Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Әйгілі «Транссібір экспресі» фильміндегі сай-сүйегіңізді сырқыратып, жаныңызды әлемтапырақ күйге түсіретін:

Өмірге ерте туып асыға өскен,

Дүниеге адам қонақ түней көшкен.

Ер туып, ел қорғаған ата-баба,

Бұл күнде ізі жатыр, тозаңы өшкен…

 

– деп, ен даланы шарлап, дарқан дүниені дүбірлетіп өткен бабалар үнін құлағымызға әкелетін Шәкен Аймановтың орындауындағы «Жиырма бес» аталатын кең тынысты осы бір керемет ән есіңізде болар. Дауыс мүмкіндігі әлемді мойындатқан күміс көмей әнші, кәсіби музыка маманы емес, қарапайым актер орындаған бұл ән қай-қайсымыздың да жанымызға сондай жақын. Әуен астарынан ұлы даланың үнін естігендей рахаттанасыз, жүрегіңіз шымырлап, сөзбен айтып жеткізгісіз күйді бастан кешесіз. Себебі әнде тағдыр бар, әр сөзінде тапжылтпай тыңдатар сезім бар…

Бұл мысалды бекер келтіріп отырған жоқпыз. Жүректен шыққан әнді жүректерге жеткізу үшін тек алапат дауысқа иелік ету жеткіліксіз, музыка табиғаты кемел білім мен биік парасаттың иесі болуды да қажет етеді. Себебі әннің де өз тағдыры, өз міне­зі, өз бітімі болады. Соны діттеген деңге­йіне жеткізіп орындамау – ұлы өнерге жа­салған қиянаттың үлкені. Бір сөзбен айт­қанда, біз әдебиеттен жаттап өскен драм­матургия заңдылығы ән табиғатында да алдыңыздан кесе-көлденең шығады. Әде­би теория драматургияны әдебиеттің бір саласы деп негіздесе, демек, әнді де сол дра­малық шығарманың сығымдалған нұс­қасы деп қарауымыз керек. Әнде де дра­мадағы секілді оқиғаның басы, ша­рық­тау шегі, аяғы болады. Сол заңдылық­тарға ба­ғын­ғаны шынайы шығады. Дауыс менікі екен деп, қажетті-қажетсіз тұсында құр ай­қайға баса беретін өнерпазды әнші дей аламыз ба? Тегінде, құр айқай құлаққа ән де бола алмаса керек. Тіпті кейде Бір­жан, Ақан сынды тағдырлары күрделі тұл­ға­лардың жүрек қылын, ішкі жан дүние иі­рім­дерін беретін әнді тым көтеріңкі, же­ңіл-желпі орындайтын әншіні тыңдап, жан-жүрегіңіз қарсы айырылатын тұстар да аз кездеспейді. Осы орайда әйгілі әнші Жү­сіп­бек Елебековтің: «Әнді үйреніп айту ән­шілік емес, әнді зерделеп айту – әншілік», – дейтін сөзі еріксіз ойға оралады. Кез кел­ген әнші орындамақ әнін шағын қойылым­ға айналдыра алуы керек. Сонда ғана ән табиғаты толыққанды ашылып, тағдыры та­разыланып, сол заманның ахуалы тың­дар­манының көз алдында көлбеңдейді.

Еркін ШҮКІМАН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші:

– Ділімізге өркениеттік ынсаптың әб­ден орнығып алғандығынан болуы ке­рек, қанша айқайлап, бақырып, қан­ша дра­матургия жасап жатсақ та, әніміз­ден Бір­жан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай­лар өмір сүрген, қаймағы бұзылмаған қа­зақы дә­уір­дің иісі бәрібір аңқымайды. Әншіге сырт­қы жылтырлықтан бұрын, ең алдымен ішкі тереңдік қажет. Кітап, га­зет, шыққан мақалаларды жүйелі оқып тұрудың өзі-ақ интеллектіні өсі­реді. Әсіресе әншіге дра­матургияның заң­дылықтарын мең­герудің пайдасы зор. Жалпы, әншінің ин­теллекті әнді айт­қан алғашқы шума­ғынан-ақ бай­қалып тұрады. Сондықтан деңгейге абай болу керек. Қазіргі әнші­лердің көпшілігі әннің сөзіне мән бере бермейді. Терең­нен түйсініп айту жоқ. Әнді айту осы екен деп, бірінші кезекті дауысқа бере­міз. Яғни әнімізде айғай басым. Дауыс­тың зор болғанына айтар уәжіміз жоқ. Дегенмен әндегі мағына, драм­а­тургия дегенді ұмытпау керек. Егер ән­шінің бір бойында осы қасиеттің екеуі де қатар ұштасса, сапа әдеттегіден күш­ті­рек, қуа­ттырақ болады. Сондықтан әр әннің мінезіне, болмысына, бітіміне, та­биға­ты­на тереңнен ден қо­йып, сезініп айту қажет. Ән сонда жүрек­ке жетеді, тың­дау­шысын табады. Ән драматур­гиясы дегенде бізге осындай нәрселерді қа­перде ұстау керек. 

Бірде Жүсіпбек Елебеков туған жері, қасиетті Қарқаралы өңіріне демалысқа келеді. Жанында жерлесі әрі аға досы, сын­шысы Қалибек Қуанышбаев бар. Жол бойы талай әңгіменің тиегі ағытылып, не­бір сырлар шертіледі. Әуелеп ән де шыр­қа­лады. Кезек Мәдидің атақты «Қарқара­лы­сына» келгенде, Қалибек әнді үзіп жі­береді:

– Жүсіпбек, біздің айтып келе жатқаны­мыз Мәдидің зары, мұңы, еліне деген ел­жіреген жүрегінің сағынышы ғой. Ал сол Мәдидің қайраты, кегі қайда? Мәди бұлай мұңая бермес болар. Оның мұңынан қай­раты басым жан. Ендеше, бұл әннің аяғы әлі бітпеген. Сол жігерлі қайрат пен кек ара­ласқан қажырлы әннің жалғасын сен тап! – деп қолқа салыпты. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Елебекованың айтуынша, осы кезде Жүсіпбек әнші бір сәт Қаллекиден көз алмай қарап қалады. Бір сәт Мәдидің орнына өзін қойып, ән аяғын іздеп шарқ ұрады, қайталап айта береді. Әннің төрт шумағын айтып бітіреді де, енді аяққы қайырмасына келгенде ызалана кектенген күшті де қайратты дауысты қоса­ды. Дауыс ең жоғары сатысына жетіп, қайта төмендей бастайды. Бірақ жасық, қаймыққан үн емес, сол жігерлі, сол қа­жыр­лы қалпында мұқалмай келе жатады. Төмендеп келген ән дыбысы «Оу, Арқа­дағы» деп барып тыныс алады. Сонда көзі бақырайып, әншіге үнсіз таңдана қарап қалған Қаллеки: «Көптен іздеген, таба алмай жүргенімді таптым. Айналайын, Жүсекем, мұны енді ұмыта көрме, тағы қай­тала. Сенің мына тапқан қайырмаң Мәди­дің ғана өшпенділік кегі емес, сол заманның тар жол, тайғақ кешуінде қыс­пақта келген, үнін шығартпай, тірідей көм­гісі келетін баскесер, дүлей қара күштеріне кек шығар. Сол ыза, сол кек бүгінгі ұрпаққа да жалғасып, Мәди көрген зорлықты еш уақытта қайталатпасқа үндейтіндей. Кек­пен суарған алмас қылыштай жігерлі күш бар бұл қосқан әннің аяғында, – деп риза болған екен.

Қаллеки сынды әділ сыншы, бапкері бар Жүсіпбек Елебековтей әншілердің әнді жеткізудегі осындай ерекше ықтияттығы, ой тереңін ұғына алып, ән драматургиясы мен тағдырына үлкен ізденіс тұрғысынан келетін таным тереңдігі болса керек, Ал­тын қордан ара-тұра беріліп қалар осы ор­ындаудағы әннің қай-қайсысы да тыңдау­шысын бейжай қалдырмайтындығы, Бір­жан, Ақан, Мұхит, Мәдилердің серілік құр­ған заманын көз алдымызға айна-қа­те­сіз әкелетіндігі, сол дәуірді әнмен бірге сіз де кешіп жүргендей ерекше суреткерлік әсерге бөлейтіндігі. Демек, ән иірімі әншіге сұңғыла сезімталдықтан бөлек, актерлік шеберлік пен үлкен білім иесі болуды да талап етеді. Әйтпесе нотаны әркім-ақ ор­ын­дайды. Ал жан-жүрекпен, ән тағдырын сезініп, көңіл көзінен өткізіп айту, орындау ба­рысында әннің өзіне айнала алу – тек ән­шінің әншісінің ғана қолынан келсе керек.

Автор: Назерке РЫМБЕКҚЫЗЫ

 

http://alashainasy.kz/culture/40655/

Рубрика: