Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

2fda4c453c76cbfd3e105568aed55b0dАстана – жоғары мәртебелі мей­мандар мен қатардағы адамдарды да, жас пен кәріні де қайран қалдырады. 

Астаналықтар болса, сәулет өнерінің туындысына айналған әрбір ғимараттың, әрбір ескерткіштің алдына тұра қалып, жамыраса, жарыса суретке түсіп жататын қонақтардың қимылы мен қылығын күн сайын шаттана, мақтана бақылайды. Енді бүкіл Қазақстан, бүкіл әлем елордамыздың жаңа түрленуіне куә болмақ: Астанада алда мегақұрылыстар аяқталып, жаңа бірегей нысанардың тұсаулары кесіледі!

 

Елбасы 2020 жылға қарай Қазақ елінің бас қаласын әлемдегі ең үздік отыз қаланың қатарынан көргісі ке­летіндігін мәлімдеген болатын. Ұзақ уақыт өтпей-ақ, Астананың қазіргіден де ажарлы, айбынды шаһарға айна­ларына халық сенеді. Және бұл сенім негізсіз емес.
Елорда басшылығының айтуынша, алдағы үш жылда Астанада көптеген бірегей ғимараттар бой көтеретін бо­лады. Олардың құрылыс қарқыны, ауданының ауқымы таңдай қақтырады. Қазақстан тарихы мұражайы, Тұңғыш Президент қоры мен кітапханасы, жаңа темір жол вокзалы, тұтас қалашыққа айналатын Ұлттық ғарыш орталығы, Олимпиадалық дайындықтың көп­функционалды орталығы, қанатын кең жаяр энтоауыл, жаңа Неке қию сарайы, ботаникалық бағы бар қалалық парк, астаналық тұңғыш орталық зообақ, отбасылық демалыс орталығы және басқалары – алда бас қаламызды адам танымастай өзгерткелі отыр.
Қазақстанның қарқынды дамуының символына айналған Астананың келешекте келбетін бұдан да көркейтетін ғажайып, әрі ғаламат нысандардың бірнешеуіне тоқтала кетсек.
Өткен жылдары «Бейбітшілік және келісім сарайына» қарама-қарсы бетте, «Тәуелсіздік сарайының» оң жағында жаңа құрылыс алаңы ашылғанда, аста­налықтар ол жерде тағы қандай нысан­ның бой көтерерін болжап, аң-таң қал­ған. Тек құрылыс ауқымына қарап, ғимараттың ғаламат болатындығы байқалды. Тіпті қабырғалары тұрғы­зы­лып, сомдана бастағанда, оның әлдебір өндірістің өте ірі базасына ұқсағаны бар. Ақыры құрылысы аяқталып қалғанда ғана жұртшылық оның нендей жоба екендігін білді…
Қазақ елінің бас қаласында «Қазақ­стан тарихы мұражайын» салу туралы идеяны Президент Н.Назарбаевтың өзі құптады. Сондықтан болса керек, Астананың 15 жылдығы қарсаңында, мұражай ғимаратына Мемлекет бас­шысының өзі барып, оның құрылы­сының барысы туралы жауапты тұлғалар есебін тыңдады. Олар сондай-ақ Елбасыға Қазақстан тарихы мұражайын қолданысқа беру жоспарларын мәлім еткен. Өз кезе­гінде Н.Назарбаев бұл мұражай төрінен қандай құнды экспонат­тардың орын алуы керектігіне қатысты өз ойларын ортаға салыпты.
Ақорданың мәліметінше, бұл мұра­жай экспозициялары мен көрмелері Қазақ­станның сонау ықылым замандар­дан біздің күнімізге дейінгі тарихы мен мәдениетін паш етуге тиісті. Мұра­жайдың экспозициялық ауданының көлемі 14 мың шаршы метрді алып жатыр! Демек, ол осы ойды іске асыруға мүмкіндік береді. Жалпы, осы ғимаратта бір уақытта Тарих мұражайы, Алтын мен асыл металдар мұражайы және Өнер мұра­жайының экспозициялары орын тебеді деп жоспарлануда.
Мұның сыртында, экспозициялардың елеулі бөлігі қазақ халқының ұлттық мә­дениеті мен жазба мұраларының көп ғасырлық тарихына, сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстан тарихына арналатын көрі­неді.
«Қазақстан тарихы мұражайының» алып ғимараты құнды мұралар қоймасы болумен шектелмейді, ол кездесулер, форумдар өткізуге, білім беру бағ­дар­ламаларын жүргізуге пайдаланылмақ. Осы мақсатта ғимаратта 2 конференц-зал, кино және дәріс залы, уақытша көр­мелер ұйымдастыруға арналған орын­жайлар қарастырылған. Бұған қоса, онда Қазақстан тарихы ғылыми-зерттеу институты, реставрациялық шебер­ханалар, зертханалар, қор сақтау қой­малары, оқу залы бар кітапхана жұмыс жасайды деп тұспалдануда.
Ел басшылығы «Қазақстан тарихы мұражайына» «ұлттық өрлеу мен мәдени прогрестің рухани орталығына айналу» міндетін қойып отыр.
2011 жылдың қаңтарында басталған құрылыс биылғы жылы түпкілікті аяқ­талады деп күтілуде. Жалпы ауқымы 9,4 гектар жер телімінде орналасқан мұражай ғимараты 7 блоктан тұрмақ. Олардың биіктігі әрқалай болады және 2-ден 9 қабатқа дейін барады. Ғимарат орын­жайларының жалпы ауданы 73, 251 мың шаршы метр. Оның ішінде жоба бойынша 14,7 мың шаршы метр – экспозицияларға, 5,47 мың шаршы метр – қор сақтау қоймаларына, 2 мың 595,4 шаршы метр – зертханалар мен реставрациялық шеберханаларға бөлін­ген. Мұра­жайда тіпті төл мейрамханасы үшін орын беріл­ген.
Бағзы заманнан бергіге дейінгі Қа­зақстан тарихына арналған еліміздегі бі­регей мұражайда 400 қызметкер, сондай-ақ Қазақстан тарихы ғылыми-зерттеу орталығының 500 маманы еңбек етеді деп қарастырылуда.
Астананың, әсіресе, ғылыми туризмге қозғау салуы мүмкін келешектегі тағы бір көрнекті жері – Тұңғыш Президент қоры мен кітапханасы,  оның  жеке  ғимараты­ның құрылысын ел Үкіметі айрықша ба­қылауда ұстап отыр. Өткен айда Үкімет басшысы Серік Ахметов осы нысанға арнайы барып, оның құрылысы барысын өзі қадағалап қайтқан болатын. Бір ға­жабы, шар тәрізді формадағы ғажайып ғимараттың авторы – атақты сәулетші Норман Фостер көрінеді. Бұл нысанның эскиз-идеясына кезінде жабық ха­лықаралық конкурс жүргізіл­гендігі есте.
Тұңғыш Президент қоры және кітап­ханасының ғимаратынан ұлттық рух көрініс береді екен. Оның формасы солтүстік ауа райының ерекшеліктерін ескереді, яғни қоршаған ортаға «бейім­делген», онда халқымыздың мәдени мұ­расы саналатын сирек құндылықтарды сақтауға жағдай туғызылған деседі. Құрылыс барысында заманауи сәулет шешімдері мен озық материалдар қол­данылатын көрінеді.
Тұңғыш Президент қоры мен кітап­ханасы, ауданы 30 мың шаршы метрден асатын кең сарайға алдағы жылда көшуі мүмкін. Қазіргі кезде онда құрылыс жұмыстарының жартысындайы ғана орындалған. Оны салуға 500-дей маман тартылыпты.
Астана маңында «ғарыштық қала­шық» бой көтеруде. «Ұлттық ғарыш орталығы» – инновациялық кластерге айналуға тиіс. Ол жерде ғарыштық ғылыми зерттеулерден бастап, ғарыштық аппараттарды, ғарыштық техника бөлік­терін жобалауға және өндіріп шығаруға дейінгі қызмет жолға қойылмақ. Осы­лайша елорда жанында жаңа сала – ғарыштық құрылғылар жасау секторы дүниеге келеді.
Президенттің тапсырмасымен, «Ас­тана – жаңа қала» АЭА аумағына бөлінген жер телімі бүгінде қарқынды игеріліп, онда Ұлттық ғарыш орталығының 5 аймағы – әкімшілік, өндірістік, өкілдік, тұрғын үй және білім беру аймақтары тұрғызылуда. Келесі жылы ұшырылады деп жоспарланып отырған Жерді қашықтықтан зондау спутнигі де осы жерден басқарылады екен. Мұның сыртында бұл қалашықта ғарыштық жүйелер мен кешендерді жобалайтын кәсіпорын, ғарыштық аппараттарды құрастырып, сынақтан өткізетін кә­сіпорын, Қазақстанның жоғары нақ­тылықтағы спутниктік навигациясы жүйесінің жердегі инфрақұрылымы орталығы орын теппек.
Сондай-ақ ғарыштық технология­лардың ұлттық зертханасы, алып пла­нетарийі бар космонавтика мұражайы мен зымырандық-ғарыштық техниканың ашық көрмесі да осы жерден ашылады деп жобалануда. Оны айтасыз, тіпті осында құрылатын арнайы орталық арқасында Қазақстан ғарыш саласы мамандарын өзі даярлай бастайтын болады. «Ғарыш қалашығында» жұмыс жасайтын мамандарға арналып, 300 пәтерлік тұрғын үйлер, 50 орындық қонақүй, спорт кешені, 180 орындық балабақша, тіпті сауда кешені салы­нады.
Ұлттық ғарыш орталығының құры­лысы 3 кезеңмен жүреді: 2010-2013 жыл­дары – өндірістік нысандар, 2013-2018 жылдары – қамтамасыз етуші инфра­құрылым бой көтереді. Ал 2015-2020 жылдары ол толығымен іске қосы­лып, ары қарай дамытылады деп көз­делуде.
Астана әкімі И.Тасмағамбетов елор­даның қайталанбас архитектуралық келбетіне үйлесімді кірігіп, ажарына әр қосатын жаңа сәулет туындылары қатарында Ұлттық қорғаныс универ­ситетінің жаңа ғимаратын атады. Тек жабық ауданы ғана 26 мың 720 шаршы метрді құрайтын бұл алып нысан 5 корпустан тұрмақ. Оның құрылысы 2011 жылдың тамызында басталған, қазіргі кезде ондағы жұмыстар жалғасуда.
Астана – тас қалаға айналмайды. Көкке бой созған заңғар үйлер, еңселі іскерлік һәм әкімшілік ғимараттар, кең қанат жайған сауда орталықтары ор­тасында табиғатқа да үлкен орын бө­лінуде.
Елорда әкімдігінің хабарлауынша, алдағы жылдары бас қалада атаулы әрі көрнекті жер – жеке парктік аймағы бар заманауи «Ботаникалық бақ» пайда болады. «Бұл бақ «Ехро – 2017» халық­аралық көрмесіне қарай қаланы абат­тандыру бойынша кең ауқымды бағ­дарлама ая­сында құрылады, – дейді Астана әкім­дігі. –Жаңа «Ботаникалық бақ» елорда­ның сол жағалаудағы ор­талығында ор­наласады деп күтілуде. Бұл нысанның жалпы ауданы – 97,5 гектар және ол Қабанбай батыр даңғылы мен Түркістан, №24 және №26 көшелерінің шекара­сында орналасады».
Астана әкімдігінің дерегінше, бас қаланы көгалдандыруға бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылуда. Тек биылғы жылы ғана жалпы ауданы 11 гектар болатын 13 сквер тұрғызылады және қайта жаңғыртылады.
Астанадағы туристердің ең сүйікті орындарының бірі – «Нұржол» («Сулы-жасыл желекті бульвар») да қайта қалпына келтірілетін болды.

Елдос Сенбай

http://www.aikyn.kz/news/view/26583

 

Рубрика: