АЛТЫНОРДА
Новости

АСТАНАДА АБАЙ ҚҰНАНБАЕВТЫ ЕСКЕ АЛАДЫ

bcdd96641d586df1eac9e22865482f54Ертең Астанада Абай Құнанбаевқа арналған ескерткіштің алдында ақынның туған күніне орай «Абайдың рухани мектебі» атты әдеби-сазды мерекелік іс-шара өтеді. Бұл туралы astana.kz сайтына Тілдерді дамыту басқармасынан хабарлады.
Іс-шара барысында Астана қаласы мемлекеттік филармониясының әншісі Перизат Тұрарова Абайдың, Ақылбайдың, Әсеттің, Әріптің әндерін шырқайды. Сонымен қатар, Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының артистері Абай мен Шәкәрім бейнелерін сомдайды және белгілі көркемсөз оқушы Даниял Сабыров Абайдың қара сөздерінен үзінді оқиды. Белгілі ақын Кәкімбек Салықов ұлы бабаның рухани жан дүниесін жан-жақты қырынан ашатын мағыналы ой-пікірлерін ортаға салатын болады.
Бұдан басқа, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Абайдың мұрасы — қазақтың ең қасиетті қазынасы» атты кітап көрмелерін ұйымдастырады. Көрермендерге сый ретінде Абайдың даналық сөздері мен өлеңдерінен, қара сөздерінен құралған кітапшалар таратылады. Әдеби-сазды шараның басты мақсаты — өскелең ұрпаққа тағылым ретінде Абайдың рухына тағзым ету, Абайдың рухани құндылықтарын аша отырып, ұлы ақынның мұрасын жастардың санасына сіңіру.
Сонымен қатар, «Абайдың рухани мектебі» атты әдеби-сазды іс-шараға ҚР еңбек сіңірген артисі Кенжеғали Мыржықбаев, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Серік Оспанов, танымал дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали, Парламент және Астана қаласы мәслихатының депутаттары, аудан әкімдіктерінің өкілдері, мемлекеттік органдар, мекемелер мен кәсіпорындар басшылары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен қарттар, жас ақындар және қызығушылық танытқан барша елорда тұрғындары мен қонақтары қатысады.

 

Дуанабай Жолдасбек

http://www.aikyn.kz/articles/view/28675