Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Жыл бастала салып, ел Үкіметі бірінші тоқсанға арналған кедейшілік шегін белгіледі. Ол күнкөріс шегінің 40 пайызына тең болмақ. Қазіргі таңда күнкөріс шегі 19 996 теңге болса, оның 40 пайызы шамамен 8 мың теңгені құрайды.

Осылайша, айлық табысы 8 мың теңгеден аспайтындар ғана кедей санатына кіреді. Ресми статистикаға сүйенсек, ел бойынша олардың саны 100 мыңға да жетпейді. Ал барлық әлеуметтік төлемақы кедейлік шегінің көлемі арқылы есептелетіні белгілі. Кедейшілік шегі төмен болған сайын әлеуметтік төлемдердің де көлемі аз болмақ. Жалпы, әлеуметке қатысты ең төменгі тұтыну себеті, күнкөріс шегі, ең төменгі айлық, кедейшілік шегі сынды ұғымдар бар. Алдымен тұтыну себетін ең қажетті деген азық-түлік пен қызметке толтырып, олардың құнының қосындысынан ең тө­менгі күнкөріс шегін шығарады. Ең тө­менгі айлықтың көлемі күнкөріс шегінен алысқа кетпейтіні анық. Яғни шенеу­нік­тердің есебі бойынша, Қазақстанда 20 мың теңгеге өмір сүруге болады екен. Сол себепті тұтыну себетінің құны да осы 19 996 теңгенің көлемінде. Оған күнделікті қажетті 43 түрлі азық-түлік пен қызметтің құны кіреді. Әрине, мұндай ақшаға то­лыққанды өмір сүру мүмкін емес. Алайда қаржыгер Ілияс Исаев Қазақстанның қазіргі экономикасының мүмкіндігі тек осыған жетіп отыр деп пайымдайды.
– Ең төменгі күнкөріс шегі мен ке­дейлік шегі ел экономикасына тікелей байланысты. Экономика өскен сайын, күнкөріс шегі де көтерілетін еді. Әрине, мұндай ақшаға өмір сүру мүмкін емес. Бұл көрсеткіштер жоғарылауы үшін елдің бәрі жұмыс істеуі керек. Мәселен, қазір ста­тис­тикаға сүйенсек, жұмыссыздардың саны 5 пайыздың айналасында. Оны санға шаққанда шамамен 480 мың адам болады. Оған «өзін-өзі жұмыспен қамтитын»
2 800 мың адамды қосып қойыңыз. Сонда олардың саны 3 миллионнан асып жы­ғылады. Бұлардың барлығының ай са­йын­ғы тұрақты табысы жоқ болғандықтан, кедейлердің қатарына кіреді. Сондықтан олардың барлығын жұмыспен қамтама­сыз ету қажет. Ал 19 996 теңге деген не? Бұл кедей емес, жалшының күйін кешіп жүр деген сөз. Кезінде тақыр кедей деген­нің бірнеше ұсақ малы болатын. Ал бүгінде тек 20 мыңның бетіне қарап отырғандар қалайша күн көреді? Азық-түлік себетіне 43 түрлі өнімді кіргізгенімен, оның құны өте төмендетілген. Ал баға ырыққа көнбей келеді. Егер осы ең төменгі күнкөріс шегі расында, өмір сүруге жетсін десек, онда инфляцияны әкімшілік жолмен бұғаулау керек. Өйткені Қазақтан нарықтық қа­тынасқа толыққанды көше алмай келеді. Нарықты реттеудегі мемлекеттің рөлін күшейткенде ғана, бағаны ырыққа кел­тіруге мүмкіндік туады. Содан кейін, орта және шағын бизнестің дамуына ықпал жасау қажет, – деп тұжырымдайды қар­жыгер.
Ал Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мұндай көрсеткіштерді тек қана көз­бояу­шылық деп санайды: «Өмір сүрудің ең төменгі шегін 20 мыңның айналасында белгілеген шенеуніктер өздері осындай ақшаға өмір сүріп көрсін. «Ақ жол» пар­тиясы бұл мәселені бірнеше рет көтер­ген. Кедейлік шегін төмендетуден, санын азайтып көрсетуден олардың қатары ке­міп кетпейді ғой? Сондықтан мұндай көз­бояушылыққа жол бермеу қажет. Қазіргі қалыптасқан нақты жағдайды білу үшін базарға барып, нан мен еттің бағасын біліп, оған коммуналдық төлемдерді қос­қанда, ең төменгі күнкөріс шегі 30 мыңнан да асып кетеді. Біз 2011 жылы ең төменгі күнкөріс шегін өзімізше есептеп шы­ғар­ғанбыз. Сол кездің өзінде 58 мың теңгені құрады. Ал шенеуніктер қандай әдісте­меге сүйеніп есептеп отырғандарын біл­меймін, адам сенбейді. Мәселен, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, Үкімет 220 млрд теңгені дұрыс пайдаланбаған. Осы қаржыны орта және шағын бизнесті дамытуға немесе әлеуметтік салаға жұм­сағанда, әлдеқайда тиімді болар еді. Эко­номика – тек металлургия мен мұнай саласындағы ірі компанияларды қолдау емес, орта және шағын бизнесті дамыту, өз кәсібімен айналысамын дегендерге жол ашу. Елбасы да өз сөзінде мемлекет бар­лық азаматтарды жұмыспен қамти ал­майтынын, сондықтан жеке кәсіпкер­-лікке дем беру қажеттігін баса айтады. Оларды салықтан босату, әкімшілік ке­дергілерді жою секілді жүйелі ұсыныстар мен көзқарастардың нәтижесінде біз кедейшілікті жоя аламыз, – дейді Мә­жіліс депутаты.
Азат Тұрлыбекұлының пікірінше, Қа­зақстанның қазіргі экономикасының ахуа­лы ең төменгі күнкөріс шегін қайта қа­рауға толық мүмкіндік береді. Жалпы, ең төменгі айлық жалақы да, мемлекеттен төленетін зейнетақы, жәрдемақы, асы­раушысынан айырылғандарға төленетін төлемақының барлығы – ең төменгі күн­көріс шегіне байланысты болатыны бел­гілі.
Сондықтан    «Тұран университетінің Қазақстан қоғамын жүйелі зерттеулер институты» директоры Тоқтар Есіркепов әлеуметтік төлемдер стандартын қайта қарастыратын кез жеткендігін алға тар­тады.
– Дағдарысқа дейінгі 4-5 жыл бюд­жеттік мекеме қызметкерлерінің жала­қысы, зейнеткерлердің зейнетақысы 30 пайызға дейін көтеріліп тұрғаны есі­мізде. 2010 жылғы әлемдік дағдарыстың әсерінен бұл үрдіс тоқтап қалды. Зейнет­ақы­ға ары кетсе 9 пайыз қосылып отыр. Өйткені 2000 жылдары ІЖӨ жыл сайын 8 пайыз өсім берсе, дағдарыс жылдары төмен түсе бастады. Енді Үкіметтің сая­саты әлеуметтік төлемдерді шектеу ар­қылы экономикада болып жатқан әртүрлі қолайсыздықтарды шешуге бағытталған. Алайда әлеуметтік төлемдердің стан­дар­тын өзгертетін уақыт жетті, тіпті өтіп ба­рады. Қазіргі қалыптасқан стандарттан басқа стандартқа көшу туралы бастама көтерілгелі біраз боды. Ұсыныстар айты­лып, Үкімет оны қабылдайтындай бо­лып еді, бірақ сең қозғалмай тұр. Біз дамыған 30 елдің қатарына кіреміз деп мақсат қойып отырмыз. Ендеше, әлеу­мет­тік стандарттарымыз да сол елдерге сай болуы керек емес пе? Соңғы 8 жылдың ішінде бірінші рет бюджеттің түсімі аза­йып, шығыны да үлкен көлемде қыс­қар­тылды. Яғни экономикада туындаған проблемаларды халықтың есебінен,  әлеу­меттік тұрғыда аз қамтылған ке­дей­лердің есебінен шешпекпіз. Бұл өз кезе­гінде Ел­басы айтып кеткен бай мен ке­дейлердің арасындағы айырмашылықты тереңдетіп жатыр.

Үмітжан Жапар

http://www.aikyn.kz/articles/view/39827

Рубрика: