Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» жаңа заңның жобасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлттық банкпен бірлесіп жазған деседі. Алда үлкен айтыс-тартыс тудыруы мүмкін осы жобаның тұсаукесерін өткізу үшін, тіпті Парламентке «шақырса келмейтін» Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконың өзі сонау Алматыдан ат арылтып жетті. Бір қызығы, талайдан бері Марченко мырза ілгерілетіп келе жатқан «әйелдердің зейнет жасын арттыру» туралы бап бұл жобада қарастырылмаған. Бірақ соған қарамастан, ең қызу пікірталас осы мәселенің айналасында жүруде.

 

Өйткені заң жобасының та­ныс­­тырылымы кезінде Үкімет бас­­шысының орынбасары Қайрат Келімбетов әйелдердің зейнеткер­­лік жасын алдағы жылдан бастап көтеру жоспарланып отыр­­ған­­­дығын мәлімдеді. Рас, Қа­­зақ­стан халқының ең әсем бөлігін естен тандырмау үшін бұл бірте-бірте, кезең-кезеңмен жүреді екен. Ең қызығы сол, Қайрат Нематұлы ха­барлағанындай, әйелдерді бұл мәселеде ерлермен теңестіру жө­нін­де «саяси шешім әлі қабыл­дан­бапты».

Бірақ егер саяси келісім алын­са, оны қалай жүзеге асырудың «кес­тесін» Үкіметте ендігі дайын көрінеді. «Ерлер мен әйелдердің зейнеткерлік жасын бірыңғайлан­дыру 10 жыл бойында бірте-бірте іске асырылатын болады, – деді вице-премьер. – Жыл сайын әй­ел­дердің зейнеткерлік жасы жар­ты жылға ұлғайып отырады. Ме­ке­меаралық комиссия Үкіметке осы арттыруды 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастау туралы ұсыныс енгізді».

Бір қайран қалдырарлығы сол, Г.Марченко осындай идеяны өткен жылдың екінші жартысында ғана белсенді насихаттай баста­ға­ны есте. Шын мәнінде, вице-пре­мьердің айтуынша, мекемеаралық әлгі топ зейнеткерлік жасты теңес­тіру мәселесін ендігі екі жыл бойы зерттеп келіпті! Тиісті ұсыныстарды қазір ғана енгізіп отыр. Қайрат Нематұлы бұл ұсы­ныстардың ақырғы нұсқасы жа­қында Үкімет басшысының наза­рына ұсынылғандығын білдірді. Осы орайда сол күні Серік Ахме­товтің осы ұсыныстарды әзір­леу­ге қатысы бар лауазымды тұл­ға­ларды жиып, «Үкімет үйінде» арнайы кеңес өткізгендігін айта кеткен жөн. Бірақ түпкілікті ше­шімін айтпады.

– Егер Үкімет қарап, мақұл­даса, Парламентке енгіземіз, – деді Үкімет басшысының орын­басары Қ.Келімбетов. – Біз бұл мәселені параллельді түрде депу­таттық корпуспен талқылауды бастау керек деп ұйғардық.

Әйелдер үшін бейнеттің зей­не­тін көрер мезетті алыстатуды көз­дейтін норманың Мәжіліске енгізіліп отырған жаңа заң жоба­сында жоқтығын Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрі С.Әбденов те растайды. «Бірақ ондай толықтырулар енгізілетін болады» дейді ол.

Жаңа заңжобаны Мәжілісте пысықтайтын Қаржы және бюд­жет комитетінің төрайымы Г.Қа­рақұсова Қазақстан халқының ең басым бөлігін дүр сілкіндіруі мүм­кін ондай шешімнің бұл жобадан тыс, басқа заң түрінде қабылдануы ықтимал екендігін айтады. «Жұ­мыс тобы өз жұмысын жалғас­ты­руда. Зейнеткерлік жасқа қатысты шешім қабылданған жоқ. Үкімет менің ойымша, бізге басқа заң жо­басын әкеледі» деді Гүлжан Жанпейісқызы.

Қалай болғанда, Үкіметте ме­ке­меаралық комиссияның осы байламын қорғайтын тұлғалардың сенімі де, дәлел-дәйектері де мы­ғым. Бұл ұсынысты ілгерілетуге жауапты басты адам – Еңбек ми­нистрі болмақ. Ол ең алдымен, әйелдердің өздерін «үрейлен­ді­руге» ұйғарғандай: «Қазірдің өзін­де әйелдердің 17%-ының ынты­мақты жүйеге қатысу үшін қажетті толық жұмыс өтілі жоқ, ал 2018 жылдан бастап, бұл барлық әйел­дерге қатысты болады! Тиісінше, олардың ынтымақты зейнетақы­ларының мөлшері ең төменгі зей­нетақыдан да төмен болады» деді министр С.Әбденов. Осылайша, шенеуніктер қазақстандық нәзік болмыс иелерінің зейнетке шығу жасын қазіргі 58-ден 63 жасқа де­й­ін көтеру арқылы оларға «жұмыс өтілін жинауға» қосымша мерзім бермек.

Еңбек министрі қалған қазақ­стандықтарды да «қорқытып» отыр: егер әйелдер жасын көтер­ме­се, олар еркектердің де жина­ғын «жеп» қоюы мүмкін. Серік Әбденовтің айтуынша, Қазақ­стан­да 1,8 миллион зейнеткердің 1 миллион 253 мыңы немесе 70 пайызы әйелдер болып отыр.

– Алайда жеке зейнетақы шот­тарының жалпы санындағы әйелдердің үлесі 3,8 миллионды немесе 45 пайызын ғана құрайды, – деді Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі. – Әйел­дердің зейнетақы жинақтарының орташа мөлшері ерлерге қарағанда 25 пайызға төмен. Әйелдердің зей­нетақы жинақтарының бұлай­ша кейін қалуы екі себеппен бай­ланысты: біріншісі – жүктілікке, бала тууға және бала күтіміне бай­ланысты демалыста болуы нәти­жесінде әйелдердің зейнетақы жинақтау жүйесіне қатысу уақыты салыстырмалы алғанда, азаяды. Екіншісі, әйелдер ерлермен са­лыс­­тырғанда, зейнетке ерте шы­ға­ды.

Министрдің ойынша, әйел­дер­дің жинақтарының аз болуына оларға ерлерге қарағанда, азырақ жалақы төленетіндігі де ықпал етеді: «Соңғы 5 жылда әйелдердің орташа айлық жалақысының мөл­шері ерлердің орташа айлық жалақысының 66-68 пайызын ғана құрапты».

Әйткенмен, әйелдердің зей­нет­ке шығу жасын арттыру оларға жұмысқа тұрып, стажды ұлғайтуға мүмкіндік бермейтіндігін идея авторлары қаперге де алғысы кел­мейтіндей. Жұмыс істейтін адам зейнеткерлік жастан ары қарай да жұмысын жалғастыра береді. Жа­қында Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова жасы зей­неткерлікке жетсе де, тәжірибелі дәрігерлердің басым көпшілігін жұ­мыста сақтап қалуға тырыса­тын­дарын депутаттарға мәлім еткен. Ал жас кезінде жұмыс таба алмаған әйелдер 58-ден ары қарай жұмыс тауып алады деген тұжы­рым тек ащы күлкі туғызады. Айт­қандай, жас министр Серік Әбденов әйелдердің ерлерге қара­ғанда көп жасайтындығын да алға тартқан. Егер енді зейнет жа­сын еркектермен теңестірсе, көп­теген әйелдерді уайым-қайғы жеп, стрестен жүдеп, «көп жа­сауын» қояр? Ұсынысты ілгеріле­туші­лердің көздеп отырғаны осы ма? Бұл жерде олар тек экономи­калық пайданы ғана есептемей, әлеуметтік, адами факторларды назарға алды ма екен? Осы са­м­са­ған сауалдарға Парламент депу­тат­тары Үкіметпен бірлесіп, жауап табуы тиіс.

Бір айта кетер жайт, аталған жаңа заң жобасы кейбір жандарға тіпті 50-55 жаста да зейнеткерлікке шығуға мүмкіндік береді. Бірақ ол үшін қордағы жинағыңыз мол бо­луы шарт. Дәлірек айтсақ, заң жобасының 31-бабының 1-тар­мағы­ның 2) тармақшасы – егер «зей­­нетақы жинақтары ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес төлем төлеуді қамтамасыз ету үшін жеткілікті болса, ерлер – елу бес жасқа және әйелдер елу жасқа толғанда», олар «Бірыңғай жинақ­таушы зейнетақы қорынан зей­нет­а­қылық төлемдер алу құқы­ғына ие бола алатындығы» жа­­зы­лып отыр!

Әзірше қолданыстағы жинақ­таушы зейнетақы жүйесінің тиі­м­сіз болып тұрғандығы сонша, ол тіпті ай сайын ЖЗҚ-ларға қомақ­ты жарна аударып отырған адам­дардың да, қартайғанда, жақсы зей­нетақы алуын кепілден­дір­мей­ді. Өйткені жеке ЖЗҚ-лар қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын көбейте алмай, ин­фляцияға жем қылғандарымен қоймай, сол қаржыларға өздері де ауыз салып отырған. Тіпті ЖЗҚ басшыларының ай сайын өз кли­ент­терінің жинақтары есебінен миллиондап сыйақы алуларына да ешкім кедергі жасамапты.

Осыған орай Елбасы Қазақ­стан халқының болашақ зейнет­ақыларын олардан алып қойып, мемлекет қарауында болатын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қордалау туралы шешім шығарғаны мәлім. Бұл ретте «Қа­зақстан Республикасында зейнет­ақымен қамсыздандыру туралы» жаңа заң жобасында қызықты бір бап бар: ол 53-бап «Бірыңғай жи­нақтаушы зейнетақы қорының және ерікті жинақтаушы зейнет­ақы қорларының комиссиялық сыйақылары» деп аталады. Осы баптың 3-тармағы қордың бас­қару­шыларға төлейтін комис­сиялық сыйақысының шамасы жылына бір реттен жиі өзгер­тіл­меуге тиістігін бекітеді. Оның үс­тіне ол сыйақының қанша көлем­де болатындығы енді «2 газетте қа­зақ және орыс тілдерінде жа­рия­лану арқылы салымшыларға күнтізбелік жыл басталардан бір ай бұрын хабарлануға тиіс».

Мұның сыртында заң жоба­сының 34-бабында «БЖЗҚ са­лым­шыларының құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында» мемлекеттік қордың басшылығы мен қызметкерлеріне бірқатар шектеулер қояды. Мәселен, осы баптың 3) тармақшасы «БЖЗҚ мен­шікті активтері есебінен өтеу­сіз негізде қаржылай көмек көр­сетуге тыйым салады».

Айтқандай, Бірыңғай жинақ­тау­шы зейнетақы қорының қазіргі «ГНПФ» базасында құрылатын­дығы расталды. Бүгінде бұл ЖЗҚ-ның қожайындары қатарында еуропалық инвесторлар бар. Бірақ министр Серік Әбденов оның негізінде құрылатын БЖЗҚ-ның «құрылтайшысы және бірден-бір акционері Үкімет болатындығын» нықтайды. БЖЗҚ-ның зейнет­ақы­лық активтерін Ұлттық банк басқарады екен.

Қазақстан Көшбасшысының бастамасымен, түңлігін жаңадан түретін бұл бірыңғай қор – міндетті зейнетақы салымдарын тартуды жүзеге асыратын және зейнеткерлікке шыққандарға жи­нақтары есебінен зейнетақылық төлемдер төлейтін еліміздегі жал­ғыз ұйым болады, ол сондай-ақ азаматтардың өздерінің таңдауы бойынша олардың ерікті және ерікті кәсіби зейнетақы салымда­рын да тарта алады.

Бір жаңалығы сол, бірыңғай қордың инвестициялық страте­гия­сын «БЖЗҚ зейнетақылық активтерін басқару кеңесі» бекіт­пек, ал бұл Кеңес, осы заң жоба­сына сәйкес, Президент жанын­дағы консультативтік-кеңесші орган болып табылатын көрінеді. Бірыңғай ЖЗҚ-ның өзіндегі қа­зақстандықтардың зейнетақы­лық жинақтарын қандай құралдарға салуы керектігі туралы кеңес-ұсынымдарды да осы «прези­дент­тік» Кеңес береді. Зейнетақылық активтерді орналастыруға рұқсат етілген құралдар тізбесін де сол Кеңес мақұлдайды.

Айтпақшы, бұл Кеңестің пер­соналды құрамын және ол туралы ережені Президент бекітеді екен! Жалпы алғанда, «президенттік» Кеңес Үкімет пен Ұлттық банк өкіл­дерінен, қаржы нарығына қатысушылардан және тәуелсіз сарапшылардан тұратын болады.

Енді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қаншалықты орасан қаржы құйылғалы отыр­ған­дығын бағамдай кетсек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің мәліметінше, бүгінгі таңда Қазақстанда жұмыс жасап жатқан 10 ЖЗҚ-да ендігі 3 трил­лион теңгеден асатын зейнетақы активі жинақталып қалыпты!

Бірақ егер мемлекет ары қарай да бұл активтерді жеке ЖЗҚ-лар қолында қалдыра берсе, олар аз халықтың өзін зейнетақылық қам­сыздандыруға жетпей қалуы мүмкін екен. «Жинақтаушы зей­нет­ақы қорлары инвестиция­лаудың мүмкіндігін толық пайда­лан­баған, негізінен, қаражат мем­­ле­кеттік құнды қағаздарға са­лынған, – дейді Серік Әбденов. – Соған орай, Дүниежүзілік банк те қазақстандық ЖЗҚ-лар қыз­метін «тиімсіз» деп бағалайды. Бұдан бөлек, Бас прокуратура осы жүйедегі бірқатар қаржылық айла-шарғыны әшкерелеген бо­ла­тын. Осының барлығы қорда­ланған проблемаларды, саланы түбірімен қайта құрылымдау жо­лы­мен еңсеру қажеттігін көр­сетеді. Осыған орай, Үкімет пен Ұлттық банк зейнетақымен қам­та­масыз ету жүйесін жаңғыртуды ұсынып отыр».

Осы заң жобасы арқылы Ең­бек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі зиянды өн­дірістерде жұмыс жасайтындар үшін «міндетті кәсіби зейнетақы төлемдерін» енгізуді ұсынып отыр. Әзірге бұл «ерікті» сипатта ғана. Сондықтан Қазақстандағы ауыр өндірістердің қожайындары адам төзбес жағдайда еңбек етіп жатқан қызметкерлеріне өз есе­бінен қосымша зейнетақы жарна­ларын аударуға құлшынбайды.

Қалай болғанда, Қазақстан­дағы зейнетақы туралы жаңа заң­ды алда үлкен талқылаулар, пікір­таластар күтіп тұр.

Елдос СЕНБАЙ

 

http://www.aikyn.kz

Рубрика: