Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қыздар кейде жiгiттiң көзқарасын дұрыс анықтай алмай жатады. Жанарына бiреу қадала қалса, табан астында жылы сөйлей қалса, өзiне ғашық екен деп ойлап қалады. Сөйтедi де, сол жiгiттiң өзiне келiп жүрегiн ұсынғанын күтедi. Ал жiгiт ол ару жайында қандай ойда? Онда қыздың шаруасы жоқ. Өзiн-өзi алдап, оның келер жолын тосып жүре бередi. Бәлкiм, төмендегi жолдарды оқып, ойланып көргеннiң артығы болмас, қалай ойлайсыз?

Менен көзiн алмайды. Кешiрерсiз, сұлу болсаңыз, сiзге бәрi сұқтанады. Егер жiгiт сiзден көзiн алмай қарай берсе, бiрден «сындырып» алдым деп ойлай салмаңыз. Мүмкiн, ол сiздi бiр танысына ұқсатып отырған болар. Бәл­кiм, сiздi бiр жерден көргендей болып отырған шығар.
Менiң суреттерiмдi қа­рапты. Егер жiгiт сiздiң әлеуметтiк желiлердегi жеке парақшаңызға «қонақ» болып кiрсе, бiрден ғашық екен деп ойлауға асықпай қоя тұрыңыз. Оның қандай мақсатта бас сұққаны туралы жан-жақты ойланыңыз. Сiзде бар сурет оған ұнайтын шығар. Сол суреттi өзiне жүктеп алу үшiн кiрген деп ойлаңыз. Немесе байқаусызда тышқанның стрелкасы сiздiң парақшаңызды басып қалған болар.
Менi сұрастырып жүр екен. Сiздi ортақ таныстарыңыздан сұрастырып жүрсе, қуануға әлi асықпаңыз. Әрине, көп жағдайда мұндай сұрастырумен басталған оқиғалар махаббатпен тәттi аяқталып та жатады. Бiрақ бәрi де сiз­дiң жүрегiңiзден орын табу мақсатында сұрастыра бер­мейдi.
Менi кеше биге шақырды. Екеуiңiз бiр кеште кезде­сiп қалдыңыздар делiк. Шаршы топта өңшең бұраң бел, қаракөздiлер арасынан сiздi биге шақырды ма? Демек, сiз әдемi билейсiз, не сiзден сол сәттi пайдалана отырып бiр нәрсе сұрамақшы. Бұлар да болмауы мүмкiн. Әрине, сiзге көзi түсiп, ұнатып биге шақырса, «қой» деп немiз бар? Бiрақ сiздiң ойыңыз бiрден алысқа кетпес үшiн алдымен өзiңiздi-өзiңiз орныңызға түсiрiп қойыңыз.
Маған тиiсе бередi. Сiзге жiгiт жөнсiз тиiсе бере ме? Ол ғашық болғаннан ғана емес. Мүмкiн, сiз көңiлдi қыз болған соң, сiзбен ойнап-күлу оған жағатын шығар. Бәлкiм, сiзбен тек қалжыңдасатын болар. Бала емессiз ғой. Кейде шынайы сезiмi бар адам мен жай ойнап отырған адамды ажырату қиынға түспейдi. Тек сiз қателеспеңiз.
Ақерке Әбiлхан.
Жас Алаш газетiнен алынды

 

Рубрика: