Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Адамның жаратылысы қызық: алтын дәретхана қолданатын бай-шонжарың да, шөлмек жинап, таңдайын жібіткен тақыр кедейің де жалғанның бір-ақ минөтте сөніп қалатынын көбіне-көп қаперіне ала бермейді. Бай-шонжар байлығының буына мастанса, сіңірі шыққан кедей тағдырының тәлкектігін күллі адамзаттан көріп, кіжіне түседі…

…Осыдан небәрі жиырма шақты жыл бұрын ғана ірі-ірі 14 ұлтты табанында таптап, аяусыз езгілеген Ресей мемлекетінің қалқан қылған «СССР» деп аталатын тажал-тұғыры абайсызда қирап қалғаннан кейін, ормандай орыс өзара кескілесіп, бар қазына-байлығын талан-таражға салуға кірісті. Ұрып-соғу, тонап-тартып алу, зорлық-зомбылық жасау, қорлап-көміп тастау, жаппай атысу – 90-шы жылдары Ресейдің кез келген қаласындағы қалыпты жағдайға айналды.

Оның үстіне, Совет Одағының құрамындағы Ресейдің Автономиялық елі болғандықтан, қатыгез аюдың тырнағынан шыға алмай қалған Шешенстан секілді елдерде тәуелсіздік үшін аяусыз майдан басталды…

Дәп осы кезде Ресейдің ең жоғарғы билігінің жанынан, Ресейдің Президенті Борис Ельциннің қасынан мамандығы математик, басқару жүйесі мәселелін зерттеген ғылыми қызметкер, 37 жасында «ғылым докторлығын» қорғап, 45 жасында Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болған, Ленин комсомолы сыйлығының иегері Борис Абрамұлы Березовский табыла кетті…

***

…1946 жылдың 23 қаңтарында Мәскеуде құрылысшы-инженер мен Педиатрия институты аға лаборантының отбасында дүниеге келген Борис Абрамұлы Березовский Мәскеудің Ормантехнологиясы институтын бітіріп, 1970 жылдары машиналарды, приборларды және өлшеуіш құралдарын сынақтан өткізетін инженер, сосын, аға ғылыми қызметкер болды.

1973 жылдан АвтоВАЗ-бен байланыс орнатып, арада 16 жыл өткеннен кейін, Борис Березовский досы Самат Жабоевпен бірге «ЛогоВАЗ» совет-швейцария біріккен кәсіпорынын құрды. Екі дос 1992 жылы Мәскеуде сатылған көліктердің айналымы жылына 250 млн. АҚШ долларын құрайтын ЛогоВАЗ-дың «Mercedes» деп аталатын Техникалық қызмет көрсету орталығын ашты. Тольятти қаласында көлік жасап шығаратын жаңа зауыт ашу үшін Борис Березовский 1993 жылы «Бүкілресейлік көлік альянсы» акционерлік қоғамының (AVVA) бас директоры қызметін атқарды. Мұнымен қатар, ол 30 фирманың басын қосқан ЛогоВАЗ холдингі Директорлар кеңесінің төрағасы лауазымын иеленді.

Осы кезеңде Березовский «Огоньек» журналының бас редакторы Валентин Юмашевпен танысып, тез тіл табысуының арқасында журналға қаржылай көмек көрстіп қана қоймай, мемлекет басшысы Борис Ельцинмен және оның қызы Татьяна Дьяченкомен жақын араласа бастады. 1994 жылдың қысында Борис Абрамұлы Борис Ельциннің «Президенттің жазбалары»атты кітабына демеушілік жасады. Күннен-күнге Березовский президенттің отбасына жақындай түсті. Өзі ғалым әрі кәсіпкер, техника ғылымдарының докторы атағын алып, бірнеше монографиялық еңбектер жазған, қулық-сұмдығы да бір басына жетіп-артылатын адам мұндай тамаша мүмкіндікті қалт жіберген жоқ.

Қайта құрудың алмағайып кезеңінде өзінің табиғи дарынын ұтымды пайдаланып, кәсіпкерліктің жолына біржола түскен Борис Абрамұлы 1995 жылы Ресей басшысын «Сібірмұнай» жекеменшік мұнай компаниясын ашуға рұқсат етуге көндірді. Ол өзінің кәсіпкер-серіктесі Роман Абрамович екеуі компанияның акцияларын өте арзан бағалармен сатып алып, жалған заңды тұлғалардың атына тіркеу арқылы акцияларды толық иеленді.

Мол ақшаның дәмін татып: «Егер мен зауыттың директорын арзанға сатып ала алатын болсам, онда зауыттың өзін удай ақшаға несіне сатып аламын?!.» – деп, кекірейген Березовский Ресей Президенті Жеке күзетінің бастығы Александр Коржаковты да айтқанына көндіріп, «Кремльдің қуатты қолы» деген атақ алды.

Тек, 1994 жылы жылмаңдаған жебрейдің сүйкімсіздігі жүйкесіне тиген біреулер оған қастандық жасап, көлігін жарып жіберді. Денелерінің біраз жерін күйік шалған кәсіпкер әупірімдеп аман қалды. Бірақ, есепсіз қыруар қаржы мен шексіз биліктің құдіретіне еліткен Борис Абрамұлы дұшпандарына ерегісе түсіп, енді саяси ойындарға бел шеше кірісті.

Кейінірек «Саясаттағы Мефистофель» лақабын алған ол ақпарат құралдарына ауыз салып, 1995 жылы ОРТ телеарнасынқұруға атсалысып, Директорлар кеңесінінің мүшесі болды. Сосын, ТВ-6 (Мәскеу тәуелсіз хабар тарату корпорациясының) акционері атанды. 1999 жылы «Коммерсантъ» баспа үйінің қожайын болып, ірі медиа топтың басшысына айналды. 2000 жылы Березовскийдің қарамағында «Коммерсантъ», «Московская комсомолка», «Независимая газета», «Новые Известия», «Свежий номер» газеттері, «Автопилот», «Власть», «Деньги», «Молоток», «Домовой», «Огонек» журналдары және «Наше радио» радиостанциясы, сонымен қатар, және «ОРТ» (Бірінші арна), МНВК (ТВ-6) телеарналары болды.

Тоқсаныншы жылдардың аяғында Ресейдің медианарығындағы ең ықпалды тұлға Борис Березовский еді. Мысалы, 1996 жылғы президент сайлауында Березовский мен Чубайс Ельциннің жеңіп шығуына тікелей ықпал етті.

1999-2000 жылдары Б.Березовский «Единая Россия» партиясының мұрагері – «Единство» сайлауалды блогының басты бастамашысы әрі қаржыландырушысы болды. Бұл құрылым Е.Примаков пен Ю.Лужковтың «Отечество – вся Россия» блогын күйрете жеңіп шықты. Б.Березовский ОРТ мен өзінің ақпарат құралдары арқылы В.Путинге қолдау көрсетті. 2000 жылдың 27 наурызында Владимир Путин Ресейдің жаңа Президенті болып сайланды.

***

Тарихшы Ю.Фельштинский Б.Ельциннің өз мұрагерін арнайы қызмет саласы адамдарының арасынан іздегенін айтады, олардың арасында Е.Примаков, С.Степашин, В.Путин бар еді. Биліктің басты мақсаты – күш пен қаржыны уыстан шығармау болатын.

Ресейдің ең жоғарғы билігіне жақын кейбір адамдар: «В.Путинді Б.Ельцинге болашақ тақ мұрагері ретінде ұсынған Б.Березовский еді» – дейді. Бірақ, қалай болғанда да, В.Путин таққа отыра салысымен, алды-артына қарамай Ресейден қашуға мәжбүр болып, өмірінің ақырында байлығының бәрінен дерлік жұрдай айырылған Б.Березовский: «Менің өмірдегі ең үлкен қателігім – Путинді билік басына әкелгенім!» – деген жанайқайын әлемге айқайлап айтты. Расында, В.Путиннің Ресей президенттігіне сайлануында Б.Березовскийдің зор ықпалы мен мол көмегі болғандығын саяси сарапшылардың дені мойындайды. Ә дегенде, Б.Березовский мен В.Путиннің тонның ішкі бауындай тату болғандығы да шындық.

Ресейдегі олигархтық капитализмнің бас идеологы Б.Березовский ақпараттық соғыстардың да майталман генералы болды. Борис Абрамұлы «Мост» тобының жетекшісі, олигарх-әріптесі Владимир Гусинскиймен және Мәскеу қаласының басшысы Юрий Лужковпен кескілескен майдан жүргізді. Ю.Лужковты: «Кепка киген кеңкелес әрі өтірікші, әрі мылжың, әрі күлекеш» деп атаған ол 1996 жылы В.Гусинскиймен мәмілеге келіп, Б.Ельцинді қайта сайлауға күш біріктіруге көндіріп, жеті банкир жұмылдырды. Жұрт кейін оларды «Жеті банкирдің бірлестігі» атап кетті.

Халықтың мол ықыласына бөленген Президенттікке кандидат Александр Лебедьті де мәмілеге келтірген Б.Березовский Б.Ельциннен алғыс есебінде «Сібірмұнай» компаниясы директорлар кеңесінің мүшелігін иеленіп, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы лауазымына қол жеткізді.

Бойы аласа, көздері бақырайған, шашы сирек осы бір сүйкімсіздеу адам орыс билігінің кез келген есігін аяғымен теуіп кіріп, өзінің жеке басының қаржы-қаражатын кісінің түсіне де кірмейтін деңгейде молайта түсті.

Орыс саясатының белгілі тұлғалары Г.Явлинский мен А.Васильевтер осынау аласа бойлы, «ұзын» ойлы адамды: «Саяси авантюрист» деп атаса, танымал саясаттанушы С.Марков бұл бағаны місе тұтпай: «Халықаралық санаттағы ұлы саяси авантюрист» деді…

Шындығында, адамдардың жүйкесін шаршатып, жүрегіне салмақ салудың мыңтүрлі әдіс-тәсілдерін меңгерген «Кавказ тұтқыны» 1990 жылдардың басында-ақ шешеннің ұйымдасқан қылмыскерлерімен байланыс орнатты. Бертін келе «Саяси авантюрист» Ресей билігі мен шешен жауынгерлерінің арасындағы дәнекерлік атқарып, 1996 жылы Салман Радуевтың қолындағы орыс ОМОН-ының 22 қызметкерінНТВ журналисі Елена Масюкті, Президенттің толық құқылы уәкілі Валентин Власовты босатып алды.

Ол-ол ма, Ресей мен Ичкерия Шешен Республикасы арасындағы бейбітшілік келісімінің қол қойылуының ұйымдастырушыларының бірі болған Б.Березовский әлемдік Нобель сыйлығын алуға да әрекет жасады.

Борис Абрамұлы Березовскийдің ешқашан, ешбір жағдайда айнымайтын және айырылмайтын «қасиеттері»: жалғандық, өркөкіректік, арсыздық, тек қажетті адамдармен ғана «достасып», пайдасы бар істермен ғана шұғылдану болса, дұшпандарын ешқашан тыныш қоймаған оның өмірлік қағидасы: «Тұтқындардың көзін жою керек, жараланғандарды тірі қалдыруға болмайды!» – деген темірдей тәртіптен айныған жоқ.

***

Адамның тағдыры қызық қой. Көбіне өзгеге қазған орға өзі түсіп жатады. Өзекті пенде Борис Абрамұлы да қаншама айлакер, қаншама арамза болса да, құдайдың құрығынан құтыла алмады.

Ең жоғарғы мемлекет билігінің тізгінін тастай қатып ұстаған барлаушы В.Путин есепсіз, қыруар қазына-байлықта да өз қолына жұмылдыру шараларына бел шеше кірісіп кетті.

Кешегі «достардың» арасында пікір қайшылығы Шешенстанға қатысты ушыға түсті. Березовский Шешенстандағы қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуді ұсынса, Путин ашық соғыс қимылдарына қолдау көрсетті. Борис Абрамұлы аймақтардың автономдығын сақтауды қаласа, билікті бір уысқа жұмылдырып, елді күшпен басқаруды дұрыс көрген Владимир Владимирұлы Путин «Жеті федералды округ туралы» жарлыққа қол қойды. Ресейде билік вертикалі енгізіліп, Федерация кеңесі таратылды, жергілікті және орталық сайлаулар маңызын жойды. Осы аймақтар негізінде В.Путин тағайындаған жеті федералды губернатордың бесеуі КГБ қызметкерлері немесе әскерилер болған еді.

…Бұрынғы білдей губернатор, саясаткер Борис Немцов сол бір қарбалас күндерді былайша еске алады: «В.Путиннің жеңісінен кейін бір күні менің Мемлекеттік Думадағы кабинетіме көңілі көтеріңкі Б.Березовский кіріп келіп: «Мінеки, Володияны билікке әкелдік, барлық мүмкіндіктер уысымыға өтті. Енді не істерімді білмей, ішім пысты. Әлде, Карачаево-Черкесияға мешіт салып берсем бе екен?!.» – деді. Сонда мен оған: «Боря, ішіңнің пысқаны тез басылады. Путин сенің белсенділігің мен бастамаларыңды ешқашан кешірмейді» – дегенді айттым…»

Б.Немцовты «көріпкел» дерсің, айтқаны айна-қатесіз келді. Таққа табан тіреген Владимир Путин табан астында өзгеріп сала берді. Жаңа басшы шұғыл түрде бар билікті де, байлықты да өз уысына жинақтауға кірісті. Б.Березовский мен В.Путиннің осыған дейін бір қазанда қайнаған мүдделері лезде суыды.

Б.Березовский В.Путинді билікке әкеліп, орны толмас орасан қателікке ұрынғанын бірден түсінді. Жас президент Борис Абрамұлына достарын қарсы қойып, иелігіндегі активтерін біртіндеп тартып ала бастады. Ең алдымен, Б.Березовский «Сібірмұнай» компаниясындағы өз үлесін арзан бағамен небәрі 1,3 млрд АҚШ долларына Р.Абрамовичке сатты. Артынша ОРТ мен НТВ телеканалдары да қолды болды.

В.Путинге ашық хат жазған олигарх оны: «Демократиялық институттарды жойды, ресейлік сайлаушыларды алдап соқты, аймақтық саяси элитаны әлсіретті» деп сынап, айып тақты. Б.Березовский В.Путиннің авторитарлық кері кету жолына түсуіне кедергі болуға тырысып-бақты. Сол үшін Борис Абрамұлы алты ай атқарған «Мемлекеттік дума депутаты» қызметінен бас тартып: «Менің бұл қойылымға қатысқым келмейді – Ресейді қиратуға және авторитарлық жүйені орнатуға атсалысқым келмейді» деді.

«Курск» суасты атом кемесі тұңғиыққа батып, халық қара жамылып жатқанда, ОРТ телеарнасы Сочиде демалып, жайбарақат серуендеп жүрген В.Путинді көрсетумен болды. Бұл көрсетілімдері арқылы Б.Березовский шын мәнісінде В.Путиннің халықтан тым алшақ екендігін меңзеген болатын.

Биліктің жауап-соққысы ұзақ күттірген жоқ. «Жұт – жеті ағайынды» деп қазақтар айтпақшы, Б.Березовскийдің артынан шам алып түскен орыс билігі: Борис Абрамұлына «Аэрофлот» авиакомпаниясының 215 млн. рубль мөлшеріндегі және ЛогоВАЗ бен АвтоВАЗ кәсіпорындарының 140 млн. рубль көлеміндегі мемлекет қаржыларын, «СБС-Агро» банкісінің 13 млн. АҚШ долларын жымқырды» деген айып тағып, сырттай соттады.

Қашып-құтылудан басқа амалы қалмаған Борис Абрамұлы Лондонға жетісімен-ақ қалайда Ресейге қайтып, оппозициялық қуатты партия құратындығын мәлім етті. Ол Ресей Премьер-министрі Михаил Касьяновтың, Президент Әкімшілігінің басшысыАлександр Волошиннің және Анатолий Чубайстың аттарына арнайы Үндеу жариялап, оларға өз еріктерімен қызметтерінен кетуді ұсынып, либеральды оппозиция құруға шақырды.

2004 жылы сотталған олигарх Михаил Ходорковскийге қолдау көрсеткен қашқын-миллардер Лондондағы Ресей консульдігінің алдынан төбелеріне плакаттар жазып-жапсырған 100 Mercedes S-класс көліктерін қаздай тізіп, қоңыраулатып алып өту арқылы үлкен қарсылық акциясын ұйымдастырды.

2005 жылы Украинаға қоныс аударатынын айтты. Кейінірек Президенттікке таласқа түскен Виктор Ющенконың сайлау шығындарына Б.Березовскийдің 15 млн АҚШ долларын бөлгендігі жөнінде қауесет шықты…

2006 жылы Бразилияның құқық қорғау құрылымдары Б.Березовскийді Сан-Паула әуежайында «Коринтиас» футбол клубының ақшаларын ұрлады, деген күдікпен ұстады. 2007 жылы Нидерланды билігі де Борис Абрамұлын «Үлкен көлемде қаржы бопсалап, ізін жасырды» деп қауіптенетіндігін мәлімдеді. Б.Березовскийдің Швейцариядағы банктік есеп-шоттарын пайдалануына тосқауыл қойылып, Франциядағы вилласын тәркіге салды.

«Жыланды жеті рет кессең де, кесірткедей күші қалады» дегендей, күш-қуаты қайтып, қазына-байлығы орталанса да, Борис Березовскийдің марқұм досы Бадри Патаркацишвилимен бірге жинаған дүние-мүлкі ұшан-теңіз еді, олардың қатарында Францияның оңтүстігіндегі Chateau de la Garoupe поместьесі; Borjomi, «Святой источник», «Миргородская», «Эдельвейс» зәмзәм суларын шығаратын IDS Borjomi зауыты; Imlek, Knjaz Milos, Bambi азық-түлік өнеркәсібі өнімдері; Гүржістандағы MagtiCom Ltd аса ірі телекоммуникация компаниясы болды.

***

Тұманды Альбионға табан тіреген Б.Березовский: «Владимир Путин – саясаттағы кездейсоқ адам» деген қағидасынан танбай, ағылшын баспасөзінде арнайы тапсырыстармен мақалалар бастырып, арандатушылық мәлімдемелер жасап, Кремльдің басшысы туралы алып-қашпа әңгімелерді үрлеп, ушықтырып отырды.

Үнемі әрі дүрсін-дүрсін Ресей билігінің тынышын алумен болған Борис Березовскийге қара күйе жағу жарысында орыс билігі де «қарызданып» қалған жоқ. 1995 жылы кісі қолынан қаза тапқан танымал тележурналист Владислав Листьевтің өліміне Б.Березовский жауапты деген қауесет тарап, 1996 жылы американдық журналист Пол Хлебников Борис Абрамұлына«Алаяқтық жасады, заңсыз ақша игерді, шешен мафиясымен сыбайлас және тапсырыспен кісі өлтірді» деген ауыр айыптар тақты. 2001 жылдан бері Б.Березовскийге Ресейде «Ақшаны заңсыз игерді, билікті күшпен тартып алуға әрекет жасады»деген айыптар бойынша іздеу жарияланды. Бразилия мен Швейцарияда да «алаяқтық, заңсыз ақша бопсалады» деген кінә тағылып, із кесу жұмыстары жүргізілді.

2003 жылы Лондон Березовскийге саяси босқын мәртебесін беріп, ағылшын төлқұжатында оның аты-жөні «Платон Еленин»деп көрсетілді. Жаңа құжатымен ол Грузия мен Латвияға барып қайтты. 2006 жылы ФСБ-нің бұрынғы офицері А.Литвиненкошәйға қосылған полонийден уланып, Лондон ауруханасында көз жұмған соң, Скотланд-Ярдта РФ Бас прокуратурасының тергеушісі Александр Отводовпен сөйлескен Борис Березовский «Литвиненконың өліміне Путин мен Луговой кінәлі» деп мәлімдеді.

2012 жылы бұрынғы Борис Березовский, қазіргі Платон Еленинге Мәскеудегі «Миллиондар маршы» аталған жаппай тәртіпсіздіктерге ықпал етті, дейтін айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды. Сөйтіп, Борис Абрамұлы Березовскийге Ресейде қозғалған қылмысты істердің ұзын-саны оншақтыға жетті.

Былтырғы сәуірдің соңында «В.Путинді тұтқындаған адамға 50 млн. рубль тағайындайтын» Борис Абрамұлы көп ұзамай, мамыр айында ол «сыйақының» көлемін 500 млн. рубльге дейін ұлғайтты. Тіпті, 1999-2000 жылдары В.Путинді қолдағаны үшін «Әділ де ашық соттың алдында» жауап беруге даяр екендігін мәлімдеді. Сондай-ақ, Ресейде «Либеральдық бағыттағы революциялық партия құру» ниетінен әлі де қайтпайтындығын айтып, орыс топырағына монархиялық биліктің қажеттігіне тоқталды. Бұл жағдай біздің есімізге бір заманда Рахат Әлиевтің де «хандық билікті аңсаған» мақаласын еріксіз түсірді. Жетпіс жасқа жетпесе де алжығанның сөзін айтқан Б.Березовский орыс билігінің тағына ағылшынның мұрагері Гарриді лайық деп атады…

Кешегі шонжардың қорғаушысы А.Добровинскийдің қожайынының өлімі турасында: «Борис Абрамұлы Березовский өте күрделі тұлға еді. Өзіне қол жұмсағаны қалай? Өмірдің ауыр соққыларына шыдамады ма? Кедейшілікте өмір сүруден шошынды ма?..» – деуі әсте тегін емес сияқты.

Турасын айтқанда, соңғы жылдар миллиардердің тек қана ойсырай жеңілулері мен тізе бүгулерінен тізбектелді. Бұрынғы әріптесі Р.Абрамовичті қайта-қайта сотқа сүйреп, «Сібірмұнай» және «Русал» компанияларындағы үлестері үшін 5,5 млрд АҚШ долларын өндіріп алмақшы болған Б.Березовский іс жүзінде Жоғарғы Лондон сотында күйрей жеңіліс тапты.

Б.Березовскийді «Өтірікші» деп атаған соттың төрағасы істі жүргізу барысында, кезінде салықтардан қашу мақсатында оффшорлық аймақтар арқылы В.Путиннің сайлауалды кампаниясының шығындарына «Сібірмұнай» компаниясының 50 млн АҚШ долларын заңсыз жұмсағанын анықтады

Сотта жеңіліп қана қоймай, жаңа қылмыстарының беті ашылған бұрынғы олигарх сот шығындарының 40 млн фунт стерлингін дер кезінде төлеу үшін Суррей графствосындағы поместьесін, Maybach и раритеттік Rolls-Royceн кепілдікке қойып, екі жүргізушісін жұмыстан босатып, Лондон фирмасындағы қызметкерлерінің санын қысқартуға, 40 мың фунт стерлинг тұратын «Красный Ленин» картинасын сатуға қоюға мәжбүр болды…

***

Тағдырының саналуан белестері мен мінезінің санқилы қатпарларына қарамай, орыстың ең бай адамы Борис Березовскийдің тұлғасы сандаған туындыларға арқау болды. Миллиардердің бейнесі «Шизофрения», «Олигарх», «Шахматист», «Личный номер», «Испанский вояж Степаныча», «Псевдоним «Албанец»-2», «ПираМММида», «Мебиус» секілді оншақты заманауи фильмдерде қылаң береді. Ал, А.Коржаковтың «Борис Ельцин: от рассвета до заката», О.Соловьевтің «Русские масоны: от Романовых до Березовского», П.Хлебниковтің «Крестный отец Кремля Борис Березовский, или История разграбления России», «Березовский Борис. Искусство невозможного» (3-томдық), Ю.Дубовтың «Большая пайка», Д.Хоффманның «Олигархи. Богатство и власть в новой России», А.Хинштейннің «Березовский и Абрамович. Олигархи с большой дороги». Д.Гордонның «Березовский и Коржаков. Кремлевские тайны», «КГБ қалыңдығы. Орыс олигархының құпия күнделігі», М.Холлингсуорт пен С.Лэнслидің «Лондонград. Ресейден ақша алып шығу. Олигархтардың тағдыры өз аузымен айтылған хикая», Н.Чекулиннің «Тайна Олигарха, или Британское правосудие», «Кровавый олигарх и российское правосудие», «Березовский – не своя игра», «ВикиЛикс», Березовский и убийство Литвиненко», Ю.Фельштинскийдің «Вердикт. Борис Березовский против олигархов», А.Щербаковтың «Русская политическая эмиграция. От Курбского до Березовского» деп аталатын бірқатар кітаптарында орыстың ең шулы олигархының өмірбаяны қамтылды.

Кедейшілікке бет алғанға дейінгі бар байлығы 1,2 млрд фунт стерлингтен – 3 млрд фунт стерлингке жетіп-жығылған Борис Абрамұлы Березовский 2013 жылдың жаңбырлы бір жылымық таңында елінен жырақ, жат жерде, ағылшынның Беркшир графтығындағы үйінде қайтыс болды.

Өмірінің ақырғы 12 жылын туған топырағына тыс, тым алыста өткізген Борис Березовский туралы тамұқта қамалған тағы бір шонжар Михаил Ходорковский былай депті: «Біз жақын дос болмасақ та, бір-бірімізді 20 жылдан бері танитын едік. Бұл – өте ұзақ уақыт… Боряның мәңгіге кеткені туралы ойлаудың өзі ауыр. Ол өмірді қай кезеңінде да сүйетін еді: талай мәрте қателесті, күнәға да батты, кешірім де сұрады, сосын, тағы да күнә жасады… Мен оның қылықтарына жиі ашу шақырушы едім, енді ол жоқ, ал менің жүрегім сыздап отыр…»

Бір таңқаларлығы, мәңгіге көз жұмар алдында Б.Березовский де М.Ходорковскийді еске алыпты: «М.Ходорковский – өзін сақтап қалды. Бұл – «мен өзімді жоғалтып алдым» деген сөз емес. Тек мен көбірек азап көрдім. Михаил абақтыда қиналса да, менің басымнан өткерген шексіз жан азабымды сезінген жоқ. Мен өмір сүрудің мән-мағынасын жоғалтып алдым. Өмірдің мәні кетті. Менің қазір саясатпен айналысқым келмейді. Не істерімді де білмеймін. Менің жасым 67-ге келді, ал, мен әрі қарай қалай өмір сүру керектігін білмеймін…»

Өлерінен бірнеше сағат бұрын «Форбс» журналының тілшісімен бейресми кездескенде Борис Березовский осылай деп күңіренген көрінеді. Бұдан әрі күйзелген кісі былай депті: «Менің Ресейді жақсы көретінім соншалық, эмигрант бола алмайды екенмін. Тіпті, Ресейде маған қарсы қылмыстық істер қозғалғанда да, менің отаныма қайтқым келді. Тек Елена Боннэрдің (Академик Андрей Сахаровтың жесірі) ақылымен ғана Лондонда қалып қойдым… Қазір менің өмірге, ортаға, билікке деген көзқарастарым түбегейлі өзгерді. Менің өзім де өзгердім. Ресейдің қандай екендігін де, Батыстың бет-бейнесін де шынайы ұғындым. Мен Еуропаның кіндігіндегі демократияны мінсіз деп ойлаппын және Ресейде де бұл үрдістер кемшін-мінсіз жүруі керек, деп теріс түсініппін. Ресейдің «болмысына» тән бейқамдығын байқай алмаппын, ал, Батыстың бағасын шектен тыс асырып жіберіппін. Уақыт өте келе мен өзімнің қателіктерімді түсіндім. Ресейдің даму жолы жөніндегі көзқарастарым өзгерді…»

Орыстың әңгүдік саясаткері В.Жириновский Борис Березовскиймен бірнеше ай бұрын болған әңгімесінің әсері жайлы: «Ол қалай болғанда да, Ресейге қайтқысы келді. Бористің: «Ресей телеканалдарын көргенде, көздеріме еріксіз жас келеді» деген сөздері менің жүрегімді де ауыртты» – деді…

***

…Ресей Президентінің Баспасөз хатшысы Д.Песков Борис Березовскийдің бақандай он үш жыл бойы саяси қарсыласы болған В.Путинге осыдан екі ай бұрын хат жазып, кешірім сұрағанын айтты. В.Путинге хатында ол: «Мен көп қателік жібердім, мені кешірудің оңайға түспесін білемін, әйтсе де мен шатастым, мұным үшін кешірім өтінемін. Менің туған отаным Ресейге қайтуыма мүмкіндік әрі жәрдем беруіңізді сұраймын» – депті.

«Бір жолғы әңгімемізде біз абайсызда денсаулық пен сырқат мәселесін сөз қылдық, – деп жазады журналистПархоменко, – Сонда Борис Абрамұлы былай деді: «Менің денсаулығым да – менің бір қаруым. Кім бірінші өлсе, сол ұтылады. Ал, мен әрдайым жеңуге дағдыланғанмын…» Осы сөздерді нықтап айтқан Б.Березовскийді мен тура бір жыл бұрын көрдім, ол өлімге мойынсұнған да, асыққан да адам емес еді…»

Иә, өмірінің соңғы мүшелі сыртта өткен бұрынғы олигархтың өліміне қатысты долбар да көп, сыбыс та шаш етектен. Бірақ, Б.Березовскийді етене танып, жақсы білетіндер оның өзіне қол жұмсағанына да, «Тәубеге келу хатын» жазғандығына да аса үлкен күмәнмен қарайды. Мәселен, А.Закаев: «Бұл хаттың бір сөзіне де сенбеймін. Борис өзі жанын салып-күрескен құндылықтарына әрқашан адал болды. Ол В.Путинді «Бостандықты түгел тұншықтырған, демократиялық үрдістерге тосқауыл қойған тажал-диктатор» деп түсінді. В.Путин мен Б.Березовский арасындағы айырмашылық мынау еді: Борис өз қателігін әрдайым мойындай білетін. Сондықтан, әлгіндей хаттың жазылуы мүлдем мүмкін нәрсе емес…» – дейді.

Қазір Борис Березовскийдің қазасы туралы: «Жүрек талмасынан өлді», «Өзі буынып өлді», «Біреулер буындырыпты», «Қабырғалары сынған екен», «Тұншыққан сияқты» дейтін сарындағы саналуан болжамдар айтылуда. Бірақ, әлі де токсикологиялық, гистологиялық себептерді тергеу-тексеру жұмыстары бірнеше апта бойы жүргізіледі.

…Марқұмның бар арманы Мәскеудегі «Спартак» базасының маңындағы бейітте мәңгілік байыз табу екен. Тірілердің иманы кемшін тартпаса, марқұм ниетіне де жетер…

***

Иә, «Дүние – жалған». «Менің ең үлкен қателігім – Путинді билік басына әкелгенім» деп, 13 жыл бойы бармағын тістеп-өкінген, бір кездері министріңді көзге ілмей, губернаторыңмен жүре сөйлескен Борис Березовский де жалған дүниеден озды…

Жалпы, адам баласының күнәсі мен қателігі көп қой. Біздің де қателігіміз бір басымызға жетіп-артылады. Сонау тәуелсіздік алып, «тәлтіректеген» тұста бар қазына-байлығымыз ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетті. Билiкке жақын пысықайлар қазақпен санасқан жоқ, халыққа қарасқан жоқ, Қазақстанның «капитализмге өту» дәуiрiн өз пайдаларына шешті…

Билiкпен тығыз байланысының көмегімен “Еуразиялық үштiк” қазақтың төл несiбесiн қомағайлана қарпып, тәуелсiздiктiң алғашқы алмағайып жылдарында металл және тау-кен өнеркәсiбi, энергетика мен қаржы саласындағы активтердiң басым бөлігіне бақылау орнатты. Әлемдегі металл өңдеу және тау-кен өнеркәсiбiнің iрi корпорациялардың бiрегейi ENRC корпорациясын (“Еуразия табиғи ресурстар корпорациясы”) құрған «қазақстандық» саналатын үш бизнесмен Александр Машкевич, Патох Шодиев және Алиджан Ибрагимов қазір Қазақстан өнеркәсібінің басым бөлігін толық иелігінде ұстап отыр.

Жат жұрт, басқа ұлт өкiлдерiнiң небір ақылды қазақтарды тақырға отырғызып, Қазақ Елінде соншалықты орасан үлкен бизнес құруының «сыры» түсініксіз. Болжам көп, байлам жоқ. Тек, 1990 жылдары Лондондағы атышулы «Versace» дүкенiнің киімдері пен әтірлерін Алматыға дорбалап тасыған Александр Машкевич қазақтың ең үлкен шаңырағына «күлшелі бала» атаныпты, деген алыпқашпа әңгіме бар.


Қазір Лондон қор биржасындағы капиталдандыруы жоғары арнайы 100 компанияның тiзiмiне кірген ENRC корпорациясында Қазақ үкiметiнiң үлесі небәрі 12 пайыз ғана, яғни, қазақ үкіметі бұл ұжымның басты шешімдеріне тікелей ықпал етуге қауқарсыз. Осынау оспадарсыз озбыр ұрлық-қарлық пен заңсыз зомбылықты жазбаған қазақ баспасөзі қалмады. Қазақша айтқанда: «Бөрінің артындай шулап-шулап, басылдық».

Әрі қарай не болады?..

Әрі қарай, араны ашылған үштік қазақ байлығын одан әрі талан-таражға салуда. Енді Қазақстанның хром, темiр рудасы және аллюминий глиноземi активтерiн толық иемденді. «Eurasian Natural Resources Corporation PLC» хром, марганец және темiр кендерiн өндiрумен және қайта өңдеумен, ферроқорытпаларды балқытумен, алюминий тотығын алу үшiн, алюминий өндiрiсi үшiн бокситтердi өндiрумен және қайта өңдеумен, мыс және кобальт өндiрiсiмен, көмiр өндiрумен, электр қуатын өндiрумен, өнiмдi тасымалдаумен және сатумен айналысып отыр.

Сонда қазаққа не қалды?

Ештеңе де қалған жоқ.

Қазақстанның майлы қазанының қақпағын ұстаған үштіктің қарымын екшегенде, марқұм Б.Березовскийдің ұрлық-қарлығы ойыншық болып көрінеді. Бүгінгі таңда басты өндiрiстiк активтерi Қазақстанда орналасқан үштік алдыңғы бес жылда өз байлықтарын үстемелеу үшін елімізге 6 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде инвестиция әкелмекші. Ал, қазақтың жерінен қаншама байлыққа кенеліп, қанша миллиард қаржы алып кететіні бір құдайға аян?!.

Осыдан 5-6 жыл бұрын Бельгия билiгi «атақты» үштiкке «Мол көлемде қаржы жымқырды» деп айып тақты. Бұл үшеуі әлгі тағылған айыпты жоққа шығарса да, іс әлi күнге дейін аяқталған жоқ.

Танымал “Independent on Sunday” газетi бір кезде: «Қазақ үкiметi тұтастай осы үш олигархқа тиесiлi. Қазақстанда олардың иелiгiнде жер де, көптеген өнеркәсiп те бар» – деп ашық та анық жазған еді. Күллі бір ұлттың, тұтас бүтін елдің әлеуметтiк тұрмысы, қаржысы мен экономикасы, тіпті, тағдыры сырттан келген үш келімсекке тәуелдi болатындай басымызға не күн туды?!.

Елiмiздiң 65 мың азаматы жалданып жүрген үштіктің меншiгiндегi кәсiпорындарда қанша азаматымыз бақилық болды, жұмыс техникаларының ескiлiгiнен қанша жұмысшыларымыз күн сайын өмірлерін қауіпке байлап, зардап шегiп жүр. Жеке бастарының пайдасын ғана көздеп, қыруар қаржы қарбытқан еуразиялық топ өнеркәсiптiң материалдық базасына да, кеншiлер мен жұмысшылардың еңбек жалақысының аздығына да назар аударған емес. Ал, топтың басшысы А.Машкевич: «Мен ENRC-дi керемет компания деп есептеймін. Республиканың мұндай табысының басты негiзi оның басшылығының саяси даналығында, көрегендiгi мен батылдығында жатыр. Мен президент Назарбаев тәуелсiздiктiң 20 жылында елдi сәттi басқарып келедi деп есептеймiн» – деп, бұлбұлша сайрады.

Аталған үштік өз «табыстарын» қанағат тұтпай, қазақтың қазынасын басқа да көлденең көкатталарға таратуға жәрдемдесе бастады. Мысалы, «Financial Times» басылымы Қазақстанның болат өндіру зауытын ArcelorMittal компаниясына өткiзуге «ықпал еткені» үшiн үнді жебірейі Лакшми Митталдың еуразиялық үштiкке 100 миллион АҚШ доллары шамасында «сыйақы» бергендігін жазды. Қазір Лакшми Миттал қазақты теспей-сорған төртінші жегіқұртқа айналды…

***

Тәуелсiздiктiң алғашқы қиын жылдарында амалсыздықтан әрі білместіктен тиын-тебенге сатылып кеткен iргелi кәсiпорындарды мемлекетке түпкiлiктi қайтарып алудың жолы өте көп. Мұндай қателіктер жер жүзінің көптеген мемлекететінің басынан өтті. Айталық, Латын Америкасында да, Боливияда да, басқа құрлықтар мен елдерде де, жаңа заңдар қабылданып, мемлекеттің меншігінің өз халқына толық қайтарылғандығы тарихтан мәлім.

«Өз байлығымызды қолымыздан бергеніміз неткен бейшаралық! Ішің қыж-қыж қайнайды, күресерге дәрмен жоқ!» – деп, құр айқайлап, сары уайымға салына бермей, қарым-қатынастардың өркениетті әдіс-тәсілдерін қолға алуымыз керек.

Сөйтсек қана, «Дүние – жалған» деп, бір бұрышта теңкиіп қалмай, лайықты өмір сүретін боламыз. Шіркін-ай, бес күн тіршіліктеБолат Назарбаев көкем сияқты: «Мен 3,15 миллион АҚШ доллары тұратын гиперкар Bugatti Veyron 16.4 Grand Sport Vitesse көлігін өз көзіммен көрген де емеспін!» – деп, басты қасып, алшаң басып ғұмыр кешкенге не жетсін!

Керек десеңіз, имандай шынымды айтсам, қаңғып келген келімсек А.Машкевич немесе Л.Миттал емес, менің Болат көкем сондай супер көлік мінсе, мен қарсы емеспін! Ай-хай, бауырым, «Мұрын барда, бір сіңбір!..»

…Жалған айналып соқпайды…

…Айтқандай «жалған» демекші, марқұм Борис Березовский «Менің ең үлкен қателігім… Путин…» деп еді-ау, ал, біздің ең үлкен қателігіміз қандай?!.

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,

“Қазақ елі” Халықтық қозғалысының төрағасы

http://alashainasy.kz/person/41543/

 

Рубрика: