініп тұр. Ал екінші мәселе – тұрғын үй. Қазір халықты баспанамен қамтуға бағытталған бағдарламалар бар. Бірақ, сол бағдарламалар аясында салынып жатқан үйлердің бәрін қаладан көреміз. Тіпті, үй алуды былай қойғанда, ауыл азаматтары баспана салуға жер телімін ала алмай жүр. Бұл негізгі проблема», — деді ойын қорытқан ол.

Айта кетейік, Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығын жаңғырту, өңірлердегі әлеуметтік теңгерімсіздіктер проблемасын шешу, ауылда медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруды жеке-жеке мәселе етіп көтерген болатын. Және Үкіметке осы бағыттар бойынша нәтижелі жұмыс істеуді тапсырған.

 

Кенжекей Тоқтамұрат

 

bnews.kz