Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Әйел беделін қалай арттыруға болады? 

 

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ, жазушы:

– Әйелдің ең басты міндеті – әйел болу. Ерінің көмекшісі бола білген әйел, елінің де жоғын жоқтап, мұңын мұңдай біледі, қамқоршысы бола алады. Бірақ біздің қоғамда әйел қауымы біз күткендей деңгейден көріне алды ма?
Меніңше, жоқ. Әрине, бәріне бірдей топырақ шашуға болмас. Бірақ көп жағдайда, арақ ішіп, темекі тартып, жеңіл жүріске салынып, бір-бірімен жұлысып жататын нәзік жандар баршылық. Олар отбасында қандай өнеге көрсете алады, қаншалықты беделді болады? Бұл – басты мәселе. Гендерлік саясат дұрыс шығар. Бірақ әйел ана екенін, дүниеге бала әкелетін, ұрпақ жалғастыратынын ұмыт­пағаны жөн.

 

Бақытбек СМАҒҰЛ, Мәжіліс депутаты:

– Ана – тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. «Алып анадан туады» дейді халқымыз. Қаламы жүйрік жазушы да, да­нышпан ғалым да, ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де ана көкірегінен нәр алып өскен.
Қазақ халқы «жұмақ ана табанының астында» деп бекер айтпайды. Шынтуайтына келсек, әйелдің негізгі міндеті – әйел бола білу. Дүниеге перзент әкеліп қана қоймай, дұрыс тәрбие берудің де жөні басқа. Ибалы әйел, есерсоқ күйеуін жөнге сала алады.
Қазір алтынқұрсақты аналарымыздың саны кеміп кетті. Тіпті пұшпағы қанамаған бастықсымақ кейбір әйелдер отбасы, бала тәрбиесі жайында лекцияға оқитын заманға жеттік. Ышқыры төмен түсіп кеткен, аузын ошақ, мұрнын мұржа қылып жүрген кейбір қыздардан келешекте не күтуге болады? Халқымыз «қызға қырық үйден тыю» деп бекер айтпаған. Қазір тым еркіндікке бой алдырған қыздарымыз ертең қандай ана болады, отбасында қандай беделі болады? Бұл – ел болып ойланатын мәселе.

 

Дос КӨШІМ, қоғам қайраткері:
– Ер адамның міндеті – түзде жұмыс істеу, ақша табу, отбасын асырау. Әйелдің міндеті – бала бағу, ошақ отын түтету дер едім. Әсілі, отбасының берекесі әйел болмақ. Қадым заманнан солай. Ал бүгінгі әйелдің бейнесі қандай?
Мамандығы бойынша жұмыс істеген дұрыс болар. Бірақ қандай жағдайда да отбасы бірінші орында тұру керек. Өкінішке қарай, қазір көптеген жас қыз, келіншектер жұмысты негізгі мәселе деп, күшті сонда салады. Өскісі келеді, өркендегісі келеді. Сөйтеді де отбасылық жағдай сырылып, екінші орынға шығады. Бұл жағдайда әйелдің отбасындағы беделі қандай болмақ?
Әрине, төмендейді. Мен күйеуі сырттан келгенде, баласын көтеріп, не жетектеп алдынан шығып, жылы қабақ беріп, алдына асын тосатын ертедегі апа-әжелеріміздің заманын сағынамын.

 

http://www.aikyn.kz/articles/view/44265

Рубрика: