АЛТЫНОРДА
Новости

Әбдіуақап ҚАРА. ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ ОРТАҚ ӘЛІПБИ ЖҮЙЕСІ БОЛА МА?

Түркі Кеңесі (Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесі) 2012 жылдың 1 желтоқсанында Стамбұлдағы Түркі Дүниесі Мәдениет үйінде «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» атты дөңгелек үстел ұйымдастырған еді.
Бұл шараға Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев, Түркия Республикасы Үкіметінің Түріктілдес елдермен байланыстарға жауапты бұрынғы министрі, профессор А.Андижан, танымал тарихшы ғалым, профессор М. Сарай, белгілі түрколог ғалым, профессор О.Серткая, Стамбұл Университеті жанындағы «Түріктану Институтының» басшысы профессор Х.Девелі сияқты ғалымдар, докторанттар, зерттеуші-аспиранттар қатысты.
Түркі Кеңесі Бас Хатшысы Халил Акынжы ашылу рәсімінде жасаған баяндамасында Кеңестің қабылдаған екі қарары туралы хабарлады. Оның біріншісі, өзі бас хатшылығын атқарып отырған түрік тілінде «Түркі Консейі» ретінде аталып келген ұйымның бұдан былай француз тілінен енген “консей” сөзінің орнына «Түркі Кеңеші», яғни «Түркі Кеңесі» деп өзгертілгендігін атап өтті. Акынжы “кеңеш” сөзі­нің Анадолы жұртшылығында ұмытылып қалғанымен, оның «Диуани лұғат ат-түрікте» орын алып отырған төл түрік сөзі екенін де тілге тиек етті. Бұл сөз қазақ тілінде «кеңес», ал өзбек, қырғыз және басқа да түрік тілдерінде «кеңеш» түрінде қолданылады. Анадолы жерінде, Осман патшалығы уақытында “кеңес” сөзі үшін араб тіліндегі “шура” сөзі қолданылды. Орыс тілінде “Совет” сөзі де осы мағынада болғандықтан Османдық ақпарат құралдары «Советтер Одағын» «Шуралар одағы» дейтін.
Бір кездері Түркияда саяси партия­лардың құрылтай жиналыстары үшін «конгресс» сөзі қолданылушы еді. Кейін оның орнына түркі тілдеріндегі «құрылтай» сөзі қолданыла бастады. Бастапқы кезде бұл сөзді де жатырқап, кейбір саяси партиялардың бұл сөзді қолданғысы келмегені есімізде. Қазіргі уақытта “құрылтай” сөзі кеңінен қолданыс тауып, құлаққа жағымды да естілетін болды. Мысалы, Түркияда биыл Республикалық халықтық партиясы құрылтайы (CHP Kurultayı),Ұлтшыл қозғалыс партиясы (MHP Kurultayı) құрылтайы, билік басындығы Әділет және даму партиясы құрылтайы (AK Parti Kurultayı) сияқты құрылтайлар өткізілді. Осы жиындарды «конгресс» десек, түрік халқының құлағына “құрылтай” сияқты жағымды естілмесі анық. Әрине, әрбір сөз бен дыбыстың өзіндік ерекшелігі, эмоциялық бояуы мен рухы болатындығы даусыз. Бұларды, әрине, тек ол елдің ғасырлар бойы қолданып келген төл сөздерінен ғана сезуге болады.
Сонымен бірге Түркияда “кеңеш” сөзінің қолданыс аясының уақыт өте келе кеңейіп, тек “Түркі Консейі” үшін ғана емес, “Еуропа Консейі”, «Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Консейі” сынды халықаралық ұйымдар үшін де қолданылатын болуы әбден ықтимал. Түркі тілдері расында да бай тіл. Оның мүмкіншіліктерін толық пайдалану, қойнауындағы байлықтарын жарыққа шығару тек зиялылардың қана емес, сонымен қатар дипломаттар мен саясаткерлердің де міндеті болуға тиіс. Міне осы тұрғыдан қарағанда Елші Халил Акынжыдан бастап Түркі кеңесіндегі барлық азаматтарға алғыс айту керек.
Екінші құптарлық мәлімет, Түрік Кеңесі Секретариатының өзінің іс-қағаздары мен құжат-хаттамаларында 1990 жылдардың басында Түркі елдерінен келген тілші-ғалымдар тарапынан қабылданған 34 таңбалық Түркі дүниесінің ортақ әліпби жүйесін қолдану туралы қабылдаған шешімі. Түркі Кеңесі Бас Хатшысы Елші Халил Ақынжы бұл шешімді тек өздерінің мекемелері үшін қабылдағандықтарын, мүше елдердің немесе басқа мекеме­лердің бұл әріптерді қолданып қолданбауы өз еріктерінде екендігін де баса көрсетті.
Өздеріңіз білесіздер, латын негізінде түркі дүниесінің ортақ әліпбиін жасау мәселесі Кеңестер Одағының ыды­рауының қарсаңында, «Түрік дүниесі» деген ұғым пайда болған уақытта күн тәртібіне енген еді. Осы орайда алғашқы нақты шешім 1991 жылы 18-20 қазан күндері Стамбұлдағы Мармара Университеті жанындағы Түріктану Институты ұйымдастырған «Қазіргі түрік әліпбиі» атты симпозиумда тілші-ғалымдар тарапынан қабылданған-тұғын. Осы жиында Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркіменстан сынды елдерден қатысқан 28 тілші ғалым Түркі дүниесі үшін 34 әріптен тұратын латын негізіндегі әліпби жүйесін белгілеген еді. Бұл жүйе 29 таңбадан тұратын Түркияның әліпбиіне өзге түркі халықтарындағы дыбыстар үшін қосымша бес қаріп енгізумен ерекшеленді. Ол бес әріп: Ä ä, X x, Q q, Ñ ñ, W w.
Бұл мәселе бұдан кейін де жалғасын тапты. Мәселен, 1992 жылы 29 қыркүйек пен 2 қазан күндері Бішкекте өткен Түрік Республикалары мен Түрік мемелекеттік құрылымдары Білім Министрлігі өкілдерінің 2-ші Халықаралық конференциясы; 1993 жылы 8-10 наурыз күндері, бес тәуелсіз Түрік Республикасы қатысқан және Түрік іскер топтары мен Даму агенттігі (ТИКА) ұйымдастырған Анкарадағы «Әліпби мен емле мәселесі» атты Халықаралық конференция; 1993 жылы 21-23 наурыз күндері Анталияда өткен «Түрік мемлекеттерінің достық, бауырластық және ынтымақтастығы құрылтайы» атты ірі жиында да қолға алынып, осы 34 әріптік әліпбиге өту қажеттілігі турасында шешім қабылданған еді. Осы жиындардың барлығы 1926 жылы ұйымдастырылған ортак әліпби турасындағы Баку Конференциясынан кейін өткізілген алғашқы жиындар ретінде тарихқа енді.
Содан бергі 20 жылда көптеген мәселелерде ымыраға келген Түркі дүниесі осы алғашқы шешімді іске асыра алмады. Бұл өз кезегінде, әліпби мәселесінің сырт көзге қарапайым мәселе болып көрінгенімен, шынтуайтына келгенде, қандай ауыр да маңызды проблема екендігін аңғартса керек.
Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қырғызстан қана латын әліпбиіне өткен жоқ. Түркі дүниесінің өзге тәуелсіз елдері, атап айтқанда Әзірбайжан, Өзбекстан және Түркіменстан латын әліпбиіне алдеқашан көшіп болды. Дегенмен, бұл «көшуде» 1991, 1992 және 1993 жылдары тілші-ғалымдары қабылдаған ортақ әліпби жүйесі назарға алынған жоқ. Олардың көшкен латын әліпби жүйелері осы 34 әріптік жүйеге де, өзара бір-біріне де ұқсамауда.
Алайда, барлық түркі мемлекеттері біркелкі дыбыстарға біркелкі таңба­ларды қолданған болса, онда «бір оқпен екі қоян атып алғандай» болар еді. Яғни олар әрі заманауи дүниенің, технологияның және ғаламтордың ең тиімді әріп жүйесіне өткен, әрі 200 миллиондық түркі әлемі өзара байланыс-түсінісушілікте аса маңызды бір қадамды басқан болар еді. Екінші жақтан тілші ғалымдардың белгілеген 34 таңбалық жүйе Түркияның латын әріптеріндегі ондаған жылдық тәжірибесі негізінде дайындалған түркі тілдеріне ең ыңғайлы латын әріп жүйесі болып табылады. Сондықтан бұл жүйеге өту ұрымтал шешім болады.
Әзірбайжан 1991 жылы 25 желтоқсанда, Түркіменстан 1993 жылы 12 сәуірде, Өзбекстан 1993 жылы 2 қыркүйекте латын әліпбиіне көшу туралы шешім қабылдады. Алайда олар Кеңестік дәуреннің салқынынан болар, Түрік экспансиясынан да қорғап отырған секілді. Сол себептен олар Түркияда қолданылған әліпби жүйесімен бірдей емес, өзіндік ерекшеліктері мен айырмашылықтары бар латын таңбалары жүйесіне өтуге күш жұмсады. Алайда, Түркияның латын әліпби жүйесінен алшақтаудың ұтымдылығы болмайтыны ескерілмеді.
Содан бері өткен 20 жыл алаңдау­шы­лықтың орынсыз екендігін көрсетті. Түркі әлемінде ешбір ел басқа туысқан елге “аға болу” арманында емес. Бүгінгі таңдағы түркі халықтарының мәселесі, жаһандану деп айтылған ұлы мәдениеттердің кіші мәдениеттерді жалмап-жұтып жатқан кезінде бір-біріне жақын немесе туыс мәдениеттердің өзара ынтымақтастықта ұлттық ерекше­ліктерін сақтау мәселесі болып табылады. Жаһандану дәуірі өздерін басқа елдерден оқшаулаған елдер ұтылған, өзге елдермен ортақ нүктелер тауып, ынтымақтастық пен достықты көп жақты дамытқан елдер ұтқан дәуір. Бұл тұрғыдан қарағанда ортақ әліпби жүйесі түркі дүниесі үшін ынтымақтастықты нығайтуда таптырмас құрал екені даусыз.
34 таңбалы латын жүйесінен басқаша жүйеге өткен түркі елдерінің қателікке ұрынғандықтары да назардан тыс қалмауда. Мәселен Өзбекстан 1993 жылы қабылдаған латын әліпбиі жүйесінде 1995 жылы бірқатар өзге­рістер мен түзетулер енгізуге мәжбүр болған.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Қырғызстан латын әліпбиіне өту жұмыстарын жалғастырып, тиісті дайындық пен ыңғайлы уақыт мөлшерін қарастыру үстінде. Кейбір қазақ тілші ғалымдарының айтуларына қарағанда, Қазақ ресми органдарының алдында латын әліпбиіне көшудің жиырмадан аса нұсқалары жатқан көрінеді. Біздің ойымызша, ең тиімдісі, сонау 1990 жылдардың басында қабылданған 34 әріптік жүйе.
Осы орайда айта кететін тағы бір мәселе, Түркияның өзі де 1991 жылы қабылданған ортақ әліпби жүйесіне өту жолына ешқандай қадам басқан жоқ. Ол әлі де болса өзінің 29 таңбалық жүйесін қолданып келе жатыр. Алайда Түркия ғалымдары белгілген қосымша бес таңбаны ұлттық әліпби жүйесіне кіргізуі керек еді. Сөйтіп ортақ әліпби жүйесінде алғашқы қадамды жасап, өзге түркі елдеріне үлгі болуы керек.
1928 жылы арап әріптерінен 29 әріптік латын жүйесіне өткенде Түркияның кемшіліктер жібергені рас. Олар, мәселен, кезінде түрік тілінде де бар «ң» дыбысына таңба белгілемеген. Сондықтан қазіргі таңда түрік тілінде бұл дыбыс жоғалып кетті. Түріктер бұл дыбыс үшін “ng” қос әріптерін қолданады. Қарапайым халық мұны оқуда шатасуда. Міне сол себептен Бесім Аталай «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегіндегі “кеңеш” деген сөзді қарапайым халық “кенгеш” деп оқиды. Демек, Түркия 34 әріптік жүйеге өткенде әліпбиіндегі осындай кемшіліктерді де түзеткен болар еді.
Алайда, “Болар іс болды, бізде ол дыбыстар жоғалып кетті, қазіргі 29 таңбалық әліпби түрік тілінің қажеттілігін толығымен өтеп отыр” деп есептегеннің өзінде Түркия 34 әріптік жүйеге өтуге міндетті. Өйткені, осы 34 әріптік жүйеден түркі дүниесінің ортақ әліпби жүйе­сін қалыптастыру екенін назардан тыс қалмауға тиіс. Егер Түркияның өзі осы жүйеден тыс қалатын болса, онда бұл қалайша түркі дүниесінің ортак әліпбиі бола алады?
Екіншіден, Түркия 34 әріптік жүйенің кең тарауында жетекші рөл атқаруы қажет. 34 әріптік жүйені белгілеу барысындағы алғашқы жиналыстарға да түрік ғалымдары мұрындық болған еді. Олай болса, Түркияның бүкіл елдерден бұрын осы жүйеге өтуі және алғашқы қадамды басуы орынды.

 

 

Әбдіуақап ҚАРА
Ыстамбұл

 

http://qasym.kz