Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Индира РАСЫЛХАН, әнші


– Әңгімемізді сізді ән әлеміне қа­наттандырған кезден баста­сақ… 
– Жалпы, қолыма домбыра алып, ән айтуды ұмытпасам, үш­ін­ші сыныпта бастадым. Анам терменің сөздерін жаттатқызып, әкем тыңқылдатып домбыра тар­тып, маған үйретіп әлек болушы еді. Бұдан тыс өзімде термешілер үйірмесіне қатысып жүрдім. Осы­ның бәрі текке кеткен жоқ. Үлкен өнерге барар жолдағы алғашқы баспалдақтар болды десем артық айтпағаным. Өзім Жуалы ауда­нын­­да өмірге келсем де, мектепті Қаратау қаласында бітірдім. Кей­і­ннен «әнші болсам» деген арма­нымды айтқанда әке-шешем бі­раз қарсылық білдірді. Айтатын уәждері: «Әншінің жолы ауыр. Соңынан неше түрлі сөз ереді. Қайтесің, басқа мамандықты таң­­да» дегендей болып келетін. Бірақ мен бойымдағы бұлқынып бүр жарып келе жатқан қабілетті сөн­діргім келген жоқ. Қиын да қы­зығы мол әншілікті таңда­дым.

– Қазір әнші көп. «Әу» деге­н­нің бәрі сахнаға шығып кетті емес пе? Көптің қатарын толтырамын-ау, солардың бірі болып қаламын-ау деген ой болған жоқ па?
– Рас, мұндай әңгімені жиі ес­тимін. «Әнші көп, бірақ нағыз дауысы бар әнші аз» деп жатады. Бұған қосыламын. Жалпы, әнші­нің көп болғанынан қорықпау керек. Қазақ әнші халық қой. «Әу» демейтіні кемде-кем. Айт­сын. Шықсын. Ешкімге қой де­мейік. Бірақ сол көптен халық өзіне керек әншіні сұрыптап ала­ды. Көңілі қалағанын тыңдайды. Әншінің тым көбейіп кетуі уа­қыт­ша құбылыс деп ойлаймын. Жүре-ке­ле халық тыңдамаған ән­ші­лер­дің өздері-ақ қатардан шыға бас­тай­ды. Уақыт өзі-ақ електен өткізеді ғой. Сондықтан «сахнаға шықпа, ән салма» деп ешкімге айтуға болмас. Өзіме келсем, «көп­­тің бірімін бе, бірегейімін бе?» біл­мей­мін. Төреші патша көңілді тыңдарман ғой. Қайда барсам да «Кәне, Индира шырқап жіберші» деп жатады. Демек, мені тыңдай­тын да жұрт болып тұр ғой…

– Осы орайда мынадай сұрақ туады: қазақ эстрадасының деңгейі қандай деген?
– Қазақ эстрадасы дегенде ма­ған екі түрлі ой келеді. Жақсы жағы да бар, қынжылатын жағы да бар. Жақсы жағын сөз етер бол­сақ, қазақ эстрадасында өсу бар. Ізденіс бар. Бір орнында то­қырап тұрған жоқ. Әсіресе, жаңа­дан шығып келе жатқан жастарға көңілім толады. Олар қолдарынан келгенше уақыт талабынан шығу­ға тырысады. Соған сай тыңдар­мандары да мол. Қынжылтатын жағы, қазір жеңіл әуенге құрылған әндер басып кетті. Жұртта соны көбірек тыңдауға бейім. Өкінішті­сі, кезінде Роза Рымбаева, Мақ­пал Жүнісова сияқты апаларымыз ай­та­тын терең мағыналы, сазды ән­дерді тыңдайтын халықты жо­ғал­тып алдық. Өзімізде тамыры те­рең­нен тартатын, мазмұнды ән айтып сахнаға шығайық десек, тыңдарманды жалықтырып ала­мыз ба деп қорқамыз. Енді халық­тың көңіл күйін жеңіл дүниеге бұрып жіберген өзіміз, әншілер ғой. Өкпені кімге айтасың?

– «Қазақ тілді әншілерді той асы­райды» деген ел ішінде сөз бар…
– Неге екені қайдам, осындай сұрақ жиі қойылады. «Тек тоймен күн көреді» деу артық болар. Иә, барамыз. «Бармаймыз» деп айта алмаспыз. Мынаған назар ауда­рыңызшы, бізде байлар, үлкен шенеуніктер де дүрілдетіп той жа­сап жатады. Олар бізді аттап өтіп, Ресейден, шетелден атақты ән­ші­лер­ді шақырып жатады. Ша­қыр­ған әнші қандай атақты бол­ға­нына қарамастан келеді. Әнін ай­тады. Сосын тиесілі ақшасын алады да кетеді. Көрдіңіз бе, қа­зақ әншілері ғана емес, атағы жа­һанға кеткен атақтылардың өз­дері де тойға келіп ән салып, нә­па­қа тауып жатыр.Талайын той-ду­манда кездестірдім. Көзім көрді. Олар былайша айтқанда, тойдан «нан» тауып жүр. Сондық­тан «тек қазақ әншілерінің күн­көрісі той ғана» деген пікірге қар­сымын. Ел болған соң той той­­­ла­­­май отырмайды. Ол тойда жақсы әндер айтылса дейді. Со­нан соң әншілерді шақырады. Ша­қырған жерге неге бармасқа?

– Сіз домбыраны да жақсы тар­тасыз. Құйқылжыта ән сала­сыз. Жалпы, сізге қайсысы жақын, қазақы қара домбыра ма, әлде эстрада ма?
– Соңғы кезде мен эстрадаға көбірек ден қойдым. Бәлкім, уа­қыттың талабы ма, әлде халықтың тыңдайтыны да сол болған соң ба? Жастардың көңілінен шық­қың келеді. Кезінде домбы­ра­­мен де айтып жүрдім. Бірақ бір бай­қағаным, ондай ән кештерге кө­біне жастары қырықтан асқан­дар келеді екен. Негізгі тыңдар­мандар да солар. Ал жастар жағы домбырадан гөрі эстрадамен айт­қан әндерге ден қояды. Сон­дай ән кештеріне барады. Сосын сәл де болса стильді өзгертуге тура келді. Бірақ бұған қарап домбы­ра­ны бір бұрышқа қаңтарып қою­ға болмас. Неге екені қайдам, жаныма домбырамен айтылатын дәстүрлі әндер жақын. Жеке кон­церт бергенде екі жағын бірдей алып жүруге тырысамын.

– Жаһандану деп жатырмыз. Ол үрдіс ән өнеріне де келді. Жал­пы, англо-африка-латындық жар­ты­лай жалаңаш билеп, тілдерін бұрап ән айту, өзіңіз айтып отырған дәстүрлі халық әндерін шаңға кө­міп кетпей ме? Өйткені қазіргі жас­тар сол Батыстың стиліне кө­ше бастады?
– Мен олай ойламаймын. Біз­де қалыптасқан дәстүрлі ән мек­тебі бар. Жастардан құралған бі­рер ән тобы Батыстың мақамымен би билеп, ән салды екен деп үр­ку­ге болмайды. Әрине, оларды да тү­сі­нуге болар. Олар жастар. Елік­тей­ді, солықтайды. Қалайда өздерін ерекше етіп көрсетіп, тыңдатқысы келеді. Жастарды баурап алуға тырысады. Бірақ қалыптасқан қазақы дәстүрді тәрк етіп, алысқа ұзай алмасын біледі. Бәрібір ай­налып өз үйірін табады ғой. Ға­сыр­дан-ғасырға үзілмей сабақта­сып келе жатқан дәстүрлі қазақ әндері шаң қауып елеусіз қалады дегенге қосыла қоймаймын. Қа­зақ барда халық әндері мәңгі жа­сай береді. Қазір керісінше, та­мы­рын бағзы заман­дардан тар­­та­тын халық әндерін, терме­лерін өңдеп, жаңартып, жаңа стиль­мен, сазбен айтатын ән топтары көбейді. Осының өзі-ақ халық әндерінің өміршең екен­дігін көрсетпей ме? Динаның да, Құрманғазының да, өзге де күйші­лердің күйлерін бір нотасын бұз­бай эстрадаға қосып ойнап шығу­ға болады. Күйлердің құ­дірет­тілігі сонда ғой.

– «Индираның табиғатында сахнаға керек нәрсенің бәрі бар: табиғи дарын, сырлы дауыс, сыр-сымбат, кескін-келбет, ой да, бой да… Сахналық образы сұлу, әдемі, оған қарап эстетикалық ләззат аласың. Тек… «Бір кем дүние» де­мекші, Индираға жетпейтін бір нәр­се – тәжірибе аз, жанкештілік жоқ. Талмай еңбектену жоқ. Бір ән айтып жарқ етеді де, жоқ болып кетеді. Арада бірталай уақыт өт­кен­де және бір ән айтады да, жоқ болады» деген пікірді жақында естіп едім. Сіздің уәжіңіз?
– Бұған келісемін. Тыңдарман қауым, әріптестерім де кейде осы тақылеттес әңгіме айтып қала­ды. Шынымды айтсам, мен дү­ние­нің, мансаптың артынан қу­ған адам емеспін. Бәлкім, менің бірде жарқ етіп шығып, артынша біраз уақыт сахнаға шықпай қа­луым отбасыма көбірек мән бер­геннен болуы мүмкін. Мен «бала өзі өсе береді ғой, көп мән беру керек емес» дейтін аналардың қа­тарынан емеспін. Өмірге әкелген соң, баламның біраз өсіп-жетіл­геніне дейін қасында болып, ана­лық мейірімімді бергім келеді. Мен үшін отбасы, бала-шаға бі­рін­ші орында тұр. Сосын барып өнер. Ертең ақыретке барғанда әйелден екі-ақ нәрсені сұрайды екен. Біріншісі – бала тәрбиесі, екіншісі – оқыған намазы. Ерте ме, кеш пе, бақиға сапар шегетіні­міз белгілі. Сонда маған осындай сұ­рақ қойылса, не деп жауап бе­ремін. Сондықтан ертеңнің қа­мын бүгін ойлау керек. Қазір дүниеге төртінші кішкентайымды әкелдім. Райана деп ат қойдық. Бір жағынан қазақтың көбеюіне, демографиясына да үлес қосып жатырмын.(Күлді). «Талмай ең­бек­тену жоқ» дегенге уәжім бар. Қолымнан келгенше тырбанып жатырмын. Сахнаға шығу немесе жақсы бейнебаян жасау бәрі еңбекке тіреліп қалмайды. Көп нәрсе қаржыға да байланысты. Бүгінгі деңгейіме жетуімнің өзі мен үшін үлкен еңбек. Құдайға шүкір, халық таныды. Әншілігімді мойындады. Бұл – жетістік.

– Намаз оқитын боларсыз?
– Иә.

– «Жас қайың» әні – Индира­ның «паспорты» деп жатады. Бірақ қашанғы солай екен деп жүре бере­сіз. Одан да мықтырақ ән қашан шырқайсыз?
– Не десем екен? Сырғақтатып мықты композитор, керемет мә­тін жазатын ақын жоқ қой деп айта салуға да болар еді. Жалпы, «Жас қайың» деңгейіне жететін менің репертуарымда ән жоқ. Болашақта да болмауы мүмкін-ау деп ойлап қаламын. Бір байқа­ға­ным, қазіргі керемет деген әндер­дің ғұмыры бірер жылдан аспай­ды. Ал мен «Жас қайыңды» 2003 жылы жаздырдым. Содан бері айтып келемін. Өте ғұмырлы ән. Қай жерде болмайын «Индира сол әніңді айтшы» деп жатады. Осының өзі айтқанымның дәлелі емес пе?

– Продюсеріңіз жоқ. Бәлкім, сондай бір білікті маман жаныңызда болса, танымалдылығыңыз бұдан да зор болар ма еді?
– Кез келген дүниені өз тал­ға­мыммен жасап үйренген жан­мын. Әнді де, мәтінді де, киімді де өзім таңдаймын. Кезінде Ер­мек Елгезековтың қолында бол­дым. Көп нәрсе үйрендім. Ысыл­дым, тәжірибе жинақтадым. «Егер продюсерсіз болмайды» де­ген қағида туындап жатса, онда менімен жұмыс істейтін адамға өте жеңіл болар еді. Өйткені бәрін өзім қолымнан келгенше реттеп қойғанмын. Оны алып кету қи­ын­дыққа соқпасы хақ. Бірақ мен соның бәрін біреуге бере салғым келмейді.

– «Асу» тобын құрдыңыз. Бі­рақ осы топ сізге кедергі келтірмесе, пайда әкелмейтін сияқты. Тек уа­қытыңызды жейтіндей. Олармен айналысып уақыт өткізгенше, же­ке әндеріңізбен жұмыс жасаған тиімді емес пе?
– Меніңше, жеке ән айта бер­геннен гөрі, ара-тұра өзгелермен де бірігіп, сахнаға шыққанның айы­бы жоқ шығар. Әу баста «Асу» тобы құрылғанда, алға қойған мақсаты­мыз болды. Біраз бірігіп ән шыр­қаймыз, уақыты келген соң әркім өз бетінше кетеді деген. Біраз бір­ге болдық. Қазір ол топ өз алдына жеке жұмыс жасауға көше баста­ды. Мұның бәрі қа­лып­ты жағдай. «Кедергі келтірді, уақытымды алды» деп айта ал­май­мын. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп жатады ғой, халқымыз. Сон­дай бір талантты жандардың қа­лыптасып кетуіне аз да болса көмегім тиіп жатса, жаман ба?

– «Асу» тобы деп айтып қалдық қой. Тiптi ол жобамен бiрлесiп, «Айт­шы, қалқатай» атты әнге дуэт жаздырдыңыздар. Сөйтсек, бұл ән Иранның әншiсi Араштiкi болып шығады. Ирандық әншi өз әнiнiң қазақ тiлiнде орындалып жүргенiне таңғалса керек. «Алдымен әндi тың­дау керек. Мүмкiн, бұл ұрлық емес шығар. Жай ғана сәйкестiк болуы да ғажап емес. Маған әншiнi тауып берiңiздер. Егер шынымен ән ұрланған болса, басқаша сөйлесуге тура келедi» деп, ирандық әншi сабырлылық танытыпты. Бұған не дейсіз?
– Қазір қырғыздың, өзбектің әндерін қазақшалап айтып, «жи­ен­дік» жасап жүргендер баршы­лық. Бірақ жұрт жаман қабылда­ған жоқ. Бізде сондай қадамға барға­ны­мыз рас. Жасыруға бол­мас. Араш айтатын әннің қайыр­масын ғана алдық. Ал қалған сөзі мен әні Ермек Елгезековтікі. Жаман бол­ған жоқ, ән хит атанды. Араштың өзіне шықпасақ та, оны­мен қосы­лып дуэт айтатын қызға ғаламтор арқылы шығып, әннің қайыр­масын пайдаланып жүр­генімізді жеткіздік. «Жақсы екен, мен Араш­қа тыңдатамын. Со­сын хабарласармыз» деген. Бірақ ха­бар болмады. Егер Араш қарсы болса, осы уақытқа дейін бір хабарын берер еді ғой.

– Танымалдылықтың жеке өмі­ріңізге кедергі келтірген тұстары болды ма?
– Ешуақытта мен көшеде бол­сын, басқа жерде болсын, «мен әншімін, Индира Расылхан деген мен боламын» деп көкірек керген емеспін. Қарапайым болғанға не жетсін. Шындығын айтайын, мен атақ-мансап деген дүниеге қы­зық­паймын. Бір мысал айтайын, кішкене қызымды босанар кезім­де перзентханаға бардым. Олар бірден дүрсе қоя берді. «Уақы­тында неге келмейсің, қайда жүрсің?» деген секілді. Үндемедім. Кінәлі адамдай олардың ұрысын естіп отыра бердім. «Анда барып қан тапсыр, мында барып тағы бір нәрсені тапсыр» десіп, біраз ұрысты. Айтқандарын орындап қайтып келсем, дәрігерлер: «сіз әнші Индира Расылхан екенсіз ғой. Бағанадан бері айтпайсыз ба. Біз танымай қалып, жер­ден алып, жерге салып жатыр­мыз» десіп өздері бір түрлі болып қал­ды. «Жоға, сіз жұмысыңызды жа­сап отырсыз. Не айтсаңыз да оңды. Мен қалай келе салып «бә­ленбай» деген әншімін деп ай­тамын» деп ақталып жатырмын. «Өте қара­пайым адам екенсіз» десті олар. Мұндай мысалдар көп. Танымал­дылықтың пайдасы тиіп те жата­тын жерлері болады. Бар­ған жерде танып, құрметтеп, сый­лап жата­ды.

– Кейде адам өзімен-өзі тілде­се­тін, сырласатын кездер болады. Сондай сәттерде қандай сауалды өзіңізге жиі қоясыз?
– Қалай десем екен? Осы сұ­рақ­қа жауап бермей-ақ қояйын­шы, а?

– Сіз ән тыңдайсыз ба? Кімді және қандай әнді?
– Соңғы кезде Сержан Әлидің діни әндерін жиі тыңдаймын. «За­ман», «Меломан» топтарының әндері көңілге жақын. Сондай-ақ тәжірибе жинақтау үшін шетел әншілерінің бейнебаяндарын көбірек қараймын десем артық айтпағаным. Солардың айтысына, өздерін ұстасына көбірек мән беремін. Үйренген артықтық ет­пейді ғой. Кейде оңаша қалған кездерде халық әндерін тыңдап, рахаттанып қаламын.

– Мақсатсыз адам болмайды. Алдағы күндерге іштей болса да жа­сап жүрген жобаңыз бар ма?
– Ақылшым анам ғой. Сол анашым жақында «Индира бір ән кешін өткізетін кез келді» деп қалды. Соңғы рет 2008 жылы өт­кізіппін. Содан бері жеке сахнаға шықпаппын. Расында, ел алдында әнші ретінде есеп беретін уақыт келген секілді. Бірақ шынымды айтсам, қалай болса солай өткізе салғым жоқ. Бір жаңалықпен, үлкен өзгеріспен келген дұрыс секілді. Жаңашылдық болмаса несіне өткіземін. Өзімше жеке ансамбль құрсам ба екен деген ой келіп жүр. Бірақ ол қалай болады, білмеймін. Енді «көз қорқақ, қол батыр» дейді ғой. Өзімнің ансам­блімді құрып, бір кеш өткізу міндет. Қазір көкейімде сол жүр. Тірі дауыспен ән айтқым келе­ді…

– Жолдасыңыз өнер адамы емес пе? Бір жағыңа шығысып жүр­ген де болар-ау…
– Жо-ға-а. Мүлде өнерге қа­тысы жоқ адам. Бірақ мені түсі­неді. Мамандығы – мұғалім.
– Әйел бақыты деген не?
– Мен үшін отбасымның аман­­дығы. Осы.
– Ертең үлкен мейрам. 8 нау­рыз. Қандай құттықтау айтасыз?
– Қыз-келіншектердің, анала­ры­мыздың жүзін мұң шалмасын. Әманда көздерінен көктем күнін­дей шуақ төгіліп тұрсын!

Сейсен ӨМІРБЕКҰЛЫ

http://www.aikyn.kz

Рубрика: