АЛТЫНОРДА
Новости

Әлем оқушыларын жинаған Саппоро

Әлемдегі ең мейірімді әрі ең көңілді мереке — балалар ойлап тапқан, сәбилер қатысуымен атап өтілетін мереке екендігіне таласыңыз жоқ болар. Саппорода дәл бүгін, ақпан айының бесінші жұлдызында өткізіліп жатқан «Қар пішіндерінің фестивалі» де дәл осындай мерекелердің қатарына жатады. Бұлай дейтініміз, жыл сайын өткізіліп тұратын дәстүрлі сайысты о баста ұйымдастырған — мектеп оқушылары еді. Бәрін басынан бастайық.

Оқушылар 1950 жылы Саппороның орталық алаңында қардан 6 мүсін жасайды да, думанды кеш ұйымдастырады. Алғашқы шараға 50 мың адам қатысқан екен. Балалар ел-жұртқа көңілді болсын деп, атыспақ сынды алуан түрлі қар ойындарын да өткізеді. Бірнеше жылдан кейін фестиваль күллі Жапония жеріне тарап, мемлекеттің кішкентай тұрғындарын бір ортаға жинайтын ауқымды шараға айналып шыға келеді.

1959 жылы «Қар» мерекесінің он жылдығы үлкен деңгейде атап өтіліп, сайысқа 2500 адам қатысады. Дәл осы оқиғадан кейін оның аты әлем халықтарына белгілі болып, дүбірлі сайыс туралы газет-журналдар мен радио-теледидарлар хабар тарата бастайды.

1972 жылы Саппоро — қысқы Олимпиада ойындарының астанасы атанып, «Қар фестивалінің мәртебесі одан сайын асқақтай түсті. Шет елден арнайы келетін туристер мен қарсүйгіш балалардың қатары күрт көбейіп сала берді.

ХХІ ғасырда да өз мәртебесін жоғалтпаған, керісінше аса танымалдылыққа ие болған мереке бүгінде үш бірдей алаңда ұйымдастырылып, екі миллионға жуық адамды жинайтын болған. Дәл қазір әлемнің думан, ойын-сауық сүйетін белсенді оқушылары Саппоро жерінде десек, артық айтқандығымыз емес. 63 жылдық тарихы бар мереке бір аптаға жалғасады.
Суреттер::liveinternet.ru,beway.ru,designinfomarket.ru,a-movies.net

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

 

http://massaget.kz