АЛТЫНОРДА
Новости

АТА-АНАЛАРҒА ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛМЕК

Алматы белсенділері ұлттық бірыңғай тест тапсыратын мектеп түлектерінің ата-аналарына психологиялық көмек көрсетуге дайындалып жатыр. Тест кезінде балалар ғана емес, ата-аналар да күйзеледі.

Биыл 100 мыңнан аса мектеп түлегі Қазақстанда 10 жыл бұрын енгізілген ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) тапсыруға дайындалып жатыр. Жоғарғы оқу орнына түсу үшін бұл сынақтан жақсы өту керек.

ҰБТ маусым айында басталады, бірақ мамырдың 18-і күні Қазақстанның 17 қаласында республикалық ата-аналар жиналысы өтеді. Балалары тест тапсыратын ата-аналарға мамандар артық уайымдап, психологиялық тұрғыда қатты күйзелмеудің үйретеді.

Тест тапсыруды қазірден уайымдап жүргендердің бірі — алматылық Дина Ким. Оның ұлы Шыңғыс биыл Алматы қаласындағы №17 республикалық мектеп-интернатын бітіреді. Шыңғыстың анасы «балам стресске ұшырауы мүмкін» деп алаңдайды.

«Қазір ол өтпелі жаста, мен де онымен бірге уайымдап жүрмін. Біздің кезімізде мұндай стрестер болмаған еді. ҰБТ кезінде баласымен бірге әке-шешесі де күйзеледі. Бізге де моральдық көмек қажет, бірақ оның қандай болуы керек екенін білмеймін. Меніңше, баламызды дайындау үшін, мамандар әуелі бізді дайындауы тиіс», — дейді Дина Ким.

 

«МОРАЛЬДЫҚ ҚОЛДАУ» ВИДЕОРОЛИКТЕРІ

Отбасылық тәрбие институтының бас директоры Софья Евдокимованың айтуынша, баласы ҰБТ тапсырып жатқан ата-анаға моральдық көмек көрсету қажет. Ол кейбір үкіметтік емес ұйым өкілдерімен бірге мектеп түлектерінің ата-аналарына психологиялық көмек көрсету жобасын жасауға қатысқан.

Психологтар ата-аналармен әңгімелесіп, ҰБТ кезінде сабыр сақтау жолдарын үйретеді. Мектеп бітіретін түлектерге ҰБТ тапсыруға қалай дұрыс дайындалу керек, ата-анасы ескеруі тиіс жайттар айтылады. Оларға осы тақырыпта түсірілген фильмдер мен видеороликтер көрсетіледі.

«Ата-аналар алдын ала байбаламға баспай, өздері де сабыр сақтап, балаларын да тыныштандыруы тиіс. Біз ҰБТ тапсыру кезінде өзін өзі дұрыс ұстау жолдарын көрсететін фильмдер әзірледік, — дейді Софья Евдокимова.

Президенттік «Нұр Отан» партиясының қоғамдық-саяси жұмыс бөлімі меңгерушісі Қайым-Мұнар Табеевтің айтуынша, ұлттық бірыңғай тестке байланысты мұндай ауқымды психологиялық көмек Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Алматыда ата-аналар жиналысы қаланың жалпы білім беретін 18 ірі мектебінде өтеді. Ахмет Байтұрсынов атындағы №139 мектеп-гимназия директоры Ерік Қуатбеков бұл шараны дер кезінде ұйымдастырылған жоба деп атады.

Оның айтуынша, ҰБТ-ға мектеп түлектері ғана емес, ата-аналар да психологиялық тұрғыдан дайын болуы тиіс. «Биыл біздің мектепті 59 оқушы бітіреді. Әрине, балалардан гөрі ата-аналар қатты қобалжып жүр. Бірге дайындалып, сынақтан бірге өтеді. Сондықтан, стресс болмау үшін педагогтар мен психологтар жұмыс істеуі тиіс», — деді мектеп директоры. Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша, 2014 жылы 154 пунктте 100 мыңнан аса мектеп түлегі тест тапсырады. ҰБТ маусымның 1-інен 15-іне дейін өтеді.

АЗАТТЫҚ