Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

0fa8ca98b608a7c71f498177a567c0f8Абай ОМАРОВ (коллаж)

Өткен оқу жылының аяғында Денсаулық сақтау вице-министрі Болат Төкежанов: «Еліміздегі мектеп жасындағы оқушылар арасында түрлі аурулар кең етек алып барады», – деп мәлім еткен болатын. Вице-министрдің мәліметінше, еліміздегі әрбір үшінші оқушы көз ауруына шалдыққан, әрбір алтыншы оқушының жүйке жүйесі ауруына бейім­дігі анықталған, ал әрбір жетінші оқушының омыртқа ауруына ұшырағаны белгілі болған. Соны­мен қатар Болат Төкежанов мырза: «Тіс құртының мектеп жасындағы оқушылар арасында таралуы 90 пайызға артса, пародонтит 70 пайызға жеткен. Бұдан бөлек, мектеп оқушылары арасында анемия мен тыныс алу жүйесінің аурулары кеңінен тараған», – деп қорқынышты статистиканы алдымызға жайып салған еді. Ал жаңа оқу жылында оқушыларды оңдырмай тұрған дерттердің алдын алу үшін қандай шаралар жасалды?

«Ауру – астан» деп атам қазақ тегін айт­паған. Дұрыс тамақтанбау ауруға бастайтын тура жол екенін дәрігерлер де растайды. Ең бастысы – баланы дұрыс тамақтандыруды жолға қою қажет. Негізі, мектептегі балаларды ыстық тағаммен қамтамасыз ету туралы бас­таманы ең алғаш ұлыбританиялықтар бас­таған екен. Олар жастарды әскер қатарына алу кезін­де жастардың басым көпшілігінің денсаулы­ғының дімкас екенін анықтаған соң, балаларды тегін тамақпен қамтамасыз етуді дереу қолға алған. Бүгінгі күні біздің елімізде де әскери міндетін өтеу үшін шақырылған 10 жасөспірім­нің сегізі денсаулығының жарам­сыздығына орай әскерден қалдырылатынын ескерсек, бізге де мектептегі оқушылары­мызды құнарлы тамақтандыруға көңіл бөлетін кез жеткен секілді. Рас, соңғы жыл­дары мек­тептегі бала­ларды бір мезгіл ыстық тағаммен қам­тамасыз ету біздің елімізде де қолға алынды. Әйтсе де басты мәселе тамақтың құнарында болып тұр. Бүгінгі күні бастауыш сынып оқушыларын тамақ­­­тандыруға қатысты мемлекеттік сатып алулар төңірегінде болып жатқан даулар балалардың тамағына үлкен­дердің ортақ болып жатқанын аңғартатындай. Әлемдегі көптеген елдер «Мектептегі таңғы ас», «Мек­тептегі түскі ас», «Мектептік түскі астардың ұлттық бағдар­ламасы», «Мектептік таңғы астар бағдарла­масы», «Балалар үшін арнаулы сүт бағдарла­масы», «Балалардың және үлкен­дердің тамақ­тануы бойынша қыз­мет бағ­дарламасы» секілді бағдарла­малар қабылдау арқылы мектептегі оқушы­лардың сапалы, құнарлы тамақтануына айрықша көңіл бөлуде. Ал біз асқазанның ойық жара­сының еліміздегі әрбір екінші балдырғанда кездесіп жатқанын біле тұра, мектепте арнайы бір мезгіл айранмен тамақтандыру туралы ұйғарымға келе алмай отырмыз.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «әлемде 60 пайыз өлім-жітімге әкеліп соқ­тыратын фактор – дұрыс тамақтанбау» де­ген тұжырым жасаған. Демек, денсаулық­тың бұзылуының да бірден-бір себебі дұрыс тамақтанбауға тікелей байланысты. Соңғы 10 жыл ішінде қазақстандықтардың 80 пайызының денсаулығы дұрыс тамақ­тан­бау салдарынан күрт нашарлаған. Ба­ла­лардың күндізгі уақытының басым бөлігі және құнарлы тамақтануы тиіс түскі мезгілі мектепте өтетінін ескерсек, мектеп асхана­сында дайындалатын тамақтың құнарлы болуы керектігі айтпаса да түсінікті. Алайда өткен оқу жылында Алматы қаласындағы 150-ге жуық мектепте оқушыларға ыстық тамақтың орнына фастфуд беріліп келге­нін тиісті орындар анықтап отыр. Тендер­лер­ді ұтып алған фирмалар арзанқол өнім­дерді сатып алып, ақша үнемдеген. Осы­лайша, сиыр етінен пісірілген сорпа мен кү­ріш ботқасының орнына бастауыш сы­нып оқушылары фастфудпен тамақта­нып келген. Алайда осы олқылықтан қо­ры­тынды шығарудың ор­ны­на биылғы оқу жылында Алматы қала­сындағы мектеп оқушыларын ыстық та­мақ­пен қамтамасыз ету жүйесі керісінше күрделене түскен. Мәселен, Алматы қала­сы бойынша ал­дағы оқу жылының қыркү­йек айынан бас­тап қаңтар айына дейін бюд­жеттен 10 млн АҚШ долларынан ас­там қаржы бөлінген. Алматы қаласы бо­йынша 148 мектеп бар десек, ондағы 1-4-сы­нып оқушыларына бө­лін­ген қаржы кү­ні­не 300 теңгеден ке­леді екен. Алайда бұл қаржының өзі ба­лалардың аузына түгел жетпейді.

Ардақ ҚОСЫМБАЕВА, жеке кәсіпкер:

– Алдағы оқу жылында мектеп оқу­шыларын тегін тамақтандыруға қатыс­ты өткізілетін тендер кезінде көптеген заңбұзушылық орын алды. Мәсе­лен, көбінесе бір аудандағы бірнеше мек­тепті жалғыз кәсіпкер алды. Бірақ бір кәсіпкер бір аудандағы бірнеше мек­тепке дер кезінде дұрыс тамақ жет­кізіп бере алмайды. Немесе бірнеше мек­тепті қатар игере алмайтын болған­дықтан мердігерлер мектеп асханасын қосалқы біреулерге жалға береді. Ал мемлекет тарапынан балаларды та­мақ­тандыру үшін бөлінетін қаржы бір адамның қолынан екінші біреулердің қолына өткен соң, мемлекет белгілеген 300 теңгелік мәзір қысқарып қалатыны айтпаса да түсінікті. Биылғы жылы мем­лекеттік сатып алу байқауының кей­бір шарттары аяқ астынан өзгеріп, заңсыздықтар тіпті көп орын алды. Мә­селен, бізге кем дегенде бес жыл жеке кәсіпкерлікпен айналысты деген еңбек өтіліміздің болуы талап етіледі. Біз олардың барлық талабына сай келіп тұр­сақ та, түрлі сылтаумен сызып тас­тай­ды. Ал кейін тендерді ұтып алған жеке кәсіпкердің еңбек өтілінің бес жылын құрылыспен айналысу арқылы жинаға­нын біліп жатамыз, яғни тағам өнер­кәсі­бінде мүлдем тәжірибесі жоқ, құ­ры­лыспен айналысқан адамдар мектеп оқушыларын тамақтандыруға қатысты тендерде жеңіске жетіп жатыр. Жеке кәсіпкер қарамағындағы 30 шақты мек­тепті бір мезгілде ыстық тамақ­пен қам­тамасыз ете алмайтыны айда­н анық. Олар барлық мектепке бір мез­гіл­де тамақ тасып үлгере алмаған соң, міндетті түрде қосалқы мердігер­лер жалдайды. Ал мұның соңы әр ба­ла­ға бөлінген 300 теңгенің коммунал­дық төлем, жұмысшылардың айлығы, жал­ға беру секілді шығындарға бөлі­ніп, қысқара келе, 100 теңгенің тама­ғына ай­налуына түрткі болады. Ал 100 тең­генің тамағын ішкен, аш құрсақ ба­ла­ның дені сау деп айта аламыз ба?!

Балалардың дұрыс тамақтанбауы олардың денсаулығының бұзылуының бір ғана себебі емес. Мәселен, өткен жылы елімізде 1 миллион адам тыныс жолдары ауруымен сырқаттанса, оның 66 пайызы балалар екен. Балалардың сараурумен ауру көрсеткіші де 15 пайызға көбейген. СЭС мамандары «балалар ауруларының алдын алу үшін мектептердегі санитарлық жағдайды жақсарту керек» дейді. Өйткені елдегі жалпы білім беретін мектептердің 25 пайызы ауызсуды тасып ішеді. Ал мек­теп­тердің 23 пайызында балалардың са­лауатты өмір салтымен айналысуына ар­налған спортзалдар жоқ екен. Айтпақшы, өз кезегінде ҚР спорт және дене шынық­тыру істері жөніндегі агенттік төрағасы Ерлан Қожағапанов қазақстандық оқушы­лардың денсаулығы мен дене шынықтыру көрсеткіштері жыл сайын төмендеп келе жатқанын атап өткен еді. Денсаулығы дұрыс емес баланың дене шынықтырудағы көрсеткіштері де дұрыс болмайтыны бел­гілі. Сондай-ақ қазіргі таңда орта білім бе­ретін мектептерде штатта бір ғана меди­цина қызметкері бар екен. Ол оқушыларға қажетті иммундық алдын алу шараларын да, тереңдетілген ме­дициналық тексеруді де жүргізуге қауқар­сыз болары сөзсіз. Тіпті еліміздегі мектеп­тер­дің басым бөлігінде медициналық пунк­ттер мен стомато­ло­гиялық кабинеттер де жоқ. Жалпы, мек­тептердегі дене шы­нық­тыру сабақтарының жеткіліксіздігінен, спорт орталықтары мен шынығу залдары­ның қолжетімсіздігінен, сондай-ақ мек­теп­тегі спорт алаңдарының жеткілікті түр­де жарақталмағандығы да балалардың денсаулығына кері әсер етіп отыр.

Батыс елдерінің көпшілігінде мектепке дейінгі балалар мен мектеп оқушыларын сапалы тамақтандыру мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мәселесімен қатар қойылады. «Бала – болашағымыз!» дейтін ел үшін бұл дұрыс та. Ендеше, еліміздегі балалар ден­сау­лығының күрт нашарлап кеткені белгілі бола тұра, балаларды тамақтандыру мә­се­лесінің одан әрі күрделеніп кеткені несі?!

Автор: Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

http://alashainasy.kz/main/45970/

 

Рубрика: