Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Осыдан біршама бұрын бүкіләлемдік ақпарат құралдары дүниенің бір түкпірінде туылған шақалақты планетаның 7 миллиардыншы тұрғыны деп танып, алақайлап ақпарат таратып еді. Өзгені қайтеміз, сезіне білгендер үшін қазақтың бөркін аспанға атып, алақайлайтын сәтіне де санаулы уақыт қалды. Ағымдағы аптада Орталық коммуникациялар қызметінің дәстүрлі брифингіне келіп, мемлекеттің даму көрсеткішін айғақтайтын мәліметтерді жеткізу кезінде Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов жақын күндері халқымыздың саны 17 миллионды толтыратындығын айтты. Дегенмен бүгінгі бұйығы қоғам мұндай жағымды жаңалықты, аса қуанышты сәтті елеусіз ғана өткізіп жібермес үшін не істеуіміз керек? 


Қазақстандықтардың соңғы екі айдағы өсімі 42 мың адамға жетіп, жалпы, 16 миллион 953 мың 900 тұрғынды құраған. Оның 54,8 пайызы қалалықтар, 45,2 пайызы ауылдық­тар ретінде тіркеліпті. Өкінішті тұсы екі айда 21 600 (2012–21 800) неке қиылып, өткен жылға қараған­да 200-ге азайғанымен қатар, ажыра­сушылар да 8200-ге жетіп (7500), 9,3 пайызға артып кетті. Есесіне, туылу көрсеткіші жақ­сара түсіп, 66 400 сәби жарық дүние есігін ашыпты. Бақилық болғандар 2,3 пайызға ке­міп, 25 000 адамды құрады. Жалпы мәлі­мет­терден бай­қағанымыздай, 17 миллионға жетуімізге 46 мың­дай адам керек екен. Егер осы өсім сақ­талса, есеп жүргізілген мерзім­-нен бері тағы бір жарым айдың өткенін ескерсек, енді ша­ма­мен келесі айдың кө­лемін­де атап айтар­лықтай санға да иек артуымыз анық. Демо­графиялық өсім бойынша тәуел­сіздік алған кездегі халық санына 22 жылдан кейін қол жеткізгелі отырмыз. Еліміздегі көші-қонның үнемі жағымсыз сипатта кері кетуін көршілер де, өзгелер де жиі-жиі сын тезіне алып, оны қазақ мемлекетіндегі үде­рістердің «нәтижесі» ретінде кінә артушы­ларға то­лыққанды тоқтам салатын сәтке де жақын­дадық. Демек, ел Үкіметі мен түрлі қоғамдық ұйымдар мұндай керемет мүмкін­дікті мүлт жібермей, қазақ даласында туы­латын 17 мил­лионыншы тұрғынды аса зор қуанышпен, алыс-жақын елдерге сүйіншілеп, қарсы ал­ғаны жөн-ау. Ұлтымыздың мерейлі датасына орай ұлыстар да үн қосып, жақ­сылы­ғымызды жаһанға жариялап жатса, қанекей?! Қашан да кешігіп жүретін қазақы қалпы­-мызға салмай, ұлттың ұпайын түгелдейтін ұрымтал сәттің тым жақындап қалғанын би­-лік басындағы, Парламенттегі, қоғамдық ұйым­дардағы көш­басшылар мен белсенді­лердің назарына са­лып, дайындықты дәл қазірден бастауымыз қажет.

Агенттік төрағасының экономикалық сек­торға қатысты келтірген деректері де маңыз­ды. Атап айтқанда, кешегі желтоқсанмен са­лыстырғанда елімізде кейінгі екі айдың өзінде тұрғын үй бағасы 1,4 пайызға қымбаттай түс­кен. «Наурыз айында жаңадан соғылған пә­тердің 1 шаршы метрінің орташа бағасы 175 мың теңгеге жетті. Ал Астанада – 217 мың, Алматыда – 245 мың, Ақтауда – 161 мың, Атырауда – 209 мың, Шымкентте – 203 мың теңгені құрады» деді Ә.Смайылов. Ресми дерекке сәйкес, 2013 жылғы қаңтар-ақпанда сыртқы сауда айналымы 20199,4 млн АҚШ долларын құрап, 2012 жылмен салыстырғанда 5,4% азайған. Оның ішінде экспорт – 13535,5 млн АҚШ долларын (14,1% аз), импорт – 6663,9 млн АҚШ долларын құрады (19,1% өсті). Елеулі көрсеткіштің бірі ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз аралығында елімізде 17,3 млн тонна мұнай өндірілді. Мұны өткен жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда 2,5 пайызға артқаны аңғарылады. Наурыздағы тұтыну бағаларының индексі 2012 жылғы желтоқ­санмен салыстырғанда 101,9%. Азық-түлік та­уарларына бағалар – 1,1%, азық-түлік емес та­уарлар – 0,6%, ақылы қызметтер көрсе­ту – 4% артты. Өнеркәсіп өнімін өндіруші кәсіпорындардың бағалары ағымдағы нау­рыз­да өткен жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 1,5% көбейген. Коммуналдық-шаруашылық саласында қоқыс тасымалының тарифі – 7,6 пайызға, суық су – 5,7 пайызға өскен.

«2013 жылғы 24 сәуірде Астанада Бей­бітшілік және келісім сарайында Елбасы, Қазақстан халқы ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төраға­лығымен «Қазақстан – 2050» cтратегиясы: «бір халық – бір ел – бір тағдыр» атты күн тәр­тібімен шақырылған Қазақстан халқы ассам­блеясының ХХ сессиясы өтеді. Онда Прези­денттің халыққа арнаған Жолдауын іске асы­ру жайы талқыланады. Стратегияда көз­делген мақсаттар мен міндеттерге қол жет­кізудің басты шарты ретінде қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайтуға ерекше көңіл бө­лінеді» деді, брифингке арнайы бас сұққан Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасы­ның орынбасары Ералы Тоғжанов, сонымен бірге өздерінің жыл көлемінде атқарған жұ­мыс­та­рымен де жан-жақты таныстырды.

Ассамблея еліміздегі барлық ұлысты бір шаңырақтың астында айрандай ұйытып, 800-ден астам этностық бірлестіктермен бір­лесіп, олардың мәдениеті мен дәстүрін да­мытуға тиісінше қолдау білдіріп келеді. Құ­рылғанына 18 жыл толған ұйым өкілдері жыл көлемінде озық үдерістерді үйрену мақсатын­да әлемнің көптеген елдеріне сапарлап, әр­түрлі жиындарға қатысып, екіжақты мәмілеге жетелейтін келісімдерге қол қойып жүр. Бар­лық этностардың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін ассамблея жанынан «Тілдарын» тілдерді оқытудың инновациялық әдістемелік орта­лығы» жұмыс істейді. Әлемге белгілі лингвист Д.Петровтың әдістемесі негізінде жаңа бірегей жоба әзірленіп, «Тілдарын. Қа­зақ тілі» А1 дең­гейлі оқу құралы жарық көріп, таратылуда. Сондай-ақ аудио және бейне форматындағы электронды оқулық, онлайн курстар, қашық­тықтан оқыту, ұялы байла­нысқа арналған қосымшалар да қолданылуда. Барлық этнос­тардың тілдерін дамытуға қажетті жағдайлар жасалған. Мәселен, бүгінде 88 мектепте білім беру этнос тілдерінде жүр­гізілуде. 195 этно-ағар­ту кешендері мен линг­вистикалық мек­тептер ашылып, 108 мектепте 22 этностың тілдері жеке пән ретінде оқыты­луда.

Ал ел басқарудағы қазақстандық үлгіге қызыққан 16 мемлекеттің өкілдері тәжірибе алмасуды көздеп, 60 мәрте ассамблея қыз­метіне жүгініпті. Олардың арасында Франция, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Швеция, Түркия, Қытай, Ресей, Испания, Голландия, Израил бар. Бұл мемлекеттің тұрақты да­муындағы ерекше маңызды сала болып та­былатын Қазақстан халқы ассамблеясы қыз­метіне әлем тарапынан туындап отырған ерекше қызығушылықтың дәлелі болып та­былады. Этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі Біріккен Ұлттар Ұйымында, ЕҚЫҰ-ға қаты­сушы елдерде, Копенгагенде, Венада, Же­не­вада, Нью-Йоркте өткен халықаралық фо­румдарда таныстырылып, оң бағаланған. Тиіс­ті құжат әлемнің 56 тіліне аударылып, дип­ло­ма­тиялық өкілдіктерге таратылыпты.

Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ
Астана қаласы

http://www.aikyn.kz

Рубрика: