Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Ғаламторда әйелдер жайлы атақтылардың түрлі пікірлері жүр. Олардың арасында әйел атаулының салын суға кетіретін сөздер де ұшырасады. Кейбір қанатты сөздер әйелді өсіруден бұрын, өшіретіндей. Мысалы, шотландық жазушы Гектор Хью Манро «Әйелдер мен пілдер кек сақтағыш келеді» деп нәзік жандыларды ебедейсіз үлкен жануарға теңесе, Ницше әйел атаулыны «Жаратушының екінші қателігі» (Құдай өзі кешірсін!) дейдi екен.

Ал Бернард Шоу «Әйелдердің жақсысы мен жаманы болмайды, олар одан бетер нашар» деп бір-ақ кесіпті. Мұндай теріс пікірлерді оқыған соң, көпті көрген тұлғалардың көзіне әйелдер ақымақтығымен ғана түскен болар деп шештік. Мүмкін қандай да бір жағдайға байланысты солай айтуға мәжбүр болған шығар, кім білсін?!

Қазақ халқының түсінігінде әйел – ұлттың анасы. Сол мәртебелі тұғырдан қазақ әйелдері ешқашан да түсіп көрмепті. Қылықты қыздар, әдемі әйелдер, ардақты аналар жайлы қазақ еш­қашан жаман айтпаған. Ендеше, атақтылары­мыз­дың әйел­дерге арнаған бір ауыз жылы пікір­лерін назарларыңызға ұсынсақ.

Әйелдер және қазақ жазушылары 

Мұхтар Әуезов «Адамдық негізі – әйел» деп, оймақтай ой айтып, әйелдің адамзат өмірінде алар орнын көрсетіп берген. Аталмыш мақала­сында: «Адамның ғұмыр кешірмек кәсібінің терең түбіне қарасақ, хайуанша күндік қоректі таспен атып, ағашпен ұрып аң аулап жеп, немесе жеміс теріп жеп, қарны тойса аңша бір жерге жата кетіп жүрген. Ер жағы қара басынан басқаға қарамай жүр­генде, балаларын баулып, асырап, үйлік ұйымның басын құраған – әйел. …Адамды хайуандықтан адам­шылыққа кіргізген – әйел. Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарақияты әйел халіне жалғасады. Сол себепті әйелдің ба­сындағы сасық тұман айықпай ха­лыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал қазақ мешел болып қалам демесең, тағлымыңды, бе­сігіңді түзе! Оны түзейім десең, әйел­дің халін түзе!» делінген. Жа­зушының бұл ойымен қазақ қоғамы баяғыда-ақ келісіп қойған.

Ана тақырыбына қалам тартқан жазушы Ғабит Мүсірепов: «Қазақ әйелін «жан жолдасым» дейді. Бұл – үлкен сөз. Жаны мен жаны үндес, ойы, арманы үйлес, егіз адамбыз де­гені ғой» деп жазған. Әйел сұлулығына қатысты: «Дүниеде әйелдің көзінен артық қызықтыра алатын, әйелдің көзінен артық сиқырлап тартып кете алатын күш жоқ қой деймін. Байлық, бақ, мансап, тіпті қоғамдық дәреже дегендердің бірде-бірінде ондай күш жоқ. Бәрі бірге қосақталып келіп мойныма асыла кетсе, мен бәрін сілкіп тастап, оқтай қадалған әйел көзіне қарай жүре берер едім» деген пікірін білдірген екен.
Жазушының бұл пікірімен Әзілхан Нұр­шайықов­тың да ойы үндес. «Менің­ше, әйел махаббаты – ең күшті махаббат. Еркектер әлімен күшті болса, әйелдер махаббатымен мықты. Әйел махаббаты – әлемнің тұтқасы. Мен осылай деп түсінемін. Әйел махаббатының күші жердің тарту күшінен кем емес-ау, деп ой­лаймын.

…Мінеки, әйел деген осындай ерек­ше еңбекші жұрт. Ол дүниеге өмір таратады, қоғам игілігіне ең­бегімен үлес қосады, отбасына қуа­ныш әкеледі. Сол үшін ол қарлығаштай лыпып, ешқашан тыныш таппайды. Бұдан басқа  тіршілікті ешбір әйел өмір деп түсінбейді. Біз де бір күні отбасын құрып апа-аналарымыздың мәңгілік кәсібіне кірісеміз-ау, әлі.
Отбасы – мемлекеттің негізі. Біздің мемлеке­тіміздің–азаттықтың, әділдіктің, адамгершіліктің Отаны. Отбасына адалдықтың үлгісі де елден елге, ұрпақтан-ұрпаққа бізден тарауы керек. Сондықтан мен ерлі-зайыпты адамдардың жұптылық салтын, адал­дық заңындай ардақтап, бұлжытпай орындауын қалаймын. Әйелдің жү­регіне жара түспесе екен, ол әрқа­шанда бақыт­ты, қуанышты бола берсе екен деймін. Барлық әйелдің жары  ақкөңіл  адал  болса екен, олар әрқа­шан әйел­дерін қадірлей білсе екен деп тілеймін!» деген жазу­шының пікірін, «Махаббат қызық мол жылдардағы» кейіпкер Ерболдың ау­зынан естуге болады. Әйелге қатысты керемет ой айтқан жазушылар қазақ халқында жетерлік.

Орыс тұлғаларының пікірі қандай?

Белгілі орыс жазушысы Федор Ми­хайлович Достоевский өзінің «Нақұрыс» атты романында князь Мышкиннің аузына «Әдемілік әлемді құт­қарады» деген сөз салған. Эйнш­тейннің теория­сынан аз талқылан­баған қанатты сөзге айналып кеткен бұл ойдың не себепті айтылғанын әркім әрқалай түсінеді. Біреу мұның астарында «табиғат сұлулығы жатыр» десе, екіншісі – жазушының ойын «өнер­ден өзге сұлулық жоқ» деп тар­қатады. Кейбіреулер бұл сөздің пәл­сапалық маңызына үңі­ліп, «жазушы жақсылық пен адалдық жайлы ой қозғап отыр» деп түсіндіреді. Жөн екен. Бірақ біздіңше, әйел сұлулық­пен егіз ұғым. Демек, ұтым­ды ой нә­зік жандыларға қатыстырып айтылған болуы керек. Пушкин болса: «Біздің түпкі мақсатымыз – өзімізге әйел­дердің әсем көңілін аудару» деп, ер атаулының барлығы анасы мен жа­рына құрметпен қарайтынын мең­зеген сыңайлы.

Лев Толстойдың әйелдерге қа­тысты айт­қан ойын «Анна Каренина» кітабынан оқи аламыз. Онда Аннаның бауыры Облонский мынадай пікір айтады: «Әйел затын қанша зертте­геніңмен жұмбағы таусылмайды. Таныған сайын, жаңарып шыға береді» дейді. Расымен де, әйел заты қашан да жұмбақ. Сондай-ақ жазушы әйелге қатысты бір мәселемен келіспейді екен. Ол: «Қоғамда қалып­тасқан тамақ жасап, кір жуу тек әйелдің жұ­мысы, ондай жұмыс еркек­тер­­ге қол емес, ұят деген түсінік бар. Ал ер адамдардың әйелдердің қолы тимей, мұрнынан тіреліп жүргенде бос жатуы ұят емес пе?» деген екен. Иә, жазу­шыныкі жөн! Әйел­дерді ерекше құр­меттеген А.Дюма (үлкені) «Әйел қасиетті, ал сүйікті әйел екі есе қасиетті» деген екен.

Әлем әйелді қалай әйгілейді? 

Кезек әлем жазушыларына да келген сыңайлы. Француз жазушысы Жан Жак Руссо «Әйелдер әлемі – нәзік­тік пен сезімталдықтың, сабыр­лық­­тың патшалығындай» деп сипат­таған. Жазушының сондай нәзік бола тұрып, үлкен сабырлық таны­та­тын әйелдерге қатысты ойы осындай. Ал ана­лар­дың ақ жүрегіне қатысты ойын француз ак­тері Жан Поль: «Әйелдің өзі бір үлкен жүрек» деп бірауыз сөзбен жеткізген екен. Дәл осылайша әйелдің қасиетін мойындайтын пікірді норве­гиялық драматург Генрик Ибсен де айтқан. Ол: «Әйел – ең мықты тір­шілік иесі. Ол ер адамға өмір­­лік бағыт-бағдар беріп отырады» деп баға бер­ген.

Ал әлемді жаулап алғысы келген Наполеон Бонопарт әйелдерді жауһарға теңеген. «Әдемі әйел көзге көрікті. Ал жақсы әйел жүрекке жа­қын. Біріншісі – әдемі зат секілді, екіншісі – қа­зына» деген екен. Оның ойын француз жазушысы Андрэ Мо­руаның пікірі толықтыра түсетіндей. Ол әйелді екіге бөліп қарастырған. «Біріншісі – же­ке тұлға, екіншісі – жай ғана зат секілді. Әйел сүйік­тісіне тәуелді болмаса, өзінің ойын батыл жеткізе алатын болса – жеке тұлға. Егер әдемі екенін сезіне тұрып, біреулердің өзіне сал­ғырт қарауына жол берсе – зат секілді» деген екен. И.Бунин де осы пікірді қолдайды: «Әдемі әйел екінші орында тұруы тиіс. Өйткені бірінші орын қашан да сүйікті әйелдікі» дейді орыс жазу­шысы.

«Бізді шаңырақтың әкесі ететін әйелдер, расымен де, керемет жан­дар» деген екен Ремарк. Расында да, отбасының берекесін кіргізіп оты­ратын әйел. Тағдыр салған қайғыға да шыдап бере­тін әйел. Баласы үшін отқа түсетін де – осы ана. Испан ақыны Лопе де Вега: «Әйелді құрметтеу әркімнің қасиетті міндеті. Оған адам туғанынан бастап үйренуі тиіс» деген екен. Иә, бұл қасиетті міндетін ешкім де ұмыта қоймас. Жоғарыдағы пікірлерден әйелдің қадір-қасиетін толық көруге болады. Ол ең біріншіден, ардақты ана. Отба­сы – ошақ қасының берекесі. Ер адам­ның сенімді досы, тірегі. Жо­ға­рыда ай­тылған ұтымды ойдың иелері де, өзге жандар да әйелді осы қа­сиет­тері бойынша бағалайды.

Сабина Зәкіржанқызы

http://www.aikyn.kz

Рубрика: