Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Алдан СМАЙЫЛ, Мәжіліс депутаты


ХХІ ғасырды ақпарат билеп отырғаны қай­та-қайта дәлелденген шындық. «Ақпарат кімнің қолында болса, сол әлемге әмірін жүр­гізеді» деген сөз ақиқатқа айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының деректеріне жүгінсек, жер бетіндегі мемлекеттерге сағат сайын 3 трил­лион ақпар таратылады екен.

Олар адам қыз­метінің барлық саласын қамтиды және белгілі елдер мен топтарға қарсы қолдану үшін сұ­рыпталғандары да бар.
Сондықтан болар Ресей Федерациясы Қауіп­сіздік кеңесінің жанынан құрылған Ақ­параттық қауіпсіздік жөніндегі ведомстволық комиссия әлемде ақпарат соғысы жүріп жа­тыр деп есептейді. Бұл соғыс ғаламда саяси және экономикалық үстемдікке ие болу жолындағы идеологиялық күрес түрінде уақыт өткен сайын күшейіп келеді. Дамыған әрі державалық деңгейге көтерілген мем­ле­кеттерде оның стратегиясы да, тактикасы да әлдеқашан жасалған, бүгінде қауырт жүзеге асырылуда. Негізгі мақсат – информация тас­қынын бір сәтке де толастатпай үрейлендіру, психологиялық дүрбелең туғызу, жас тол­қын­ды ұлттық тамырынан үзіп, жаһандық дәйек­сіз шоғырға айналдыру.

Қазіргі таңда дамушы елдердің саяси-мә­дени элитасы осы ақпарат соғысынан қорғану үшін оны жан-жақты зерттеуде. Соның нәти­жесінде, аталған мылтықсыз майданның түрлі бағытта жүріп жатқаны анықталып отыр. Нақтырақ айтсақ, мәдени ақпарат агрессиясы, экономикалық ақпарат агрессиясы, ақылдың ақпараттық соғысы, бейбіт үрейлендіру, психологиялық үрейлендіру секілді сала­лар­ға та­рамдалған. Идеологиялық күрестің аме­рика­лық үлгісінде бұлармен қатар «ұлттың ерік-жігеріне қарсы операция», «ұлттық мәде­ниеттер деңгейіндегі операция» деген ба­ғыт­тар кездеседі. Атауынан көрініп тұр­ғандай, бұл бағыттар белгілі бір ұлтты, қажет кезінде, іштей рухани ыдыратып, мәдениеті­-не ша­буыл жасауды көздейді.

Қазақстанда осы майданның қыр-сырын тұрақты зерттейтін орталық бар ма? Жоқ се­кілді. Соның салдары шығар, республикадағы бұқаралық ақпарат құралдарынан аталған саладағы талдау мақалаларын көре алмай жүр­міз. Бұл орайда ақпарат әлеміне жауапты министрлік пен басқа да мемлекеттік құры­лымдар да алаңдамайтындай. Сырттан келіп жатқан ақпарат, оның саяси-әлеуметтік, мә­дени-рухани, ұлттық-психологиялық әсерлері жайлы келелі жиын өтті немесе өткізілмек деген секілді сөз де естілмейді. Ал бүгіні мен ертеңін терең ойлаған елдер әрекет үстінде. Ресейде президентке тікелей бағынатын Ақпараттық талдау бюросы жұмыс істейді. Құ­рамында 1500 маман бар, бірнеше салалас басқармаларды біріктіреді. Олардың ішінде «Электронды бұқаралық ақпарат құралдары басқармасы», «Баспасөз бұқаралық ақпарат құралдары басқармасы», «Интернет басқар­масы» маңызды саналады. Мұнымен қатар «Аналитикалық», «Батыс Еуропа», «Латын Америкасы», «Оңтүстік Азия», «Оңтүстік-Шы­ғыс Азия» басқармаларын құру жоспар­лан­ған.

Америка Құрама Штаттары бұл ретте мол тәжірибе жинақтап отыр. Осындағы «Ақпа­рат­тық стратегия және саясат орталығы» өт­кен ғасырдың елуінші жылдарынан әрекет етуде. Оның құрамдас серіктері болып та­бы­латын «Мемлекеттік ақпарат агенттігі» мен «Мәліметтер жинау және зерттеу бюросы» бар. Бәрінің мақсаты біреу – сырттан келе­тін ақпараттың зардабынан қорғану және әлем­ге ақпарат арқылы үстемдік етудің ұтымды жолдарын айқындау. Вашингтондағы ұлттық қорғаныс университеті осы құрылымдарға түрлі елдердегі бұқаралық ақпарат құрал­дарының қыр-сырын, бақылауға алынатын ұлттың тілі мен дәстүрін, психологияны, со­цио­логияны, әлем халықтары тарихын, антро­пологияны жетік білетін қызметкерлер даяр­лайды. Асылында ақпарат арқылы әлемді билеуге болатыны жайлы ойды өткен ғасырда алғаш айтқан адам – АҚШ зерттеушісі Г.Лассуэлл (1902-1978). Ол ақпаратты қоғам жайлы сөз қозғап, өмірді информация арқылы өзгертуге болатынын дәлелдеді. Ақпараттың құдіретін екі нысанаға бағыттауды ұсынды: қоғамдық ойды қалыптастыруға және мәдениетті тара­туға.

Тағы бір америкалық ойшыл С.Нилус «Про­токолы собраний сионских мудрецов» деген еңбегінде: «Ақпарат тұрғындарды қайта программалаудың құралы» дейді. Екінші сөз­бен айтсақ, бір мемлекеттің елін дүркіретіп көшеге шығарып, ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамды, мәдениет пен дәстүрді тас-талқан еткізуге болады. Бұған қазіргі ереуілдеген араб дүниесі дәлел.
Ақпараттың құдіретін дәл түсінген осы ғалым баспасөз халықтардың ойын қозғалысқа түсіретінін де қадап айтады. Мәселе қай бағытқа қарай қозғайтынында екенін біз ойлауымыз керек.

АҚШ-тың қазіргі таңдағы телерадио жүйе­леріне зер салсақ, С.Нилус пен Г.Лассуэлдің мәлімдеулері бүгін де, ертең де маңызды бола беретініне көз жеткізесің. Алпауыт елдегі «Голос Америки» радио торабы аптасына 53 тілде 660 сағат хабар таратады. «Уорлдент» те­лекино, «Марти» радио және телевидение қызметтері, «Радио Свободная Европа», «Ра­дио Свободная Азия», «Радио Свобода» стан­салары, «Интернет – провайдер Америка онлайн», «Тайм Уорнер» ақпарат алпауыт­та­ры әлемді шырмап алған. Соңғы екеуі 2000 жылы бірігіп, америкалық жаһандық меншікті ақ­парат империясын құрды. Құны 350 млрд доллардан асып жығылады. Мұны аз десеңіз, телерадио хабарларын әлемнің кез келген түк­піріне заматта тарататын екі ғарыш спут­нигі Жер шарын шыр айналып жүр. Бір мез­гілде 150 телеарна арқылы хабар бере алады. Жыл­дық жалға беру құны – 2 млрд доллар.

Кейінгі жылдары Қытай да ақпарат дер­жава­сына айналуға ұмтылуда. Елдегі 1,5 мың радиостанция күні-түн кірпік қақпайды. Га­зеттер таралымының жалпы құны 20 млрд доллардан асты. Журналдар 2,5 млрд данамен шартарапқа жөңкіліп жатыр.
Осы деректер ойландырмай қоймайды. Зерделі елдер бұл орайда ерте алаңдаған. АҚШ-тың өзі 1954 жылы ақпараттан жас ұрпақты қорғау туралы айта бастапты. Сол жылы Конгресс жоғары деңгейде қарап, ға­лымдарға мәселені зерттеу жөнінде тапсырма береді. Олар бес том еңбек жазып, балаларды зиянды ақпараттан қорғау туралы заң керек екендігін дәлелдеген. Бұл заң АҚШ өрендерін ұлттық, аймақтық, континентальдық және жаһандық ауқымдарда қорғауға қабілетті бо­луы керек деп шешкен. Осы шаралардың нә­тижесінде, аталған мемлекетте балаларды ақпараттық қорғауға арналған заңнамалық актілердің саны бүгінде 500-ден асып отыр. Солардың ішінде «Ақпараттық қауіпсіздік туралы» заң негізгі болып табылады.

Біз, Парламент Мәжілісінің депутаттары Гүлнар Сейітмағанбетова, Гүлмира Исімбаева, Светлана Бычкова «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасын жазғанда жо­ғарыда баяндалған жайларды еске алдық. Ақ­парат-саясат, ақпарат – мәдениетке шабуыл, ақпарат-арандату түрінде көбейіп, оларды тарататын электронды құралдардың техника­лық мүмкіндігі шексіз артқан кезеңде қамсыз отыру – келешегіңе ор қазумен бірдей еді.

Жоба Қазақстан Республикасында бала­ларды БАҚ арқылы таралатын залалды ақпа­раттан заң жүзінде қорғау мақсатын көздей-ді. ТМД елдері мен әлемдік қауымдастық бұл орай­да бізден көш ілгері. Көптеген мемле­кеттерде БҰҰ-ның балаларды қорғау туралы 1989 жылғы Конвенциясына сәйкестенді­рілген заңдар бар. Біз соларды, атап айтқанда, Еуропа одағының «Компьютерлік қылмыстар туралы», «Электронды бұқаралық ақпарат құ­ралдарында зорлық-зомбылықты көрсету ту­ралы» заңдық күші бар декларацияларын, ТМД елдеріне арналған «Балалардың мемле­кеттегі құқықтарының негізгі кепілдіктері туралы» үлгі заңын терең зерттедік. Сонымен бірге АҚШ, Канада, Германия, Ұлыбритания, Нидерландия, Норвегия, Италия, Жапония және басқа дамыған елдердің осы тектес заң­дары сараланды. Олардағы балаларды адам­гершілік сезімнен суытатын, психикасы мен денсаулығына зардабын тигізетін, қатыгездікті насихаттайтын, бір сөзбен айтқанда, жеткін­шектерді рухани аздыратын ақпараттан қор­ғауға арналған құқықтық шаралар ескерілді.

Осы ізденістер кезінде біздің, қазақ қо­ғамының аталған салада кеш қалғанымыз­ды аңғардық. АҚШ-та балаларды интернет зар­даптарынан сақтандырудың жолдары бұдан он төрт жыл бұрын қарастырылыпты. 1998 жылы «Кәмелетке толмағандардың жеке өмірін қорғау туралы акт» қабылданып, 13 жастан төменгі балалар үшін web-ресурс­тарды міндетті түрде классификациялау нормасы енгізілген. Бұл заң бойынша 16 жас­қа дейінгілердің басқа интернет-ресурстарға ене алмайтын жеке интернет-адресі болады. Ал балалардың рухани тазалығы үшін интер­нет-компаниялар мен провайдерлер жауап береді. Бұл талапты Еуроодақтың 30 әлемдік ауқымдағы интернет-компаниялары құпта­ған. ТМД елдеріне келсек, «Кәмелетке толма­ған­дарды теріс ықпалдан қорғау туралы» заң Грузияда 2001 жылы, «Балаларды денсау­лы­ғы мен дамуына кеселін тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң Ресейде 2012 жылы қа­былданды.

Біз осы тәжірибелерді қарастыра келе, Қазақстан Республикасында балалардың ақпараттық қауіпсіздігі туралы дара заң қажет екендігіне әбден көз жеткіздік. Жоба осылай дүниеге келді. Онда әлемдік тәжірибе Қазақ­стандағы ақпараттық ахуалға барынша сәй­кестендірілген және елдегі заң айналымында жоқ кейбір құқықтық ұғымдар енгізілген. Со­лардың ішінде «Балаларға арналған ақпарат­тық өнімнің жас сыныптамасы» және «Жас санаттары» ұғымдары бар. Таратып айтсақ, заң жобасы бойынша балаларға арналған ақ­параттық өнімдерге жас сыныптамасы сарап­тамасы жүргізіледі. Сараптама ақпараттық өнімнің жанрын, тақырыбын, мазмұны мен безендірілуін; ақпараттық өнімді ұсынудың тәсілін; балаларға жасырын әсер ететін ар­наулы әдістердің бар-жоғын; баланың ақпа­раттық өнімді бірнеше рет көру мүмкіндігін айқындайды. Мұндай сараптама ақпараттық өнім Қазақстан Республикасының аумағында таратылғанға дейін жүргізіледі және ол сол өнімді өндірушіге жүктеледі.
Балаларға арналған ақпараттық өнімнің жас санаттары заң жобасында мына катего­рияларға жіктелген: «6 жасқа дейінгі», «6 жас­тан бастап», «12 жастан бастап», «16 жастан бастап». Бұлардың бәріне нақты талаптар қойылған және эфирде, экранда тарату мер­зімдері, бала үшін қолайлы уақыттары атап көр­сетілген.

Жобада республиканың заңнама та­рихын­да алғаш рет компьютерлік және өзге де элек­тронды ойындарды таратушылардың мін­дет­тері сараланып отыр. Біз осы ойындарда ба­ла­ларға ұсынуға тыйым салынған ақпа­рат­тық өнімдерге тән көріністердің болмауына қол жеткізуді ойластырдық. Оларда агрессивті күш көрсетуге және өзге де қоғамға жат іс-әрекеттерге арандататын сюжеттер кездес­пеуге тиіс. Компьютер арқылы баланың вир­туальды кісі өлімін, азаптау, қорлау, жәбірлеу және басқа да әбестіктер әрекеттерін қолдан жасай алуына жол бермеу талап етіледі. Ин­тернет-ресурстар, ұялы радиотелефон байла­ныс желілері қызметтерінің провайдерлері, интернет-ресурстарға ұжымдық қол жеткізу пункттерінің иелері мен құрылтайшылары заң жобасындағы осы және басқа қағидаларды орындауға міндеттеледі.

Мұнымен қатар балаларға арналған баспа өнімінде, дыбыс, кино және бейнеөнімдерде баланың денсаулығы мен дамуына зиян кел­тіретін ақпарат болмауға тиіс. Білім беру ме­кемелерінде балаларды оқытуға арналған ақ­параттық өнімнің мазмұны осы заңның та­лаптарына сәйкес келуі шарт. Шәкірттерге арналған дәптерлерді, күнделіктерді, кітап тыстарын, кітап белгілерін, мектептер мен мектепке дейінгі балалар мекемелерінде пай­даланылатын өзге де полиграфиялық өнімдер­ді безендіру жас сыныптамасы категория­ла­рына лайық болуға тиіс. Бәрімізге белгілі, телекоммуникациялық желілердің трансшекаралық сипат алуы бала­ларды зиянды ақпараттардан қорғау шара­ла­рын халықаралық ауқымда ұйымдастыруды қажет етеді. Бұл мәселе жобаның «Баланы, оның денсаулығы мен дамуына зиян келті­ретін ақпараттан қорғау саласындағы» ха­лықаралық ынтымақтастық тарауында бе­рілген. Онда ынтымақтастықтың негіздері, мемлекеттердің құзыретті органдары, ха­лықаралық үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын үйлестірудің бағыт­тары айқындалған.

Түйіндеп айтсақ, заң жобасы мына маз­мұндарда ерекшеленеді:
1. Балалардың дамуы мен денсаулығына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау сала­сындағы мемлекеттік саясат принциптері­нiң айқындалуы;
2. Зардапты ақпараттардың анықтамалары берілуі;
3. Зиянды ақпараттық өнімдердің айналы­мын тоқтатудың құқықтық жолдары көрсе­тілуі;
4. Телерадио, кино өнімдерін көрсетудің балаларға қолайлы уақыттарының белгіленуі;
5. Жаппай қолданыстағы интернет, ұялы телефон желілері арқылы балаларды рухани аздыратын ақпараттық өнімдердің тараты­луына тосқауыл қоюдың жолдары ойласты­рылуы;
6. Компьютерлік, электрондық ойындарға балалардың ақпараттық қауіпсіздігі мақ­саты­мен сараптама жасаудың құқықтық мүмкін­дігінің туғызылуы;
7. Ақпараттық өнімдерге сараптама жа­саудың және жасалған сараптама қорытын­дыларын жүзеге асырудың заңды тетіктері айқындалуы;
8. Мемлекеттік атқару органдарының ба­лаларды зардапты ақпараттық өнімдерден қор­ғаудағы өкілеттіктерінің саралануы;
9. Заң жобасында сараланған міндеттерді қоғамдық қадағалаудың тетіктері белгіленуі;
10. Балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған жаңа бағдарла­малардың туындауына ықпал етілуі.

Осындай заң тетіктерінің болмауы рес­публикада балалар арасындағы қылмыстың көбеюіне, басқа да өрескел қылықтардың ар­туына әкеліп соққанына дәлел көп. Қоғамды, әсіресе, суицид делінетін оқыс оқиғалардың жиіленуі шошындырады. Қазақстанда 2009 жылы ғана 202 бала осындай жолмен өмірін қиған. 2010 жылы өзіне-өзі қол салған өрен­дердің саны 211-ге жеткен. «Қазақстандағы тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер инсти­туты» жеткіншектерді осындай үрейлі қа­дамға итермелейтін себептер ретінде ақпарат желілерінде таратылатын зорлық-зомбылық көріністерін атап көрсетеді.

«Мединфарм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мәліметтері де көңілді қобал­жытады. 2011 жылы 15-19 жас аралығындағы 22081 қыз бала жүкті болған. Олардың 155-і он бес жастағылар. 728-і он алты жасқа енді толғандар. Бұлар да, негізінен эфирлердегі рухани құнсыздандыру қаракеттерінің құр­бан­дары. Ал ата-аналарынан безіп, отаншылдық се­зімін жоғалтқан жеткіншектер туралы айта-айта шаршадық. Өмірді мағынасыз кезеңге балайтын, қоғам үшін қызмет етуді күнәһар­лық деп есептейтін жастар да жоқ емес. Қа­ты­гездік мектеп шәкірттерінің арасында жиі байқалатын болды. Пышақтау, ату, ұрып-соғу әрекеттері туралы телеэфирден естіген сайын жағаңды ұстайсың.

Осының бәрі халықты ойға бөктіріп отыр. Биліктен рухани өмірді зардапты ақпараттан тазартып, балаларды қорғау шараларын шұ­ғыл қолға алу қайта-қайта талап етілуде. Ал бұл міндетті тек заң арқылы ғана жүзеге асы­расың. Сондықтан біз әзірлеген заң жоба­-
сын қолдаушылар күн өткен сайын көбейіп келеді. Қазіргі кездің өзінде «Ұлағатты жанұя», «Қазақстан интернет ассоциациясы», «Әділ сөз» халықаралық қоры, Қазақстан Мұсыл­ман­дары одағы секілді қоғамдық құрылым­дар заң қабылданған жағдайда оны жүзеге асыруға қажетті бағдарламалық жобалар ұсына алатындықтарын білдіруде.

Демократия деген құндылықты түрліше түсінген, оны қоғам мен халықтың игілігі тұрғысынан емес, өзінің жеке, кей ретте қыл­мысқа пара-пар қаракеттері үшін пайдала­нушылар ақпарат әлемін жаулай бастағаны рас десек, зиянды ақпараттан балаларды заң­мен қорғау – ұлттық парыз. Сондықтан да бұл мәселеге Әзірбайжан, Беларусь, Тәжікстан, Украина парламенттері мен ТМД Парла­­ментаралық ассамблеясы айрықша мән бе­руде. Ре­сей арнайы заң қабылдаумен шек­телмей Фе­дерация Президентінің жанынан «Балалар­дың құқығы жөніндегі өкілетті ке­ңес» құрды. Оның негізгі мақсаты – «Балалар­ды денсау­лығы мен дамуына зиян келтіретін ақпарат­тардан қорғау туралы» заңның орын­далуын бақылауға алу. Осындай қадамдар Қа­зақстан­да да жүзеге асырылуға тиіс. Аталған заң қа­былданған жағдайда оның орындалуын қада­ғалайтын өкілетті орган бізде де құрылса, нұр үстіне нұр болмақ. Тек сонда ғана жас ұр­пақ­тың толыққанды дамуына айрықша ықпал ете аламыз.

http://www.aikyn.kz

Рубрика: