Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Кеше, бейсенбінің кешінде Алматы жастары Арбат жаққа қарай ағылды. Өйткені онда оларды таза қазақи орта күтті. Нағыз қазақ – домыбыраның құлағында ойнайтындар мен өнерсүйер жастар жиналған «Домбыра Пати» жоғары деңгейде өтті деуге әбден болады. Еліміздің әр облысында ұйымдастырылып жатқан бұл шараны алматылықтар алғаш рет өткізіп тұрған жоқ. Осыған дейін де домбырасын иығына іліп, шаһарды әнмен тербеген өнерлі жастар бірнеше рет бас қосқан болатын. Бұл кеш – соның жалғасы. Кешкі сағат 19.00-ден кешігіп барған біздерді Нұрлан Жанай, Данияр Жаныс, Назгүл Қожабекова, Ая Өміртай сынды фейсбук белсенділері күтіп алды. Атышулы шараға алғаш жиналған жастарды суретке түсіріп алдық.

Ән қуып келген жастар адасып қалмай, ортасын оңай тапсын деген оймен Данияр Жаныс дәл ортада домбырамен ерекшеленіп тұрды.

Көпшілік жиналғанша домбыра шертіп отырған Назгүл Қожабекова өткен-кеткеннің құлағына жағып, көңілін оятатын ән бастады.

Одан соң, домбыраны ҚазҰУ-дың студенттерін жанына ертіп келген, жас айтыскер ақын Манас Қайыртайұлы алды.

Артынша думанды топқа Марфуға Шапиян құрбыларымен келіп қосылды.

Орта толып, көпшілік көбейген шақта Назгүл бұл жиылыстың мәнін түсіндіріп, шараның шымылдығын ашты.

Фотографтар қатарын көбейткен Елдар Құдайбергенов кештің тамаша сәттерін кадрдан тыс қалдырған жоқ.

Арбатта қайнаған өнер ортасына біз де еніп, көптен күткен көңілді жиынды бастап кеттік. Даладан сахна сайлап, Манасты ортаға шығардық.

Домбыра Патиден Ербол Алиасқарұлы онлайн-трансляция жасады.

Кезек — қонақкәдеде…

Жастардың жалынды үндері көпті шақырып, ортамыз кішкентай көрермендермен толды.

Жастар Арбатты әнге бөлеп, Шәмшінің әндерінен қайырып отырды.

Сұлудың да қарай-қарай сәні кетер, 

Сағыздың да шайнай-шайнай дәмі кетер.

Бұл жерде Манас өлең айта берсе, 

Көрерменнің бірі қалмай, бәрі кетер.

Сондықтан да жырымды аяқтайын, 

Айта берсем, сөзімнің мәні кетер, — деп кешті қорытындылады Манас Қайыртайұлы.

Кеш соңына тақаған тұста жастар бір-бірімен қоштаспады, жай ғана «Келесі кездескенше!» деп тарасты. Өйткені «Домбыра Пати» мұнан кейін де жалғасын табатын болады.

Келесі бейсенбі, яғни 9 мамыр күні Арбатта кездескенше, достар!

Дайындаған және суреттерді түсірген: Ақерке Әбілхан

http://massaget.kz/

Рубрика: