Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Мәжілісте Палата спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Алдан Смайыл Премьер-министрі К.Мәсімовке депутаттық сауал жолдады. 

«Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттары Үкіметке Ұлы Отан соғысының ардагерлерін коммуналдық қызмет төлемдерінен босату туралы сауал жолдаған едік. Сіздің қолыңыз қойылған жауапта сол қаһарман қарияларға берілетін орташа зейнетақы, базалық зейнетақы және арнаулы мемлекеттік жәрдемақы есептеліп, осыны қанағат етсін деген емеурін білдіріліпті.

Мәселе онда емес қой. Соғыс ардагерлеріне әр айда жиып-теріп беретін 60-70 мыңдай қаржы оларға ел болып, мемлекет болып көрсетілуге тиіс құрметтің садағасына да жарамайды ғой. Мәселе — шынайы ілтипатта. Адамзатқа қасірет болып төнген фашизмнен жер-жаһанды құтқарып қалған ерлерді, бүгінгі тоқсандағы қарияларды Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында туған халқы мен мемлекеттің жүрек жылуына бөлейік дегенбіз. Соны түсіне алмапсыздар.

Құдайға шүкір, парасатты азаматтар бар екен. Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері ардагерлерді әлгі төлемдерден босатты. Шымкент те солай жасап отыр, Алла риза болсын.

Осы игі қадамды еліміздің өзге облыстары қостап әкетсе, қандай ғанибет. Республикада бүгінде Ұлы Отан соғысының 4282 ардагері бар, әр өңірге 300-ден келеді екен. Экономикасы даму үстіндегі аймақтар үшін 200-300 қарияның коммуналдық мұқтажын шешіп беру мәселе болып па? Сіздің тарапыңыздан бір ауыз сөз айтылса жеткілікті ғой.

Әулие сынды қариялар қан майданда ерлікпен шайқасты. Біздің ерлігіміз сол болсын, ардагерлерді Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында азаматтығымызбен, елдігімізбен қуантайық. Орынды тілекке атүсті қарамаңыздар.

Дуанабай Жолдасбек

http://www.aikyn.kz/articles/view/47717

Рубрика: