АЛТЫНОРДА
Криминальные новости

Алаяқтардың көбеюі алаңдатады

111Kazah-falsebuisnesЕл ішінде бірінен бірі асып түсетін алаяқтар, мемлекетке салық төлеуден жалтаратын жалған кәсіпкерлер көбейе бастады. Алаяқтар тіпті ипотекалық қайта қаржыландыру бағдарламасына да білек сыбанып кірісіп, жұртты тақырға отырғызып жатқан көрінеді.
Аферистердің алдамшы әрекеттері туралы мысалдарды жылдың басындағы фактілерден бастайық. Жұрт жаңа жылды тойлатып жатқанда алаяқтар зыр жүгіріп жұмыстарын бітіріп жүрген екен. 2015 жылдың алғашқы екі аптасында талай адамдардың миллиондары аляқтардың алақанында кетті. Тек Алматы облысының тұрғындары ғана олардың қалтасына бір жарым аптаның ішінде 32 млн теңгені салып беріпті. Қазір облыс аумағында адамдарды алдап ақшаларын алып кеткен 16 алаяқ тергеушілердің алдында отыр. Жаңа жылдың алғашқы он күнінде Алматы облыстық ішкі істер басқармасы 50-ден аса алаяқтық фактілерін тіркеді. Бұл фактілердің әзірге ашылмаған үшеуі ғана, бірақ жұртты алдап жүргендердің кім екені белгілі. Жақын арада олар қолға түседі деген сенімде із кесушілер. Адамдарды арбап ақшаларын алып жүрген алдамшылар ізін суытып үлгермей ұсталып жатыр. Іле ауданының полициясы төрт алаяқтық фактілер бойынша 45 жастағы қарағандылықты ұстады. Қарасай ауданының криминалдық полициясы үстінен отыздан астам шағым түскен 33 жастағы алаяқ әйелді тапты.
Алматы қалалық мемлекеттік кіріс департаментінің басшысы Марат Сұлтанғазиевтің мәлімдеуінше, алматылық салықшылар соңғы айлардың ішінде мыңнан астам жалған кәсіпкерлерді анықтапты. Жалған кәсіпкерлік әрекеттердің алдын алу үшін салықтық зерттеулер барысында 300 салық төлеушілер ҚҚС бойынша есептен шығарылып, 500-ден астам есепшоттарға шектеу қойылған. Екі жарым мың салық тексерулері барысында мыңнан астам жалған кәсіпкерлер анықталған. Олар өз мекенжайлары бойынша жұмыс істемейтін болып шықты, салық төлеу есебі, жұмысшылары мен активтері жоқ. Мұндай жағдайларда салықшылар фирманы ашқан адамдарға шығып, есептен алып тастау, есепшоттарын жабу шараларына кіріседі.
Қазақстанда өткен жылдың 11 айында 32972 алаяқтық фактілер тіркелген. Олардың жұмыс схемасы біркелкі болып келеді. Әдетте, алаяқтардың арбауына түскен адамдар тиісті органдардың қызметкерлері іздеп келгенше өздерінің алданғандарын білмей жүре береді. Бұлар көбінесе жұмыссыз жүрген жалғызбасты адамдарды бірігіп фирма ашуға үгіттейді. Кейбіреулердің жоғалтып алған куәліктерін пайдаланады немесе аздаған ақша беріп біреудің куәлігін алады да, соның атына мемлекетке салық төлемейтін жалған фирманы тіркейді. Куәліктерін жалған кәсіпкерлерлікпен айналысатын алаяқтарға пайдалануға бергендер кәсіпкерден аздап сыйақы алады. Осылайша жалған фирма ашқан әрбір алаяқ салықтан жалтарудың арқасында миллиондап ақша табады екен. Жалған кәсіпкерлікпен айналысатындар ақша жасау үшін көбінесе банктердің қызметін де пайдаланады. Мемлекетке салық төлеуден жалтаратын жалған фирмалардан банкке келетін зиян жоқ, керісінше банк арқылы неғұрлым көп ақша өтсе, соғұрлым банкирге мол ақша түседі. Кейбір кездерде жалған кәсіпкерлердің өздері салық органдарына еріксіз келуге мәжбүр болады. Олар кәсіпорынды аздаған ақша табу үшін достарының, таныстарының өтініштері бойынша ашқандарын мойындайды. Мұндай фактілер экономикалық тергеу қызметіне жіберіледі. Жыл басынан бері тек Алматы қаласында осмындай істердің 37-сі тергеу органдарына жіберіліпті.
Қалай болғанда да, заң бойынша жалған кәсіпорын кімнің атына ашылса, сол адам жауапқа тартылады. Заңды тұлға болсын, жеке тұлға болсын әкімшілік, қылмыстық жауапкершілік бірдей қарастырылған. Салық қызметі жыл басынан бері қағаз жүзінде тұқрған кәсіпорынды тіркеуге қатысудан бас тартқан немесе бұл кәсіпорынның шаруашылық қызметіне қатысы жоқ 60 лауазымды тұлғаны анықтаған.
Жалған кәсіпкерлердің басты кәсібі осындай – мемлекет бюджетіне төленетін салықтан жалтарып ақша табу. Ал алаяқтар болса өзінің маңайындағы тамыр-таныстарын алдау арқылы ақша жасайды. Мысалы, маңғыстаулық бір әйелді құрбысы бір жарым млн теңгеге отырғызып кетіпті.
Былтырғы жылдың басында Мұнайлы ауданының тұрғыны Ақтау қаласындағы 22 ықшам аудандағы базардан бутик алып беремін деп уәде берген екен. Бұл үшін ол 1,5 млн теңге сұраған. Сөйтіп, ақшаны алып алған әлгі әйел сол күйі жоқ болған. Ақшасынан айырылғанын сезген Ж. бір жылдан кейін құрбысының үстінен полицияға арыз беріп, ұстатыпты. Маңғыстау полициясының хабарлауынша, тағы бір Бейнеу тұрғынын 16 жастағы жаңаөзендік қыз 800 мың теңгеге отырғызып кетіпті. Мұндай алданған адамдар еліміздің әр облысында жетіп жатыр.
Алаяқтық әрекеттердің негізгі бөлігі (82,5 пайызы) жеңіл және орташа ауыр қылмыстар санатына жатады. ІІМ мәліметтеріне қарағанда, Қазақстанда ең көп тараған алаяқтық әрекеттер – жалған құжаттар жасап үшінші адамға заңдастыратын кредиттерге байланысты оқиғалар екен. Жұрт оңай несие аламыз деп көп алданады. Банктерді жағалап жүретін алаяқтар «кез келген банктен табысыңызды растайтын құжаттарсыз, қысқа мерзімнің ішінде несиеге ақша алып береміз. Ол үшін бізге несиеге алатын соманың 5-10 пайызын алдын ала бересіз» деп алдайды. Құжаттар мен ақша қолдарына тиген соң ізім-ғайым жоқ болады. Арада біраз уақыт өткеннен кейін әккі болған алаяқтар клиенттен алған құжаттардың көшірмесімен өздеріне кредит алады да, ізін суытады. Ал құжат иесі несиені қайтару туралы банктен хабар келгенде ғана ақымақ болғанын бірақ түсінеді. Қазір ішкі істер органдарына осындай шағымдар көптеп түсіп жатыр. Сондықтан полиция тұрғындардың осындай аферадан сақ болуға кеңес береді.
Банктен оңай несие алып беретін алаяқтар Алматы қаласында да толып жүр. Бұлар қармағыма кім ілінер екен деп, көбінесе банк бөлімшелерінің алдында жүреді. Талай аңқау солардың жетегінде кетеді, төмен пайызбен несие аламын деп ортаға киліккен алаяққа жем болады. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, ұсталғандар адамдарды шырмауына түсіру үшін неше түрлі айланы ойлап тауып, әртүрлі бағыттарға пайдаланған. Мысалы, телефон арқылы полицияның қолына түскен ағайынын қылмыстық қудалаудан құтқаратынын айтады, сот процесінде күшті көмек көрсететінін, банк кредиттерін оңай алып беретінін, жұмысқа тұрғызатынын, жер учаскелерін алып беретінін айтып, аңқау жандарды сөзіне иландырады да алдын ала ақша талап етеді. Соңғы кездерде жиі болып жатқан мынандай бір мысал келтірейік.
Көптеген адамдар, әсіресе ауылдардан келетіндер кредитке кез келген тұрмыстық техниканы алып беремін деп арбайтын «делдалдардан» зардап шегеді. Әдетте алаяқтар алдайтын адамдарын (олардың тілінде мұндайларды «мырт» деп атайды) «Технодом», «Планета электроники», «Сулпак» сияқты ірі сауда орталықтарына алып келіп, ұнаған тауарын кредитке алуға «көмектеседі». Алдын ала сатушылармен келісіп алған алаяқ «мыртқа» ұнаған тауарды (тоңазытқыш, телевизор) сол жердегі банктің агенттері арқылы кредитке рәсімденйді. Ол заттан басқа тағы бірнеше тауарды қосымша кредитке алып, оның ақшасын «мырттың» мойнына мінгізіп жібереді. Оны «мырт» несиеге алған тауарының ақшасын төлеу үшін банкке барғанда бірақ біледі. Сө»тіп ол баяғыда ізін суытқан алаяқтың қолында кеткен тауар үшін де амалсчыз төлеуге мәжбүр болады. Мұндай жағдайлар жиі болып жатады, бірақ әлгі алаяқтың аферасын дәлелдеу қиын. Алматы ішкі істер департаменті осындай арбаушылардан сақ болу керектігін ескертеді. Егер алаяқтардың тұзағына түсіп қалған болсаңыз бірден қалалық ішкі істер департаментінің 254-48-03 және 254-48-02 телефондарына хабарласыңыз.
Тағы бір мысал: өткенде Қарағандыда ұзақ уақыт халықтың қалтасын қағып жүрген алаяқ әйел ұсталды. Бұл әйел негізінен қарт зейнеткерлердің ақшасын алуға маманданған екен. Алаяқ әйел осы кезге дейін 20 шақты зейнеткерді сан соқтырыпты. Оның тұзағына түскендердің бірі 89 жастағы қария өзін жерлеуге жинаған жарты миллион теңгесін әлгі әйелге ұстатып жіберіпті. Бұл әйел ұзақ уақыттан бері өзін аудандық әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің қызметкері ретінде қарттардың үйін аралайтын болған. Құқық қорғау органдары оның ізіне түскеніне де біраз болыпты, бірақ әккі алаяқ ұстатпай жүріп тек жаңа жыл мерекесінен кейін қапыда қолға түсіпті. Қазіргі кезде 39 жастағы келіншек тергеу изоляторына қамалып, үстінен қылмыстық іс қозғалған. Қарағандылық тергеушілер оның басқа да осындай істерге қатысты болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды. Егер оныдай адамдар табылып жатса 40-78-44, 40-78-48, 40-78-46, 51-06-91, 51-65-97 телефондарына хабарласуын сұрайды.
Ішкі істер органдары алаяқтардан абай болуға шақырады. Егер бейтаныс адамдар белгілі бір қызметте істейтіндігін айтып үйге келетін болса, есіктен кіргізбестен бұрын оның құжаттарын толықтай тексеріп алуды сұрайды. Тіпті оның жұмыс орнына телефон соғып тексеріп алу да артық болмайды. Егер келген қызметкер күдік тудыратын болса 102 номеріне қоңырау шалыңыз, деп сақтандырады алаяқтардан полицейлер.

Қайыржан ТӨРЕЖАН