Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Өзге ел жоқ батырынан Жумонг, жоқ тарихынан «Құйынды мекен» сынды фильм жасап жатса, біздегілер көк қағаздың соңында кеңдігімізді кемсітіп, бар дүниені барынша бат­паққа батырумен келеді.

«Shine production» продюсерлік орталығының «Абайлаңыз, сиыр!» деген жаңа комедиясы 6 наурызда көрерменге жол тартқаны белгілі. Режиссер Асқар Ұзабаев түсірген фильмде басты рөлді Баян Есентаева сомдайды. Сюжетте Айгүл есімді то­лық қыздың сатқындық құрбанына айналып, үйінен кетіп қалуы мен та­бандылығының арқасында сұлуға айна­луы көрсетіледі.

«Бір көруге тұратын фильм» деген соң, көріп қайтқан болдық. Дұрысы, бір көруге ғана жарамды фильм бо-лып шықты. Бірде-бір продюсерге «Сіз неге шетелдік фильмдерді кө­шіруге қаражат саласыз? Сонда тың идеяның таусылғаны ма?» дегенімізде, «Мен сол шетелдік өнімдерге қазақша бояу беремін ғой» деп ақталған еді. «Дурнушка Бетти» мен «Толстушка» сынды фильмдерге «қазақша бояу» берілген бұл туындының кемшін тұс­тарын көрмеу, көрген соң айтпай қалу мүмкін болмады. Қай жанрда қандай фильм түсіремін десе де – режис­сер­дің еркі. Десек те ұлттық құндылық, қазақы көрініс, біздегі менталитетті мұқатуды доғарса. Бірақ бұл қателік қазақ режиссерлері үшін қалыпты жағдайға енгенге ұқсайды.

Өзге ел жоқ батырынан Жумонг, жоқ тарихынан «Құйынды мекен» сынды фильм жасап жатса, біздегілер көк қағаздың соңында кеңдігімізді кемсітіп, бар дүниені барынша бат­паққа батырумен келеді. Әрине, ки­нода көрсетілген жайт қоғамда бар шығар. Сол жағдайды проблема ре­тінде әсте лилота, гиперболасын пай­даланып, әсірелеп берген де болар. Өте дұрыс құбылыс. Мәселен, ауыл атынан депутаттық сайлауға түсетін Марлен (Азамат Сатыбалды) және Айгүл (Баян Есентаева) есімді екі кандидаттың бә­секесі, сол дөкейлерге ауыл әкімінің жағынуы, бәсеке барысындағы әді­летсіздік, парақорлық, сайлауға тү­су­шілердің халықты арбауы және соған сеніп отырған ауыл тұрғындарының көрінісі өте жоғары деңгейде болмаса да, әйтеуір берілген. Сондай-ақ Айгүл­дің депутаттық мандатқа жетуде қазақ тілінің қаншалықты маңызды екенін түсініп, соны мойындауы және қазақ әйелдерінің құқығын қорғамақшы болып, ерлеріне қарсы айдап салғаны­мен, нәтижесінің болмауы да ұтымды шыққан.

Десек те аңқау халықты әңгүдік жасап, әкімнің үйде қазақы шапанды киіп жүруі арқылы ұлттық киімді кем­сітіп, әйелін баспен ұрып құлатуы арқылы біздегі менталитетті, қазақ ерлі-зайыптыларының қарым-қаты­насын көрсетіп, біздегі проблеманы көтермей-ақ қойғаны абзал еді. «Адамына қарай заманы» десек, қазіргі уақыт көрермендерінің тал­ғамына сай фильмді заманауи стиль­де түсіріп, сол туындыда жұрт жадына жаттату үшін, ұлт есінен шыққан ұлт­тық құндылықтарды қайта жаңғырту үшін қазақы құбылысты көрсету өте орынды. Мәселен, америкалық фильм­дер өз жалауын жастардың жатын бөлмесінің төріне ілу немесе жейде­лерінің жүрек тұсына салу арқылы патриоттық тәрбие береді. Кей кино­ларда америкалық екенін мақтан тұ­татын жас сол керегедегі я болмаса кө­кірек тұсындағы жалаудың суретін сүю арқылы еліне деген махабба­тын көрсетіп жатады. Сондай-ақ қазақ көрерменінің арасында сұранысқа ие кәрістің тарихи фильмдерінде «ха­латқа» ұқсас ұлттық киімдерін хан мен беделді уәзір, қайсар батырларына кигізу арқылы кәрістің ұлттық киімі қандай болғанын көрсетіп жатса, біз­дегі хан, баһадүр, одан қалды, қадірлі қонаққа құрмет көрсеткенде кигізер қазақы шапанымызды аталған фильм­дегі Қайырғали әкімнің (Әбунасыр Серік) моншадан шығарда киетін «ха­латы» ретінде пайдалануы өрескелік болды.

Әрине, жолы жөнделмеген, ұялы байланыс желісі орнатылмаған, мал бағу мен егіншілік кәсібін әлі күнге дейін нәсіп етіп отырған бұрынғы болмыстағы қазақ ауылдары жоқ емес. Десек те қазақ жұртын соншалық ке­дей, мақұлық, мүсәпір ретінде көр­сет­кен Еркін Рақышевтың фильмдері­нен кейінгісі осы болды. Асқар Ұза­баев­тың ұтқан тұсы ауылдың күлуге келмейтін халін комедия жанрында беруі ғана. Жанашырлық деп осыны айт.

Сонымен қатар комедиялық фильм­­нің талабын орындаймыз деп кинодағы жастардың шайтан суды шамадан тыс ішіп, құсқан сәтін, Айгүл­дің арбада отырған сәтіндегі жылқы­ның «әрекетін», ауыл тұрғындары Баянды қуып жібергендегі экраннан айтылмау керек бейәдеп сөздерін, батыстың «Бритни Спирсі» киетін келте шалбарын киген ауыл серісін көрсету арқылы фильмнің мәдени деңгейінің қаншалық екенін де көр­-дік. Бір сөзбен айтсақ күлдіреміз деп біраз бүлдірді.

Айта кететін жайт, Әбунасыр Се­ріктің комедиялық кинода жасаған образы өте сәтті шыққан. «Бауыржан-шоудан» белгілі актердің фильмдегі дәл қойылған образын көргенде «Ны­сана» әзіл-ысқақ театрында артистік шеберлігіне шектеу қойылып жүр­гендей әсер қалдырды. Кейбір ауыл әкімдерінің кейпін көркем сомдаған. Ақшаны жақсы көретін, кез келген дүниеден пайда көріп қалуды шебер­лік санайтын, жағымпаздық пен екі­жүзділігі қатар келетін әкімдерге жақ­сы жауап болды. Егер фильмнің ко­ме­диялық жанр екенін ескерсек, қо­йылған талапты толық орындаған жал­ғыз актер Әбунасыр Серік болды.

Кезінде Эльдар Рязанов институт­қа түскенде жетекшісі Григорий Ко­зинцев болған екен. Рязанов «Қызыл алаң» деген шағын қойылым қояды. Сонда жетекшісі «Бір кездері «Қызыл алаң» деген жақсы роман жазылған еді. Одан соң МХАТ-та осы аттас қо­йылым қойылды. Сосын «Қызыл алаң» деген әтір шығарылды. Сенікі сол әтір болды ғой» депті. Жалпы алғанда, «Абайлаңыз, сиыр!» туындысы сол «әтір» тектес фильм­дердің қатарын көбейткені өкі­нішті. Елімізде комедия жанрындағы кинолар жоқтың қасы десек, бұл са­лада тер төгіліп, біраз еңбек етілуі керек-ті. Десек те, ауыл болмысын, тұр­ғындар табиғатын, қазақы қа­лып-ты киноға негізгі сюжет етіп аларда біраз ойлану қажет. Кәріс режиссері Кан И СО бір сұхбатында: «Мен елім­нің тарихына, мәдениетіне, салт-дәс­түрі тіпті аспаптарына арнап түсі­рі­летін фильмдерге аса ұқыптылықпен қараймын» деп жазады. Бізге де «ҚАЗАҚ» сөзімен қатар келетін ұғым­дарды кинода бейнелеуде аса абай бо­лу керек шығар. «Абайлаңыз, сиыр!» фильмінде «Аққайнар» ауылы­ның болмысы дәл кинода көрсе­тіл­гендей ме екен?! Әлде бұл Есентаева-Ұза­баев­тың танымы мен қиялындағы ауыл көрінісі ме?! Не десек те түсірілім тобы келесі туындыда фильмнің та­қы­рыбы емес, мазмұнында абайлауы ке­рек болар.

Асыл ТҰМАР

http://www.aikyn.kz/articles/view/44538

Рубрика: