Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

1F56F24B-41DB-40F3-8911-74FC7B7FE0D8_w600_r1Жақында «Щебсклад» саяжайында жалдап тұрып жатқан пәтерлері сүрілген соң, Ақорда алдына наразылық шарасын өткізген көп балалы ананың 6 баласы мектепке бармай қалды. Бұл туралы қазақстандық БАҚ жазған болатын . Биыл шілдеде баспанасы жоқтығына налып, Ақорда алдында наразылық танытқан 8 балалы ана Жеңісгүл Ермұқаметқызының 6 баласы – Айдидар, Ұлағат, Мұхаммет, Сайыпқыран, Меруерт пен Алмас 1 қыркүйекте мектепке бармай үйде отыр. Бұл туралы «Қамшы» порталы Азаттық сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

2004 жылы Қытайдан атажұртқа қоныс аударған этникалық қазақтардың балалары былтыр Астана қаласындағы 57-мектепте білім алған болатын.  8 баланың анасы Жеңісгүл Ермұқаметқызы мен Мұхамеди Шәннің «Щебсклад» саяжайында жалдап тұрып жатқан пәтерлері сүрілген соң, көп балалы отбасы Ақорданың алдында наразылық шарасын ұйымдастырып, уәждерін Қазақстан Президентінің өзіне тікелей жеткізуге талпынған.  Алайда Астана қалалық құқық қорғау өкілдері оларды Ақордаға кіргізбей, полиция күштеп алып кеткен. Осы оқиғадан кейін үйсіз-күйсіз далада қалған қандастарға Астананың әуежайы қасындағы «Пригродный» ауылының әлеуметтік жатақханысынан 17 шаршы метрлік бөлмені уақытша тұруға берген.

A2D9CFFB-08A4-4EC3-AF6E-A12C037123C9_cx0_cy2_cw0_w900_r1_s_r1Жеңісгүл Ермұқаметқызы, 8 баланың анасы, 3-топтағы мүгедек:

– Бізді бұл жерге уақытша орналастырды. «Екі бөлмелі жатақхана беріледі, ол босағанша осында тұра тұрыңдар» деді. Көріп тұрсыңдар, мұнда жарық жоқ. Бірінші қабат болған соң ба, суық. Қанша күн тұратынымызды білмейміз. Пәтер мәселесін шешіп алмай мектепке қалай барамыз? Биылғы оқу жылы басталар шақта 57-мектеп мұғалімдері хабарласып, жағдайымызды сұраған. Бірақ ол мектепке қатынайтын жолдың алыстығына байланысты балалар мектепке бара алмайтындықтарын айттым.

Бағлан Сматаева, Астана қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Қала тұрғындары Мұқамеди Шән мен Жеңісгүл Ермұқаметқызы балаларын мектепке орналастыру жөнінде көмек сұрап келмеген. Егер көмек  сұраған жағдайда тиісті көмек көрсетіледі.

Бұндай жауапты Астана қалалық білім басқармасының басшысы «Азаттықа» жіберген.

Ләззат Әбуева, Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы:

–  Ол отбасы далада қалмайды деп айтқаным рас. Ол кісілер біздің басқармадан жәрдемақы және басқалай да көмек алып жатыр. Ал пәтер, жатақхана мәселесін басқа басқарма, тұрғынүй басқармасы шешеді. Олар сонда өздері хабарласулары тиіс.

Мұхамеди Шән мен Жеңісгүл Ермұқаметқызының отбасы 2004 жылы ШҚО-ға қоныс аударып келіп, сол жерде азаматтық алған. Балаларының үлкені 17 жаста болса, кішісі 3 жаста. Жоғарыдағы 8 баланың алтауы Қазақстанда туған. Әуелгі көшіп келген ауданнан жұмыс таба алмағандықтан «оралман заңы» бойынша мемлекеттен берілген үйлерін сатып, Астанаға көшіп келген.  Алайда мұнда да олардың жағдайлары келмей отыр. Олар бастарында бұрын баспана болғандықтан заңдағы 5 жылдық шектеудің кесірінен пәтер кезегіне тұра алмайтыны тағы бар.

Айта кетейік, ерлі-зайыптылардың екеуі де денсаулықтарына байланысты еңбекке жарамсыз болып табылады. Мұхамеди Шән құлағы естімейтіндіктен – 2- топтағы мүгедек болса, сегізінші баласын босанғаннан кейін денсаулығы нашарлаған Жеңісгүл Ермұқаметқызы басына ота жасатқан – 3-топтағы мүгедек. Отбасының айлық табысы – 60 мың теңге. Әр балаға мемлекеттен берілетін жәрдемақы, мүгедектікке және «Алтын алқа» иегеріне берілетін азын-аулақ қаражат отбасының негізгі кіріс көзі болып отыр.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

«Қамшы» сілтейді

Рубрика: