Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

736a48b3d79d9e6af98adb667b4434e1Жеті ұл, екі қыз өсіріп, бүгінде немере-шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп отырған алтын құрсақты «Батыр Ана», «Алтын алқа» иегері Жаңыл Саражанқызы 80 жасқа толып отыр. 

Ағам Итемен – әділеттілікті жақсы көретін, өтірік айтуды білмейтін, ұрлық-қорлық жасаудан аулақ жүретін,  ешкімнің «ала жібін» аттамайтын, бір сөзді, Қажымұқандай мықты, нағыз қазақтың мәрт жігіті еді. Жаңыл жеңгем де ағама сай, үлкен жүректі, мейірбан, жарына адал, ағайын-туыстарға бауырмал, Нұрекеш  әулетінің үлгілі келіні болды. Ұл-қыздарын жақсы тәрбиелеп өсірді. Олардың жоғары білім алып, жақсы аза­мат болуына жағдай жасап, қолдарынан келгенінше аянбады. Қазір балаларының алды  ата-әже атанып отыр. Ата-ана үшін балаларының өсіп-өнгенінен артық бақыт бар ма? «Тәрбие отбасынан бас­талады» деп халық даналығы бекер айтылмаған. Саналы да білімді ұрпақ тәрбиелеу – әрбір ата-ананың мерейлі міндеті, парасатты парызы. Осы орайда айтсақ, марқұм Итемен мен жеңгем Жаңыл талайдан озды.  Ұлдарының барлығы үйленген, қыздары Алмагүл мен Айбарша да тұрмыс құрған. Еліне адал қызмет етіп жүрген олардың барлығы – бүгінде  білімді, білікті мамандар.  Жа­ңылдың немерелері де, алды жоғары оқу орындарын бітіріп, магистрант, док­торант атанып, абыройлы қызмет етіп жатыр. Қазір тоғыз балалы, алтын құр­сақты Жаңылдың омырауында «Алтын алқа» жарқырап тұр, «Батыр Ана».
Бүгінде әулеттің, біздің мақта­ны­шымызға айналған Жаңыл 80 жасқа толып, немере-шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп отыр.

«Ата – бәйтерек, бала – жапырақ»
Жаңыл әжей қарапайым отбасынан шыққан. Бір айта кетерлігі, оның әке-шешесі – қыздарының тәрбиесіне айрық­ша мән берген кісілер. «Жақсылық еккен, алғыс орады» демекші, Жаңылдай қыз өсірген Саражанға үлкендер жағы ри­зашылықтарын білдіріп жатушы еді. Жаңыл – бала күнінен ибалы, инабатты тәрбиесімен, табиғатынан ақжарқын, ақкөңіл мінезімен және көркі мен ақылының үйлесім тапқандығымен ауыл -аймақтың көз қуанышына айнала білген жан.  Қазақ дана халық қой, әрбір сөзінің астарында терең мағына жатады. «Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол» де­мекші, Жаңылды үлгі тұтқандар аз болған жоқ. Жас Итеменнің әкесі Нұрекеш ақсақалдың Жаңылды көріп, «мына қыз нағыз келін болуға лайық бала» деп бірден кесіп айтуы тектен-тек емес. Оның үстіне Нұрекеш ақсақалдың адам тани білетін қасиеті тағы бар. Итеменнің әкесі Нұрекештің мұнысынан даналықты тануға болады. «Ерлі-зайыпты тату болса, шырағы жанар» деп, отбасы құндылығын асқақтатқан ата-бабаларымыз ұрпақтың тектілігіне ерекше мән берген. Ықылым заманнан шаңырақтың шаттығы мен ырысын асырған сыйластыққа толы жұбайлық өмірдің баянды ғұмыры ел назарынан тыс қалмаған.
Әкесінің қателеспейтінін білсе де, Итемен болашақ жарын бір көруге құмартады. Көреді, танысады, ұнатады. Келін түскен күні Нұрекеш шаңырағының шапағаты бұрынғыдан да артып, берекесі беки түседі.
Өткен ғасырдың елуінші жылдары отау тіккен Итемен мен Жаңылдың отбасында тоғыз бала дүниеге келгенін жоғарыда атап өткенбіз. Есімдері: Қойшыбай, Аралбай, Мақпалбай, Мергенбай, Алтынгүл, Айбарша, Бауыржан, Ержан, Ерлан. Тағдырға шара бар ма? Қойшыбай бүгінде өмірде жоқ. Артына үш ұл қалдырған Қойшыбайдың өзі жоқ болса да, ауылдастары әлі күнге дейін айрықша құрмет тұтады. Сан мыңдаған тұрғыны бар ауыл-аймақ пен ағайынның биік шарапатына ие болу анау айтқандай, оңай шаруа емес. Құрметті тірі күніңде сатып ала алатын шығарсың, ал мына жарық дүниеде жоқ болғаныңа қарамастан, жұрт сені тек еске алып қана қоймай, қадір тұтса, бұл – үлкен абырой. Қойшыбай – сондай азамат! Бүкіл еңбек ғұмырын жүргізушілікке арнаған ол  жоғары білім алмаса да, өзінің көп оқып, көп тоқығанының арқасында сауатты болды. Жастайынан рульге отырып, ол бақилық болғанша жұмысын ауыс­тырмады. Ол оның жауапкершілігінің, тұрақтылығының белгісі болса керек. Ол жайында ауылда мынандай аңыз тарап кеткен екен: «Қанша әкімі ауысса да, шоферi ауыспаған аудан». Қойшыбай Итеменұлы қайтыс болғанда, оны жерлейтін күні көңіл айтуға бұрындары жұмыс істеп кеткен әкімдердің барлығы келіпті.
Екінші ұлы – Аралбай. Көлдеев Аралбай Итеменұлы ветеринария ғы­лымының кандидаты, доцент. Бүгінгі күні Ұлттық аграрлық университетінде мал­дәрігерлік-медицина факультетінің деканы. Бар еңбек жолын отандық ве­теринария саласын дамытуға арнап жүрген Аралбай Итеменұлының еліміздің ғылымын өркендетуге қосып отырған үлесі орасан. Үйленген. Жұбайы екеуі бір ұл, бір қыз өсіріп, тәрбиелеген.
Мақпалбай Итеменұлы қазір Қы­зылорда қаласы, Арал ауданында тұрады. Жергілікті әкімшіліктің қаржы бөлімінің бастығы Мақпалбай Көлдеев те отбасылы. Төрт баланың әкесі.
Одан кейінгі ұлдары Мергенбайдың үш баласы бар. Жұбайы екеуі бүгінгі күні Байқоңырда тұрады. Мергенбей еңбек жолын зертхана ісіне арнаған. Қазір өз мамандығы бойынша жұмыс істеуде,  яғни зертхана меңгерушісі.
Мергенбайдан кейін өмірге Алтынгүл есімді қыз келеді. Алтынгүл тұрмыста. Шығыс Қазақстан облысында беделді  дәрігер болып жұмыс істейді. «Ақ халатты абзал жан» атанған Алтынгүл екі баланың анасы.
Итемен мен Жаңылдың отбасындағы бұл жалғыз қыз емес. Алла тағала өзі Алтынгүлге серік болсын деді ме екен, көп ұзамай өмірге Айбарша келеді. Айбаршаның мамандығы – ұстаз. Екі баласы бар. Ұйып отырған отбасы  Байқоңырда тұрады.
Отбасындағы бесінші ұл – Бауыржан. Бауыржан Итеменұлы Қызылорда облысы, Арал ауданында, бүгінгі тілмен айтқанда, бизнесмен. Жұрт оны іскер жігіт деп бағаласа, ол – еңбегінің жемісі. Екі баланың әкесі.
Ержан Итеменұлы әке-шешесінің «үздігі» атанған алтыншы ұл. «Үздігіміз» дейтін себептері, Ержан бала күнінен зерек болып өсті. Білімге құштар ол қазір білікті маман. Нақтырақ айтсақ,  Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техни­калық университетінің проректоры, академик, техника ғылымының канди­даты, доцент. Жас та болса, бас болып жүрген Ержан Итеменұлының аз уақытта қол жеткізген жетістіктері өз алдына үлкен әңгіме. Ол да үйленген. Жұбайы екеуі өмірге үш бала әкеп, тәрбиелеп отыр. Кенжелері – Ерлан…

Тағдырға шара бар ма?!
Белгілі бір психолог айтқан екен, «адамзат баласы бар қайғы-қасіретті көтере алады. Тек баласының қазасын емес». Тас емшегін жібіткен тұңғышы мен сүт кенжесінің қазалары аналары Жа­ңылға қатты ауыр тиді. Арада жылдар өтіп жатса да ұлдарына деген сағыныш арта берді. Кейде «Итеменнің осы қайғыны көрмегені дұрыс та шығар? Әй, әйтпесе жүрегі шыдамас. Ал әйелдің қырық жаны бар ғой» деп ойлайды іштей. Алайда қаншалықты берік болуға тырысса да, кейде көз жасына ерік беріп қояды.
Негізі, Итемен мен Жаңыл үлкендері Қойшыбайды ата-әжесінің тәрбиесіне береді. Содан бастап Қойшыбай әке-шешесінің аттарын атап, кемпір-шалдың баласы атанған-тұғын. Қанша жерден кемпір-шалдың баласы болса да, ата-анасына бүйрегі бұрып тұратыны бар емес пе баланың, о дүниеге аттанарда «бір ана­шым дей алмадым ғой» деп үзіліп кетіпті. Сол кезде ұлына деген бар аналық сезімін іште тізгіндеп жүрген байғұс ана да «ұлым» деп еңіреген көрінеді. Кенже ұлының қазасы анаға тіптен ауыр тиді. Үйленіп, артына ұрпақ қалдырып та үлгермеген Ерлан жайлы анасы көп айтқысы келмейді. Өйткені бұл – ана үшін орны толмас қаза. Бар қайғы-мұңы іште жатыр. Іште жатқан запыранды сыртқа шығарып, ешкімнің көңіл күйін түсіргісі келмейтін сыңайлы.
Жаңыл әжейдің жанына қатты батып жүрген тағы бір өкініші – өмірдегі серігі, адал жары, арқа сүйер азаматы Итеменнің бақилық болғаны. Жаңыл әжейдің жары Итемен 1983 жылы, үлкені Қойшыбай 2005 жылы, кенже ұлы Ерлан 2008 жылы қайтыс болды.

Аралбай Итеменұлы:
«Мың малың болғанша, бір балаң ғалым болсын» деуші еді әкем
– «Сексеннің сеңгірі» деп, Құдайдың ілуде бір сүйген құлы ғана жететін құзар шыңды айтамыз» дейді біреулер. «Етегіне табанымыз тисе» екен деп армандайды біреулер. Біз де «Анамыз ұзақ жасаса» екен деп тілейміз Жаратқаннан! Хал­қымыздың мақтанышы Шерхан Мұртаза «бір кем дүние» демекші, әкемнің дүние­ден ерте кеткені жаныма батады. Анам көріп жатқан қызықты әкем көрмеді. Қазір анамның мерейтойы болып жатқанда, қасында асқар таудай әкем отырса ғой деймін.
Әке-шешеміздің барлық балаларына айтқан ортақ ақылы «білім алыңдар» деуші еді. «Білімсіз күндерің қараң» дейтін. Өздері де оған көп күш салды. Соның нәтижесінде барлық балалары жоғары білім алып, қазір соның жемісін көруде. Ата-анамның тәрбиесінің негізі осы адалдық болды. «Қулық-сұмдық, ұрлық-өтіріктен аулақ жүріңдер, адал болыңдар» деуден жалыққан емес. Маған олар «Қойшыбай енді ата-әжесінің баласы. Ондай болса, үйдің тұңғышы сенсің. Қалғандары саған қарап өсетін болады. Сенің шалыс басқаның оларға дұрыс өнеге болмайды» деуші еді үнемі. Сол сөзді іні-қарындастырым  әрқайсысы аяқтанып кеткенше жадымда ұстадым. Енді қазір осындай білімді, еліне адал еңбек  етіп жүрген  ізбасарларымның бары – маған үлкен мәртебе!

Теңізбай Үсенбай, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, шежіреші, Алматы облысы

http://www.aikyn.kz/articles/view/26568

 

 

Рубрика: