Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында журналистикада дүмпу жасаған толқынның өкілісіз. Сол толқын бүгінгі журналистиканы қалай бағалайды? Әңгімені осы тұстан бастасақ… 

 

 

– Журналист қай кезде де қоғам мен би­ліктің арасындағы алтын көпір болған, бола да береді. Кеңес өкіметі журналис­ти­каны идеологиялық қару ретінде пайда­лан­ды. Бүгінгі журналистика оқиғаны, ақпаратты халыққа дер уақытында жет­кізу­ші, қоғамдық пікірдің мінбері рөлін атқа­рып отыр. Біз он бес республиканы ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Кеңес өкіметі кезінде-ақ баспасөз­дің ұстаханасы атанған «Лениншіл жас» (бүгінгі «Жас алаш» газеті) газетінде жұмыс істедік. «Лениншіл жас» Кеңес өкіметі кезінде де өзін еркін ұстады, ойын ашық айта алды. Сол арқылы бізді еркін ойлауға, қай салада болсын қалам тербеуге үйретті. Мысалы, мен осы басылымда бірнеше са­лада шыңдалып шықтым десем болады. Тоқ­саныншы жылдар басындағы тоқырауда халық наразылығы күшейіп, саяси оқи­ғалар сабыр таппай тұрғанда саясат бөлі­мінің тілшісі, сосын редакторы болдым. Тәуелсіз еліміздің өзінің құқық қорғау са­ла­сы аяғынан енді тік тұра бастаған өтпелі кезеңде, жұрттың зәре-құтын қашырған рэкеттер, ауадан ақша жасағыш алаяқтар қаптаған шақта заң бөлімінің редакторы ретінде, құқық мәселесіне тереңірек үңілу­ге мүмкіндік алдым. Еліміз нарықтық экономикаға аяқ басу кезеңінде экономика және әлеумет бөлімінің редакторы ретінде еңбек еттім. Басылым бізді бір бөлімнен екінші бөлімге ауыстыру арқылы шыңдап, пісіріп шығарды. Бұл – үлкен мектеп болатын. Біздің ұрпақ – ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздіктің алғашқы жаршысы болғанымыз үшін өзімізді бақытты санай­мыз. Халыққа тәуелсіздікті баянды ету үшін не істеу керегін жеткізе білген біздің буын сонысымен де тарихта қалады.

Қазіргі журналистер кез келген та­қы­рыпқа жазып жүр, бұл журналистің әр саладан хабардар, әмбебап болуына себін тигізеді. Негізінен, журналистің бір тақы­рыпқа, бір салаға кәсіптенгені, әрненің бетін шалмай, терең аналитикалық дүние­лер жазуға машықтанғаны дұрыс деген көзқарастамын. Білімді, білікті, жан-жақты журналистер көп. Бұл қуантады. Алайда интернеттегі материалдың өңін айналдырып жариялауды күнкөріс көзіне айналдырып, ізденуге ерінетіндер қатары да күн санап өсіп келе жатқанын байқап жүрсіздер. Мұндай әдіспен журналисти­ка­ны нан табудың оңай жолына айналдыруға болмайды. Сөз құдіреті, қалам киесі деген болады.

– Журналист ізденбейді емес, ізденеді. Тек құзырлы орындарға жолдаған сұрақ­та­рына уақытында жауап ала алмайды. Себебі «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңда «Мемлекеттік органдар және басқа да ұйымдар БАҚ-тың жіберген сауалына 3 күннің ішінде жауап беруге міндетті. Немесе жіберілген хатқа байланысты оған қашан жауап берілетіні немесе оған жауап берілмей­тіні жөнінде ақпарат жіберуге тиіс» делінген. Бүгінгідей ақпараттық заманда 3 күн көп емес пе, қалай ойлайсыз?

– Журналист әріптестерімді жақсы түсінемін, ақпарат үшін 3 күн түгілі, 3 са­ғат­тың өзі кеш. Бетін аулақ қылсын, бір жерде жарылыс, апат, террористік әрекет, жер сілкінісі сияқты оқыс оқиға болып жатса, ал сол оқиғаға қатысты шұғыл мағ­лұ­мат беруші орган «үш күн күте тұрыңыз» десе, оны кім күтіп отырады? Уақтылы ақ­парат бермеу, берілген жауаптардағы мә­ліметтердің жұтаңдығы – БАҚ-тың басқа дереккөздерге, көбіне алыпқашпа ақпарат­тарға оқиғаны өз қалауына қарай бұрмалап беруіне алып келеді. Бұлай болмас үшін «Қайда? Қашан? Не болды?» деген үш сұ­рақ­қа оқиға бола салысымен жедел ақпарат таратылып, онда мәселенің бүге-шігесін анықтау мақсатында құзырлы органдар айналысып жатқанын ескертсе, тіпті әр сағат сайын жаңа мағлұматтар тастап отырса, алыпқашпа ақпараттың тарауына жол берілмес еді. Бұл басшының тәуекел­шілдігіне де көп байланысты. Кей басшы­лар өздері ақпарат таратпаса, жұрт білмей қалады деп ойлайды. Алайда, Facebook, Twitter, LinkedIn, «MySpace»,YouTube, «on.kz» сияқты әлеуметтік желілермен еркін ақпарат алмасып отырған халық кез келген оқиғадан әп-сәтте-ақ хабардар болады.

Журналистер «Бұқаралық ақ­па­рат құралдары туралы» заңның 18-бабы­ның 2.1-тармағының өзінде «қосымша зерде­леудi және тексерудi қажет ететiн өтi­нiшке жауап ол келiп түскен күннен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей берiлуге тиiс» делінгенін де естен шығарып алмауы тиіс. Бұл – кейбір жағдайда сұралған ақ­парат 3 күн ішінде беріле бермейді, өйткені БАҚ арқылы таратылатын ақпарат жан-жақты, түпкілікті зерделеуді, қолданыстағы іс жүргізу (процесуалды) заңнаманың та­лап­тарын ескеруді қажет ететіндіктен, оған тиісінше қосымша уақыт қажет деген сөз. Журналистердің қысымымен асығыс, үстіртін берілген ақпарат қоғамда түсінбеу­шілік тудыруы, өсек-аяңға әкеп соғуы, мемлекеттің немесе жеке және заңды тұл­ға­лардың мүдделеріне нұқсан келтіруі мүм­кін. Әрине, ақпаратты бірінші болып жеткізу мүмкіндігіне ие болу БАҚ-тың беделін көтереді, журналисті танымал ете­ді. Сенсация қууға құмарлық адам құқы­ның бұзылуына, жалған ақпарат­тың тарап, билік, құқық қоғау орғандары туралы негативті қоғамдық пікір қалып­та­суына соқпауға тиіс.

– БАҚ пен қандай да бір саланың ара­сында байланыс нашар болса, ол баспасөз қызметінің жұмыс істемей отырғанын көр­сетеді емес пе?

– Ол да мүмкін. Баспасөз хатшысы – са­ла басшысы мен қоғамның арасын байланыстырушы әрі сала мен басшының имиджін жасаушы тұлға. Ақылды басшы баспасөз қызметінің басшысын жанына жақын ұстайды. Ол кез келген уақытта кедергісіз кіріп, қоғамдық пікір тудыратын, имиджге әсер ететін мәселе туралы бөлісе алады. Оның пікіріне құлақ түреді. Ондай басшы қоғамдық пікірмен санасып отыру­дың маңызды екенін жақсы түсінеді. Бұл мәселеде менің жолым болды деп ойлай­мын. Екінші бір басшылар баспасөз қыз­метіне арбаның бесінші доңғалағы тә­різ­ді қарайды. Баспасөз хатшысымен тікелей жұмыс істемейді. Бұл сол мекеменің имидждік жұмысты дұрыс жолға қоймаға­нын көрсетеді. Сондай-ақ кемшілік, көп жағдайда баспасөз қызметі қызметкер­лерінің кәсіби деңгейінің жеткіліксіздігінен де болып жататыны рас. Оның себебі – елімізде кәсіби баспасөз хатшысы институ­ты әлі толық қалыптаспаған, бұл бағытта кәсіби маман дайындайтын тиісті оқу орындары немесе білім бағдарламалары жоққа тән. Сондықтан баспасөз хатшы­сының міндеті тиісті кәсіби мамандығы немесе біліктілігі жоқ мемлекеттік орган­ның бір қызметкеріне жүктеледі. Ақпаратты ұйымдастыру, қоғамдық пікір тудыратын дүниені тұщымды, қызықты етіп беру жолдарын білмейтін журналистикадан алыс маман бухгалтердің «отчеты» сияқты адам түсінбейтін баспасөз парақшасын жазады, таратады. Кейде бұл қызметке аталмыш саладан мүлде хабарсыз, ақпарат айдынында танылмаған, беделсіз журна­лис­тер тартылады. Осыдан келіп, БАҚ-қа берілетін баспасөз ақпараттары (пресс-релиз) мен өткізілетін брифингтердің сапасы сын көтермейді, терең мағынасы жоқ, журналистердің, жалпы, қоғамның қызығушылығын тудырмайтын ақпараттар таратылуы осыдан келіп туындайды.

 

Алаңға барғанымнан пайда іздегім келмейді

– Сіздің «Жас Алаш»-тың қасынан өзін­ше бөлек қосымша газет ретінде шығып тұр­ған «Мыңнан бір мезет» танымдық басы­лы­мының 12 жыл бойы шығарушы редакторы болғаныңызды білеміз. Бұл тақырыпқа қа­лай келдіңіз?

– «Мыңнан бір мезет»-тің әу баста атал­­ған басылымда арнайы бет ретінде ғана шығып тұрған. Мақсаты – шұғыл ақ­па­рат жеткізу болған екен. Бұл бетті өз мойныма алған соң беттің концепциясын түгелдей өзгерттім, қызықты танымдық оқи­ғаларды арқау ете отырып, кеңестік за­манда атеизм қанына сіңіп кеткен ұр­пақтың өз дінін танып-білуге деген тал­пынысын оятуды көздедім. Тылсым дүние­лер туралы жазған өзімнің немесе ав­­­тор­­лар­дың мақалаларының соңын «Бұл Алла тағаланың құдіреті емес пе?» деп аяқтайтын едім. Кеңес өкіметі атеистік көз­қарасты сүйегіне сіңіріп тастаған ха­лық­тың бетін дінге бұру үшін, қатып қал­ған мате­риалистік көзқарасты бұзу үшін осындай тәсіл керек еді. Дін туралы ашық айтуға тыйым салынған, тіпті намаз оқы­ға­ны үшін қудалауға ұшырап, түрмеге жа­был­ған ақтаңдақтарды бастан кешкен халқымыздың дініне қайта оралуы үшін әр жүрекке ең болмаса бір кішкентай сәуле тастауға тырыстым. «Кәпір болу бір пәсте, мұсылман болу әсте-әсте» демекші, дінге оралу әлі күнге дейін жүріп жатқанын кө­ріп отырсыздар. Қолға алғаннан аз уақыт өт­кенде бұл танымдық бет алдымен 4, кейін 8 беттік қосымша газет болып шық­ты.

Жалпы, «Жас Алаш» газетінде 7-8 жыл жауапты хатшы бола жүріп, кезінде бірін- бірі қайталамайтын 15 қосымша газеттің және бірнеше арнайы беттердің жобасын жасап ұсынғаным бар. Сол он бестің сегізі қосымша ретінде шығып тұрды. Олардың қамтитын аудиториялары да сан қилы бол­ды. Әрқайсысының өз редакторлары бол­ды. Бұл сол қосымшалардың редактор­лық ізденісін, жауапкершілігін, шеберлігін шың­дады деп ойлаймын. Соның бірі – өзім шығарған «Мыңнан бір мезет». Оның хал­қымызға берген тағы бір пайдасы – ұлттық мәдени мұраның бөлінбес бөлшегі болып табылатын ғасырлар бойы ел ішінде ауыз­дан-ауызға көшіп келген аңыз-әп­саналарды жинауға жол ашты. Оқыр­ман­ның қосымша газетке қызығушылығының артқаны сон­дай, таралымы 130 мың данаға жетті. Рес­пуб­ликаның барлық облыста­ры­нан үзбей жазып тұратын тұрақты автор­ларымыз болды, олардың жіберген аңыз­дарынан үлкен архив жиналды.

Бірде «Жас алаштың» аты аңызға ай­нал­­ған бұрынғы редакторы, жазушы Сей­дах­­мет Бердіқұлов ағамыз редакцияға кел­ге­нінде «Әділбек, «Мыңнан бір мезетті» жақсы шығарып жүрсің, алайда тылсымдық оқиғалардың өзін жариялап қана қоймай, ғалымдарға сол жайлы коментарий бергізу­ге тырыс, сонда әлдеқайда сенімді әрі сал­мақты болады» дегені бар еді. Осыдан кейін халқымыздың мәдени мұрасы – қазақ мифтерін жинақтап, зерделей жүріп, мүмкіндігінше оған ғылыми-танымдық тұрғыдан түсінік беруге тырыстым. Кейін академик Қатыршат Шапағатұлы Шүлен­баевтың бағыттауымен, академик Ғари­фолла Есімнің жетекшілігімен ғылыми жұмысымды жаздым. Кітаптарым жарыққа шықты. Менде әлі де бірнеше кітапқа арқау болатын ғажап архив бар. Бүгінгі таңда әлемде түрлі тылсымдық тақырып­тағы фильм­дер түсіріліп жатыр ғой. Қарап отыр­саң, көбі санаға сыймайтын, белгілі бір халықтың ғасырлардан келе жатқан аңыз-әпсаналарына негізделмеген жансыз, рухсыз дүниелер. Егер біздің елде де осын­дай бір шығармашылық бастама қолға алынса, сондай фильмдерге сюжеттік желі болар оқиғалар жиналған аңыздар да же­тіп-артылады. Ең бастысы, мен 12 жыл бойы жинақтап, шығып тұрған танымдық газет­тегі аңыздардың басым бөлігінің қа­зақ ми­фо­логиясының 55 томдығына да ен­ге­ніне, еңбегімнің ұлттық мәдени мұра­мыз­ға қо­сылған үлкен үлес болғанына қуа­на­мын.

– «Мыңнан бір мезет» арқылы елді елең еткізер материалдар жарияладыңыз, ал журналистикада өзіңізді ерекше толған­дыр­ған тақырып болды ма?

– Биліктің бұқаралық ақпарат құра­лындағы сынға, жалпы, қоғамдық пікірге құлақ түруі – ең маңызды нәрсе. Арзан бедел үшін жоқ-барды термелемей, ел өміріне, мемлекет тынысына қажетті та­қы­рыпты уақытында әрі сауатты, табанды көтере білсе, айтылған ой мен ұсыныстар қабыл­да­нып жатса, ол журналист жұмысы­ның нәтижелілігін білдіреді. Кеңес өкіме­тін қанша қарғасақ та ол кезде газетте шық­қан мақалаға ерекше назар аударылып, жедел шара қолданылып, ол туралы жауап бері­летін. Мені «Арай» журналынан ЛКЖО ОК арқылы «Лениншіл жасқа» жұ­мысқа шақыртты. Ол кезде «Лениншіл жас­та» жұмыс істемек түгілі, табалдырығын аттау­дың өзі мәртебе саналатын. Мені сы­нап көргісі келді ме, бас редактор Уәли­хан Қалижан келген бетте Атырауға іссапарға жіберді. Ол кезде Құлсарыдағы Теңіз мұнай өңдеу зауыты салынып бітіп, аз күннен соң пайдалануға берілмек екен. Бір апта ішінде зауыттың экологиялық құрылғылары ес­ке­ріл­мегенін, еден жуушыға дейін вах­та­лық тәсілмен шетелден алдырылатынын, жергілікті халықтың жұмысқа тартыл­май­тынын, мұнайшылар дайындайтын оқу ор­нының жоқтығын, облыс халқының дені туберкулезбен ауыратынын, егер экология­лық қондырғы салынбастан зауыт іске қо­­сылса, жергілікті халықтың жағдайы мүш­кіл болатынын анықтадым. Келе са­лы­сымен газеттің бір жарым бетін қамты­ған «Теңізге теңдік керек» деген мақалам жарияланды. Онда ең алдымен эколо­гия­лық қондырғы жасалынбай зауытты іске қоспау, жұмысшылардың басым бөлігін жергілікті халықтан алу, Атырауда мұнайшы мамандарын даярлайтын арнайы оқу орнының бөлімін ашу, облыс тұрғындарын туберкулезге қарсы жаппай тексеруден өткізу тәрізді барлығы жеті талап қойдым. Ғажабы сол, бұл мәселе бірден үлкен шу туғызып, зауыттың іске қосылуы кейінге шегеріліп, мен қойған жеті талап та орын­далды. Әрине, журналистикадағы ширек ғасырға жуық уақыт ішінде газеттің арқа­сын­да талай тақырыпты қозғап, талай тағ­дырға арашашы болдық қой. Солардың ішінде тағы бір есте қалған кейіпкер бар. Ұлы Отан соғысының алдында, тіпті со­ғыс жылдарында да Барсакелмес аралында бак­териологиялық қару жасау үшін жергі­лік­ті халыққа сынақ жүргізілген кездері де болған екен. Сол сынақты көзімен көріп, бастан кешіп, қашып құтылып, аман қал­ған адамдармен сөйлесудің сәті түсті. Ақ­сақалдың айтуынша, ол кезінде өзі секілді бірнеше жетім баламен пойызға ұрланып мініп алып, Қазалы мен Ташкенттің ара­сын­да жолушылардан тамақ сұрап ішіп, затын тасып беріп, нан тауып жеп жүреді екен. Бір күні 12 баланы Барсакелместің маңындағы стансада әскери адамдар ұстап әкетеді де, Барсакелмеске алып келеді. Бағына қарай менің кейіпкеріме сынақ жасалған малды бағу тапсырылғандықтан, есебін тауып қашып құтылған. Ол сынақ жасалған малдың жүні түсіп, қызылша­қа­ланып, терілері өздігінен жыртылып өлге­нін көзімен көргенін айтады. Аш қалғанда тышқан аулап, құрт-құмырсқаны азық етіпті. Қалған он бір бала әртүрлі сы­нақ­тардың құрбаны болды, оларды қайтып көрмедім дейді ол. Сөйтіп, ұзақ жылдар Ташкентте өмір сүріп, қартайған шағында айтылмай келген ақиқатты ортаға салған еді ақсақал. Осы мәселені зерттеуге кіріс­тім. Мақала жарыққа шыққан соң, бұл оқиғаның тағы бір куәгері пайда болды. Ол бактериологиялық қаруларды жергілікті халыққа сынауға қатысқан медбике екен. Дәм-тұзы таусылар күні таяғанда кейуана жанын жай таптырмаған оқиғаны жариялап кетуді жөн көріпті. Сол кісінің айтуынша, Барсакелместегі тұтас бір ауылдың тұрғын­дарына бактериологиялық жұқпа егілген. Ауру меңдеген ауыл адамдарын өртеп жі­бер­ген көрінеді. Бүгіндері осы оқиғаның тірі куәлері қалған жоқ. Дегенмен бұл – әлі де арнайы зерттеуді қажет ететін тақы­рып.

– Сізді «Желтоқсан оқиғасына» қатыс­қан дегенді естідім…

– Осы «Желтоқсан оқиғасы» деп ай­туға қарсымын. Дұрысы – «Желтоқсан кө­тері­лісі». Кезінде «Желтоқсан оқиға ма, көтеріліс пе?» деген мақала жазып, «Жел­тоқ­сан көтерілісі» деп атау керек екенін дәлелдеуге тырыстым. Мәселен, жол-көлік оқиғасы орын алса, жеке бас араздығы үшін төбелессе, оны да оқиға деуге болар. Ел билігіндегі өзгеріске наразылық біл­діріп, мемлекет ісіне өзгеріс енгізетіндей пікір айтып, оның арты ұлттық көтеріліске ұласса бұл әрине, көтеріліс болады. Ол кезде «Желтоқсан көтерілісі» деп айту Кең­ес өкіметіне тиімсіз еді. Шын мә­нін­де, ол ғасырлардан бері ұласып келе жат­қан тәуелсіздік үшін жасалған көтеріліс болатын. Егер ол бұзақылық, есірткіге еліккен жастардың желікпесі болса, «Әр елді өзінің көсемі билесін!» деп саналы түрде саяси ұсыныстар жасар ма еді? Ал­матыдағы қазақ жастарының көтерілісінен кейін одақтас республикаларда тәуел­сіз­дікке, отарлауға қарсы көтерілістер бастал­ды. Сол көтерілістердің басы және бастау­шысы Желтоқсан көтерілісі болды. Қазақ жастарының намысқойлығын, тарихты өзгертудегі алғашқы қарлығаш болғанын ұмытпауымыз, дәріптеуіміз, сол арқылы жас ұрпақтың рухын көтеруіміз керек. Біз ҰОС мен Ауған соғысы ардагерлерін ерлік­тің үлгісі ретінде мақтан етеміз. Дұрыс. Алайда тәуелсіздікке тікелей себепші бол­ған желтоқсаншыларды неге ұлтжанды­лық­тың, ерлік пен патриотизмнің үлгісі, тәрбиенің идеологиялық құралы ете алмай отырмыз? Біз жас буынның бойына мем­лекетшілдік сезімді дәл осы желтоқсан­шыларды насихаттау арқылы қалыптастыра аламыз. Өйткені бүгінгі тәуелсіздіктің неден басталғанын білеміз ғой. Тағы бір мәселе, Желтоқсан көтерілісі туралы айт­қанда тек Алматыдағы көтерілісті ғана ауыз­ға аламыз, сондай наразылықтар бірнеше қалада орын алған. Сол желтоқсан көтерілісіне студенттер, жұмысшы жастар­мен қатар, мектеп оқушылары да қатысып, жазаланған. Біз осы фактіні де ескермей жүрміз. Қазір ол оқушылардың барлығы ер жетті. Олар қазір қайда? Бұл деректерді кезінде қанша жасты, оның ішінде мектеп оқушыларын комсомолдан шығарып, жазалағаны туралы есеп берген комсомол же­текшілерінің көзіммен көрген, архив ма­­те­риалдарына сүйеніп айтып отыр­мын.

– Сіз бұл көтеріліске қалай қатысып жүр­сіз және ол туралы неге ашық айтпай­сыз?

– Желтоқсан көтерілісіне қатыс­қа­нымды, тарихты өзгерткен үлкен көтері­лістің ішінде жүргенімнен пайда іздегім келмейді. Алаңға бару арқылы өзімнің азаматтық ұстанымымды білдірдім. Енді одан пайда іздеудің керегі жоқ. Тек енді сол көтерілістің нағыз бел ортасында болған оғландарымызды үлгі етіп, ұрпақтың отан­сүйгіштік қасиетін ояту үшін насихаттау керек деп ойлаймын.

 

Көрші ел «ала бағананың» бергі жағында жердің бос жатқанын көруге тиіс емес

– Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ баспасөзі «Айқын», «Алаш айнасы» «Жас қазақ», «Алтын орда», «Жас қазақ үні», сынды басылымдармен толыға түсті. Соның ішінде «Айқын» газетін ұйымдастырушылар қатарында осы газеттің бас редакторының бірінші орынбасары ретінде сіздің де есіміңіз аталады. Газетті жарыққа шығарудағы ең алғашқы қиындықтар мен қызықтар туралы айтып берсеңіз?

– «Жас алашқа» етіммен, сүйегіммен сіңіп кеткенім сондай, ұжыммен жы­лап қоштастым. Шыным сол. «Айқынға» дейін де шақырылған қызметтердің еш­қай­сысына қызыққан емеспін. Сондықтан «Айқын» газетінің алғашқы бас редакторы Серік Жанболат хабарласып, бірінші орынбасар болуға шақырғанда жағдайды егжей-тегжейлі сұрағаным бар. Себебі ол кезде бірқатар газеттер ашылғанымен, қайта жабылып жатты. Болашағы бар басылым жасауға болатынына көз жеткен соң, ұсынысты қабыл алдым. Бізге ең әуелі «Айқын» қандай бағыт ұстану керек» деген мәселені айқындап алу керек болды. Бұл басылым тым ресми болмауы керек, алайда «Жас алаш»-қа да ұқсамауы тиіс, өзіндік жолы болуы керек еді. Соның ішінен ақ­параттық тәсілді таңдадық, материал­дарды қысқа-нұсқа етіп беретін таза ақпараттық-аналитикалық басылым жасау туралы шешімге келдік.

– Ақпараттық тәсілді таңдағанда ақпарат агенттіктері мен телеарналардың бәсекесінен қорыққан жоқсыздар ма? Бүгін болған оқиға газетте ертеңіне беріледі, ал ол оқиға телеар­налар мен агенттіктерде сол күні жарияланып кетеді ғой…

– Сол жылдары ақпарат агенттіктері де, телеарналар да ақпараттық әбжілдікке жаңадан қалыптасып келе жатқан болатын. Оның үстіне телеарнадағы жаңалықтардың да көрсетілетін уақыты бар, әр БАҚ-тың өз оқырманы бар емес пе? Телеарнада барлық ақпаратты талдап көрсету қиын.  «Айқынның» ерекшелігі, бір жағынан ақпарат берсе, екінші жағынан, сол ақ­паратқа байланысты сарапшылардың тал­дауы мен түсініктемесіне де орын берілді.

Газеттің макетін бастапқыда қолдан келгенше өзгеше етіп өзіміз жасадық. Кейін шетелден маман шақырып, еуро­па­лық стандартқа сай етіп жасаттық. Газеттің қай бетінде қандай материал орналасады, тақырыптық беттер мен рубрикаларға кімдер жауапты болады деген сауалдың жауабы ретінде арнайы кесте жасап, сол жобаны редакция ұжымына екі сағат бойы аяғымнан тік тұрып таныстырғаным есім­де. Әр беттің, әр айдардың мақсаты мен міндетін талдап, бекіттік. Әрине, бұл ба­ғыт­қа журналистер бірден үйреніп кетті деп айту қиын. Ол кезде журналистикада алыстан тербеп пәлсапа соғатын өзінше бір дәстүр болатын. Сондай мақалалардың бас-аяғын қиып тастауға тура келді. Бір­неше жылдық тәжірибесі бар сақа жур­на­листердің материалын қысқартып, ақ­парат­тық форматта бергенімізге келіс­­­пе­гендер де болды. Алайда уақыт өте келе газет танымал болып, жоғары деңгейге жетті. Газеттің тез көтерілуіне, танылуына сол кездегі ұжымының ерекше ізденім­паз­дығы мен бас редактор Серік Жанболаттың уақыттың тынысын тани білетін журналис­тік сезімталдығы мен ақпаратты түрлендіріп берудің жолдарын, тәсілдерін меңгерген тәжірибесі көп көмектесті. Бұдан кейін қазақ баспасөзінде қасқайып ізі жатқан Бауыржан Омаров, Нұртөре Жүсіп сияқты майталман редакторлар басқарды. Ең бастысы, сайдың тасындай іріктелген шы­ғармашылық ұжым ел тынысын әбжілдік­пен жеткізуден танбай келеді. Олардың әрқайсысы бір-бір тұлға дер едім.

– Ендігі әңгімені өткенге қайта бұрып, сіз кезінде қаузап жазған шекара мәселесіне де соға кетсек. Көрші елдермен шекарамыз ше­ген­делді десе де, «сол шекараның арғы жа­ғын­да талай жеріміз қалды-ау» деген күдік көңіл­дерді күпті етеді кейде, бұған не айтасыз?

– Шекара мәселесі – саяси мәселе, барлық елдермен келісіліп, пішіліп, ше­шілген дүние. Ендігі жерде шекара дұрыс бекімеді деуіміз жөнсіз. Әрине, бір кездер­дегі тарихи жеріміз саналған жерлердің сыртта қалғаны рас, бірақ қазіргі жағдай­дағы шекарамыз шегенделгеннен кейін шекара мәселесі осымен тамамдалуы тиіс. Бір кездерде Өзбекстанмен талас тудырған Бағыс елді мекеніне қатысты дау туғаны рас. Жер бөлінісі кезінде аталған елді мекеннің шекараның арғы бетіне өтіп кету қаупі туды. Сондағы көзіқарақты азаматтар бұл бөлініске қарсы болып, өз пікірлерін білдірді, «Жас алаш» газетіне арыздарын айтып келді. Сол кезде көрші елден келген екі азамат маған кезіндегі жеріміздің сол жаққа өтіп кетуіне себеп болған құпия папканы беріп тұрып: «Біз қашып жүрміз. Ұстап алса өлтіріп жіберуі мүмкін. Қайтсек те қазақтың жерін өзіне қайтуына, бауыр­ларымыздың өз Отанында болуына көме­гі­міз тиер деп басымызды қатерге тігіп кел­дік» дегені есімде. Содан кейін сол жігіттерді көрмедім. Біз бірнеше рет циклді мақалалар ұйымдастырдық. Ол жерді беріп қою ел мүддесіне қайшы келетінін, ұлт атына ұят, бабалар мирасына қиянат кел­тіре­тінін айттық. Мәселенің ушыққаны сондай, екі ел арасында Бағыс деген кіш­кентай мемлекет құрылып, пре­зиденті мен премьер-министрі сайланған жағдай бол­ды ғой. Ақырында Бағыс өзі­мізде қал­ды. Бұл еліміздің ғана емес, осы тақырыпты тоқтаусыз жазып, аяғына дейін жеткізген газеттің де жеңісі еді. Енді біз­ге осы ше­ген­делген шекарамызды сақ­тап қалудың амалын қарастыру керек. Мәселен, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарымен шек­тесіп жатқан Қытай сынды алып көршіміз бар. Аспан асты елімен шектескен шекара­дан бері қарай халық тығыз қоныстанған қалалар Талды­қорған мен Алматы екен. Бұл қалалар ше­ка­радан 300-400 шақырым қашықтықта жатыр. Шекаралық аудандар­дың эко­­но­­ми­касын көтеру, өзін-өзі қамти­тын, ет-сүт өнімдерін өндіріп, жүн, тері өнім­дерін өңдеп, қажетті бұйымдар шыға­ратын зауыт-фабрикалар ашу туралы бірнеше бағытты айшықтаған жобамды ұсынып, кезінде мақала жариялаған едім. Олай ету­дің орнына шекаралы аудандар­дағы аудан орталықтарын бері көшіріп, шекарамыз жалаңаш қалды. Мал шаруа­шылығымен айналысып отырған халық өнімдерін тау асып, тас басып 300-400 ша­қы­рым қашық­тықтағы қалаға апарып сату тиімсіз болған­дық­тан, қалаға үдере көшті. Шекара аума­ғына халықты тығыз қоныс­тандыру мә­се­­ле­сін қолға алу әлі де кеш емес. Өйт­кені көрші тұрған ел «ала бағана­ның» бергі жағындағы жерде қоныс селді­реп, бос жатқанын көрмеуге тиіс. Бос жер­ге көршінің көзі түседі, сұғы өтеді. Сон­дықтан да шекараның бергі бетіне ша­ғын қалалар салып, сондағы халықтың әлеу­меттік жағ­дайын жасауымыз қажет.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбатты жүргізген

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

http://www.aikyn.kz

 

Рубрика: