Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

аачсШығыс Қазақстан өңірінің тумасы Серік Мұхаметалин – 1986 жылы алаңға шығып, желтоқсанның ызғарына шыдаған жандардың бірі. Ол кезде нағыз жастықтың жалындап тұрған шағы 25 жаста ғана болған.

Қазір «Желтоқсан ақиқаты» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық төрағасы. Бүгінде сол қасіретті күндерді күрсіне еске алады.

– Бұл – әруақытта есімізден кет­пейтін оқиға. Желтоқсанның 16-сы күні кешкісін 5-6 досымызбен келе жатып, жиналып қалған жұртты көр­дік. Сол жылғы қыс сондай ыз­ғарлы, ерекше суық, Алматыда ондай қыс болмаған еді. «Не болды» деп сол жер­ге барсақ, «Қонаев атамыздың орнына Ресейден біз танымайтын Колбин деген біреуді алып келіпті» деп жатты жұрт. Біз ол кезде қызуқанды жастар­мыз ғой. «Жарайды, басқа ұлттан қоя берсін, бірақ Қазақстаннан бір орыс не қаза­ғымыз табылмады ма» деп, ашу-ызаға булықтық. Содан кейін студент­тер, жұмысшылар болсын, бә­рін осы алаңға алып келеміз деп ке­ліс­тік. Мен ол кезде Қазақстан Ком­пар­тиясы Орталық Комитетінің бас­­па­­ханасында жұмыс істейтінмін. Таңертең ерте жұ­мысқа келісімен кешегі уәде бойынша «Қонаев атамызды орнынан алып тастапты, алаңға барып ешқандай дау-дамайсыз, бейбіт түрде өзіміздің қар­сылығымызды білдірейік» деп айта бастадым. Бірақ осындай көтеріліс болып кетеді, арты қайғыға ұшырайды деп еш ойлаған жоқпыз,–дейді Серік Мұхаметалин. Алаңға шығуға бірі келіссе, енді біреулері тауып отырған нанынан, яғни жұмысынан айырылып қалуға қо­рыққан екен. Бірақ бойын патриот­тық сезім кернеген Серік жұ­мыс­шыларды цехтан сыртқа шығар­май, өтетін дәлізде қаптап тұрған Ерікті халық жасақтардан да өте шы­ғады. «Содан қазіргі Қонаев атамыздың көшесін бетке алып, алаңға қарай тарттым. Жасы да, кәрісі де бар, бар­лығы орталық алаңға лек-легімен ағылып жатыр. Бәріміз елге, Отанға қатысты «Атамекен» сияқты әндерді шырқадық, біреулері қолдарына плакаттар ұстады. Шынын айтқанда, тыңдап жатқан ешкім жоқ оны. Ол «жерде сен қай жерде оқисың, қайда жұмыс істейсің» деген бөліну болған жоқ, бәрінің көксегені атамызды ор­нына қайтару немесе өзімізден шыққан қазағымызды қойса екен деген арман болды. Содан «Құйғын операция» бастал­ды ғой. Ресейден әкелінген қол­дарын­да қалқаны, шоқпарлары (дубинка), қолдарында иттері, сапер күректері бар арнайы жасақтар қоршады. Адам деген одан әрі көбейіп кетті. Кешкісін өрт сөндіру көліктері де қаптай бастады. Бізге «кетіңдер, қайтыңдар» деп алаңнан қуа бастап еді, жиналған­дар, керісінше өре түрегелді» дейді ол. Алайда аға­мыздың алаңға шыққаны өзінің әріптестеріне кесірін тигізбей қоймапты. Цехтағы 13 қызды заң баптары бойынша жұмыстан шығарып жіберіпті. Кейін өзін де соттамақшы болады. «Қалай ғана түсіріп үлгірген­дерін білмеймін, қауіпсіздік комите­тінде біздің алаңға шыққандағы сурет­теріміз болды» деп таңғалады Серік ағамыз. Сол үшін оны әр жерге бір шақырып, тергеу жүр­гіз­генде расымен, сотталатын шығармын деп ойлайды. Бірақ профкомның жиналысы өтіп, оны соттамай, статья бойынша жұ­мыстан шығарып жібереді, пар­тиядан да қуылады. «Сотталмаға­ным үшін қуанып елге барсам, әке-шешемнің маған деген көңілдері қара қазандай болып отыр екен. «Алаңға шығып нең бар еді, пә­лелерің бауыр­ларыңа тиетін болды» деп қамықты. Расында, соларға кесірім тиген кездер болды. Кейін олар менен алшақтай бастады. Содан бір жыл бойы қолымда дипломым болса да жұмыссыз жүрдім. Барлық жерде еңбек кітапшаңды сұрайды. Статья бойынша шығарып тастаған соң еш жер алмады» деп күрсіне еске алады. Алаңға шыққан ер-жігітте­рі­міздің көбі қыздарымызды құтқарумен жүріп, оларды ешкім ти­мейтін тасалау жерге жасыра бастаған. «Қыз бала болған соң әлсіздеу ғой, қашқан кезде күллі адамдардың ара­сында құлап қалып, тапталып, жара­ланып жатты, артыңнан кеп сапер күрекпен ұрған­ның өзі неге тұрады?! Сөйтіп жүріп өзім де қатты жаралан­дым. Тамақ де­ген жоқ, күшіміз әлсіреу­де, шынын айтқанда, «зомби» болып қалғандай күй кештік. Сені тың­дамаған соң, сө­зіңді өткізе алма­ғаннан кейін адам ашу-ызаға беріледі екен. Қандаста­рыңды итке талатып, қарын­даста­рың­ның шашынан жұлып, теп­кілеп, қы­рып-жойып жатқанда, расы­мен, өңім бе, әлде түсім бе деп қаласың. Оның үс­тіне, қанталап жатқан дене­мізге қа­қаған аязда өрт сөндіру көлік­тері су шашты. Осы көтерілістің кесірі­нен қаншама жас қыз-жігіттеріміз қыр­шынынан қиылды, қаншамасы жараланды, кейін түрлі ауруларға ұшы­рап, қыздарымыз сәби сүю бақы­тынан айырылды» деп күйінеді желтоқсанның қасіретін еске алып. Алайда бүгін осы желтоқсан­дықтарды кейбірі мойындай бер­мейтіндігін айтып қынжылады. Қазір ағамыз жекешелендіріп алған бір бөлмелі жатақханада тұрады, бірақ айтуынша, ондайлардың қарасы көп екен. Онысын: «Үкі­меттен ешқашан көмек сұрап көрмеген адаммын» деп түсін­діреді. Оның қуанатыны, 2011 жылы қолына «қуғын-сүргін құрбаны болып табылады және ақталады» деген ақталу қағазын алғандығы. Дегенмен ол үшін ешқандай жәрдем берілмейтіні өкі­нішті. Енді «сол ақталды» деген қағаз бойынша 2014 жылдан бастап куәлік берілу тиіс екен. Негізі ондай куәлік 1994-1997 жылдары беріліпті, бірақ кейін доғартқан.

Нұрсұлу АЙБЕКҚЫЗЫ

http://www.aikyn.kz/articles/view/38279

Рубрика: