Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Бұдан отыз жыл бұрын жойқын күші ешкімді шақ келтірмейтін Терминатор экранға шыққанда, күндердің күнінде бәрін қиратқыш роботтан шын өмірде қорқатынымызды біреу-міреу ойлады ма екен. Оқымыстылар бүгінде машиналардың көтерілісі төніп тұрғаны жайында шындап бас қатыра бастады. Ғалымдар жасанды интеллектінің сұмдық қарқынмен дамып жатқанына қарап, біраз жылдардан кейін роботтар мен адамдардың басы сыйыспай, құлтемірлер адамзатқа қарсы бас көтереді, тіпті жойып жіберуі мүмкін деп дабыл қаға бастады.

Бұдан отыз жыл бұрын жойқын күші ешкімді шақ келтірмейтін Терминатор экранға шық­қанда, күндердің күнінде бәрін қиратқыш роботтан шын өмірде қорқатынымызды біреу-міреу ойлады ма екен. Оқымыстылар бүгінде машиналардың көтерілісі төніп тұрғаны жайында шын­дап бас қатыра бастады. Ғалымдар жасанды интеллектің сұмдық қарқынмен дамып жат­қанына қарап, біраз жылдардан кейін роботтар мен адамдардың басы сыйыспай, құл­те­мір­лер адамзатқа қарсы бас көтереді, тіпті жойып жіберуі мүмкін деп дабыл қаға бастады.

Атағынан ат үркетін Кембридж университетінің қасқа бас про­фес­сорлары бұл езуге күлкі үйіре­тін жағдай емес деп имандай сен­діріп отыр. Фантаст жазушылар емес, дамып жатқан техноло­гия­ның майын ішкен оқымыстылар, ядролық соғыстан да бұрын жа­санды интеллект аса қауіпті деп баспасөз мәслихатын дүбірлетіп өткізіп жатса, бұл, шынында да, ойланарлық жағдай болғаны.

Өтірік деп көріңіз, бүгінде ма­шиналар жұмыр басты адамды шахмат ойнаудан ғана емес, көлік жүргізуден, ұшақ айдаудан, тіпті опе­рация жасаудан басып озып отыр. Бүгіндегі сөйлейтін және жаз­­баша мәтінді оқитын құлте­мір­лерге қарап отырып, болашақта адам құлтемірді емес, құлтемір адам­ды жұмсайтын және басқа­ра­тын күн алыс емесіне еріксіз сене­сің.

Әлемге әйгілі интернет-ком­панияның негізін салушылар­дың айтуынша, болашақта электрон­ды жүйенің интеллектісі өсіп-дами келе, «ақылды» механизм­нің өзі бағдарлама жасап, адам­дар­дың көмегінсіз робот­тарды өмірге әкеліп, өз «ұрпағын» өсіретін күні алыс емес. Элек­трондық жүйелер технологиялық прогрестің жылдамдығы мен ба­ғытын айқындауды өз қолына алатын болады. Тура «Термина­тор» фильміндегідей жасанды ақыл-ой үстемдік құрады. Ком­пьютерлер адамның дегеніне көнбей, қарсы шығып, тіпті «тө­белесетінді» шығарады. Сондық­тан машина адамға емес, адам машинаға қарай бейімделе беруі тиіс. Осылайша Құдайдың қара балшықтан илеп жасаған адамы жер бетіндегі ең ақылды жара­ты­лыс болудан қалып, ешуақытта шаршау, мою дегенді білмейтін, адами құндылығыңа пысқырып та қарамайтын жойқын маши­на­ның алдында бас иетін болады.

Қасқа бас ғалымдар осылай дейді. «Егер машиналар көтеріліс шығарса, онда адамзат 2100 жылы өмір сүруін біржола тоқтатады» деп мәлімдеді әлемге ең әйгілі космолог, Ұлыбритания Король­дік ғылыми қоғамының про­фес­соры Мартин Рис.

 

Адамзат өзінің қауіпсіздігі мен қорғанысын жасанды интел­лектіге сеніп тапсырса, онда ком­пьютерлік сана шектен шығып, бүлік шығаруы және әлемді жа­рып жіберу ықтимал. Бұл енді фантастика емес. АҚШ қорғаныс министрлігінің кісі өлтіруші роботтардан адамдарды қалай қорғау керектігі жайлы құжаты осыған ақи-тақи дәлел. Пента­гонның құжатында автономды қарудың қай түрі болмасын, қажет кезінде бақылауды роботтық

жүйе емес, адам басқара алатын­дай болу керектігі, яғни оқ шы­ғару-шы­ғармауды роботқа сеніп тап­сырмау тәптіштелген. Құдай сақ­тасын, соғыс жағдайында Тер­­ми­наторлар бақылаудан шы­ғып кетсе, жолындағыны жайпап бітірсе де тоқтай қоймасы анық. Беті аулақ оның, десек те, алдағы 20 жылда қашан және кімді өл­тіретінін өзі ғана білетін, өз бе­тін­ше шешім қабылдайтын робот­-тар пайда болатынын ғалым­­дар анық болжап отыр. Сол кезде дол­данған құлтемірлерді тоқтатып көр…

АҚШ қарулы күштерінде қа­зірдің өзінде қарсыласын өзі іздеп тауып, жойып жіберетін авто­маттық жүйе қолданысқа ие. Ұш­қышсыз ұшатын әскери аппа­рат­тардың адамсыз-ақ әуеде со­ғы­сып, өз бетінше ұшып-қонып жүргенін әркім-ақ біледі. Оңтүстік Кореяның солтүстік көршісімен арадағы шекарасын бірнеше жылдардан бері робот-қарауылдар күзетеді. Олар кез келген нәрсені қалт жібермей, шекара бұзу­шы­лармен әңгімелесе де алады және оны алыстан адамның рұқсат бе­руімен атып жібере алады. Иракта АҚШ-тың әскери роботтарының пулеметпен сәтті соғысқаны да белгілі.

2020 жылы адамзат төртінші компьютерлік дәуірге аяқ баса­тын болады, – деді Microsoft ком­па­ния­сын зерттеушілер. Оның басты айырмашылығы – бір қолдану­шының өзінде көптеген ком­пьютердің, мәселен, жарық жыл­дам­дығымен жұмыс істей­тін био­компьютер, оптикалық ком­пьютер, кванттық, т.б. компью­тердің болуы. Қазірдің өзінде үс­телдегі дербес компьютерімен қоса қолына нетбук пен ноутбук ұстап жүргендер ол кезде далада қалатын болады.

Microsoft компаниясының негізін салушы әлемдегі №1 миллиардер Билл Гейтс адам­заттың компьютерлік болашағы жайында бірнеше болжамдарын жариялады. Айтуынша, енді бір он жылдан соң пернетақта (кла­виатура) мен тышқан (мышка) жайына қалып, оның орнына жазуды өзі оқып, өзі жаза беретін, айтқан бұйрығыңды қалтқысыз орындап, әңгімеңді түсінетін жаңа операциялық жүйе іске қосылатын болады. Қазір көпте­ген адамдардың қолында бұй­рығыңды бұлжытпай орындай­тын ұялы телефондардың жүрге­нін ескерсек, әлгінің ауылы тіпті жа­қын деу керек. Оның үстіне мүм­кіндігі шектеулі, көзі су қараңғы адамдардың газет-журнал, роман оқып жүргенін де естіп-біліп жүрміз. Көзіміз үйренген газет-жур­нал қағаздары құрып, элек­тронды қағаз пайдаланатын күн де жақын. Бүгінде дамыған елдегі байдың балалары мектепке оқу­лықтың орнына ультра­портатив­ті компьютер апаратынын да айта кетелік.

 

2020 жылы компьютердің қуа­ты адам миының қуатына – се­кундына 20000000 миллиард опе­рация орындайтын орасан зор қуатқа ие болады делінеді. Ком­пьютер адамға айналды деген – осы. Мур заңы (ол заң бо­йын­ша, әрбір чиптегі транзис­тор­лар саны жыл өткен сайын екі есеге көбейіп отырады және бұл тен­денция жақын арада өзгере қоймайды) аман-есен тұра берсе, 2060 жылы компьютердің қуа­ты бүкіл адам­заттың ақыл-ой сана­сы қуаты­мен тең болады. Ары қа­рай ойлау­дың өзі қорқынышты. Ақырзаман боларда он сегіз мың ғалам бір тарының қауызына сыятын бо­лады, деп діндарлар нақ осыны айтқан болар.

Технология қарыштап дами берсе, адамзат шынайы өмірден виртуальды өмірге біржола көшуі мүмкін. Түптің түбінде оқымыс­ты­лардың басын сындырған сұ­рақ шындыққа айналып, адам­ның орнын машина біржола тартып алса, адамдарды ғарышқа аттандырудан басқа жол қал­май­тын шығар. Бұл – адамзат баласын биологиялық түр ретінде жо­йы­лып кетуден сақтап қалудың жал­ғ­ыз жолы. Ғаламдағы мил­лиард­таған планетаның ең бол­мағанда біреуі адамзаттың өмір сүруіне мүмкіндік беретін шығар.

Жалпы, Жерден тыс Ай мен Марс сияқты планетаға қоныс аудару жайын өткен ғасырдың басында космонавтиканың атасы Константин Циолковский қозғап кетіпті. Оның айтуынша, ғарышты игеру жай ғылыми қызығушы­лықты қанағаттандыру емес, тү­бінде адамзаттың басқа пла­нета­ға қоныс аударуын қамтамасыз ете­тін негізгі практикалық тап­сыр­ма. Сол Циолковскийдің тірі кезінде ашық ғарышқа шыға алатын аппарат та жоқ еді. Соған қарамастан данышпан шалың түбінде адам баласы басқа пла­нетаға ауа бастайтынын бол­жап кеткен. Кім біледі, ғалым­дар айт­қандай, болашақта машина­лар адамзатқа қарсы бас көтеріп, нә­тижесінде, жер бетіндегі тірі жан­дының бәрі қырылып қалмай­ты­нына кім кепілдік береді? Одан Құдай сақтасын, әрине.

Не десек те, болашақта адам­зат баласы мультипланеталық био­логиялық түрге айналып, бір планетадан екінші планетаға ұшып барып жүруі әбден мүмкін. Ал ол мекен Марс бола ма, Ай мен Венера бола ма, Шолпан бола ма, белгісіз. Бұл орайда ағылшынның атақты архитекторы Норман Фос­терге Айда салынатын қала­­шық­тың жобасына тапсырыс та бері­ліп қойылғанға ұқсайды. Кейбір ғалымдар Ай мен Марс емес, бо­ла­шақта адамзатқа қоныс Венера планетасы болатынын айтады. Онда қазір температура Цельсий бойынша 400 градустан асады. Венера өз осін өте жай айналады. Жердегі бір күн онда жердегі бір жылмен тең. Оқымыстылар ол планетаны астероидпен мақсатты түрде бомбаласа, нәтижесінде, шаң көтеріліп, қажетті темпе­ратура пайда болатынын айтады. Сондай әдістермен Венераның жүрісін тездетуге де болатын сияқ­ты. Ал оған қанша уақыт кете­ті­нін айтуға әл-әзір ғылым дайын емес.

Қыруар ғылыми ізденістерге сү­йенсек, алғашында бөгде плане­таға аттанған бірнеше адам кіш­кене базада қоныстанып, ол бара-бара бүтін бір үлкен қоғамға ай­налады деген де жорамал бар. Алғашында Марстағы қалалар жердегі өкімет басқаратын коло­ния болса, уақыт өте келе тә­уелсіздігін алып, марстықтар өзін-өзі билеп-басқармақ. Осы­лай­ша жат планетаны жайла­­тып қоя­тын фантастикалық роман­­дар бо­лашақта фантастика болу­­дан қалатын сияқты. Себебі бүгінгі алыс көкжиектерді көздеп қолға алынып жатқан нәрселер – адам­затты басқа планетаға қоныс аударуға апара жатқан алғашқы адымдар.

Не десек те, роботтардың эво­люциясы түптің түбінде роботтар революциясына алып келуі әб­ден мүмкін. ХХ ғасырда Ұлы қа­зан төңкерісі дүниені дүр сілкіндірсе, ХХI ғасырда Автоматты эконо­миканың ұлы төңкерісі әлемді ­дүр сілкінтеді деген болжам ақиқат­қа айналып келе жатқандай.

 

Төреғали ТӘШЕН

 

http://www.aikyn.kz

Рубрика: