Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Еліміздегі қандастардың қатары 11 миллионыншы тұрғынмен толығып, жалпы көрсеткіште 65,2 пайыздан асқанымызды Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайыловтың өзі хабарлады. 
– Қазақ ұлты өкілдерінің бар­лық демографиялық құбы­лыс­тарын ескере келе 11 мил­лио­ныншы қазақтың туған күні
2012 жылдың 28 желтоқсаны екен­дігі анықталды. Оны есімін білу мақсатында Агенттік ста­тист­икалық әдіснамаға сәйкес 2012 жылдың «Халықтың табиғи қозғалысы» дерекқорынан рес­публика бойынша 2012 жыл­дың 28 желтоқсанында АХАТ ор­ган­дарымен тіркелген сәбилердің арасында іздеу жүргізді. Атап ай­татын жайт, үміткерді анықтау кезінде бірнеше нәрестенің туған күндері сәйкес болған жағдайда артықшылық қайсысының туу реті жоғары, ал тіркелген күні туған күніне мейілінше жақын мерзімде жүргізілгеніне қарай берілді. Нәтижесінде осы күні АХАТ органдарында екі жаңа туған нәресте дәл туған күні кезінде тіркелгені белгілі болды. Оның ішінде жоғарыда көрсе­тілген шарттарға сәйкес 11 мил­лионыншы қазақ ретінде ана­сынан туу кезектілігі бойынша 4-туған ұл бала анықталды, – дейді агенттік төрағасы.
Иә,осылайша қазақты қуант­қан нәрестенің есімі – Мұх­тар Абдрахым. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Қа­рабау ауылында тұратын Мәлік Бадамбаев пен Шолпан Күдір­бекованың отбасында төртінші болып дүние есігін ашқан оның бойы – 52 см, салмағы – 3258 грамм­­ды құрайды. Алты алаш­ты ала­қайлатқан балақайдың әкесі Мәлік ауыл шаруашылығы­мен айналысса, анасы Шолпан мек­тепте мұғалім екен. Жасы 29-дағы Шолпанның білім ұясында елдің баласын оқытып, тәрбие­леп, өзінің аналық парызына да барынша адалдық танытып төртінші сәбиін дүниеге әкелуі тамыры тарихтан тартылған қазақ келінінің бүгінгі келбетін көрсетеді.
Тиісті орындар кеше ғана есептеп шығарғандықтан, ресми түрде жарияланғанға дейін Ба­дамбаевтар отбасы бесікте жат­қан бес айлық ұлдың 11 миллио­ныншы қазақ екендігін білмеген. Статистика агенттігінің аймақ­тық органындағы өкілдер мен жер­гілікті әкімдік қызметкер­лері және журналистер қауымы ха­бардар болғаннан кейін ғана ауылға аттанып шаңырақ иелерін құттықтағанда, ерлі-зайыптылар мен олардың ағайын-туысы, көрші-қолаңы таң-тамаша күйге түсіп, бес айлығында бүкіл ауыл­дың атын аспандатқан Мұхтар­ға барлық ізгі тілектерін жаудыр­тып жатыр.
Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ
Астана

 

http://www.aikyn.kz

Рубрика: