Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Астана. 25 сәуір. Baq.kz – Астана өзін-өзі қамтамасыз ететін деңгейге жетті. Бұл туралы Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов Мемлекет басшысының қатысуымен өтіп жатқан елорданы дамыту жөніндегі кеңесте мәлімдеді.

«2008 жылдан бастап Сіз елорданы дамыту жөнінде 323 хаттамалық тапсырма бердіңіз. Соның ішінде 243 тапсырма орындалды. 80 тапсырма орындалу үстінде, 38 тапсырма Үкіметпен бірлесе қолға алынды. Айта кетерлік маңызды жайт, осы уақыт ішінде Сіз алға қойған Астананы өзін-өзі қамтамасыз ете алатын деңгейге жеткізу стратегиялық міндеті іске асырылды. Қаланың экономикасындағы елеулі өзгерістер осыған дәлел болады»,- деді әкім.

Оның айтуынша, бүгінде Астанада республика халқының 4,7% тұрып жатыр, ЖІӨ 9,4% жуығы өндіріледі, мемлекет бюджетінің табысының 12% және еліміздің негізгі капиталына тартылған инвестициялардың 9% қалыптасады.

Бұл ретте, қаланың ЖӨӨ көлемі 2013 жылы 2,7 трлн.теңгені құрады, ал жан басына шаққандағы ЖӨӨ көрсеткіші 23 мың АҚШ долл. жетті.

Сонымен қатар, Астанада өнеркәсіптік өндірістің көлемі бір жылда 6,7% көтерілді және 263,2 млрд.теңгені құрады. Егер 2007 жылға дейін өнеркәсіптік өндірістің өсімі негізінен құрылыс индустриясының кәсіпорындарымен қамтамасыз етілсе, Индустриалды парк аумағында жобаларды жүзеге асыруға тартылған инвестициялардың арқасында жоғары технологиялық өндіріс саласының үлесі 55% дейін ұлғайды. Ал 2015 жылға дейін жаңа қуаттылықтарды ескере келе, бұл көрсеткіш 60% деңгейден артады.

Қазіргі уақытта жалпы өңірлік өнімнің 60% жуығын құрайтын шағын және орта бизнес секторы елорданың экономикалық негізін құрап отыр. Жалпы алғанда қызмет көрсету саласында 316 мың адам немесе халықтың экономикалық белсенді бөлігінің 77% жуығы жұмыс істейді. Жыл сайын 75% астам жаңа жұмыс орны құрылады.

Нәтижесінде, кірістің жалпы құрылымында жеке табыстың айтарлықтай өсімі байқалады. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш 25% құраса, 2013 жылы 45% дейін артқан. Бұл ретте трансферттер мен несиелер үлесі азайды. Бұған қоса, мемлекеттік бюджетке түсімдер жылына орта есеппен 20%-ға тұрақты түрде ұлғайып келеді. Бес жылда түсімдер 2 есеге артты және 2013 жылы 610 млрд. теңгеден астамды құрады.

Сондай-ақ, инвестициялардың жалпы көлеміндегі мемлекеттік қаржы үлесі азайды. Егер 1998 жылы бюджет үлесі 62% құраса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 38% дейін төмендеді.

«Келер жылдан бастап республикалық бюджетке 7,5 млрд. теңге, 2016 жылы — 17,3 млрд. теңге көлемінде қаржы алынады. Яғни, Астана республикалық бюджет «донорларының» төртеуінің құрамына енеді»,- деді Астана әкімі.

Қала басшысының айтуынша, осы уақытқа дейін елорда халқының саны 4 есеге жуық артты, 12 млн. шаршы м астам тұрғын үй тапсырылды, бірегей сәулет нысандары салынды, елорда экономикасына 4 трлн. 780 млрд. теңге тікелей инвестиция тартылды.

http://baq.kz/kk/news/46350

Рубрика: