Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Латвияның Юрмала қаласында өткен “Жас толқын — 2014” байқауында ел атынан бақ сынаған Әлішер Кәрімов журналистермен жүздесіп, өнер сайысынан алған әсерін бөлісті. 

Жастардың жігерін жаныған бұл шара биыл 13 мәрте жүзеге асты. Ең алғаш 2002 жылы композитор-пианист Раймонд Паулс пен Ресейдің халық артисі Игорь Крутойдың идеясымен ұйымдастырылған болатын. Осыған дейін Дильназ Ахмадиева, Мақпал Исабекова, Айқын Төлепберген, Қайрат Түнтеков, «RinGO» тобы, ADAM сияқты жас таланттарымыз өнер көрсетіп, алдыңғы орындарға ілікпесе де, әртүрлі дәрежедегі марапаттарға лайық деп табылған. Биылғы іріктеу сынынан кейін бұл мүмкіндікке Әлішер Кәрімов қол жеткізген еді. Әлішермен бірге көпшілік ортаға аты беймәлімдеу Анастасия Россошанская және жас әнші Зейнаб және басқа бірнеше жерлестеріміз талпыныс жасап көрген екен. Алайда Игорь Крутой бастап, Ирина Дубцова, Александр Ревзин, Филипп Киркоров қостаған қазылар алқасының таңдауы Әлішерге түскен.

Халықаралық доданың деңгейі өте жоғары болғандықтан, жас орындаушылардың әрқайсысы осы аламанда топ жаруға тырысады.  Биыл да әлемнің 45 мемлекетінен 15 мың талантты әнші өтініш жіберіпті. Нәтижесінде, тек 13 мемлекеттен 16 үміткерге жол ашылды. Әлішер бұл байқаудың ақтық сынына іліну үшін бұған дейін де ниеттенген. Алайда 2008 жылы ойындағысы орындалып, айы оңынан туа қоймапты. Соған қарамастан, дара дарындарды анықтап қана қоймай, олардың шығармашылық жолының қарқынды дамуына жағдай жасайтын байқауға қатысу жоспарынан бас тартпапты. «Бұл сайыста отызға дейінгі әншілер ел алдына шығатындықтан, биыл соңғы мүмкіндігімді жібермеуге тырыстым» дейді ол.

Отандасымыздың алғашқы күндері тәп-тәуір өнер көрсеткенін айта кету керек. Тіпті бірінші күні екінші орынға бір-ақ секірген. Екінші күні «Жаңа толқын – 2010» байқауының екінші орын иегері, украиндық әнші Татьяна Ширкомен орындаған дуэті төртінші орынға түсіп қалғанымен, алдағы күн олжа әкелер деп күткенбіз. Алайда бұл үміт ақталмай, шешуші сәтте оныншы орынға бір-ақ сырғыды. Мұның себебін сарапшы мамандар мен музыканттар және әншінің өзі де «репертуардың дұрыс таңдалмағанынан» деп түсіндіріп отыр. Өйткені сахна иелері Әлішердің үкілеп барған туындысын аяқасты өзгерткен. «Менің еркіме салса, дайындап барған дүниемді орындар едім. Өз елімнің хитын қазақ тілінде шырқаймын деген жоспарым іске аспады. Мені орыс тілінде ән айтуға мәжбүрледі» дейді.

– Байқаудың бас режиссері Александр Ревзин жасаған репетициялар көңілімнен шықты. Кәсіпқой маманның шеберлік дәрісінен үйренгенім көп. Дегенмен ұйымдастырушылардың қатысушыларға өз айтқандарын ғана істетіп, олардың талап-тілегін ескермегені жаныма батты. Бізді барлық шарттарымен келісуге мәжбүр етті. Тіпті образымызға дейін араласып, киімді де өздері таңдап берді. Менің алдын-ала тіктірген костюмдерімді жаратқан жоқ. Шетелдік дизайнерге тіктіріп, арқалап барғанымды қайтейін, кигізбеді. Орындау мәнеріме дейін араласып, стилімді басқа арнаға бұрып тастады. Роза апамыздың бағын ашқан Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» әнін орындағым келген. Түбегейлі қарсылық танытты. Үшінші күні «Әрине» әнін орыс тіліне аудару керек деп отырып алды. Біз өзге әншілердің әндері неге аударылмайтынын сұрағанымызда, олар «Жаңа толқынды» тек Қазақстанда көрмейді» деп шолақ қайырды. Сөйтіп, Қырғызстан мен Қазақстаннан келген әншілердің репертуары орыс тіліне тәржімаланды. Қазақ тілінде жазылған әннің өзге тілде айтылуы үлкен кемшілік болды. Мүмкін, қазылардың бағасына әсер еткен осы шығар. Мұнда тек таланттың ғана емес, сырт келбетің, жүріс-тұрысың сыналатынын байқадым. Бұрын өзге әншілер осылай көңілі қалып келген кездерде сенбейтін едім. Қазір өзімнің көзім жетті, – деді Әлішер Кәрімов.

Сонымен «Жаңа толқын – 2014» байқауында бас жүлдені 228 ұпай жинаған грузиялық Нуца Бузаладзе иеленді. Екінші және үшінші орындар украиналық Виктория Петрик (226) пен Вячеслав Рыбиковтің (224) қанжығасында кетті. Ал Армениядан келген Сона Рубенян «Көрермендер көзайымы» атанды. Жыл сайын берілетін Алла Пугачеваның арнайы сыйлығы литвалық Моника Линките мен латвиялық Стас Шуринске тапсырылды.

Естеріңізге сала кетсек, Әлішер Кәрімов 5 жасында  «Әнші балапан» балалар байқауы арқылы танылған. 2005 жылы «Superstar.KZ» телевизиялық жобасына қатысып, үздіктер қатарынан көрінген. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының  «Эстрадалық вокал» бөлімінде Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Люция Төлешованың сыныбында дәріс алды. 2007 жылы Голливудтағы «Орындаушылық өнердің дүниежүзілік чемпионатынан» 2 алтын, 1 күміс медаль тағып қайтты. 2011 жылы Витебскідегі «Славян базары» фестивалінде үшінші орынға көтерілді. Сондай-ақ «Ресей БАҚ-тың арнайы жүлдесінің» иегері атанды.

«Жаңа толқын – 2014» байқауын тікелей эфирден таратқан «Қазақстан» Ұлттық арнасы басшылығының айтуынша, көрермендер саны әдеттегі күндерден едәуір артыпты.

«Gallup Media Asia» TNS зерттеу мәліметтеріне сүйенсек, 100 мыңнан астам тұрғындары бар қалаларда аудиторияның үлес салмағы (6+ аудиториясында) 23,9 пайызды құраған. Яғни байқауды трансляциялау кезінде барлық көрермендердің төрттен бір бөлігі «Қазақстан» Ұлттық арнасын көруді қалаған. Аталмыш жағдай тұрғындар саны 100 мыңға жетпейтін қалалар мен елдімекендерде де байқалған.

«Қорыта айтқанда, «Қазақстан» Ұлттық арнасында «Жаңа толқын – 2014» байқауының тікелей эфирдегі трансляциясын ұйымдастыру – телеарна аудиториясы санының 40 пайызға дейін өсуіне ықпал етті» дейді арнаның баспасөз хатшысы Рауан Есқали.

Өзіңе-өзің сенсең кел…

«Қазақстан дауысы» ұлттық музыкалық жобасының іріктеу кезеңі басталды. Бұл шараның басты  ерекшелігі – қатысушылардың дауысы мен кәсіби шеберлігіне ғана мән берілетіндігі. Алғашқы сараптау жұмыстары Астана қаласында өтіп, оған Қарағанды, Павлодар, Петропавл, Көкшетау, Орал, Семей, Жезқазған, Теміртау қалаларынан арнайы келген 600-дей үміткер қатысты. Ұйымдастыру комиссиясы өз жұмысын 6 тамыз күні Алматы қаласында жалғастырады. 18 бен 50 жас аралығындағы орындаушылар Төле би көшесі, 296 А мекенжайына келулеріне болады. Қазіргі мәліметке сүйенсек, Қытай мен Моңғолияның қазақтары да білек сыбанып отырған көрінеді. Жобада бақ сынау тегін, тек жеке басты куәландыратын құжат қана керек.

Былтырғы жылы Медеу Арынбаев, Нұрлан Албан, Мәдина Сәдуақасова, Алмас Кішкенбаев қазылық етіп, жүзден жүйріктерді анықтаған. Үздіктер төрт топқа бөлінетін болады. Ал ақтық мәреге төрт үміткер шығып, олардың арасынан жеңімпаз дауыс беру арқылы анықталады. Жас орындаушыларға тәлімгерлер репертуар таңдап, дайындық сабақтарын жүргізеді.

Телевизиялық нұсқасы «Қазақстан» ұлттық арнасынан 26 қазаннан бастап көрсетіледі. Ал SMS-дауыс беру мүмкіндігі 2015 жылдың 11 қаңтарынан есепке алынады.

Бұл жоба –  The Voice of Holland (Нидерланды) немесе “Голос” түпнұсқалық форматының қазақстандық нұсқасы. Биыл екінші мәрте қолға алынып отыр. Нұрлан Албан бағыт-бағдар берген қостанайлық Шахаризат Сейдахмет былтырғы маусымның жеңімпазы атанған. Ол әлемге әйгілі Universal дыбыс жазу студиясымен бір жылға келісімшартқа отыру мүмкіндігіне ие болып, 5 миллион теңге қаржылай сыйақымен марапатталған. Биылғы қатысушыларды да осындай жетістіктер күтіп тұр.

Байдәулет Қаншайым

http://www.aikyn.kz/articles/view/54404

Рубрика: