Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Кох таяқшасы әр адамның ағзасында болады. Егер адам өз денсаулығына немқұрайды қарап, салауатты өмір салтын ұстанбаса, кеудедегі таяқша да тіріледі. Сөйтіп, күні кеше жадырап жүрген жан бір мезетте айналасына қауіпті адамға айналады. Өкінішке қарай, құрт ауруын түбірімен жою мүмкін болмай келеді. Атырау облысында ауру көрсеткіші республикалық деңгейден біршама жоғары болып тұр.

 

Дәрігері аз, дертті көп

Атырау облысы – туберкулез ауруы бойынша эпидемиологиялық ахуалы күр­делі аймақ. Өткен жылдың тоғыз айында ғана осы ауруға шалдыққан 421 адам тір­келген. Әсіресе Қызылқоға, Индер, Мақат аудандарындағы көрсеткіштер – алаң­да­тар­лықтай деңгейде. Әлеуметтік ауру деп ата­латын бұл дерттің қанат жаюына қайта­лап ауру жағдайларында ем нәтижесінің төмен болуы және дәріге төзімді аурулар­дың көбеюі де – бір себеп.

Өмірзақ Зинуллин, Атырау облыстық мемлекеттік санитарлық-эпи­де­мио­ло­гия­лық қадағалау департаментінің директоры:

– Қалалық, аудандық емханаларда туберкулезді емдеу өз деңгейінде еместігін, облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері мен аудандық өкпе аурулар ауруханасының емдеу жұмыс­та­рының тиімділігі төмен. Бұл жағдайға ауруды дер кезінде анықтаудың қиын­ды­ғы да өз әсерін тигізуде. Айталық, әлі күнге облыс орталығынан шалғай орна­­ласқан Қызылқоға, Исатай аудан­да­рында флюорографиялық тексеру қондырғылары жоқ. Аурудың алғашқы белгілерінен бейхабар ел «суық тиді, жөтеліп жүрмін» деп біраз уақытын жоғал­тып, әбден асқынғанда ғана артынып-тартынып жолға шығатыны да сондықтан. 

Жағдайдың ушығуына кадр жетіс­пеу­шілігі де айтарлықтай кері әсер еткен. Об­лыстық туберкулезге қарсы күрес дис­пан­се­рінде қазір 52 дәрігер-фтизиатр жұмыс жасай­ды. Негізінде, бұл жерде штат бойынша 80,25 бірлік қарастырылған екен. «Ал, жалпы, облыс бойынша рент­ге­но­лог, бактериолог, фтизиопедиатр ма­ман­дары қат болып отыр», – дейді Өмірзақ Зиноллаұлы. Оның айтуынша, дәрігерлер әсіресе аудандарда жетіспеуде. Облыстың бас санитарлық дәрігері бұған қоса, тубер­ку­лездің алдын алу мақсатында атқарылып жатқан шаралар да мардымсыз екендігін жасыр­майды. ҚР Денсаулық сақтау ми­нистр­­лігінің бұйрығына сәйкес, тубер­ку­лез­ге қарсы күрес ұйымдары елді мекеннен алшақ жерде орналасып, аумағының қоршалуы, бейнебақылаумен, күзет жүйе­сі­мен, ауруханаішілік киім-кешекпен қам­ты­луы тиіс болғанымен, әзірге бұл мәселелер шешімін таппай келеді.

Туберкулез жасарып барады

Құрт ауруының балалар мен жас­өс­пі­рім­дер арасында азаймай тұруы өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының аса бір керемет еместігінен хабар бере­тін­дей. Бүгінде атыраулық балалардың ара­сын­дағы құрт ауруының көрсеткіші рес­пуб­ликалық деңгейден екі есеге жоғары. Құрт ауруын жұқтырған балаларды оқшау­лау үшін облыс орталығында арнайы мек­тепке дейінгі мекемелер жұмыс жасайды. Бірақ бұл мекемелер аталған проблеманы жою­ға аздық етіп отыр. Санаториялық үлгі­дегі жабық мекеме қажет-ақ, өйткені қазір дертті жасөспірімдерді оқшаулау мүм­кін болмай келеді.

Жаңабай Сағиев, Облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері:

– Аурушаңдықтың көбеюіне эколо­гиялық ахуалдың нашарлығы да себеп. Біз қазір манту, БЦЖ болмаған, қар­жы­ландырудың жоқтығынан көптеген алдын алу шаралары жасалмаған кез­дер­дің зардабын шегудеміз. 90-жыл­дарға тап келген тоқырау кезеңінде туыл­ған жасөспірімдер арасында құрт ауруы көп көрініс тауып отыр. 1994-97 жылдары ауруханада біз пациенттерге таңғы асқа – шай, түскі асқа – екінші тағам, кешкі асқа бірінші тағам беретін едік. 

Теріс наным да теріс әсер етіп отыр

Еліміздегі Денсаулық сақтау министр­лігінің арнайы бұйрығына сәйкес, перзент­ханада әрбір жаңа туған сәби БЦЖ екпесін мін­детті түрде алуы керек. Бірақ діни кері ағымдарға ілесіп, сәбиіне екпе салдыр­тудан бас тартатын ата-аналар Атырауда да кездеседі. «Дәстүрлі емес дінді ұстанатын ата-аналардың жаңа туған нәрестелеріне вакцина жасатудан бас тартуы біраз проб­лема тудырады, – дейді дәрігер. – Мұндай екпе алған баланың ағзасында Кох таяқ­ша­сына қарсы иммунитет қалыптасады. Өкініш­ке қарай, осының мән-жайын түсін­бейтін ата-аналар нотариустан құжат әкеліп, балаларына екпе салудан азар да безер болып қашады».

Ал облыстың бас санитарлық дәрігері Өмірзақ Зинуллин бұл жағдайдың белең алуына екпе салар алдында баланың анасына екпенің қажеттілігі, одан бас тартудың соңы неге апаратыны жайында түсінік жұмыстары дұрыс жүргізілмеуі себеп болып отырғанын алға тартады.

Д.Тайпанова, Облыстық туберкулезге қарсы диспансер бас дәрігерінің орын­басары:

– Бұл мекемеге келіп түсетін ауру­лардың 5 пайызы осындай теріс діни ағым өкілдері және олардың көпшілігі ауру әбден асқынған кезде ғана меди­цинаның көмегіне жүгінеді. Олар намаз оқып, құлшылық қылып, дерті­міз­ден айығамыз деп ойлайды. Ақырында ауруды әбден өткізіп алады. Өткен жылы жасы 20-дан енді асқан, хид­жаб киген қыз бала қабылдау бөлмесіне келген сәтінде көз жұмды, құрт ауруы әбден құртқан кезде ғана ауруханаға келген. 

Теріс діни ағымның жетегінде жүріп құрт ауруына шалдыққан әйелдердің медицина рұқсат етпесе де, сәби көте­ре­тіндері бүгінде ақ халаттылар қауы­мының ренішін тудыруда. Өйткені құрт ауруы мен екіқабат болу деген ұғымдар бір-біріне мүлде кереғар. Дәметкен Тайпанова құр­сақтағы нәресте үшін туберкулездің қауіпті екенін айтады. Бұл аурудан емдеуге қол­да­нылатын дәрілер де іштегі сәбиге теріс әсерін тигізеді. Сондықтан да дәрі­герлер мұндай аналардағы екіқабаттық кезеңді ерте анықтаса, жасанды түсік жасайды, ал кеш болып қалған жағдайда, амал жоқ, босандыруға тура келеді, бірақ кеудесін құрт кезіп жүрген анадан туған баланың ден­саулығы мықты болады деу қиын. «Бізге бір қиыны, теріс діни ағымды ұста­ну­шы қыз-келіншектер туберкулезден не емделмейді, не баласын алдырып тастауға келісім бермейді. Осындай жағдайдағы бір әйел үшін ауруханаға имам шақыруға да мәжбүр болғанымыз бар, дін өкілдері, құқық қорғау қызметкерлері келіп, түсінік жұмыстарын жүргізгенімен, одан нәтиже шықпады. «Алла өзі береді, өзі алады, біздің өмірімізге ешкімнің де қол сұғуға құқы жоқ» деп қасарысып отырып алды», – дейді дәрігер.

 

Керек дерек

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйы­мының деректері бойынша әлемде жыл сайын 9 млн адам құрт ауруының құры­ғына түседі екен. Өткен жылдың қаң­тар-қараша айларында ғана Қазақ­станда     11150 адамның тубер­кулез жұқ­тыр­ғаны белгілі болыпты. Ал олар­дың санын 20-ға, яғни 20 жылға көбейт­сек, 250 мың­ға жуықтайды. Статис­тика деректері ел бойынша бұл дерттің әр жүз адамның 72,6-сында кездесетінін көрсетіп отыр. Кейінгі кез­дері ауру көрсеткіштері кеміп келе жатыр дегенімізбен, қауіпті кесел­мен күрес­те Қазақстанның Орталық Азия елде­­рінің арасында әлі де артта екенін мойын­дауымыз керек.

 

http://alashainasy.kz/society/40335/

 

Рубрика: