АЛТЫНОРДА
Новости

Әлемге аты әйгілі кішкентай «жұлдыздар» мен миллионерлер

baq.kzБаяғыда ата-әжелеріміз тақылдап тұрған, сөзі мірдің оғындай бала көрсе, «осылар іштен оқып туған» деп таңғалып жататын. Ал қазіргінің балалары тіпті ақылды. Бір жасқа толмаған бала қалтафонмен сөйлесуді, 2-3 жасар бала айфонның бүге-шігесіне дейін ақтарып, керек десеңіз ғаламторды шарлайды. Бүгінгі таңда әлем бойынша10 жасқа толмай жұлдыз атанған, миллиондаған табынушылары бар дарынды балалар баршылық. Кішкентай ғана бишілер, актерлар, спортшылар, сән әлемінің кішкентай жұлдыздарының арасында есімдерін бүкіл әлем танитындарын «Алаш айнасы» оқырман назарына ұсынып отыр.

Жансая Әбдімәлік

Қазақтың шахматшы қызы, он төрте жасында гроссмейстер атанған. 2012 жылғы жастар әлем чемпионатының күміс жүлдегері. 2011 жылғы 20 жасқа дейінгі санатта Азия чемпионатында екінші орын көрсетті (жалпы жарыста 6.5 ұпайдан үш ойыншы жинаған — Во Ти Ким Хун (Вьетнам), Жансая Әбдімәлік (Қазақстан) және Синит Челси (Индонезия). Бірақ қосымша көрсеткіштер бойынша орындар реті — вьетнам қызында 46.5, Әбдімәлікте — 43.5, ал Челсиде — 42.5.) Жансая сәйкес жасы бойынша қыз балалар арасында екі дүркін чемпион атанған.

Кристина Пименова

Кристина әлемнің ең сүйкімді қызы. Болашақ топ-модель Мәскеуде тұрады. Оның ата-анасы модель Гликерия Широкова және футболшы Руслан Пименов. Кристина 9 жасында Prada, Burberry, Silvian Heach, Dolce&Gabbana, Fendi, Ermanno Scervino, Dsquared секілді атақты брендтердің жарнамасына түскен. 20-дан астам жарнама ролктеріне түскен, қазіргі таңда Ресейдегі «Киндердің» бет-бейнесі ретінде танымал.

Кувенжаней Уоллис

11 жасар актриса «Оскар» сыйлығының ең жас үміткерлерінің бірі, «Сатурн», MTV Movie Awards секілді басқа да жүлделердің жеңімпазы. Ол «Оңтүстіктің жабайы аңдары» атты фильмге түскен. Ол атақты актерлер Брэд Питт, Бенедикт Камбербэтч және Майкл Фассбендермен бірге «12 жыл құлдық» атты фильмде де ойнады. Картина үш мәрте «Оскар» алды. Сондай-ақ ол «Энни» комедиясында Джейми Фокс және Кэмерон Диаспен бірге рөл ойнады. Осы рөл үшін ол «Алтын глобус-2015» жүлдесіне ұсынылды.

Хван Мин У

9 жасар актер, әнші, биші баланы бүкіл әлем «кішкентай Psy» деп таниды. Белгілі рэпер бұл баланы «Корея таланттарды іздейді» атты бағдарламадан көріп, өзінің Gangnam Styl атты жаңа әніне түсірілетін клипке түсуге ұсыныс жасаған. Осы видео YouTube-та рекордтық көрсеткішке жетіп, «Гиннес» рекордтар кітабына енді. Сөйтіп Psy ғана емес, кішкентай Хван бас айналдырар танымалдыққа ие болды. Қазіргі таңда Хван Кореяда түрлі жарнамаларға түседі. Ол Psy секілді жетістікке жетуді армандайды екен.

Тейлор Хатала

Тейлордың өз жаттықтырушысымен бірге билеген биінің бейнеролигі ғаламторға салынғанан кейін оның атағы бүкіл әлемге жайылды. 11 жасар канадалық қыз хип-хоп биін керемет бидейді. Оның ғаламторда жарияланған биін аз ғана уақыттың ішінде 7 миллион адам тамашалаған. Қазіргі таңда танымал қыз түрлі телешоуларға шақырылады, журналистерге сұқбат береді. Жаттықтырушыларының айтуынша тейлор күніне 3 сағатын жаттығуға арнайды екен.

Жоғарыдағы аты әлемге әйгілі балалар секілді жер бетінде небір дарын иелері көп. Осылардың ішінде кейбіреуінің ерекше жұлдызы жарқырайды. Оған кейде ата-анасы, кейде ұстаздары мұрындық болып жатады. Осы тізімді жасап отырған кезде сән әлемінде, әнші-биші, спортшы балалардың ішінде аты әлемге танылған қазақ балаларын іздеп көрдік. Өкінішке орай біздің кішкентай жұлдыздарымыз да тойда өнер көрсетуден аса алмай жүр. Бірақ бұл дегенімізді бізде дарынды балалар жоқ деген сөз емес. Тумысынан талантты балалар көп бізде. Алайда осындай кішкентай таланттардың жұлдызын өзіміз жаға алмай жүрген сияқтымыз. Сіз қалай ойлайсыз. Егер сіз қазақ балаларының ішінде ерекше дарынды, өнерлі балаларды білсеңіз, есімін атаңыз, көпшілікпен бөлісіңіз. Таланттарды бірге іздейік.

Автор: Айнұр Нұрсабет

Толығырақ: http://alashainasy.kz/culture/alemge-atyi-aygl-kshkentay-juldyizdar-men-millionerler-63449/

материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі