Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Айдын ОЛЖАЕВСынды көтеріп, соған қарап түзелуді ұмытқалы қашан

Жыл сайын желтоқсан айына қарай өтіп бара жатқан жылдың қорытындысы жасалады. Ерен еңбек сіңіргендерге сыйлықтар, түрлі атақтар беріледі. Былтыр электрондық үкіметтің (e-gov) жұмысын жазған журналистерге үздік мақалалары үшін сыйлықтар берілді. Қарап отырсаңыз, жаман түгі жоқ сияқты. Біздер, әсіресе журналистер марапатталып жатса қуанбай тұра алмаймыз. Өйткені журналистер қауымы өзгелерге қарағанда өгей баладай марапатты көп көре бермейді. Бірақ айтайын дегеніміз бұл емес, айтқымыз келгені – сыйлық пен марапаттың сатылатыны.

Қазір бәрі сатылады. Байқасаңыз, «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», «Қазақтелеком» сияқты ұлттық компаниялар да жыл сайын «үздік» журналистерді марапаттап жатады. Сорақысы сол – бұл «үздіктеріңіз» әлгі компанияны жыл бойы өз тапсырысы бойынша жарнамалап, мақала жазып берген журналистер! Сынаған, проблема тауып, мәселе көтерген журналист жүлде алмақ түгіл, жұмысынан қуылып кетуі де әбден мүмкін. Мақтау мен мадақтауға дәл мұншалық машықтанып алғанымыз қалай?
Енді міне, ұлттық компаниялардың бұл үлгісін электрондық үкіметтің тізгінін ұстағандар да үйреніп алыпты. Бізді мақтасаң «маладессің», даттасаң «дураксың»! Мақтасаң марапаттаймыз, сынасаң соңыңа түсеміз! Ешкім сын көтермейді, сынды көтеріп, соған қарап бой түзеуді ұмытқалы қашан.

Әсіресе, керек нәрсені ғана жазатын журналистеріне жілік тарату жағынан әкімдіктердегі аппараттар озып тұр. Әкімдердің маңайындағы пысық шенеуніктер бір топ журналистерді шақырып, (әрине, баспасөз құралдарының басшыларымен алдын ала жасалған келісім бойынша) асты-үстіне түсіп, мейрамханадан тамағын тойғыза ішкізіп-жегізіп, қалтасына қаражат салмаса да, құнды сыйлықтарын беріп қояды. Осылайша, әлгі басылымдардың беттерінде әлгі «жомарт әкім» мен оның басқарып отырған өңірі жайында жағымды жаңалықтар жыл бойы үзілмейді. Өйткені ақшасы төленген, сатып алынған. Мәселе – ол кімнің ақшасы еді? Әрине, халықтан алынған салықтан, яғни біз бен бәлкім, сіздің ақшаңыздың бір бөлігі. Бұл жемқорлыққа жата ма?

Кәсіпкер өзін жарнамалау үшін журналиске ақша төлесе – бұл оның өз ақшасы, ал ұлттық компаниялар мен әкімшіліктердің «үздіктерді» марапаттауға жұмсалатын ақшасы қай ақша екен? Айтпақшы, мұндай үздік журналистерін марапаттаумен құқық қорғау органдарынан бастап түрлі деңгейдегі прокуратураларға дейін айналысады.

Электрондық үкіметті жыл бойы мақтаған журналистерге смартфондар мен нетбуктер беріпті. (http://tengrinews.kz/kazakhstan_news/mass-media-nagradili-za-luchshie-ma…) Байқауға 30 мақала қатысқанын ескерсек, арзан сыйлық емес. Байқауды қолдаған да, қаржыландырған да ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігі. Деңгейі аса жоғары. Бірақ марапатталғандардың ішінде электрондық үкіметтің кемшіліктерін тауып, сынаған адам жоқ. Кілең мақтауын асырғандар. Осы көзбайлаушылық қашанғы жалғаса берер екен?
Жағыну мен жарнамалану, абыройды сатып алу жағынан жарап-ақ тұрмыз.

 

Рубрика: