Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Шығыс Қазақстанның топырағында туып, жұрт ішінде кең тарап кеткен әндер көп. Ақындар мен сазгерлердің шығармашылық одағының арқасында дүниеге келген бұл әндерді көпшілігіміз естіп, айтып жүргенімізбен олардың шығу тарихы жайында мағлұматымыз мардымсыз. Осыған орай газетімізде «Біздегі бір әннің тарихы» деген жаңа айдармен сериялы материалдар беруді бастап отырмыз. Олардың алғашқысы — ұлт ұстазы Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әні.

«Айттым сәлем, Қаламқас,
Саған құрбан мал мен бас…» деп басталатын Абайдың әйгілі әнін білмейтін қазақ кем де кем. Алайда, тыңдарманы қалың, үлкен сахналардан бастап ауыл арасындағы жиын-тойларда, көңілді кештерде шырқалып, бүгінге дейін ел ішінде сүйкімін жоғалтпай келе жатқан бұл туынды әр қазаққа, қазақ деймін-ау, тіпті, өзге ұлт өкілдеріне де жақсы таныс.

Бұл әннің мәтініне мән берсек, Абайдың әйел затының әйдігі, хор қызындай сұлуға соншалық ынтық болғанын анық аңғарамыз. Сонда «Ұлы ақынның жүрегін жаулаған, тұла бойын оттай күйдірген Қаламқас ару кім болды екен?» деген сауалдың құлақты қылтитатыны заңдылық.

Осыған байланысты 1993 жылы республикалық «Парасат», «Қазақстан әйелдері» журналдарында бұл әнге қатысты бірқатар ғалым, әдебиетшілеріміз пікірталас өрбітіп, олардың дені мұны «Абай жолынан» есімі елге таныс Сүйіндіктің қызы Тоғжанға арналды деген байламға токтаған-ды. Және әлі күнге дейін бұл болжамды мақұлдаушылар катары көп. Алайда, Абайды ғашық еткен Қаламқасқа қатысты басқа да деректер жоқ емес. Мұндай деректі өз тарапынан көнекөздердің айтқандарына сүйене отырып зерттеу жұмыстарын жүргізген жармалық айтыскер ақын Қалихан Алтынбаев анықтаған. Өзінің зерттеу еңбектерінде ақын ағамыз әйгілі әннің кейіпкері Найманның Қаракерей руының ішінде Мұрын тармағынан өрбитін Тана мырзаның немере інісі Жәнібектің қызы Тұржан сұлу деген пікірді құп санайды.
«Тоғжан қыз Абайдың қолы жеткен арманы. Ал адам баласы қолы жеткен арманына өліп-өшіп есі кете ынтықпаса керек-ті. Логика солай. Бізді бұған сендірмейтін тағы бір мықты жайт бар: кемеңгер Мұхтардың тарихи эпопеяны жазу жолында өмірінің жиырма жылын сарп еткені белгілі. Егер Тоғжан өз айналасына жанама түрде «Қаламқас» деген атқа ие болса, Абай оған ән мен өлең арнаса бұл оқиға заңғар жазушының назарынан неге сырт қалған? Эпопея түгілі жай мақалаларының ешқайсысында мұндай пікірдің ұшығын шығармайды ғой? Егер бұл жағдай Тобықты ішіне бұрыннан белгілі болса осы кезге дейін құлаққа неғып шалынбаған?» деп зерттеу еңбегінде орынды сауалдарды алға тарта отырып Қалихан Алтынбаев ақиқи деректерді басқа жақтан іздеуге тырысады.
Дәл осы еңбегінде автор әр жылдар орайында айтқан жармалық Қалиасқар Еңсебайұльның, Күндебай Қалиұлының, Сағила Смакқызыньң, Жүзім Өтепбергенқызьның, Мұса, Мұхаметжан Өтеұлдарының, аягөздік Уақап Торғайұлы мен көкпектілік Ахметжан Әбубәкіровтың әңгімелеріне сүйеніп ән кейіпкері Қаламқастың өмірдегі шынайы бейнесі Жәнібек қызы Тұржан деген байламға тоқтайды. Енді осы байламды қуаттайтын нақты айғақтарга көңіл салайық.

Тұржанның жанама есімі Жарма өңіріне жақсы таныс

«Найман ішіндегі Қаракерейден тарайтын Тілемісұлы Тана мырзаның есімі бүкіл сол кездегі Семей, Өскемен уәлаяттарына айпарадай анық болған» деп жазады айтыскер ақын. Автордың айтуынша, өз кіндігінен перзент сүймеген Тана мырза немере інісі Жәнібектің Тұржан есімді қызын бауырына алыпты. Тұржан тал шыбықтай бұралып өскен сондай көркем қыз, Тұла бойының нәзік, қасының қиыла біткен жіңішкелігіне қарап алғашында жеңгелері, одан соң бүкіл ауыл-аймақ оны «Қаламқас» атандырады. Оның мұндай жанама аты Жарма ауданын мекендейтін Бура-Матай елдеріне мәлім болған екен.

Қалихан Алтынбаевтың келтірген зерттеу деректеріне ден қойсақ, Тұржан мен Абайдың алғаш кездесуі 1861-62 жылдар шамасында көрінеді. Бұл Абайдың он бес-он алты жастағы кезі. Құда түскенімен Ділдаға әлі үйленбеген еді.
Осы тұста әкесі Құнанбаймен бірге алыстағы Найман еліне, Тана мырзаның ауылына сапар шегеді, Тана мырзаның ауылы бұрынғы Самар (қазіргі Көкпекті) ауданының «Тана мешіті» деген ауылдың маңайындағы Қалба тауларын жайлап жүрсе керек.

Бұлардың барған шаруалары, біріншіден, соның алдында ғана Көкпекті округінің аға сұлтандығына өткізілген сайлауда жеңіліс тапқандығына ағайындық демеу сөз айтып, ізгі ниет білдіру, екіншіден, үш өзеннің Ертіске кұятын сағасындағы түбекке мешіт салдырып жатқан Танаға қошемет білдіріп, жаңа құрылысты көріп қайту еді. Осы сапарда екі балғын жас – Тұржан мен Абай бір-бірін қатты ұнатысқан. Мұны байқаған Құнанбай да екеуінің жақынырақ танысуына, тіпті, құда түсіп қайтуға карсы емес-тін. Алайда, құрметті қонақтар отырған орданың сыртында соқыр түйесін «көзіңді, қу соқыр» деген біреудің балағат сөзі байласқалы келе жатқан құдалықтың шырқын бұзады. Тананың жік-жапар болып, әлгі жігітке кешірім сұратып, ат-шапан айып бергізгеніне карамастан, алған бетінен қайтпайтын, мінезі қатал Құнанбай Танаға «әдейі істетіп отырсың» деп аттанып кетеді. Қазақтың «Түйені соқыр десең, Құнанбайға тиеді» деген тәмсілі осыдан қалса керек.

Алыстан ат арытып келген меймандар көп кідірмей кері кайтуы енді ғана лаулай бастаған қос ғашықтың махаббатына кесірін тигізеді. Бұдан соң екеуінің бірер мәрте хат алмасқаны болмаса, жүздесуге жер арасы шалғай. Сөйтіп, байланыс үзіледі.

Абайдың мұнан кейінгі жәйі белгілі. Ділдаға үйленіп, перзент сүйеді. Тұржан оң жақта біраз отырыңқырап барып Сыбан ішіндегі Быжы-Тоқтар дейтін сарт ауылына тұрмысқа шығады. Ескі құлақтардың сөзіне сенсек, соңында ұрпақ қалмапты.

«Тұржанның Қаламқас атанғанына екінші дәлел мынау» дейді Қалихан Алтынбаев «Қаламқас Сыбан ішіне ұзатылып келгенде бұл жақтағы Матай руының игі жақсылары тегіс сәлемдесуге барған. Өйткені, ескі шежіре бойынша Қаракерей (Тананың руы) мен Матай бірге туады. Оның үстіне Тананың абыройы бүкіл Найманға әйгілі. Сол барған игі жақсылардың ішінде Матайдағы әйгілі тентек, әрі жуан тұқым Бәкен Мырзатайұлы бар екен. Басқаларының бәрі кісілік әдетпен Қаламқасқа төс түйістіріп амандасқанда, Бәкен міз бақпастан отырып алады. Ондағысы ойда орыс, қырда қазақ құрығандай сартқа тұрмысқа шықтың деген өкпесі. Міне, осы оқиға Жарма өңіріндегі қариялардың аузында әлі күнге айтылып келеді. Ең бастысы, Тұржан есімімен емес, Қаламқас деген атпен айтылуда».

Мамандар не дейді?

Ілия Жақанов, композитор, музыка зерттеушісі:

– Абайдың осы бір тамаша әнді Сүйіндіктің кызы Тоғжанға арнап жазғанын дәлелдейтін нақты деректер қазір біздің қолымызда жоқ. Бұл туралы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында да еш жерде жазылмаған. Сондықтан мен «ол былай еді немесе оны сол адамға арнап жазды» деп бөле-жарып айта алмаймын. Менің білетінім, «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» деген өлеңі шынымен Тоғжанға арналып жазылған. Ал енді Тана мырзаның бауырына салып өсірген қызы Тұржанға арнап жазды деген пікірді өз басым жақында ғана естідім. Менің ойымша, бұл жағдай бұрындары зерттеушілердің назарынан тыс қалып қойған сияқты. Енді ғана соған көңіл бөліп жатырмыз.
Жалпы, біздің қазақтың тарихында, өнері мен мәдениетінде әлі де зерттелмей, жабулы күйінде қалып келген немесе бұрмаланған дүниелер жетіп артылады ғой. Келешекте осы жақұттарымызды жарыққа шығарып, халықпен қауышуына көп еңбек етуіміз керек.

Ерлан Рысқали, дәстүрлі әнші:

– Бұл пікірлердің екеуі де шындыққа жанасады. Дегенмен өз басым Қалихан Алтынбаев ағамыздың «Тана мырзаның немере інісі Жәнібектің қызы Тұржан сұлуға арналды» деген пікірі дұрысырақ па деп ойлаймын. Себебі, әннің сөзіне ден қойсаңыз ақынның бір аруға ғашық болып, бірақ оған қолы жетпей бір көруге зар болған аңсар хәлін ұғынасыз. Эпопеяға жүгінсек, Тоғжан мен Абай бір-бірімен қосылмаса да бірнеше рет кездесіп, тілдесті. Оған қоса егер әйгілі ән Сүйіндік қызына арналса бұл жәйт Әуезовтің назарынан тыс қалмас еді ғой. Екіншіден, Абай Тоғжанға арнап бірнеше өлең жазған, олардың арасында «Айттым сәлем, Қаламқас» жоқ. Сондықтан Қалихан ағамыздың дәлелдері сенімдірек сияқты. Мәселен, Тұржан мен Абай бір-ақ рет көрісті, одан кейін мүлдем жүздеспеді. Бәлкім барлық сыр осында жатуы мүмкін. Дегенмен бұл тақырып әлі тереңірек зерттеуді, зерделеуді талап етеді.

Серік Әбілхан

«Дидар» газеті

 

Рубрика: