Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

434_0f8e008f2955ece7eade7a80ce04f29eАстана. 5 қыркүйек. Baq.kz –Ауыл ахуалы қашан, қайтіп жақсармақ? Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен селекторлық режімдегі Үкімет отырысында осы мәселе талқыға түсті.

 Ауыл десе алаңдамайтын қазақ аз шығар, сірә. Себебі, қаймана қазақтың шынайы, қазақы болмысы осы ауыл сөзімен астарласып жатыр емес пе?! Бұйырған байтақ даланы кең жайлап, табиғаттың таза байлығын тұтынған атам қазақтың байырғы тұрмысы бү­гінде сол ауылдарда қалғандай. Сон­дықтан болар, ауыл сөзіне қа­зақ халқы қашанда ерекше мән беріп, ауылдың жағдайына алаң­даушылық білдіріп жатады. Әрине, уақыт орнында тұрмайды, заман өтіп, өркениет көші ілге­рілеген сайын адамзаттың тұрмыс-тіршілігі, өмір сүру салты да өзгере түсері анық. Бұл тек біздің елдегі ғана емес, баршаға тән жа­һандық үрдіс. Бұрын адамдар шағын ауылдарда тұрса, біртіндеп биік үйлер салынып, қалалар бой көтерді, яғни ауылдар қалаға айнала бастады, тұрмыс-тіршілігі жақсарып, өмір сүруге қолайлы жағ­дайлар жасалды. Бірақ, бір өкініштісі, біздің ауылдардың көпшілігі мұндай жағдайды бастан өткере алмай жатып талқандалды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдар­ында бары мен нарын ту-тала­пайға салған ауыл жұрты жаппай қалаға үдере көшті. Тұрғыны азайып, тұрмысы нашарлаған ауылдар ақыры қирап, тіпті кейбірі мүлде жабылып қалды.
Ал мұндай ауылдардың еңсесін тіктеп, қа­тарға қосу қыруар қаржымен қоса, қажырлы еңбекті талап ететіні рас. Сондықтан шығар, мемлекет тарапынан қаншама ақша бөлініп, бағдарламалар қабылданып жат­са да ауылдардың жағдайы дұ­рыс­талып кете қоймады. Бірақ мүл­де нәтижесіз емес, қазір Қазақ елінің хал-жайы қандай болса, ол ауыл­дың да ахуалын аңғартады. Әрине, ауыл десе, далада жайылған мал мен киіз үйді елестететіндер ауыл­дан мүлде айрылдық дер, бірақ ауылдар қазір бар, тек сол ауылдардың барынша жағдайын жасап, оны қаладағылардан кенде емес жағдайға жеткізу керек. Кеше Үкімет отырысында айтылған қолға алынған іс-шаралар жайындағы мәліметтер мемлекет алда ауылдарды көркейтуге барынша күш салатынын аңғартты.
С.Ахметов айтқандай, ауылдарды дамытуға арналған жүйелі шаралар қабылдау бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыруға бағытталған осы саладағы негізгі іс-шаралар мемлекеттік және салалық бағдарламаларда көрініс тапқан, сондай-ақ ауылдық аумақтарды түлету бойынша «Жол картасы» жасалып, жүзеге асырылуда.
Талқыланған мәселе бойынша Өңірлік даму вице-министрі Серік Жұманғарин баяндады. Ол бүгінгі күні республикамыздағы елді мекендерде 7,6 млн. адам тұратынын, барлық ауылдардың ішінде 1310-ының даму әлеуетінің жоғары, 5192-сінің орташа болып табылатынын атап өтті.
Ауылдық аумақтарды инфрақұ­ры­лымдық дамыту бойынша ша­ралар білім беру, денсаулық сақ­тау, «Ақ бұлақ», коммуналдық шаруашылықтарды жаңғырту және басқа да бағдарламалар бойынша іске асырылуда.
Мемлекеттік қолдау шаралары қатарында «Агробизнес-2020», жұмыспен қамту әлеуметтік бағ­дарламаларын атаған вице-министр жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуды қолдауға 2013 жылы республикалық бюджеттен 6,0 млрд. теңге бөлінгенін айтты.
Аталған мәселе бойынша­ сондай-ақ Экономика және бюд­жет­тік жоспарлау министрі Е.Досаев, Қаржы министрі Б.Жә­мішев сөз сөйледі. Сонымен қа­тар, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Б.Сапарбаевтың, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі С.Ескендіровтің, Батыс Қа­зақстан облысы Ақжайық ауданы Тайпақ ауылдық округінің әкімі Б.Қыдырғожиннің, Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданы Мырзакент кентінің әкімі Д.Ерімбетовтің есептері тыңдалды.

Отырыс соңында талқылаудың негізділігіне назар аударған Үкімет басшысы «жаңа сайланған әкімдердің тиімді жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды, ауылдық аумақтардың одан арғы дамуы көп жағдайда жергілікті әкімдердің іскерлігіне байланысты болады», деп атап көрсетті.
«Үкіметтік деңгейде мақсатты жұмыстар жүргізіліп жатыр, 516 тірек ауылдар анықталды, ауылдық инфрақұрылым дамуда, АӨК-ті дамыту бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мәселелері шешілуде», деді С.Ахметов.
Отырыс қорытындысы бойынша, Өңірлік даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және облыстар әкімдерімен бірлесіп үстіміздегі жылдың 1 қарашасына дейін «Ауылдық аумақтарды дамыту» деген жеке тарау қоса отырып «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына түзетулер енгізу, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалар, кенттер және ауылдар әкімдерімен жергілікті өзін өзі басқару және мемлекеттік функцияларды орталықсыздандыру мәселелері бойынша әдістемелік және түсінік жұмыстарын жалғас­тыра беру тапсырылды.
Бір айта кетерлігі, кешегі Үкімет отырысы 100 пайыз таза қазақ тілінде өтті. Баянда­ма­шыларға Үкіметтің тапсырмасы солай болды ма, әлде ауыл туралы болған соң министр мырзалардың қазақылығы ұстады ма, қайдам, ең бастысы, есептерін жаппай қазақша қиыстырды.

Егемен Қазақстан

Рубрика: