АЛТЫНОРДА
Новости

Айнұр Төлеу. Балаларымыз ажалдың ауызында ойнап жүр

Өзге дін мен секталардың қазақ жеріне тамыр жаю қарқыны басылар емес. Өкініштісі сол, олар біздің әлсіз тұсымызды  анықтап, соған лайық әрекет жасауға тырысып бағады. Ал бізде әлсіз тұс тым көп… Оның ең үлкені – бала тәрбиесіндегі олқылық.Жарайды, тәрбие туралы тәмсілдің тізесі шығып кеткен делік, сол балақайлардың өсіп-қалыптасуына негізделген балалар алаңы да дұрыс жолға қойылмаған. Ғалымдар 13 жасқа дейінгі балалардың ересек адамдармен салыстырғанда энергиясы үш есе көп деп айтады. Ел арасындағы «бір бала бір кемпірді өлтіріпті» деген мәтел де олардың қуатының үлкендерден артық екенін дәлелдей түседі. Ал біздің балалар сол энергияны қайда жұмсамақ? Компьютердің алдында ма? Оларды біздің бала кезіміздегідей жүгірмейді, топыраққа аунап жер-анадан қуат алмайды деп жазғырамыз. Шындығында олардың уақытын дұрыс  ұйымдастырып, бейімділігіне қарай қалыптастыруға олақ – үлкендердің өздері. Қалалық жерде балалар алаңын салуға тым аз ғана орын бөлінеді, оның өзі бөлінсе… Ауылдың балалары ағашқа әткеншек жасап ойнаса да « жетіп жатыр», заманауи балалар әткеншектеріне  «ауылдықтардың не теңі»?. Ал ауылдың санатына да енбейтін, қалалықтар қатарына да  жатпайтын қала төңірегінен  6-8  сотық жер алып күнелтіп жатқан көп қазақтың балаларының жайы тіпті нашар. Себебі олар тұратын мекендегі жердің барлығы есептеліп, телімделіп сатылып  кеткен. Жөнсіз-жоспарсыз сатылым кезінде балаларды ойлап ешкім бас қатырмаған. Есесіне, «Новая жизнь» деп аталатын сектанттар балалар үшін бас ауыртып, жер сатып ап, арнайы алаңқай жасап беруге кіріскен. Осыдан кейін енді қалыптасып келе жатқандарға кім жақсы боп көрінеді? Әрине көзге көрінген «шарапаттың» жөні бөлек.

Біздің бала кезде Кеңес  үкіметі тарап, Қазақстан жаңадан егемендік алған болатын. Электр шамы үнемделу үшін үнемі өшіп қала беретін.Есесіне май шаммен кітап оқып өстік. Кітапхана, балабақша, Мәдениет үйі дегендердің барлығы талан-таражға түсті. Мен өскен ауылдың Мәдениет үйі құлап, бір үйдін екі баласы үйіндінің астында қалған еді. Сол күні құлағалы тұрған үйге құдай оңдап бармай қалғаным бар. Бұл оқиғаны Алматы облысындағы Қарасай ауданына қарасты Арай саяжай-мекеніндегі құлағалы тұрған үйде сырғанақ ойнап жүрген балаларды көргенде есіме түсірдім. Бала өлім деген ұғымнан хабарсыз. Хабары болса да ажалдың аяқ астынан тап беретінін олар ойлап жатпайды. Ойнап жүріп ажал деген аждаһаның аузына кіріп-шығып жүргенін қайдан білсін? Қазір мектептер балаларды демалысқа жіберген. Ойнайтын жер жоқ! Жартысы құлап, жартысы қалған мына ауылдық әкімдіктің кеңсесі сырғанақ тепкенге өте қолайлы екен. Қоғамда қалыптасқан әдет бойынша кеңсені ( аждаһа аузын жаба қалғанда) астында бала қалғанда бірақ құлататын шығар.

Қуантсаң- баланы қуант. Атқа мінген азаматтар ажаһаны ойыншық етіп ойнап жүрген қара домалақтарға ойнайтын алаң жасап берсе, қайырымды  іс болар еді. Қарай жүріңіздер, сіздің балаңыз қайда ойнап жүр?

 

http://masa.kz