Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

«Қазақстан» ұлттық телеарнасында көрсетілген кезекті 16 сериалды көркем фильмнен кейін туған ой. Әңгіме – «Ауыл сақшысы» сериалы хақында болып тұр. Оның премьерасы таяуда ғана «Қазақстан» ұлттық теле­арнасынан көрсетілді.

Барлығы 16 сериядан жұптасқан жобаны көкейтесті мәселенің үгін ар­қалаған қазіргі қазақ сериалдарының қатарына батыл түрде кіргізуге болады. Сериал – бірегей. Оның бірегейлігі сонда, фильмдер жинағы – үлкен бір қа­зақ аулының Шаңырағында тұрып жатқан, қазіргі заманның шақыруына бір кісідей үндесуге дайын халықтың бар болмысын көрсетуге бағытталған. Әзіл-оспақтан да кенде емес, әрі ауыл деп соққан үлкен жүректің жылуы ешбір боямасыз көрі­ніспен, шынайы сезім арқылы баянда­лады. Сюжеттің негізіне – «Біздікі – бө­тендікі» немесе «сенікі – менікі» деген баршамызға бағзы за­маннан таныс классикалық желі алын­ған. Ет пен сүйегі қалалық болып қалып­тасқан уыздай жас полиция лейте­нанты қызмет бабы ар­қы­лы кездейсоқ тап­сыр­мамен ол үшін ашыл­маған аралдай кө­рінген ауыл өмірі­нің үстінен түседі. Ауылдың – не, ата дәстүрдің қандай бола­ты­нынан бейхабар жас осы жерде өз басы­нан сан түрлі хикаяттарды кешіре бас­тайды.
Бір қарағанда қарапайым ғана оқиға тәрізді көрінгенмен, ол өрістеп дами келе шынайы өмірге ащы шындықтың мә­селелерін туындатады. Отағасы сақа­лын белуарына түсіріп, төтенше қылық, бө­тенше мінез танытса, отбасы қайтпек? Жер сатамын деп арандап, ата-бабасының аруағының қарғысына ұшы­раса не бол­ғаны? Шынайы байлық жер қойнауын­дағы сары алтын ба, бір-бірі­мен бауырла­сып күн кешкен саф көңілді ауыл адамдары ма? Осы сериалда осынау сауалдарға қазіргі заманғы кино мен теле-нің тілінде өте қызықты да тұшымды жауап аласыз!
Бір қарағанда, яғни қазіргі өлшем­мен бағамдасақ, шағын ғана сериал Қазақ­стан құқық қорғау органдары­ның құзыры мен мәртебесін асыруда ора­сан зор насихаттық жобаның жүгін көтеріп тұрғандай әсерде қаларыңыз ақиқат. Салмақты шығарма желісі иығына погон таққан жанның жалпы қоғамнан жат­бауыр тартып бара жатқанына жана­шырлық танытады. Фильмді көре оты­рып, ары мен адалды­ғына дақ түсірмеген балғын болса да тұла бойы буырқанған жалынға, жігерге толы жас жігітке жана­шырлық білдiре түсіп, оның шынайы жү­рек лүпілін сезіп, сүй­сінесің. Барлық полиция қызметкерінің жа­нының тазалығы осы жігіттің жүре­гіндей аппақ болса етті, қиын-қыстау кезеңде немесе өмірдің сан-тараулы қилы сәттерінде әрдайым осы жандай көмек қолын созуға дайын тұрса екен, шіркін, деп тілейсің.
Аталмыш сериал – жаңа заманғы полиция қызметкерінің болмысын боя­масыз баяндайтын баллада іспетті. Өмірде ысылмаған, бірақ кіршіксіз таза көңілді, ыстық жүректі жалынды жасқа жобаның авторлары – сценарийші Бей­барыс Жұма­ниязов, режиссер Сә­бит Құрманбеков, продюсер Виктор Кли­мов бірлесе оты­рып,ізгі ниетпен ерекше сенім артуы да сондықтан болар деп тү­сінеміз. Шын­туайтына келгенде, ав­торлар тобының бұл ниеті қазіргі барша жастарға – сенім көрсету болып дәріп­телетіндей. Бұл ұғым да біздің қазіргі өмірімізге дендеп кірді, оның шешімі – әділ, бағыты – түзу. Демек, бұл – әңгі­меміздің әуел басында айтқан қайырымы мен мейірімі мол шапағы нұрлы заман есігімізден именбей кіріп келе жатыр деген сөз…

Талғат СҮЙІНБАЙ, Алматы

http://www.aikyn.kz/articles/view/39609

 

Рубрика: