Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Көктемнің алғашқы күні «Қашаған» кенішінде оқыс оқиға бол­ды. Жабдықтарды құрастыру кезінде бұрғылау механизмі істен шы­ғып, елді әбігерге салды. Жұмыс уақытша тоқтатылып, кеніштегі қыз­­мет­керлерқауіпсіз жерге көшірілді. Абырой болғанда, ұңғымада қы­сым жоқтығына байланысты көмірсутек ауаға таралмады. Ешкім зардап шекпеді.

Атырау облысы бойынша төтенше жағдайлар департа­мен­тінің мамандары оқиға орны­на тексеру жүргізді. Нәти­жесінде оқиға төтенше жағдай деп танылмады, сондықтан ресми тіркеуге де алынбады. ҚР Мұнай және газ министрлігі де «өндірістегі күнделікті ұсақ-түйектің бірі» деп таныды. Бірақ «жаман айтпай, жақсы жоқ» дейтін қалың бұқараның көкейінде қауіп қалғаны рас. Алдағы маусым айында іске қосылады деп ел болып үміт күтіп отырған «Қашаған» кені­ші мен «Болашақ» зауыты жай­лы қоғамдық пікір қазір екі­ге жарылып тұр. Мұнайдың теңіз­де өндірілуі оңай жұмыс емес. Бұл мәселеде қазынаға түсе­тін қаржыдан бұрын қара ха­лық­тың амандығы мен саулығы қымбат.

 

ОПЕРАТОРЛАР АЙТАДЫ

«Мұнай мен газ қатпарларының қысымы жағынан өте күрделі кеніш – «Қашағанның» қоршаған ортаға әсері қандай болмақ» деген сауал жақында тағы да талқыға түсті. Бұл жолғы қоғамдық тыңдауға солтүстік Каспий жобасының операторы NCOC пен агент-компания Agip-тың топ-менеджерлерімен бірге облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өзі келіп қатысты. «Біздің компания қабыл­даған шаралар Қазақстанның экологиялық жағынан жауапты мемлекет ретінде көрінуіне мүмкіндік береді, – деп сенімді түрде сөз алды NCOC компаниясының сыртқы қатынастар жөніндегі директоры Пьер Дельпон. – Заманауи қондырғылар мен озық технологиялар төтенше жағдай­ларды болдырмауға бағытталады. Апат бол­ған жағдайда да мұнай төгілімін жоятын арнайы жабдықтар саны жеткілікті. Біз мұнайды тек судан ғана емес, мұз бе­тінен де жинаймыз, осы мақсатта 20 ски­нер алдық. Каспий теңізінің био алуан­ түрлілігін сақтауға да тырысамыз».

«Аджип» ҚКО компаниясының атқару­шы директоры Умберто Каррараның сөзіне сү­йенсек, кеніште алғашқы кезеңде тәулі­гі­не 180 мың баррель мұнай өндірілсе, кейін бұл көрсеткіш 370 мың баррельге жетеді екен. Әрине, барлық пен байлықты кім жек көреді, оның үстіне, «Қашаған» іске қосылса, Қазақ елі мұнай өндіруде дүниежүзі бойынша алғашқы бестіктің құрамына кіреді. Бұл өз кезегінде ауыл-елдің әлеуметтік жағдайына да оң ықпал етері анық. Алайда халықтың көкейінде үмітпен қоса күдік те бар. Сол үмітті «Ад­жип­тің» экологиялық тұрақты даму жөнін­дегі менеджері Игорь Лукашовтың сөзі жал­ғағандай болды: «Теңіздегі кешенде алау­дан ауаға тарайтын зиянды заттар аумағы бес шақырымға, газ қатты шықса, жеті шақырымға ғана жайылады. Пай­даланылатын сулардың 97 пайызы таза күйінде кері қайтарылады», – деді ол («Д» аралы Атырау қаласынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан).

«Аджиптің» тағы бір өкілі Вальтер Риц­цидің сөзіне сенсек, алаңдауға негіз жоқ екен. «Мұнай төгілуі кезінде жедел әрекет ететін біздің құрал-жабдықтарымыз Мек­сика бұғазында да болған жоқ, – дейді Риц­ци. – Қауіпті жағдай орын алса, шетел­ден көмек келетіні туралы келісімшарт бар, бірақ Қазақстандағы мүмкіндіктеріміз де кез келген апатты ауыздықтауға жетеді».

ЭКОЛОГТЕРДІҢ УӘЖІ

«Каспий табиғаты» үкіметтік емес ұйы­мы­­ның төрағасы, эколог Махамбет Хакимов қарт теңіз қаһарына мінсе, адамзатқа зор қауіп туғызатынын айтудай-ақ айтып ке­леді. Алайда әлі күнге дейін Каспий теңі­зінің экологиялық картасы жоқ, теңіз терең зерт­телмеген де. «Қашаған мұнайы «Бола­шақ» зауытына тасымалдана бастағанда қауіп-қатер де көбейе түседі, – дейді эколог. – Бүгін теңіз жағасында итбалық­тард­ың қырылғанын айтып жар салып жүрміз, ертең адамдарға қауіп төнбесіне кім кепілдік бере алады?»

Мұнай өндіруші компаниялардың жұмыстарына қашан да ғылыми тұрғыдан, сын көзімен қарап жүретін эколог Мұфтах Диаров кеніште апат болған жағдайда жасалуы тиіс шаралардың жеткіліксіздігін алға тартады.

«Глобус» қоғамдық бірлестігінің жетек­шісі Галина Чернова да алпауыт ком­па­ния­лардың «аңқау елге арамза молда» бол­ғы­лары келетініне өкпелі: «Бұдан бұрын­ғы қо­ғам­дық тыңдауларда айтылған қауіп­ті өнім­дер деңгейін енді 34 есеге кө­теріп, ұсы­нып отыр. Бұл – көзбояушылық. Ел ара­сын­да Атырау вахталық қала бола­ды деген сөз бар. Облыс тұрғындарының көр­шілес Орал, Ақтөбе қалаларына көшуі белең алу­да. Ертең Солтүстік Каспий жо­басы іске қо­сыл­ғанда, бұл жерден ел үдере көшіп жүр­ме­­сін».

ӘКІМНІҢ ӘҢГІМЕСІ

«Адамдар өмірі үшін алаңдаулы, сон­дықтан бұл мәселеде қойылатын сауал да көп, – дейді Атырау облысының әкімі Бақ­ты­қожа Ізмұхамбетов. – Мен барлық материалдармен танысып шықтым. Мұнай саласында ұзақ жылғы тәжірибесі бар маман ретінде айтарым, жобада қауіпсіздік мәселелері қамтылған. Өткен жеті айдың ішінде өзім де «Қашағанға» бірнеше рет барып, қатаң талаптар қойдым. Жоба басталмас бұрын да осы салада тәжірибесі бар, озық компаниялар таңдалып алынды. Біз бұл жобаны үнемі бақылауымызда ұстап отыруға тиіспіз. Компания өкілдері қоғам тарапынан туындаған сұрақтарға жауап беруді кейінге қалдырмауы керек. Мұның бәрі – қызығушылықтан емес, біздің өмірі­міз­дің қауіпсіздігіне қатысты мәселе.

 

Теңіздегі ұңғымалармен бірге «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау зауыты да іске қосылады. Мұнда жылына 22,5 млн тонна мұнай, 6 млрд текше метр газдан күкірт секілді химиялық элементтер алынатын болады. Ел игілігін еселейтін бұл жұмыстардың бәрі де лайықты жүзеге асса, әрине, жақсы. Тек осы жерден тағы бір мәселе бой көтереді – Теңіз кенішіндегі тау болып үйіліп жатқан күкірт енді «Болашақта» да аспанмен таласып текке тұрса, қоршаған орта мен жергілікті тұрғындардың өмірлеріне зиян келтірмей қоймайды. Сондықтан халық таяуда іске қосылатын Солтүстік Каспий жобасы елге тек игілік әкеліп, жергілікті экология мен халық денсаулығы мәселесінің барынша қамтылуын тілейді.

Автор: Бақытгүл БАБАШ

 

http://alashainasy.kz/economica/41822/

Рубрика: