Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

«Жеңіс семсері» атты жаңа фильм экрандарға жол тартты. Бұл – талантты кинооператор Болат Сүлеевтің соңғы жұмысы. Фильмді науқастанып жүріп түсірген Болат Қалиұлы «Семсер» түсіріліп болысымен көз жұмды. Режиссерлер Әнуар Райбаев пен Әсия Сүлеева туындыны осы азаматтың рухына бағыштаған екен.
Шыны керек, қазір қоғам мақалаға жүк болатын проблеманы көтеріп, «ура, болашақ!» стилінде түсірілетін плакаттық кинолардан мезі болды. Патриотизм туралы қарабайыр сөйлейміз. «Отан Ана шақырады» деп бадырайтып жазуға да болады, бірақ өнердің тілімен айтқанға не жетсін. «Жеңіс семсерінен» сол кәусар өнердің ұшқынын көрдік. Ұшқыр ойлы бала-режиссер мен кәсіби ұстамы мықты ана-режиссердің шығармашылық одағы сәтті нәтиже берген сиқты. Және «Қазақфильмнің» балалар киносына көңіл қоя бастағаны қуанышты.
Сюжет бойынша бас кейіпкер Айтуар әкесіз өсіп келеді. Көшедегі балалардан таяқ жеп, қорлық көріп жүргенде ойын баласы ауыл сыртынан семсер тауып алады. Сөйтсе ол жай семсер емес, «сиқырлы» семсер екен. «Есек» атанған жасық бала оған да ие бола алмай, айырылып қалған соң Арыстан батыр тіріліп келіп, қылышын сұрайды. Әрине, ұлттың тағдыры байланған қылыш арзанға түспек емес, Арыстанның ізімен жоңғарлардың бақсысы да келіпті…
Оқиға желісі қызық болғанымен, кейбір тұстары кемшіліксіз емес. Мысалы, қыздың оннешеме жылдан кейін әй-шай жоқ Айбекке барғаны. Жол-жөнекей, «мынау сенің балаң» деп Айтуарды әкесіне таныстыра салғаны. Сол жерде мән-жайды сұраспай, аяқ астынан әлгі Айбектің де «балам!» деп емірене кетуі… күлкілі сияқты. Кейіпкерлердің бәрі аруақтың тіріліп келуін тез-ақ қабылдайтыны күдікті. «Бүгінгінің адамдары неге ұсақ десем, киімнен екен ғой» дейтін Арыстан батыр бойжеткендердің сирағын көріп елтіп кететіні де күлкілі шығар, бәлкім. Бірақ орыс және батыс киносында жиі қолданылатын (біздің менталитетімізге сұмдық бір сәйкес келе қоймайтын) шаблонды жағдай. Қуанышымызға қарай осындай қисынсыздықтар мен қарабайырлықтар бұл кинода санаулы ғана екен.
Жалпы, өмірден күлетін жайт табу оңай емес. Ал ойлы күлкі табу одан да қиын. Мысалы, батырдың бүгінгі ұрпағы Оразбай, «Арыстан батырдың жорыққа дайындалуы» деген картина жаздырып, өзінің суретін салдырып қойғаны шынымен де күлкілі жағдай. Және қоғам шындығы. Шын батыр картинаны көргенде «Мынау ма Арыстан батыр?» деп кенепті кескілеп тастайтыны да жақсы ескертпе.
Әзиз Бейшенәлиев жасаған актер Қоянбаевтың образының өзі неге тұрады. Ақшаның соңында жүріп «патриотпын» деп мүләйімситін актер де кейбір ағаларымызға ұқсайды. Ал оның сөз саптасы мен жайдақ қылықтары Ильф пен Петровтың қуақы тілді романдарын, алаяқ кейіпкерлерін еске түсіреді.
Арыстан батыр роліндегі Ержан Нұрымбетовтің ат жақты, қыран қабақты қазақы келбеті ірі пландарға сұранып тұрғандай екен. Гайдайдың кеңестік Мәскеуге келген Иван Васильевичі сияқты, бойынан ірілік сезіледі. Комедиялық ситуацияларда сенімді. Қазақтың туған топыраққа деген сүйіспеншілігін артық пафоссыз, шынайы жеткізеді. Тіпті бұл образда Ержаннан басқа актерді елестетудің өзі қиянат секілді. Ал образ өте қызықты. Жеріміз тасбақаның үстінде тұр деп сенетін Батыр ХХІ ғасырға келіп, түрлі жағдайларға тап болады. Машинаны көріп «құбыжық» деп «айқаса» кететіні, кино алаңына барып, «жоңғар» актерлерді жекпе-жекке шақыратыны тіпті күлкілі. Бастысы, батырдың әпенділігін, аңғалдығын көрсетуде түсіру тобының еңбегі гротескіге ұласып кетпегені қуантты. Гайдайдың фильмінде Иван Грозныйға қандай жылы көзқарас болса, бұл фильмнен Арыстан батырға да тура сондай жағымды ирония сезіледі. «Осы семсерді аман жеткізу үшін мен бір жасақты құрбан қылдым, бауырларымнан айырылдым. Сонда бәрі бекер болғаны ма? − дейді Арыстан. − Бекер болды ғой. Біз қандай ұрыстарды көрдік, соның бәрінде туған жердің топырағы қанат бітіретін». Осы секілді пафосты сөздер, құданың құдіреті, жасанды естілмейді.
Тағы бір бас кейіпкерді мектеп оқушысы сомдады. «Шал» сияқты ел аузындағы кинолардың өзін бала-актерлер жайнатып жіберді деу шындыққа қиянат болар еді. Ал осы фильмдегі Димаш Сәдібеков бәзбір салмақты ситуацияларды нақышына келтіре алмағанымен, комедиялық таланты бірден көзге түседі. Қуланып, қуақыланатын жердің бәрінде көздері жайнап шыға келеді. Әкесіз баланың ынжықтығы мен батырға ере жүріп есею жолы қызық. «Аңшы бала» фильміндегі «әріптестері» сияқты, Димаштың да кәсібилігі жетпегенімен, шынайылығы баурап алды.
Қосымша кейіпкерлер: Болат Қалымбетов, Дариға Күшекбаева да сондай шынайы. Айтуардың анасы қандай. Төгіліп тұрған қолаң шашы мен сылдырлаған сырғасының өзі қазақ қызының кәусар образын берген. Жалпы, актерлерді таңдау жағынан режиссерлер 100 пайыз нысанға дөп түскен. Суретшілердің жұмысы да алғысқа лайық. Ауыл өмірін тым жұпыны, бұйығы емес, қарапайым да ұнамды көрсеткен екен.
«Өз оғым − өз өлімім». Арқасынан оқ тиіп, жаны ұшып бара жатқанда жоңғар: «өзімнің оғым түбіме жетті» дейді. Осы бір ауыз сөзде біреуге атқан оқ адамның өзіне келіп тиеді, біреуге жасаған жамандық өзін іздеп табады деген пәлсапалық ой тұнып жатқан секілді. Өмірде ізгілік те, жауыздық та ізсіз кетпейтінін меңзейді.
«Сен ештеңе түсінген жоқсың ба? Мені өлтіргенде сен өзіңді де өлтіргенсің. Біз өз заманымызға барып айқасамыз» дейді ғой. Мұнда да жаратылысқа деген пәлсапалық көзқарас бар. Әр уақыттың өз кейіпкері болады. Және осы адамдардың тізбегінен ұлттың тағдыры түзіледі. Кетіп бара жатқанда Арыстан: «Мына сыбызғыда ойна, сол сәтте қыран құс қалықтаса, біз жеңдік деген сөз». Былай қарасаң, ойнаудың қажеттілігі де жоқ. Айтуардың, Айбектің, Оразбайдың, сіз бен біздің жер басып жүргеніміздің өзі – сол жеңістің кепілі еді. Бірақ қыран қалықтай бергенде көк байрағымыз ойға келеді. Фаталистік көзқарас болмаса да, әр ұлттың маңдайына біткен тағдыры болады деген ой орнығады, өзіңді сол ұлы тағдырдың бөлшегі сезінесің.
Бала көрерменге осындай ойлар сіңіретін «Жеңіс семсері» ойлы бола тұра өте қызықты деп ауыз толтырып айтуға болады. Комедиялық ситуациялар көп және шынайы. Мысалы, автобус айдаған орыс шаманды көргенде «Қазір, мен саған көрсетем» деп «қаруланып» сыртқа шығуы. Немесе сауыт киген жауынгердің бірі көзілдірік тағып алғаны – самоирония деп түсіндік. Фильмде арнайы әсер, каскадерлік өнер тиісінше пайдаланылған. Әсіресе Шаманның ниндзяға ұқсап ұшып жүретін шебер қиыстырылған. Музыка мен операторлық өнер де тиісінше.
Қорыта келгенде, «Жеңіс семсері» жасанды «СуперБахалармен» салыстыруға да келмейді. Өйткені қазақы топырақта өсіп шыққан. Ойша сүзіп отырып, кейінгі жылдары түсірілген көп киноның осы қарапайым ғана балалар фильмінің қолына су құюға да жарамайтынын түсінесің.
Былай қарасаң, «Қазақфильм» былтыр «Жаужүрек мың бала» мен «Шалдың» жарнамасына әжептәуір күш салды. Ол еңбек ақталды да. Фильмдер халыққа ұнады. Дегенмен киноны құбылыс қылатын жарнама екенін дәлелдеп беріп кетті. Биыл «Жеңіс семсеріне» ондай бәс тігілмеген сияқты. Бекер болған. Жылына бір-екі киноға ғана көңіл қоюға мүмкіндік барын сезіп отырмыз. Алдағы уақытта жарнамасына сапасы сай жаңа жобалар болса, қанеки.

http://www.halyksozi.kz

Рубрика: