Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

b97544e68d13dcd67727a7fad299660fАлматы секілді алып мегаполис жұмыс іздеушілерді өзіне магнитше тартады. Қазіргі таңда қаланың тіркелген тұрғындары 1,5 миллион болса, тіркелмей жүрген халықтың санын ешкім дөп басып айта алмайды.
Кейбір де­ректер қала аумағында 500 мыңға жуық тіркелмеген азаматтар бар дегенге саяды. Сондықтан миграция мәселесі, көші қон салдарынан туындайтын әлеуметтік, қоғамдық саяси мәселелер бүгінде өткір тұр.

Осы мәселелер Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен өткен дөңгелек үстелде тал­қыланды. Алып шаһардың ішкі және сыртқы көші-қонында түйіні тарқамаған түйткілдер өте көп. То­қырау жылдары ауылдан қалаға ағыл­ған қазақтың «көші» әлі күнге жал­ғасып келеді. Сол кезде бақылаусыз кеткен көші-қон қайғылы жағдайға да әкеп соғып, салдары бүгіндері ғана жойылып жатыр. Қаланың айнала­сын­дағы жерлерді басып алып, ауыл бол­ған жұрттың жер дауы Алатау ау­даны құрылғалы ғана шешіле бастады. Сондықтан ішкі саясат басқармасы басшысының қызметін атқарушы Айдар Есенбек өткеннен сабақ алып, алдын алу шараларын қолға алу қажеттігін тілге тиек етті.
– Заңсыз миграция жұмыс нары­ғындағы жағдайды шиеленістіріп қана қоймай, қылмыстың өршуіне себепкер болып тұр. Қаладағы қыл­мыстың жартысына жуығын жақын шетелдерден келген азаматтар жа­сайды. Одан бөлек, діни экстре­мизм­нің де қанатын кеңге жаюына заңсыз жүрген азаматтар ықпал етеді. Мұның барлығы айналып келіп қаладағы қо­ғамдық-саяси жағдайдың шиелені­суіне әкеп соғады, – дейді Айдар Рахымжанұлы.
Расында, қаланың қара базарында қытай мен қырғыз, құрылысында өзбек толып жүр. ІІД көші-қош поли­циясы бастығының орынбасары Ер­жан Алтаев қолданыстағы заңды қа­тайтып, ресми тіркеусіз жүру мерзімін қыс­қарту қажеттігін айтады. Кедендік одақ құрамындағы ел азаматтарын бір жылда – 80 күн, ал ТМД құрамындағы басқа мемлекет азаматтары – 60 күн ғана жүре алатындай шектеу керек. Бұл шетелдіктердің Қазақстанда ұзақ жүруінің алдын алады.
–Бір жылда қанша уақыт жүре алатыны жайлы заңда көрсетілмеуінің кесірі шетелдіктердің ресми тіркеусіз жүру уақыты біткен күні елден шы­ғып, ертесі күні қайта оралуына әкеп соғуда. Нәтижесінде Алматыда заң­ның шеңберінен шықпай жыл бойы жұмыс істеу үшін Ресей мен Беларусь азаматтарына жылына 2 рет, ал басқа ТМД елдерінің азаматтарына 6 рет жақын арадағы кеден пунктіне жетсе, жеткілікті болып тұр. Мәселен, қол­даныстағы заң бойынша, қырғыздарға ел ішінде 90 күн тіркеусіз жүруге рұқсат етілген. Ал олар 90 күн біткен соң, Қордайдан өтіп Қырғызстанға барады да, 1 сағат өтер-өтпестен қай­тып келеді. Яғни олар заңдық негізде, шексіз келіп-кетіп жүре береді, – дейді полиция подполковнигі.
Екінші мәселе, Қазақстанда тұ­рақты тұрғысы келетін азаматтардан талап етілетін есепшоттағы ақша көлемін көбейту. Бүгінде ол 2 284 920 теңгені құрайды. Ал көші-қон по­лициясы бұл соманы 9,8 миллионға дейін көтеру керек деп отыр. Өйткені өте пысық шетелдіктердің 4-5-і бас қосып, осы ақшаны жинайды да, біреуі тұрғылықты тұруға рұқсат ал­ғаннан кейін, екіншісінің атынан ашылған есепшотқа салады екен. Осылайша түріктің азаматтары ақ­шаларын айналдыра береді.
Ал «Алматы мегаполисінің миграциялық ахуалын шешудің ба­ламалы жолдарын» ұсынған жур­налист Құбаш Меңдіғалиевтің пі­кірінше, көші-қон мәселесі тек миг­рациялық полицияның шең­берінде ғана шешілмейді.
– Ол саяси-әлеуметтік, эконо­микалық, мәдени саясатпен тікелей байланысты. Алматы қаласындағы миграциялық мәселелерді шешу үшін, серіктес қалаларды салуды жеделдету керек. Қала маңынан 4 қалашық саламыз дегенімен, әлі күнге дейін іске асқан жоқ. Мигра­циялық процесс «қашан қала салып боласыңдар» деп күтпейді. Одан бөлек, жұмыс берушілерге шетелдік қара жұмысшыны жұмысқа алғаны үшін белгілі мөлшерде салықты кө­бейту керек. Ал отандық жұмысшыны алса, жеңілдік берілуі қажет. «Ба­ра­холкадағы» контейнер қожайындары Қырғызстаннан, басқа елдерден сату­шы алып отырады. Егер салықты көбейтетін болсақ, олардың саны азаяр еді. Содан кейін, мемлекеттік және жекеменшік жұмыс орында­рындағы азаматтарды тіркеуге алудың әмбебап жүйесін жасау қажет. Бүгінде мигранттар туралы нақты дерек, жи­нақталған қор жоқ. Тұрақты тіркеуде тұрмаған азаматтардың жағ­дайы не болып жатыр, немен ай­налысып жүр – оны ешкім білмейді, ешкім жауап бермейді. Ал тұрғылықты жер бойын­ша тіркеуден бөлек бір жүйе жасалса, құзырлы орындар жағ­дайды бақылай алар еді, – деп тұ­жырымдайды жур­налист.
Одан бөлек, ірі кәсіпорындардың кеңселерін өнеркәсіптік аймақтарға көшіру, қала аймағындағы жер телім­дерін тиімді пайдалану секілді ұсы­ныстарды білдірді. Бұл мәселемен бү­гін айналыспаса, ертең кеш болуы мүмкін екендігін естен шығармаған жөн.

 

Үмітжан Жапар

 

Айкын

Рубрика: