Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Мансұр ХАМИТ (фото)

Жыл басындағы жиналыста Елба­сы Үкіметке елде­гі зейнетақы жүйе­сін түбегейлі рефор­малап, Бірыңғай зейнетақы жинақтау­шы қорын құруды жүктеген болатын. Осы істі қолға алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа редакциядағы заң жобасын әзірлеп, оның тұсауын кеше мәжілісмендер кесті.

Еліміздегі зейнетақы реформасы сонау 1998 жылы жинақтау жүйесіне көшу туралы шешім қабылдағаннан бас­тау алады. Әйтсе де соңғы 15 жыл бо­йын­да елдегі зейнетақы жүйесіне дендеп енген жинақтаушы зейнетақы қорлары­н­ың қызмет-қабілеті, олар­дың инвести­циялық тартымдылығы сыннан арыл­ма­ған еді. Халықтың са­лы­мын алып қана отырған Жинақ­тау­шы зейнетақы қорла­ры­ның тиімсіз жұмы­сын Дүниежүзілік банк те мо­йын­даған. Тіпті халықаралық қар­жы инс­титуттарының өзі Қазақстан­ның зейнетақы жүйесіндегі қордаланған проблемаларды уақытында шешу туралы да ұсыныстар жасап үлгеріпті-міс. Ал қор­даланған проблемаға кел­сек, еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау ми­нистрі Серік Әбденов жүйе­нің осы жылдар ішінде ешбір жетіл­ме­генін алға тартады. Министр мәлі­ме­тіне сүйенсек, қазіргі таңда елімізде зей­нетақы активі 3 трлн теңгеден аса­тын 10 жинақтаушы зейнетақы қор­ла­ры қызмет етеді.  Бір қарағанда, қомақ­ты сома. Дегенмен министрдің бұған көңілі көншімеген. «15 жылдағы жи­нақтаушы зейнетақының үлесі жиын­тық төлемдер бойынша үш-төрт па­йыз­дан аспайды. Бұл, бір жағы­нан, елі­міз­дегі жүйенің «жастығын» білдір­­се, екінші жағынан зейнетақы ак­­тив­­те­рінің инвестициялық табыстылы­ғы төмен екендігін аңғарта­ды. Түптеп кел­генде, зейнетақы жүйе­сінің кемшін тұсын жүйенің жетілме­гендігінен ғана емес, көбінесе елдегі макро­экономика­лық жағ­дайға қатыс­тырып қарауға бо­лады. Бұлар – инфля­ция, шектеулі инвестиция­лық құралдар, қор нарығының дамы­мауы, халықтың ба­сым бөлігінің зейнет­ақы салымын жеткі­лікті түрде жүзеге асыруға мүмкін­дік бермейтін жалақы­ның төмен дең­гейі. Және бір мәселе, жинақ­таушы зей­нетақы қорлары елдегі қалып­тасқан инвестициялаудың  мүмкіндігін толық пайдаланбай, негізінен, қаражатты мемлекеттік құнды қағаздарға салып отыр. Бұдан бөлек, Бас прокуратура осы жүйедегі бірқатар қаржылық айла-шар­ғыны әшкерелеген болатын. Осының барлығы қордаланған проблемаларды саланы түбірімен қайта құрылымдау жо­лымен еңсеру қажеттігін көрсетеді. Осы­ған орай, Үкімет пен Ұлттық банк зей­нет­ақымен қамтамасыз ету жүйесін жаң­ғыртуды ұсынады», – дейді министр Серік Сақболдаұлы.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы жүйесін Ұлттық банк басқарады

Жаңа редакциядағы заң жоба­сы­ның бас­ты мақсаты – азаматтарды зейнетақы жү­йесімен қамтамасыз ете отырып, осы са­ла­да мемлекеттік саясатты қалыптастыру бол­са, басты жаңалығы – Бірыңғай жи­нақ­тау­шы зейнетақы қорын құру. Мұндай Қор коммерциялық емес ұйым болып табы­латын акционерлік қоғам түрінде құ­ры­лады. Қордың бірден-бір құ­рыл­тай­шысы да, акционері де – Қазақстан Үкіметі. Заң жобасына сәйкес, Бірыңғай қор­дың негізгі функция­сы – азаматтардың мін­дет­ті зей­нетақы са­лым­дарын, ерікті кәсіби зей­нетақы салым­дары мен ерікті зейнетақы салымдарын тартуды белсен­діру. Қор активін Ұлттық банк басқаратын бо­ла­ды. «Ұлттық банк зейнетақы актив­терін бас­қа­ру жөнін­дегі кеңеспен бекі­тілген ин­вести­ция­лық стра­тегияға сәйкес, Қорды басқара­тын бо­лады. Ал зейнетақы актив­терін бас­қару жөніндегі кеңес Қазақстан Респуб­лика­сы Президентінің жанындағы кон­суль­татив­тік-кеңесші орган ретінде қызмет етеді. Бұл ретте Кеңес Үкіметтің, Ұлттық банк­тің өкіл­дерінен, қаржы нары­ғына қа­ты­сушы­лар­дан және тәуелсіз са­рап­шылардан тұ­ра­ды. Кең­ес­тің дербес құ­ра­мы ҚР Прези­ден­тімен бе­кі­тіледі.

Бұдан бөлек, заң жобасы аясында жұрт­шылықты жинақтаушы зейнетақы жү­йе­сінің қызметіне кеңінен тарту қарала­ды. Тоқ­тала кететін жайт, қазіргі таңда елімізде жұмыс­пен қамтылған 8,5 млн адам болса, соның 5,7 миллионы жылына ең құрығанда бір рет зей­нетақы салымдарын жасайды. Ал жы­лына 12 рет, яғни ай сайын зейнет­ақы жарна­ларын салатындар саны 3,7 млн адам­ды құрайды. Соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2 млн 700 мың адам­ның тек 932 мыңы ғана зейнетақы жарна­сын төлейді екен. «Бұл, негізінен, бейрес­ми жұмыстың кең таралуынан, сондай-ақ жинақтаушы жү­йесіне тартудың әлсіздігі­нен орын алып отыр. Егер біз бұл пробле­ма­ны бүгін шеш­песек, ертеңгі күні осы санат­тағы азаматтар өзіндік зейнет­ақы­мен қамтылмай қалады және халық арасын­дағы әлеуметтік аз қамтылғандар тобын арт­тыра түседі. Яғни дер кезінде қажетті шаралар қабылданбаса, олардың жинақ­таушы зейнетақы қорында зейнет­ақы жи­нақтары болмайды», – дейді ми­нистр Се­рік Әбденов. Оның айтуынша, осы мақсат­та базалық зейнетақыны кепіл­ден­дірілген ең төменгі зейнетақыға ауыс­тыру шарасы қарастырылады.

Министр әйелдердің зейнет жасын ерлермен теңестірмек

Заң жобасындағы тағы бір маңызды әрі басты жаңалық әйелдердің зейнет жасына қатысты болып отыр. Бұған дейін қоғам ара­сында талай талқыланған мәсе­ле­ні министр Серік Сақболдаұлы зейнет­ақы жү­йесіндегі зор проблемаға балайды. «Қазақ­станда 1,8 млн зейнеткердің 1 млн 253 мыңы немесе 70 пайызы – әйелдер. Ал­айда жеке зейнетақы шоттарының жал­пы санындағы әйелдерге тиесілі үлес 3,8 миллион­ды немесе 45 пайызды құрайды. Со­сын әйелдердің зейнетақы жинақтары­ның орташа көлемі ерлерге қарағанда 25 па­йыз­ға төмен», – дейді зейнет жасын өзгер­туге қатысты бірнеше дәлелді алға тартқан министр. Оның сөзіне қарағанда, нәзік­жан­ды­ларда жинақтың төмен мөл­шерде болуы, біріншіден, бала тууға қатысты дема­лыста бола отырып, жинақ­тау жүйесі­не қатысу уақытының аз болуы­на байла­ныс­ты. Екіншіден, оларда жарна­ның аз түсімі ерлермен салыстырғанда, зей­нетке ерте шығуларына да байланысты екен. Бұл ғана емес, еңбекақы төлеудегі гендерлік айырмашылық та жинаққа ба­рынша әсер ететін көрінеді. Мәселен, соң­ғы бес жылда әйелдердің орташа айлық жалақысының мөлшері ерлердің орташа айлық жалақы­сының 66-68 пайызына дейін құрайды. «Зей­нетке шыққаннан кейінгі өмір сүру ке­зеңіне назар аударалық. Онда да әйелдер ерлерден ұзағырақ өмір сүреді. Бұдан бө­лек, әйелдердің 17 пайыз­дан астамының зейнетақы жүйесінің ын­тымақты жүйеге толық қатысу өтілі жоқ, ал 2018 жылдан бастап бұл барша әйелдер қауымын қам­тиды», – дейді Серік Әбде­нов. Осылайша жаңа заң арқылы министр әйелдердің зейнетке шығу жасын ұзартып, ерлермен теңестірмек. Теңестіру 2014 жылдың 1 қаң­тарынан зейнетке шығу жасын кезең-кезеңімен ұлғайту арқылы жүзеге асатын болады. Сосын жыл сайын ұлғайтыла келе, бұл үрдіс 10 жылға дейін жүргізіледі. Мұндай қадамды ведомст­во­аралық ко­мис­сия құптап, сәйкес ұсынысты Үкіметке де енгізіпті.

Мұндай мәлімдемеге бармас бұрын Серік Әбденов халықаралық тәжірибені меңзеп, 1998 жылдан бергі тәжірибеге сү­йенудің маңыздылығын да айтқан еді. Тәжірибе демекші, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынған ақпарына қарағанда, әлемнің көптеген елдерінде (Люксембург, Швейцария, Ита­лия, Финляндия, Норвегия және т.б.) зей­нетке шығу 65-67 жасты құрайды және бұл жұмысшының жынысына байланысты бо­лып табылмайды. Сонымен қатар ха­лық­тың қартаю үдерісін ескере келе және әлеу­меттік қамсыздандыру жүйесіндегі орын алған проблемаларға орай, көптеген мем­лекеттер, атап айтқанда, Ұлыбрита­ния, Гер­мания, Франция, Оңтүстік Корея, Че­хия, Әзірбайжан, Украина, Эстония зей­нет­ке шығу жасын ұлғайтуды қарасты­рып жат­қан көрінеді.

Григорий МАРЧЕНКО, ҚР Ұлттық банк төрағасы: 

– Егер теориялық тұрғыдан ер­теңнен бастап ынтымақты жүйені қа­лып­қа келтіріп, соған қайта оралатын болсақ, онда бізге зейнетақы төлемінің мөлшерін қыса түсуге тура келеді. Жал­пы, бұл нағыз келешекке қатысты дү­ние. Дегенмен бүгінгі күніміз жақсы – біздің қоғам қашанда осындай бола­ды, Ұлттық қор қаражаты баршамызға және ұзақ уақытқа жетеді деген құрғақ қиялдың жетегінде жүрген тәрізді. Алайда егер ынтымақты жүйеге пара­метрлік өзгерістер енгізсек, оған қайта оралсақ, онда біздің жасаған есебіміз бойынша бюджет 2032 жылға қарай Ұлттық қор қаражатына ауыз сала бас­тайды. Өйткені азаматтарға зейнетақы төлеу керек болады. Ал Қор қаражаты 2042 жылы-ақ таусылып қалуы ықти­мал.

Автор: Қанат ҚАЗЫ, Астана

http://alashainasy.kz

 

Рубрика: