Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Орынгүл НҰРЖАНҚЫЗЫ, Абай атындағы МАОБТ-ның балет артисі, халықаралық байқаудың лауреаты

30.03.13

Image
Алматының іргесіндегі Шамалған ауылында туып-өскен Орынгүл жастайынан балет өнеріне ессіз «ғашық» болыпты. Басқа емес, үйдегі көк жәшіктен балет бишілерінің өнерін жиі тамашалап, олардың қимыл-қозғалысын өзінше қайталайтын сәттері де аз болмапты. Осылайша, тұлымшағы желбіреген жұдырықтай қыз ата-анасына өзінің болашақта балет бишісі болуды армандайтынын айтып, ақыр соңы Шамалған ауылындағы бастауыш мектептен соң Алматыдағы Селезнев атындағы хореографиялық училищеге құжат тапсырып, емтиханнан сүрінбей өтіп, балет өнерінің қыр-сырын меңгере бастапты. Жас қыздың қимыл қозғалысынан ерекше бір өзіндік лепті байқаған хореография колледжінің ұстаздары Орынгүлге егер жалықпай еңбектенсе, одан болашақта тамаша балет бишісі шығатынын сол кездің өзінде айқын байқап, ақыл-кеңестерін үнемі айтып отырыпты. Ұстаздарының зор үміті мен нық сенімі жас қызды жігерлендіріп, оның шабытына шабыт қосты. Сөйтіп, Селезнев атындағы хореография училищесін үздік бітірген Орынгүл көп ойланбастан Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы хореография факультетінде «хореография режиссурасы» мамандығы бойынша оқуын жалғастырды. Қазіргі күні ол осы оқу орнының бесінші курсында оқумен қатар Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында балет бишісі болып жұмыс жасайды. 

 

– Абай атындағы мемлекеттік ака­де­мия­лық опера және балет театрының ре­пертуары ана­ғұрлым бай. Әлемнің клас­си­калық  туын­дыларының басым көп­ші­лі­гін біздің ұлттық сах­намыздан көруге болады. Абай атындағы мем­лекеттік опера және балет театрында жыл сайын екі-үш жаңа спек­такль қойылады. Маусым соңында опера және балет өнері бойын­ша халық­аралық фестиваль өткізеді. Театр академия­лық болғандықтан дү­ние­жүзінің классика­лық туындыларын міндетті түрде са­­­х­­­на­лауы тиіс. Ресейдің, АҚШ-тың, Ма­жарстанның, Германияның және басқа да елдердің тә­жірибелі хореографтары мен ре­жиссерлары Алматыға арнайы шақы­ры­лып, осында мастер-класс өткізеді. Ал олар қойған қойы­лымдардың біздің балет артистері мен опера ұжымы үшін жақсы тәжірибе екені даусыз, – дейді Орынгүл Нұржанқызы.

– «Қазақта ұлттық би болмаған» деген алыпқашпа пікірлерге мен үзілді-кесілді қар­сымын. Ұлттың биі мен балет өнерін же­ке фе­номен ретінде қарастыруға болады. Егер жиыр­масыншы ғасырға дейінгі этног­ра­фиялық деректерге көз жүгіртсек, онда Әбіл­қайыр ханның ордасында болған ағылшын сурет­шісі Джон Кэстль өзінің «Днев­ник путе­шествия в году 1736-м из Оренбурга к Абул­хаиру хану киргиз-кай­сацкой орды» еңбегінде билеп жатқан қа­зақ­тардың суретін жариялағанын бай­қай­мыз. Тіпті Густав Теодор Паулидің он то­ғы­зыншы ғасырда жа­рық көрген «В юрте сул­тана внутренней Орды Даулеткерея» ат­ты еңбегінде билеп жатқан қазақтардың су­реті бейнеленген. Ал этнограф Радлов өзі­нің он тоғызыншы ға­сырда жарияланған «Тюрк­ские степные кочевники» деген еңбегінде: «Однажды на Бух­тарме я наблю­дал танец двух киргизов ( қазақ), отчетливо показавший, какое удо­вольствие получают кир­гизы от проявлений самой грубой чувст­венности», – деп жазды. Біз­дің дәуі­рімізге дейін өмір сүрген баба­ла­рымыз тасқа би көріністерін петроглиф күйінде қашап салғаны белгілі. Мұның барлығы біздің төл мәдениетіміз үшін би өнерінің жат болмағанын көрсетеді. Шара Жиен­құлова «Би құпиясы» атты кітабында ұлт­тық қимылдарды жүйеге келтіргенін де ай­та кеткеніміз жөн. Қазақстанда кәсіби балет өнерінің тарихы 1930 жылдан бастау ала­­ды. Дерекке жүгінсек, Мария Арци­ва­ше­­ваның музыкалық студиясында Гурилев, Гапарова, Лебедева, Лифинтова сонымен қатар Шара Жиенқұлова сынды апалары­мыз би өнеріне жаттыққан. Ал 1932 жылы Ал­ма­­тыдағы №13 балалар үйі музыкалық мек­теп болып қайта құрылып, дәл осы ме­ке­меде ел та­ри­хында тұңғыш рет хореог­ра­фия бөлімі ашылды. Ал 1938 жылы Алма­тыдағы хореог­рафия училищесі тәуелсіз оқу орны болып, жеке шаңырақ кө­терді. Бұл бастамада бала­лар үшін  білімін  аяма­ған мәскеулік Селез­невтiң орны ерек­­ше. Сон­дықтан Алматы­дағы хореог­рафия учи­лищесі Селезневтің есімімен аталады. Бір қуантатыны, балет ар­тистері ғана емес, учи­лище шәкірттері де жыл са­йын шетел­дерде ұйымдастырылған халық­аралық бай­қауға қатысып, жүзден жүйрік шығуда. Мұның өзі қазақстандық ба­лет өнерінің де биікке көтерілгенінің дә­лелі, – дейді балет бишісі, халықаралық бай­қау­лардың жүлдегері Орынгүл Нұржан­қызы.

Кеңестік кезеңде ұлттық балет қойы­лым­­дарының  басым көпшілігінің халық­тық һәм эпостық жырларға сүйемелдеп қойыл­ғаны ақиқат. Мысалы, сол бір жыл­дарда «Қалқаман – Мамыр» (В.Ве­ли­канов), А.Чек­­рыгин­нің қойы­лы­мын­дағы «Көктем» (И.Надиров), М.Моисеевтің қойы­лы­мын­дағы «Қамбар – Назым», Алексидзенің қойылымындағы «Қа­рагөз» (Ғ.Жұбанова), М.Ті­леубаев сахна­ла­ған «Ақсақ құлан» (Ғ.Жұбанова) спектаклі, Зәуірбек Рай­баев­тың Мыңбаевтың музыкасы бойынша Олжас Сүлейменовтың «Қыш кітап» поэ­масы желісінде қойылған «Фрескалар» ба­леті бүгінгі күнге дейін көрермен сүйіп кө­ретін туындыға айналып отыр. Егер еске алсақ, Жуковтың қойылымында әу баста Ма­мырдың рөлін қазақтың талантты би­шісі Шара Жиенқұлова сомдағаны белгілі. Сондай-ақ Марго Сапингтонның (амери­калық хореограф) сахнаға дайындауындағы Алмас Серкебаевтың «Тілеп пен Сарықыз» балеті сахнада сан мәрте қойылды. Болат Аюхановтың А.Исақованың музыкасына қой­ған «Гәкку» балеті де көрерменнің жақ­сы бағасына ие болды. Ал Астананың Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры Ренат Салаватовтың му­зыкасына, Вячеслав Гончаровтың қойы­лымындағы «Әлқисса», «Қыс қиялы» атты балеттерді, Әділ Бестібаевтың музыкасына Да­вид Авдиштің (ресейлік балетмейстер) «Бәйтерек» қойылымын сәтті сахналады. «Самұрық» би театрының бастығы Гүлнар Адамова Б.Акошевтің, А.Мұқатайдың му­зыкасына қойған «Жезтырнақ» балеті көрерменге ұсынылды. Сондай-ақ дәл осы режиссердің хореография училищесінің шә­кірттеріне арналған «Ер тарғын» балеті сахналанды. Бұған қоса, апалы-сіңілі Ғаб­ба­совалардың түркі музыкасына қойған «Нарқыз» спектаклі де көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Өкініштісі сол, ке­ңес кезеңіндегі қазақ балеттері қазіргі уа­қыт­та сахнада қалмады. Мұның себебін жас балет бишісі Орынгүл Нұржанқызы былай тү­сін­дірді:

– Бірден-бір себеп, ол жылдарда қойыл­ған балеттің қай-қайсысы болсын бейне­тас­паға жазылып алынбаған. Сонымен қоса, уақыт пен құндылықтар өзгерді. Кеңес­тік кезеңдегі өнерге социалистік реа­лизм тән болған еді. Сондықтан ол кез­дегі өнер туындылары коммунизмді, көсемді, партияны ұлықтауға арналды. Ал қазір мұндай тақырып тәуелсіз еліміз үшін өзекті емес. Себебі өнер қай кезде де таза болуы ке­рек. Сонда ғана өнер туындысы мәңгі өмір сүріп, ғасырлар бойы өнерсүйер ағайын­ды қуантатыны хақ. Өткен дәуір туындыларының сақталмауының бір себебі осында жатыр, – дейді Орынгүл.

Орынгүлдің жас та болса балет өнерінде біртіндеп өз қолтаңбасын қалдыруына алдыңғы буын аға-апалары зор үлес қосты. Мек­тептегі алғашқы ұстазы Гүлнар Әлие­вадан бастап, қазіргі күні театрдағы ұстазы Қазақстанның халық артисі Раушан Ха­тият­қызы Байсейiтова, марқұм Меңтай Тілеубаевтар өздерінің тәжірибелерін үй­ретіп, шәкіртінен зор үміт күтті. Ең басты­сы, Орынгүл ұстаздары айтқан ақыл-кеңес­ті байыппен тыңдап, күрмеуі қиын балет өнерін жан-жақты меңгерді. Жүргенов атындағы оқу ордасында Орынгүл КСРО халық артисі, танымал балетмейстер Ра­мазан Баповтан тәлім-тәрбие алуда. Жас таланттың басты арманы – қазақ балет өне­рін әлемге паш ету. Өйткені ұстазға қарап шә­кірт өсер!..

Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ
http://www.aikyn.kz

Рубрика: