Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

0e821228986326dddc7705f4b4b04f1a..Қайбір қиямет кезеңдерде теңіз өз жағалауынан 74 шақырымға дейін кері шегініп кетсе, соңғы жылдары жүргізілген әрекеттерден кейін 17 шақырымға бері қайтып, қазіргі кезде Арал қаласына 57 шақырымға жақындай түсіпті. 
Арал ақырындап толып келеді. Осы кезге дейін еліміздегі ең үлкен екінші теңіз туралы тек қана «тартылып барады, тұздары аспанға атылып жатыр, айналасындағы адамдар ауруға ұшырауда, құбыжықтар дүниеге келуде» дейтін естіген жанның денесін түршіктіретін сөздерден кейін, жоғарыдағы жаңалық жанға жылы тиеді екен. Егер қайбір қиямет кезеңдерде теңіз өз жағалауынан 74 шақырымға дейін кері шегініп кетсе, соңғы жылдары жүргізілген әрекеттерден кейін 17 шақырымға бері қайтып, қазіргі кезде Арал қаласына 57 шақырымға жақындай түсіпті. Бұл хабарды кеше Астанада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев хабарлады.

Әрине, ақ алтынның аймағында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс көп. Алайда біздің түсінігімізше, қызылордалықтар үшін ең маңыздысы Арал екендігі даусыз. Өйткені аумақтағы адам түсініп болмайтын апаттардың, экологиялық ауыр зардаптардың басым бөлігі теңізбен тікелей байланысты екендігі шындық. Азапқа қашанғы шыдасын атқа жүк артар қауқары барлардың көбісі іргеден көтеріліп, Оңтүстік Қазақстан мен Жамбылға, қала берді Балқаш пен Қапшағайға үдере көшті. Облыс әкімінің айтуынша, енді сол ағайын тағы да алаңдап, туған жерге қайыра көшуге қамданып жатқан секілді.

– Әлем халқы соңғы ондаған жылдар бойы Арал теңізінің тартылуын орны толмас апатқа балап келген болса, қазір теңіздің солтүстік бөлігін сақтап қалу жобасы жайында тамсана айтады. Елбасы Н.Назарбаев бастамашы болған жобаны жұмыр жердің болашағына алаңдаған жаһан тұрғындары ғасыр жобасы атауда, – дейді Қырымбек Елеуұлы. – Кезінде теңізде аулауға болатын балықтың 1 түрі ғана қалса, қазір 22-ге жетті. Судың тұздану деңгейі 34-тен 8 грамм/литрге дейін түсіп, тіршілікке жол ашылды. Кезінде балық шаруашылығына маманданған адамдар Қапшағай мен Балқаш жаққа көшіп кетсе, енді теңіз аймағының тұрғындары ата кәсібіне қайта оралып, жылына 30 мың тоннаға дейін балық аулап, оны өңдеуге қол жеткізді. Бүгінде Арал, Қазалы аудандарының өзінде 5 балық өңдеу зауыты толыққанды жұмыс істеп отыр. Теңізді қалпына келтіру жобасының бірінші кезеңі аяқталуға жақын. Ал екінші кезеңін жүзеге асыру нәтижесінде оның солтүстік бөлігіндегі су деңгейі Аралға жетеді деп күтілуде.

Қызылорданың келесі «бренді» күріш екендігі белгілі. Оны облыстың 3 ауданы егіп, орташа шамамен 285 мың тоннадай өнім алып, бүкіл Қазақстанның қажетін өтеп келеді. Мұнымен де тоқтап қалмай, Ы.Жақаев атындағы күріш ғылыми-зерттеу институты жаңа өнімділік көлемін арттырып, жердің құнарын көтеру үшін ізденіс үстінде. Дегенмен аймақтың экономикалық құрылымы көңіл көншітетіндей деңгейде емес. Осылай деген Қ.Көшербаев бюджет түсімдері мен өңір экономикасының 93,4 пайызы тек қана мұнай мен уранға тәуелділігіне қынжылады. Президент тапсырмасына сәйкес өз алдына әрекет ету үшін жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу керек.

Қазақы аймақтағы тағы бір түйткіл – оқушылардың білім деңгейінің төмендігі. Ұлттық бірыңғай тест жүрген қаншама жылдан бері облыстың көрсеткіші ешбір жақсара қоймапты. Биылғы сынақ кезінде де «әдеттегідей» үйреншікті 16-орынға тұрақтады. Мәселенің кілтипаны неде? – Мұның көп қырлы себептері бар, – дейді Қырымбек Көшербаев. – Мен қыс айында білім саласындағы басшыларға жұмысты ширату жайында ескерту жасадым. ҰБТ қорытындысына қарағанда өзгерген ештеңе байқалмағандықтан, бірден 27 мектеп директорын қызметінен босаттым. Сонда да кейбіреулер үшін бала, ұрпақ болашағынан гөрі жеке басының мүддесі, орынтағы қатты алаңдататынын қайтерсіз?! Оның үстіне республикалық трансферт есебінен облыстық білім басқармасына педагогтардың біліктілігін жетілдіру үшін 712 млн теңге берілгенімен, ондағы шенеуніктер жыл соңында игерместен сол күйінде қайтарып бере салған. Оқушылардың білімінің нашарлығына, негізінен, мұғалімдердің де тікелей қатысы бар ғой. Ал оларды да оқытып, кәсіби деңгейін көтерудің орнына білім басқармасы ешбір әрекет етпестен, бөлінген қаржыны да жаратуға құлықсыздық танытқан. Ұстаздарды да қолдау үшін арнайы байқау ұйымдастырып, үздік шыққан 40 мұғалімге 1 млн теңгеден таратып бердік.

Елімізде тоқсан сайын облыс әкімдерінің рейтингісі шығарылып тұратындығы белгілі. Бір қызығы, басшыларды «жарыстыратын» ұйымдар да тіптен көбейіп барады. Әйтсе де Президент Әкімшілігі түзетін тізімнің соңғы нұсқасында Қызылорда облысының жетекшісі 3-орынға көтерілгені байқалады. Алайда Қырымбек Елеуұлының ойынша, әркім рейтингті әртүрлі сипатпен өлшейді. Негізінен, үш бағыт басты талапқа алынғаны абзал. «Елбасы да әкімдердің санатына ерекше көңіл бөліп, талап қоятындығы белгілі. Рейтингке келетін болсақ, ол әртүрлі болып келеді. Кейде біздің министрліктер мен ведомстволар өздерінің көрсеткіштерін әкімнің рейтингіне қосып қойып, өзінің жауапкершілігін бөліскісі келіп жататын жағдайлар байқалады. Қазір рейтингтер көбейіп кетті, 200-ден астамы бар. Салықтық базаны дамыту, тұрақты жұмыс орнын ашу, қоғамдық-саяси тұрақтылық. Міне, үш мәселемен рейтинг бағалануы тиіс деп есептеймін» дейді ол.

Қызылорда қаласы еліміздегі ыстық сумен қамтамасыз етілмейтін жалғыз облыс орталығы екен. Әсіресе, шаһардың инженерлік коммуникациялық жүйелерінің басым бөлігі шіріп, жарамсыз күйге түскен. Аяқ жолдар мен көшелердің де қиюы қашып, кейбір ықшамаудандарда машина тұрмақ, жаяу жүргіншілердің қатынауы қиындап кетіпті. Облыс басшысы орталыққа да ерекше назар аударатындығын жеткізіп отыр. Қаланың бүгінгі бюджеті 30 млрд теңге болса, соның 12 миллиарды осы көріктендіру және жол жөндеу жұмыстарына арналып жатыр. Өңірге тартылған инвестиция көлемін 95 млрд теңгеден 187 миллиардқа жеткізіп, салыстырмалы түрде облыстардың ішінде көш бастаған аймақта жаңа кәсіпорындардың іргесі қалану үстінде. Соның ішінде қашаннан бері қозғалып, біраз іс жүзіне аспаған шыны зауыты да индустриялық-инновациялық бағдарламадағы негізгі жобалардың бірі. Үш ай ішінде 263 елді мекенді аралап шыққан әкім, ауылдың тіршілігін жандандыратын тың бастамаларын қолға алып отыр. Әлеуметтік ахуалдың оңалуына орай дәл қазіргі кездегі 727 мың халықтың саны тағы да өсіп, алдағы 15 жылда 1 миллионға жететіндігіне де сенімді. 2015 жылы Қазақстандағы уранның 3/2-сін өндіретін өңір кейінгі кездері ашылған ванадий кен орны бойынша да әлемдегі 5 ірі қордың бірі саналады екен. Табиғи қазба байлықтардың түсімі арқылы тұрғындардың тұрмысын түзеу басты назарда тұр.

 

Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ, Астана

http://www.aikyn.kz/articles/view/30775

 

Рубрика: