Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Мансұр ХАМИТ (фотолар)

Кеше Ақордада көктемнің алғашқы мейрамы – Халықаралық әйелдер мерекесі барынша сезілді. Бұл жерде Президент Н.Назарбаев еліміздің бір топ әйелдер қауымын қабылдап, бейресми тұрғыда жүздесті. Кездесу кезінде бүгінгі отбасы мен бала тәрбиесі, білім беру, жұмыспен қамту, әлеуметтік жүйе және тағы басқа мәселелер кеңінен қозғалды. Мемлекет басшысы қазақстандық әйелдердің қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті.

«Жаңа ғасырда қазақ қыздарының білім алып, жарқылдап жүрулері үшін барлық жағдайды жасап бердік. Бүгінде Қазақстандағы әйелдердің көлік жүр­гізіп, заманға сай жүріп-тұрып, сән­де­ну­ге қақысы да, мүмкіндігі де бар. Әйел ештеңе көрмеген, оқымаған, тоқымаған болса, балаға қандай тәрбие бере ала­ды», – деп сөзін сабақтаған Н.Назарбаев дінді жамылып, әйелдердің құқығын шектеп жатқан кейбір мемлекеттерді сынға алды. «Біздің ұстанымымыз ондай емес. Ұлы дала ұрпақтары әр уақытта анасын ардақтаған, әлпештеген, қыз­да­рын қадірлеген. Біздің салтымыз солай болуы керек. Сол дәстүрді лайықты жал­ғас­тырып, анаға, жарға, қызға деген қа­пы­сыз құрметті қайта орал­туымыз керек. Бұл барлық біздің қазақ­стандық аза­мат­тар­ға айтатын сөзім», – деді Президент.

Кездесу кезінде Президент бала тәрбиесі мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажеттігін жеткізді. «Қазір қарасаң, балалар планшетті ұстап, онымен күні бойы отыра алады. Әрине, олардың ақпараттық технологияларды мең­гер­гені жақсы. Алайда оның кері әсері да бар. Оны ұмытпау қажет. Қалай болса да, технология ананың тәрбиесін айыр­бас­тай алмайды. Балалар кітаптарды оқуы тиіс. Себебі «оқығандар ғана әлем­­ді басқарады» деген қағидат бар. Мәселен, өткен жылы Сингапур, Канада, Фин­лян­дия, Корея және АҚШ кітапты көп оқи­тын мемлекеттердің қатарынан көрінді. Міне, дәл сол елдер бүгінде өсіп-өркен­деп жатыр. Біз осы мәселеге ерекше көңіл бөлуіміз керек. Ал білімге деген құштарлық бала кезінде қалып­та­сады», – деді Н.Назарбаев. Осы орайда Прези­дент педагог мамандардың бүгінгі сабақ беру әдісін өзгерту керек деп санайды. Ұстаздар «қатып қалған» білімді беріп қана қоймай, шәкірттермен бірге ұш­та­луы тиіс. Балалар өздігімен ойлап, ше­шім қабылдауға үйренуі шарт. Н.Назар­баев білім берудің жинақтау жүйесін кеңінен қолдану қажеттігін жеткізді.

Мемлекет басшысы атап көрсет­кен­дей, еліміз Тәуелсіздік алғалы бері қазақ­тың саны 4 млн адамға өсті. Ондай демографиялық өсімге Қазақ­стан әйелдерінің қосқан үлесі зор екені белгілі. Мемлекет те аналарға барынша жағдай жасауға тырысып келеді. Соңғы жылдары дүниеге келген балаға берілетін бір реттік жөргекақы 5,5 есеге өсіп, бір жасқа дейінгі бала күтіміне төле­нетін жәрдемақы 3,5 есеге дейін артты. Сол қамқорлықтың арқасында табиғи өсім де жыл сайын еселеп келеді. 10 жылдың ішінде Қазақстанда 260 отбасында үшемдер дүниеге келсе, бес ана бірден төрт сәбиді дүниеге әкелді. Елбасымен кездесуге келген әйелдердің ішінде сондай аналардың бірі болды.

Назымгүл ҚУАНҒАН, көпбалалы ана:

– Осыдан үш жыл бұрын бірден төрт қызды дүниеге әкелдім. Бүгінде Нұрайша, Гүлайша, Жанайша және Биғай­ша есімді қыздарым өсіп келеді. Олар дүниеге келгенде, мен «төрт» деген санды жақсылыққа бала­дым. Қазақта «төрт құбыласы түгел», «төрт аяғын тең басқан», «төр­теу түгел болса, төбедегі келеді» деген сөздердің өзі төрттің төрелігін көрсетіп отыр. Төрт қызым дүниеге кел­генде Алматыдан үш бөлмелі пәтер берді. Сол үшін мемлекетке зор алғысымды білдіремін. Қазақтың саны көбейе берсін.

Н.Назарбаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстандағы әйелдер қауымының отандық экономика өсіміне қосып жатқан үлесі 40 пайызды құрап отыр. Олар білім беру, медицина, мәдениет сияқты салаларда ерен еңбек етіп келеді. Мемлекеттік басқару саласында қызмет етіп жатқандардың 55 пайызы – әйелдер. Олардың 260-сы – аудандық және ауылдық округтердің әкімдері. Депутаттық корпустың да 24 пайызы әйел азаматтардың үлесінде. Осының нәтижесінде жаһандық рейтингінің гендерлік теңдік мәселесі бойынша Қазақстан 135 елдің ішінен 31-орынға шықты. «Алайда әйелдер теңдігі мәселесін абсурдқа дейін жеткізудің қажет жоқ», – деп Елбасы бір әзілдеп қойды.

Азия ҚЫСТАУБАЕВА, Қызылорда облысы Сунақ ата ауылдық округінің әкімі:

– Мен өзім әкіммін әрі көпбалалы анамын. Бүгінде біздің ауылымыз күн санап көркейіп келеді. Соңғы бір-екі жылдың өзінде заман талабына сай екі мектеп үйі салынып, балабақша, мәдениет үйі, спорт алаңқайлары іске қосылды. Әрбір үйге су тартылды. Өзім әкім болғаныммен, үйде – әйелмін. Үйде жүрген кезде отағасына бағы­намын. Әрине, жолдасым да менің әкімдік қызметіме ара­ласпайды. Негізі, қазақтың әйелдері үйдегі билік пен түздегі билікті араластырмай жұмыс істей алады ғой. Биыл әкімдер сайлауы өтеді. Бұл іскер әйелдердің, ел басқара білетін беделді келіншектердің өзін-өзі көрсететін сәті деп білемін. Сондықтан сайлаудан кейін әкім әйелдердің саны көбейеді деген сенім бар. 

Биыл Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстан әйелдерінің 22 өкілі Ақордада болып, Президент Н.Назарбаевпен кездесуге мүмкіндік алды. Олардың ішінде Қазақстанның мәдениет қайраткері Қарақат Әбілдина, тележүргізуші Ақбота Асқарбекова, Сүлейман Демирель атындағы университеттің бірінші курс студенті Нәзифа Бақтыбаева, Президент жанындағы Әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова, «Ұлттық кардиохирургиялық ғылыми орталығы» АҚ басқарма төра­ға­сының орынбасары Махаббат Бекбосынова, «Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты» АҚ бас директоры Тұрсынгүл Ботабекова, Солтүстік Қазақстан облысы Еңбек орта мектебінің ұстазы Марина Венинг, әнші Алтынай Жорабаева, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова, «Тіл» журналының бас редакторы Нұргүл Қарағойшина, Қызылорда облысы Сунақ ата ауылдық округінің әкімі Азия Қыстаубаева, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсаходжаева, әртіс Қарлығаш Мұхамеджанова, «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаева, «Силла» ет өңдеу комбинатының директоры Анжелика Ни, Семей қаласының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімінің маманы Валентина Олешкевич, «Транс Азия Констракшн» ЖШС дәнекерлеушісі Ғазиза Рысқұлова, Лондон Олимпиадасының чемпионы Светлана Подобедова, әртіс Әлия Телебарисова, ҰҚК Шекара қызметінің «Оңтүстік» аймақтық басқармасының офицері Жанар Хамзина, көпбалалы аналар Самал Мақатова және Назымгүл Қуанған бар. «Сіздердің ұрпақ тәрбиесімен қатар, заманның барлық игілігін көріп, білім алып, біліктіліктеріңізді жетілдіріп, жарқылдап өмір сүрулеріңіз керек. Мемлекет те сол үшін қызмет істейді. 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні бір ғасырдан бері аталып келеді. Әр елде оны әрқалай қарсы алады. Алайда оның мағынасы бір. Біздің елімізде 8 миллионнан астам қыз-келіншек пен әйел бар. Мен олардың барлығын бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Бақыт, береке, отбасыларына тыныштық тілеймін», – деді Президент.

Кездесу соңында Елбасы көпбалалы ана Самал Мақатованың кеудесіне «Алтын алқа» тақты. Бүгінде 32 жастағы Самалдың жеті баласы бар. «Бүгінгі кездесуді пайдалана отырып, «Алтын алқаны» сізге өз қолыммен тапсырамын. Ал қалған «Алтын алқаларды» өз иелеріне жергілікті әкімдер мен министрлерге тапсыруды жүктеймін», – деді Президент.

 

Тотыдайын таранған Светаны Елбасы да танымай қалды

Ақордадағы кездесуге шашын бұйралап, тотыдай құлпырып келген Лондон Олимпиадасының чемпионы Светлана Подобедованы Елбасы танымай  қалды. «Дәнекерлеуші сөйледі, енді Светлана Николаевна Подобедова… , – деп дөңгелек үстелде отырған нәзікжандыларға қараған Елбасы таңданысын жасыра алмады. – О, бұл кім десем! Мүмкін емес… Бізге төртінші алтынды әкелген, қоссайыс бойынша 295 келі көтерген… Әлемдік рекорд! Жарайсың… осындай жеңістен кейін сен тіпті сұлусың!»

Елбасының жүрекжарды сөзінен кейін Света: «Мен осы жерге келіп, әр салада жұмыс істеп жатқан әйелдермен таныстым. Спорттан бөлек өмірдің бар екендігін түсіндім. Әртіс, әнші, дәрігер және іскер әйелдер де болады екен», – деп өзінің бүгінгі құлпыру сырын ашты.

Автор: Арман АСҚАР

http://alashainasy.kz/main/41023/

 

Рубрика: