Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Биыл қазақ халқының дүлдүл әншісі, тума дарын Қазақстандағы тұңғыш ұлттық театрдың негізін қалаушылардың бірі Әміре Қашаубайұлының туғанына 125 жыл толады.

Әміре 1888 жылы Семей облысы, Абыралы ауданына қарасты Дегелең тауының етегінде туған (қазіргі Қайнар селосы, Абай ауданы, ШҚО.) Әкесі Қашаубай кедей адам, анасы Тойған да қарапайым шаңырақтан шыққан, еңбекқорлығымен қоса әжептәуір әншілігі бар адам болған. Кедейшіліктің шекпенін Әміре бұғанасы қатпай жатып-ақ киеді. Семейде Исабек деген байдың жәмшігі, тері қоймасының күзетшісі болып күн көреді.

 

Құдай берген өнерінің арқасында 18 жасында ел арасында әнші атанып, Семей қаласында өтетін той-шілдеханаларға шақырылады. Оның ендігі арманы Арқа ән-күйінің Меккесі атанған Қоянды жәрмеңкесін көру болады. Ел ішіндегі той-томалақтан біраз ақылы табыс тауып, оларын үйіне беріп, Семейден сыртқа шыққысы келетіндігін ата-анасына айтады, қанша қиын болғанмен, мейірімді әке-шеше өнерлі ұлдарын маңдайынан қақпайды.

Әміре Исабек баймен есеп айырысып Қояндыға жол тартады. Бұл Әміре үшін ән әлеміне жасалған үлкен де игі сапар болатын. Өйткені, осы күнге дейін өзінің ғана білгенін айтып келген Әміре небір өнер саңлақтары, топтан озған ән иелеріне кездеседі. Жасы келіп қалса да әлі қунақ, күлдіргі қалпынан таймаған дүлдүл әнші, аты аңызға айналған Жаяу Мұсаны көреді, Семейде жүргенде оның «Ақ сисасын», «Гауһар қызын», «Хаулауын» айтып, сырттай шығармаларына тәнті болатын. Енді сол қарт әншінің өзін көру бақытына ие болып, алдында ән салып, ақын атасының батасын алады. Ол туралы:

«Жаяу Мұса да батасын берген құп алып,

«Үлкен бір даңқ алдыңда күтіп тұр анық.

Екінші Біржан сен болармысың», – деген-ді,

Ақынның кәрі жанары жасқа шыланып» – деп ақын Серік Тергеубекұлы жырға қосқан.

Әміре Кашаубай-2

 

Жас талапкер үшін бұл сапар рухани таптырмас олжа болды. Тап осы кезде нағыз бабында тұрған Үкілі Ыбырай, Шашубай, Мәди Бәпиұлы, Балабек Ержанұлы, Қали Байжановтарды естігенде Әміреге бұған дейінгі орындап жүрген әндері түкке тұрғысыздай болып көрінеді. Ән базары Әмірені қатты еліктіргені сонша, ол бұдан былайғы өмірін ән өнеріне арнауға бел байлап, ән репертуарын байытуға ден қояды. Он жасынан ән салып, Жаңа Семейдің қазақ-татарлары арасында «Ғалиябану», «Баламіскі», т.б. татар әндерін шырқап, «әнші бала» атанып, жасы он сегізге келгенше елден қарыс қадам аттап шықпаған бозбала Әміре үшін Қоянды ән әлемінің есігін ашуын былай қойғанда, басқа да дүниелік, өзі үшін өмірлік үлкен жаңалық болғаны рас. Әміре қоржынын әнге толтырып Семейге қайтады.

Енді бұрынғы жалшы Әміре емес, жақсы-жайсаңдардың қасында болып, ысылып, өмір көрген Әміре болып оралады. Ән десе ішкен асын жерге қоятын Семей халқы оны бұрынғыдан да құрметтеп, төбесіне көтереді. Оның үстіне бұл кезде Семейге келіп жатқан атақты Майра әншімен кездесіп, екі ән алыбы бірі домбырамен, бірі сырнайға қосылып Семейдің ән базарын бұрынғыдан да қыздыра түседі.
Әлқисса, әншіні ұлы еткен оның ең асыл қасиеттеріне тоқтала кетсек: көзкөргендердің айтуларына қарағанда, ең бастысы, Әміре қақ-соқпенен ісі жоқ, пендешіліктен ада, жаны жомарт, достыққа мәрт, адамшылығы аса зор азамат болған.
1924 жылы ақпан айында Семейде өткен әншілер байқауының қалай өткені туралы халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты (Қаллеки) Қалибек Қуанышбаев өз естелігінде былай деп жазыпты:
Қарқаралы, Өскемен, Павлодар, Баян бәрі бір облыс екен. Павлодардан – Майра, Семейден – Әміре, Қарқаралыдан – Қали Байжанов болды. Басқа әншілер жарысқа түсіп, кезектесіп ән орындағаннан кейін, топталып келе жатып, қарақшыға жақындағанда шұбатылып, біртіндеп шыға бастайтын бәйге аттарындай, аяғында Қали мен Әміре қалады. Бұлар баста әрқайсысы әртүрлі ән айтып, біресе домбырамен, біресе гармонмен сүйемелдеп, қыза-қыза екеуі сахнадан шықпай қояды. Әсіресе, екеуінің бір әнді кезектесіп қайталап орындауы керемет әсер береді. Қазақтың ескі әдеті қала ма, Қали айтқанда Қарағанды, Павлодар, баяндықтар қошеметтеп, Әміре ән айтқанда семейліктер шулап, айғайлап қостайды. «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» дегендей, комиссия мүшелері не істерлерін білмей дал болып отырғанда Қали: «Біріншіні Әміре алсын, өйткені, талабы зор, менен артық екені рас, аспанға өрлеп тұрғанда, беті қайтып қалады. Менің жасыма жеткенше өрлей берсін!», дейді.
Әміре: «Екі бәйгені қосып, бөліп берулеріңізді сұраймын», деген соң, комиссия екі бәйгені қосып, екеуіне қақ бөліп береді. Осы кішіпейілділігінен-ақ Әміренің қандай жаны таза азамат екендігін тануға болады. Осыдан кейін Әміре мен Қали есімдері бүкіл Қазақстанды шарлап кетеді.
Оның өнердегі тұңғыш ұстазы – Берікбол Көпенұлы Ағашаяқ (1861-1932) талантты, сан қырлы өнерпаз Семей облысы, Абай ауданы, Мұқыр ауылында туған. Ағашаяқ әншілік, күйшілік, ақындығының үстіне биші, мықты спортшы әрі күлдіргі болған. Екі аяғына бақан байлап жүру, шапқан аттың сауырында төбемен тұрып билеу, тұғырда отырып шалқалап аузымен жерден таяқ алу сияқты цирк ойындарын шебер орындаған.
Осындай халықтық өнер мектебінен сусындаған, тума дарын Әміре Алла берген әншілік шебер орындаушылық ерекшелігінің арқасында 1925 жылы сол уақыттағы астанамыз Қызылордада (Ақмешітте) кеңестердің V cъезіне, 1927 жылы Мәскеуде өткен Одақтық кеңестің IV съезіне делегат болып сайланып, делегаттарға арналған Үлкен Кремль залында концертке қатысады.
Кеңестер Одағының 15 республикасынан жиналған өкілдер Қазақ елі мен жерінде еркін өсіп, оның ән мәдениетін меңгерген Әміредей әншінің қайталанбас өнеріне қайран қалып, қошеметтеп қол соқты. Осы жолы оны Сәкен Сейфуллин атақты фольклоршы-этнограф А.В Затаевичпен таныс­тырады.
Әміре Затаевичтің болашақ «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинағына 11 ән жаздырады. Олар: «Жалғыз арша», «Үш дос», «Шұбар тау», «Ағашаяқ», «Маңмаңгер», «Смет», «Гауһар қыз», «Балқадиша», «Дудар-ай», «Бес қарагер», «Көк көбелек» әндері болатын. Аталмыш жинақтың түсініктемесінде Затаевич: «Кашаубаев обладает красивым, сильным, сочным голосом (тенор) при большом запасе дыхания. Чтобы охарактеризовать его как певца и музыканта лучше всего сопоставить его с двумя другими выдающимися каркаралинскими певцами Габбасом Айтбаевым и Кали Байжановым. В этом случае Кашаубаев занял бы первое место между ними обоими», деп өте жоғары бағалайды. («Қазақтың 500 әні мен күйі». Алматы, 1931ж. 55бет.)
Әміренің әнге деген талғампаздығы өте жоғары болғандығын көзкөргендер жыр қылып айтады. Семейде тамыз айында өтетін кезекті бір концерт алдында «Назқоңырды» шертіп отырған Әміре: «Әй, Иса, осы ән маған қатты ұнайды, тек сөзі тебірентпейді жанымды, сен бір әдемі қызға айтылатын сөздер жазып өзгертіп берші. Қазір халық әндерінің ескішіл, діншіл жерлерін өзгертіп айту керек деген сөз болып жүр ғой» дейді. Иса ақын екі сөзге келмей «Назқоңыр» әнінің жаңа нұсқасын жазып береді. Бұл ән Сегіз серінің 17 жасында Омбы қаласында оқып жүргенде Мүкәрама атты татардың сұлу қызына ғашық болып шығарған тырнақалды туындысы болатын, ән түпнұсқасында:
Көркем қыз шақырған соң жуықтайын,
Басқаны неге саған жуытайын.
Өзіңе ықыласым ауғаннан соң,
Қалайша Мүкәш сені ұмытайын. – деп басталады.
Иса оны:
Ай қабақ алтын кірпік қызыл ерін,
Кел десең неге аяйын аттың терін.
Сары ағаш сазға біткен секілденіп,
Қай жерде отыр екен бұраң белім, – деп асқан шеберлікпен, сары майдан қыл суырғандай етіп автордың мәтінімен жымдастырып жібереді. Сегіз серінің махаббат лирикасына арнаған әндерінің бірегейі, ән төресі – «Гауһартас» түпнұсқада:
Қарағым, қара көзім қайтейін мен,
Дертіме бір күн дауа боларсың сен.
Зейнетің Күләнданың раушанындай,
Бейхабар қалдым сәулем қасіретіңнен – деген мәтінді Иса ақын:
Ажарың ашық екен атқан таңдай,
Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай.
Анаңнан сені тапқан айналайын,
Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай, – деп көркемдейді. Сондай ақ, Естай ақынның «Қорлан» әніндегі:
Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын,
Құдайым қолға берген күн мен айын.
Мұратқа ізденген жан бәрі жеткен,
Дариға, жете алмадым не қылайын. – деген өлеңнің екінші жолындағы «құдай» сөзін, «табиғат» – деп өңдеп, ал «Қанапия» мен «Қалқа» әндерінің мәтіндерін бастан аяқ жаңадан жазып шыққандығын Исаның «хатшысы» Бісімілла Балабеков әнші растайды.
Осы әңгіме жайында қос ғасырдың куәсі, бұл күнде тоқсанның сегізіне келіп отырған сахна саңлағы, көнекөз Хабиба Елебекова әжеміз: «Адамның ойлау жүйесін, таным-түсінігін түбірімен өзгерткен мүгедек қоғамда басқаша болу мүмкін емес еді. Коммунистік кеңестік идеологияға томпақ келген сөзі құрбандыққа шалынса да әуенді сақтап қалу мақсатымен сұңғыла адамдар мәтінін қайта жазып, халықтың рухани қажетін өтеуге жаратты. Жаяу Мұса өзінің жары дүниеден өткенде шығарған «Сапар» әнінде:
«Әптиек басы Ясин-ды,
Қайғыға-қайғы қосылды.
Артыңда қалған қос ботаң,
«Апалап» кімге асылды, – деген өлеңін­дегі «Ясин» – Құран сөзі ғой. Сондықтан оны діншілдікті уағыздайды деп бұрмалап жіберген. Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық» деген өлеңі түпнұсқада: «Бір Аллаға сыйынып» деп басталған. Сол секілді Сейітжан салдың «Қанатталды» әнінің төл сөзі басқаша болатын:
Тау қалғып, тамылжыған шілде күні,
Ызыңдап шыбын-шіркей шықпайды үні.
Жалғыз ақ сорғалаған бұлбұл күйі,
Дауыстан естілгенде өмір жыры – деген шумақтағы «шыбын-шіркей» тіркесі үстем тап өкілдерінің кедейлер мен жалшыларға қаратып айтқан сөзі деп сыналған-ды. Қазіргі айтылып жүрген: «Гүл бақша көңілді бір әсем әнді», деп басталатын әннің сөзін Қанабек Байсейітов жазды. Ол көп әндердің сөзін тыңнан шығарды. «Смет» және басқа да халық әндерінің сөзін өзгерткен Иса Байзақов. Біраз әннің мәтінін Мақсұтбек Майшекин жазды.
Мұның бәрі аталған адамдардың өздеріне дейінгіні құртып-жою мақсатынан емес, халық мұрасының тым құрыса қаңқасын сақтап қалмақ болған ізгі ниеттерінен туған әрекет еді», – дейді
Әміренің ерекше бір қыры оның құйма құлақтығы, еске сақтау қабілетінің (жадының) мықтылығы. Иса өзгертіп берген өлең жолдарымен «Назқоңырды» сол күнгі концертте бір мүдірмей орындап шығуы осының дәлелі.
Әміренің сахнадағы актерлік шеберлігі туралы көп айтыла бермейді. Бұл тұрғыда тұшымды пікірді сахналас серігі Қазақстанның халық әртісі Серке Қожамқұлов білдірген еді: «Мен Әміре әншіліктің ақыны да, әртісі де дер едім. Ән әуенін соншама сергек сезініп, терең түсінуіне, ой көкірегінде қорытып алған өзіндік әсерін сұлу да асқақ дауысымен жан жүрекке жеткізуіне оның актерлігі де керемет көмектесетін. Әміре – сирек талант, таңданарлық қабілет иесі. Қара танымаса да өзі ойнайтын рөлдердің сөзін біреу үш-төрт рет оқып берсе болды, жаттап ала қоятын. Тыңдап-тыңдап отырады да, бір кезде «бопты» дейді. Сенбей сұрай қалсаңыз, кез келген жерден зулатып тұрады. Әміре Қазақ театрының тұңғыш актері, «Еңлік – Кебекте» қойшы Жапалдың рөлін қалай ойнағанын оны сол кезде көрген адамдар әлі күнге аузынан тастамайды. «Бәйбіше-тоқалдағы» – қойшы, «Айман-Шолпандағы» – ақын, Д.Фурмановтың «Бүлігіндегі» – шайхана қожасы, «Зарлықтағы» – шал, М.Тригердің «Сүңгуір қайығындағы» – қарт секілді рөлдерді сомдауы – арнаулы сөз етуге тұратын күрделі образдар. Ол сахнада жасанды қимыл-қозғалыссыз, қандай образ болса да, шын жүректен, нанымды, қарапайым етіп көрсететін».
Әміренің өнер әлемінде дәуірлеуі 1925 жылы Франция астанасы Парижде болатын фольклорлық концертке қатысу үшін одақтас республикалардың өнерпаздарымен бірге Мәскеудің Үлкен театрында ән шырқауынан басталды десек қателеспейміз. Бұл жөнінде «Правда» газеті 1925 жылғы 26 июнь күнгі санында: «Керемет концерт! Концерттік маусымның «шыңы» болды. Керек болса – башқұрттың қурайшысы Исенбаев, қазақтың әншісі Әміре Қашаубаев, өзбек бишісі әрі әншісі Тамара ханум, армянның аспап триосы Сукиясов, Харибекишвили және Кахуров шын мәніндегі одақтық республикалардың «халық әртістері» – деп жазды. Кеңес елінің өнерпаздары Париждің залдарында 11 концерт береді. Олардың өнерлері мұндай фольклорлық концертті бұрын-соңды тыңдамаған Париж халқына қатты ұнайды.
Бір кезде Ертістің ерке толқынында тербетіліп ән шырқаған Әміренің енді Сена өзенінің сылдырап аққан сыңғырына сиқырлы үнін қосуы осылай талайларды тамсандырды. Француздың белгілі музыка зерттеуші ғалымы «Лемюзикаль» журналында Әміренің сирек кездесетін музыкалық құбылыс екенін атап көрсетті. Сорбонна университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауында қазақтың бірнеше әндерін жазып алды. Француздың әйгілі жазушысы Ромен Роллан келіп Әмірені құттықтап оған ән салғызады. Қазақ әніне әбден тәнті болған жазушы: «Мен шығыс халқының әншіні неге бұлбұлға теңейтініне енді көзім жетті», деп жазды.
Әміре Парижден Москваға келіп, одан туған қаласы Семейге жетеді. Бұл уақытта Одақтың Қазақстаннан басқа республикалары өздерінен шығып, бұл дүбірлі додаға қатысып қайтқан өнерпаздарына мемлекеттік атақтарын беріп жатқан болатын…
Ал Әміреге ондай атақ бұйырмады. Ол күзге қарай Қызылордаға келіп, сол кездегі Қазақстанның астанасында ашылғалы жатқан театр труппасына кіреді. Өйткені, 1925 жылдың қазан айында «Еңбекші қазақ» газетінде мемлекетіміздің жаңа астанасы Қызылордада театр құру мақсатында Оқу комиссариатының Семейден – Әмірені, Павлодардан – Майраны, Қостанайдан – Серкені, Орынбордан – Елубайды, Ташкенттен – Құрманбекті, Қарқаралыдан – Қалибекті шақыратыны туралы хабар жарияланған болатын. Сөйтіп, келесі 1926 жылы қаңтардың 13 күні Мұхтар Әуезовтің «Еңлік–Кебек» пьесасымен қазақ тарихында бірінші рет кәсіби театр шымылдығы ашылыпты. Әміре қойшы Жапалдың рөлін ойнайды.
1927 жылы сәуір айында Әміре тағы Москваға шақырылады. Бұл жолы да Советтер съезінде концертке шығып, үлкен табысқа ие болады. Сол жылдың жазында Әміре Германияның Майндағы Франкфурт қаласында болатын Дүниежүзілік музыкалық көрмеге жіберіледі. Шілденің 22-і мен 31-і аралығында өткен орыс музыка апталығында Франкфурттың Үлкен театрында 9 концерт береді.
Өкінішке қарай, бұл сапардың аяғы саясаттан бейхабар, сауатсыз Әміреге пәле болып жабысты. Ақкөңіл әнші Мұстафа Шоқаймен кездеседі. Ақыры не керек, аңқылдақ Әміре 1934 жылдың 6 желтоқсанында жұмбақ жағдайда көз жұмды.
Дегенмен, атақты әншінің өзі өлгенмен өнері өшкен жоқ. Соның бір айғағы – әншінің туғанына 125 жыл толуына орай Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті мамыр айының 2-5 жұлдызы аралығында ІХ Республикалық Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі әншілер байқауын өткізгелі отыр. Бұл өнер додасы жылдағыдай Астанада емес, әншінің туған өлкесінде, Өскемен қаласында өткізілмек.
Серік ОСПАН,
Қазақстанның еңбек
сіңірген әртісі

Егемен Қазақстан

Рубрика: