Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Ауыл шаруашылығы министрлігі былтырдан бері қамбаларда қараптан-қарап жоғалып кететін астық жөнінде біраз дау көтерген еді. Ондай дау Мемлекет басшысы дең­гейі­­не жеткені есте. Деген­мен астық ұрлаушылар айы­лын жияр емес. Жыл басы­нан тексеруді қолға алған инспекторлар бірқатар қоймаларда бидайдың «орнын сипап» қалып жатыр екен. Кеше Ауыл шаруашылығы министрлігінің апталық бри­фингінде осы мәселе көтеріліп, инспекторлар кәсіпорындарға тексеруді күшейтпесе болмайтынын тағы да ескертті.

Нарықта астық бағасы қымбаттаса, қой­маларда сақталған мемлекетке тиесілі астықтың сатылып кететіні, сосын қамба қожайындары оның орнын егін орағынан түсетін арзан астықпен толтыра салатыны туралы былтыр да біраз мәселе көтеріліп еді. 2012 жылы агроөнеркәсіп кешенін қадағалайтын мемлекеттік инспекторлар тексеріс барысында астық қабылдау кәсіп­орындарынан 57 272 тонна астық жетіс­пеушілігін анықтаған болатын. Онда­ғы агроөнеркәсіп кешеніне келген шығын 2,3 млрд теңгені құраған еді. Бұл инспек­тор­лардың көзбен көріп, қолмен ұстап анық­тағаны ғана. Дегенмен астыққа қатыс­ты шудың Елбасыға дейін жеткенін көріп, қамба қожайындары айылын жияр деген едік. Алайда олай болмай отыр. Ағымдағы жылдың үш айында астық қабылдау кәсіпорындарында жүргізілген тексерісте алты кәсіпорыннан 85 мың тон­на астық жетіспейтіндігі анықталған. Астық қабыл­дау кәсіпорындарын тексеру жұ­мыс­тары әлі аяқталған жоқ. Дегенмен бас-аяғы алты кәсіпорыннан келген «томпақ» 3,4 млрд теңгені құрап отыр. Мұның ішін­де 64 мың тоннасы «Азық-түлік келісім­шарт» корпорациясына қарасты мемле­кеттік астық ресурстарына тиесілі астық болса, қалған 21 мың тоннаға жуығы шаруа қожалықтарына тиесілі. Агроөнер­кәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Алма­бек Марстың мәліметінше, жыл басынан бері астық нарығында баға аспандап, со­ның әсеріне астық қабылдау кәсіпорын­да­ры мұндай мүмкіндікті құр жібермеуге бекінген секілді. Сөйтіп, амалға басып, тексеру барысында тұтылғандарға келсек, астық жетіспеушілігі анықталғандардың ішіндегі екі кәсіпорын Шығыс Қазақстан облысында орналасқан екен. Оның бірі – «Предгорненский элеватор» ЖШС-да 47 477 тонна астық жетіспейді және оның барлығы дерлік мемлекеттік астық ресурсына қарасты болып табылады. Аталған кәсіпорынның келтірген шығыны 1 млрд 899 млн теңгеге бағаланып отыр. Екінші астық қабылдау кәсіпорны – «Бел-ағаш МКК» ЖШС кәсіпорны, ондағы астық жетіспеушілігі 15 мың тоннаны құрап, шығыны 617 млн теңгеге жетеді.

Түйіндей айтсақ, ахуалды пайдаланып мемлекеттік ресурсты саудаға салған кәсіпорын қожайындарына қатысты қылмыстық іс қозғалып, материалдар Қаржы полициясына жолданыпты. Тағы бірсыпыра қамбаның қожайындарына айып­пұл салынған. «Биылғы тек­серіс­тердің арқасында астық жетіспеушілігі кеңінен анықталып жатыр. Негізі, нарықта астық қымбаттаған шақта астық қабылдау кәсіпорындары дәл осындай жолға бұра тартады. Яғни кәсіпорын қожайындары мем­лекет ұсынған астықты арзан пайда­ның көзіне айналдырып отыр. Сөйтіп, дәл қазіргі нарықта астық қымбаттаған шақта қоймадағы бидайды сатып, оның орнын науқан кезіндегі арзан бағадағы астықпен толтырып отыруға тырысады», – дейді мем­лекеттік инспекция өкілі. Марс мырза­ның меңзегенінен ұққанымыз – астық қабыл­дау кәсіпорындарына инспекторлар­дың тексерісін күшейту қажет. Әйтпесе бол­майды. Ал қолданыстағы заңнама бұ­ған бой бермейді. «Қазіргі күні мемлекеттік бақылау және қадағалаудың қолданыстағы заңнамасына сәйкес, біз элеваторларға алты айда бір рет қана жоспарлы тексеріс жасай аламыз. Қалған уақытта тексеріс жасау заңға қайшы. Солай болғанда, әлгіндей қадағалаусыз қалған басқа алты айда астық қабылдау кәсіпорнының басшылары бидайды қымбат бағамен сату арқылы өз пайдасын жүзеге асырады. Оның басым бөлігі – мемлекеттік ресурста­ғы астық», – дейді Алмабек Марс. Осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары астық қабылдау кәсіпорын­дарын­да болатын жоспарлы тексерісті айына бір рет жүргізу қажеттігін алға тартады. Екінші бір мәселе – электронды астық қолхаты институтын енгізу. «Мұның маңызы зор. Өйткені осы жүйе арқылы қамбада қанша астық сақталып отырғанын қадағалай аламыз. Бұдан бөлек, міндетті сақтандыру туралы заңға астық қолхатын ұстатушылардың алдында азаматтық-құқықтық жауапкершілікті арттыруға ба­ғыт­­талған нормалар қаралатын болады. Бұл заң жобалары қазір талқыланып жа­тыр», – дейді төраға орынбасары.

Айтпақшы, Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі астық қабылдау кәсіпорындары­нан көлік және теміржол арқылы астықтың тиелуін бақылайтын тиісті штабтар құру туралы да Үкіметке ұсыныс жолдап үлгеріпті. Ондай штабтың құрамына енетін құқық қорғау және облыс әкімдіктерінің қызметкерлері кәсіпорындардан кіріп-шығатын астықтың заңдылығын да бақылайтын болады.

Автор: Қанат ҚАЗЫ

 

http://alashainasy.kz/economica/41823/

Рубрика: