Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

укӨскемендегі көз тартар көрікті орындардың бірі саналатын Ертістің сол жағалауындағы этноауылда «Мақсұтым тіл ұстартып, өнер шашпақ…» атты облыстық Абай оқулары байқауы болып өтті.

Қазақ тілінің қолдану көкжиегін кеңейтіп, ақын шығармашылығын насихаттай отырып қазақтың мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген өскелең ұрпақтың сүйіспеншілік сезімін арттыруды мақсат еткен өнер додасында биыл 15-25 жас аралығындағы осыған дейінгі аудандық, қалалық деңгейде ұйымдастырылған іріктеу сындарында қара үзіп шыққан 9 мықты бақ сынады. Бір айта кетерлігі, сайысқа түскендердің барлығы өзге ұлттардың өкілдерінен.
Қазақтың құнарлы тілі мен орам­ды ойын әспеттеген, мазмұны бай, мағынасы зор айтулы шара­ның салтанатты ашылу рәсімі Өскемен қаласының қақ төрінен орын тепкен Абай ескерткішінен басталды. Көпшілік алдында сөз сөйлеп, байқауға қатысушыларға сәттілік тілеген Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар байқаудың өсіп келе жатқан жас ұрпаққа тәлімдік, тәрбиелік маңызы ерекше екен­дігіне тоқтала келе:
– Абайдың қазақтың ұлттық әдебиетінде, тарихында, жалпы, халықтың танымында қандай рөл иеленетінін айтып жатудың өзі артық. Абайдың сөзі – қазақтың жаны. Кезінде Ахмет Байтұр­сынұлының өзі «Абай – қазақтың бас ақыны» деп айтқанын бәріңіз де білерсіздер. Ұлы Абай тек қана бас ақын емес, бүкіл біздің бол­мысымызды жазып кеткен қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған, қазақтың әлемдік деңгейдегі клас­сигі. Сондықтанда Абайды дәріп­теу, Абайды ұғыну және насихаттау оның алтын мекені – біздің облыс­тан бастау алуы өнегелі дүние деп түсінуіміз керек. Бүгін ұлы хакімді оның өлеңімен, әнімен және қа­сиетті қара сөзімен сөйлетемін деп келген қадамдарыңызға сәттілік тілеймін. Бұл байқау жоғары дәре­жеде өтеді деген оймен қатысу­шы­лардың жеңіс биігінен көрінетініне сенімдімін, – деп түйді. Бұдан кейін орталық алаңға жиналған көпшілік қауым Ұлы Абайдың ескерткішіне гүл шоқ­тарын қойып, хәкімнің рухына тағзым етті.
«Қуырдақтың көкесін, түйе сойғанда көресің» демекші, мә­дени шараның нағыз қызған шағы осыдан соң басталды. Ертістің сол жағалауындағы этноауылда сайдың тасындай іріктеліп келген тоғыз та­лапкер топ жаруға барын салды. Байқау тапсырмалары негізінен оған қатысушылардың көркемсөз оқу шеберлігін айқындау мақ­са­тын­­­да: Абайдың білім, ғылым және өнер тақырыптарына өрілген шы­ғар­масын немесе қара сөзін мә­нер­леп, жатқа оқу, сонымен қатар Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан (бірінші кіта­бы­ның «Қайтқанда», «Қат-қа­батта», «Жолда» тарауларының бірі­нен) үзіндіні көркем шебер­лікпен жатқа орындау және ән­ші­лік қабілетін таныту мақсатында: Абайдың бір әнін орындау болып өрілген-ді.
Осындай талап үдесінен шығу үшін Абай оқуларына сайланып келген өзге ұлт өкілдерінің бойындағы жоғары белсенділікті атап айтпасқа болмас. Олардың ақын шығармашылығына деген қызығушылығы, жалпы сұлу да қазақтың көркем тіліне деген құр­меті қазылар алқасы тарапынан өздеріне лайықты бағаларын алды. Тартысты өткен сайыс нәтижесінде төрдегі қазылардың шешімімен Үржар ауданының үмітін арқалап келген Анастасия Стамбулова бәсекелестерінен оза шауып, бас бәйгені иеленді. Жүлделі бірінші орын Күршім ауданындағы №1 мектептің оқушысы А.Юдинаға, екінші бородулихалық оқушы Н.Шевцоваға бұйырды. Ал өске­мендік студент П.Бойко болса жеңіс тұғырының үшінші саты­сынан көрінді. Бас жүлденің иесі Анастасия алдағы болатын республикалық байқауда облыс­тың намысын қорғайды.
Осы байқаудан кейін бір көңіл­ге түйген жайт, елімізде тұрып жатқан өзге ұлттар өкілдерінің қазақтың тілін, мәдениеті мен әдебиетін білуге деген құштарлығы уақыт өткен сайын анық байқалып, мемлекеттік тіліміздің мәртебесі биіктей түсуде. Бұл орайда Абай оқулары секілді тағылымдық қа­сиеті мол шараның дәстүрлі түрде ұйымдастырылуы өзінің оң ықпа­лын тигізгенін бөле-жара атамау дұрыс болмас. Өйткені ел Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бір сөзінде: «Абайды таныту арқы­лы біз Қазақстанды әлемге та­ны­тамыз, қазақ халқын танытамыз, Абай әрқашан біздің ұлттық ұра­нымыз болуы тиіс» деген.

Рубрика: